Бюджет бөлгізуде қай облыс "пысықтық" танытып жүр

5531

2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасы жарияланды. 

Бюджет бөлгізуде қай облыс "пысықтық" танытып жүр

Елдегі бюджет тапшылығы 2024 жылға дейін 3 трлн теңгенің маңайында сақталатын түрі бар, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Сонымен, заң жобасында 2022 жылы республикалық бюджеттің кірісі 12 трлн 847 млрд 876,2 млн теңге болуы керек деп белгіленген. Оның 8,9 трлн теңгесін салықтан алу көзделіп отыр. Салықтық емес түсімнің көлемі – 286,05 млрд теңге.

Сондай-ақ, негізгі капиталды сатудан 2,2 млрд теңге, трансферттік түсiмдерден 3,6 трлн теңге кіреді деп болжанып отыр.

2022 жылға арналған республикалық бюджеттің кірістері былтырғы болжанған мөлшерден 1,5 трлн теңгеге көп болатын түрі бар. Қаржы министрлігінің мамандары оны мынадай себептермен байланыстырады.

1) Номиналды жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны – 108,4%, мұнай емес сектордың жоғары қосылған құны – 109,0%, экспорт – 104,7%, импорт – 105,4% болып өзгерген. Осының арқасында кіріс 713,8 млрд теңгеге артуы мүмкін.

2) Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің арқасында   726,17 млрд теңге артық түсуі ықтимал.

3) Мұнайдың салық салынатын экспорты 43,9 млн тоннадан 46,6 млн тоннаға дейін өзгеруі қосымша 66,8 млрд теңге әкелмек.

4) Темекі өнімдеріне акциз мөлшерінің ұлғаюы есебінен 10,7 млрд теңге артық түсуі күтіліп отыр.

Бюджет тапшылығы Ұлттық қор есебінен ғана жабылмақ

Ал шығындардың жалпы көлемі – 15 трлн 643, 01 млрд теңге. Демек, бюджет тапшылығы – 2,9 трлн теңге болады деген сөз. Бұл елдегі жалпы ішкі өнімнің  3,3 пайызы деген сөз. Тура бір жыл бұрын Қаржы министрлігі 2021 жылы бюджет тапшылығы 2,6 трлн теңге болады деген болжам айтқан. Биыл сол тапшылық шамамен 300 млрд теңгеге артып отыр. Келер жылғы бюджеттің мұнайдан тыс тапшылығы  7 трлн теңге болады делініп отыр. Заң жобасында 2024 жылы бюджет тапшылығы 2,6 трлн теңге болады деп көрсетілген. Ал мұнайға қатысты емес бюджет тапшылығы 6,4 трлн теңгеге кемуі мүмкін.

Заң жобасында Ресейге жалға берген полигондар мен "Байқоңыр" кешенінен түсетін кірістер ерекше аталған. Бұл бап бойынша болжанатын жалпы түсім – 57,4 млрд теңге.

Республикалық бюджетке Ұлттық қордан алынатын трансферт мөлшерi 2,4 трлн теңге болады деп көзделген. "Президент анықтаған мақсаттарға Ұлттық қордан кепілдендірілген нысаналы трансферт" деген желеумен тағы  550 млрд теңге алу жоспарланып отыр.

1 АЕК – 3063 теңге

Әлеуметтік төлемдер мен күн көріс деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіштер заң жобасында төмендегідей етіп белгіленген.  Жалақының ең төмен мөлшерi – 42 500 теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері  –19 450 теңге, зейнетақының ең төмен мөлшерi – 46 302 теңге, айлық есептік көрсеткіш көлемі– 3 063 теңге, базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 36 018 теңге.

2022 жылы да республикалық бюджетке олжа салатын өңірлердің тізімі өзгермейді.

Атырау облысынан – 220 960 446 мың теңге;     

Маңғыстау облысынан – 19 493 443 мың теңге;     

Алматы қаласынан – 211 516 094 мың теңге;     

Нұр-Сұлтан қаласынан – 38 466 999 мың теңге.

       Республикалық бюджетке олжа салғанның орнына, кересінше, қол салатын өңірлердің араны ашылып-ақ тұр. 2022 жылдың республикалық бюджетінен облыстық және республикалық маңызы бар қала бюджетіне берiлетiн субвенциялар көлемі 2,12 трлн теңге болады деп есептеліп отыр.

Ақмола облысына – 160 207 769 мың теңге;     

Ақтөбе облысына – 111 182 382 мың теңге;     

Алматы облысына – 180 375 440 мың теңге;     

Шығыс Қазақстан облысына – 217 036 535 мың теңге;     

Жамбыл облысына – 194 453 904 мың теңге;     

Батыс Қазақстан облысына – 75 934 478 мың теңге;     

Қарағанды облысына – 128 583 789 мың теңге;     

Қызылорда облысына – 184 272 462 мың теңге;     

Қостанай облысына – 133 543 226 мың теңге;     

Павлодар облысына – 52 352 303 мың теңге;     

Солтүстiк Қазақстан облысына – 141 829 462 мың теңге;     

Түркістан облысына – 402 327 694 мың теңге;     

Шымкент қаласына – 142 611 614 мың теңге.

Құрылыс қарқынды жүріп жатқан     Түркістан облысына бүкіл траснферттің бестен бірі бағытталмақ. Одан кейінгі орында 217 млрд теңге сұрап отырған Шығыс Қазақстан облысы тұр.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу