Жаңа Мәжіліс сайланған соң Смайылов Үкіметі бірден отставкаға кетеді. Ал жаңа қалыптастырылатын Үкімет жаңа шақырылған VIII Парламентке биылғы жыл бюджетін нақтылауды сұрап, жүгінеді. Өйткені бюджеттің бүйірі томпайып, жүздеген миллиард теңгеге толығып отыр.
Бюджет кірісі неге триллиондап артты?
Қаржы министрлігінің дерегінше, былтыр қабылданған "2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте" 2023 жылғы бюджет кiрiстері – 17 трлн 543 млрд 276,1 млн теңгені құрайды деп бекітіліпті. Ал енді бұл сома 19 трлн 63 млрд 995,1 млн теңгеге ұлғайтылды. Яғни, бұл жерде түсетін түсімге қатысты болжам арттырылды, себебі биыл ел қазынасына нақты қанша табыс түскені тек келесі жылы белгілі болады.
Болжамның өсуіне бірнеше фактор ықпал етіпті. Біріншіден, пандемиядан кейін бизнес қайтадан еңсе тіктеп, өркен жайды. Тиісінше, түсетін салық көлемі күрт өсті. Қолданыстағы бюджетте биыл түсетін салықтық түсiмдер – 13 трлн 559 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Ал нақтыланған жоспарда салықтық түсімдер 14 трлн 279 млрд теңге болады деп күтілуде: бұрын бекігеннен 720 миллиард теңгеге артық.
Мұнай емес сектордан алынатын корпоративтік табыс салығы бұрынғыдан 200 млрд теңгеге, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсартудан түсім 40 млрд теңгеге, біржолғы түсімдер 160 млрд теңгеге ұлғайтылды. Соңғысына тоқталсақ, Цифрлық даму министрлігі 5G радиожиілік спектрін 156 млрд теңгеге сатқан екен.
Екіншіден, жаһандық нарықтарда мұнай, метал сияқты шикізаттың бағасы жоғары болып қалуда, әрі сұраныс өсті. Қазақстан санкция қыспағымен оқшауланған Ресей босатқан кейбір нарықтарды игеруге кірісті. Мысалы, Германияға, Италияға және басқа елдерге сатылатын қара алтын көлемі еселеп артуы мүмкін.
Ең бастысы, Үкімет Ұлттық қордан бұрын жоспарланғаннан көбірек ақша алып қоюға ниетті. Егер қолданыстағы бюджетте трансферттер түсiмдерi – 3 трлн 631,9 млрд теңге көлемінде бекітілсе, ал нақтыланған бюджет жобасында Ұлттық қордан 4 трлн 431,9 млрд теңге алу қарастырылған. Бұл бұрын жоспарланғаннан 800 млрд теңгеге көп.
"Салықтық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруына, сондай-ақ бюджеттің біржолғы түсімдеріне және Ұлттық қордан қосымша нысаналы трансферт тартылуына байланысты бюджеттің салықтық түсімдері ұлғайтылды. Тиісінше республикалық бюджеттің параметрлері қайта қаралды", – деп түсініктеме берді Премьердің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Үкімет биылғы жылға оптимизммен қарап отыр. Өйткені әлемдік экономикалық ахуал жақсаруда. Мысалы, қаңтарда Дүниежүзілік банк 2023 жылы жаһандық экономика небары 1,7%-ға ғана өсіп, рецессияға таяп қалады деп жорамалдаса, енді Халықаралық валюта қоры биылғы бұл көрсеткішті 2,9%-ға дейін жақсартты.
Қазақтың қара алтынына тән Brent маркалы мұнайдың әлемдік бағасы жыл басынан бері барреліне 78–88 доллар аралығында құбылды: орта есеппен 84 доллар. Бұл қазақстандық болжамға сәйкес келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылды Қазақстан ЖІӨ-нің 3,2% өсімімен аяқтады. Үкімет биылғы өсім одан жақсырақ болады және 2023 жылы экономика салаларына оң серпін беріледі деп сенеді.
Дегенмен, Үкімет сақтық танытып, жаңа Парламенттен 2023 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамының негізгі параметрлерін бұрын мақұлданған деңгейде сақтауды сұрамақ:
- 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сінің нақты өсуі – 4% болады;
- Brent маркалы мұнай бағасы – барреліне 85 доллар тұрады;
- Қазақстан осы жылы – 92,6 млн тонна мұнай өндіреді;
- Сауда саласы 6,2%, өнеркәсіп 4,6%, құрылыс 3,8%, көлік пен қоймалау 3,3%, ауыл шаруашылығы 3% өседі деп болжанады;
- Экспорт көлемі 80,9 млрд доллар деңгейінде, импорт – 45,7 млрд доллар деңгейінде сақталды;
- Үкімет жылдық инфляцияны 7,5–9,5% нысаналы дәлізінде құрықтап ұстап қалуға міндетті.
Қосымша қаржы қайда жұмсалады?
Әйтсе де, жұртты көбірек қызықтыратыны шығыстар екені даусыз. Бұл Үкімет те көрпесіне қарай көсілмеді: тапқанынан шашқаны артық болғалы тұр. Сонымен, 2023 жылғы республикалық бюджеттің нақтыланған шығыстары қолданыстағы бюджеттегіден 1 трлн 511 млрд 785,9 млн теңгеге көбейеді. Сөйтіп, осы жылы жалпы сомасы 22 трлн 517 млрд теңге шығындалмақ.
Еліміздің бас қаржыгері Ерұлан Кенжебекұлы қосымша 1,5 трлн ақша бірнеше бағытта жұмсалатынын жеткізді. Біріншіден, Қ.Тоқаевтың былтырғы және биылғы өңірлерге жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша берген тапсырмаларына бағытталады. Екіншіден, оның экономика мен өңірлерді дамыту жөніндегі бірқатар шұғыл міндеттерін іске асыру көзделген. Үшіншіден, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында, сондай-ақ сайлауалды бағдарламасында айтылған іс-шаралар қаржыландырылатын болады.
Тарата кетсек, 2022 жылғы 5 қыркүйектегі Қостанай облысындағы табиғи өртті жою жөніндегі жедел штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес, биыл табиғатты қорғау және арнаулы мекемелер қызметкерлерінің, бұдан бөлек, балабақша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің жалақысы көтеріледі. Колледждерде 2023 жылғы 1 қыркүйектен студенттердің стипендиялары 50%-ға өседі.
Өңдеу кәсіпорындарының ауыл шаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындары субсидияланады. Басым дақылдар өндірісін дамытуға субсидия беріледі. Қант қызылшасы сияқты басым дақылдар өндірісіне субсидиялық қаражат тасқындайды.
"Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы аясында ауылдық медициналық объектілерге күрделі жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық жарақтандырылады. Әлеуметтік осал топтар үшін коммуналдық тұрғын үй қорына жеке құрылыс компанияларынан баспаналар сатып алып, үй кезегінде тұрғандарға тарату ұсынылады.
Тоқаев тапсырмаларының құны қанша?
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың түсіндірмесінде айтылғандай, биыл тек қана Қазақстан Президентінің тапсырмаларын іске асыруға – 1 триллион 998 млрд 464,4 млн теңге жұмсалады. Бір қызығы, соның ішінде Тоқаевтың жолдауы мен Сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыру 1 трлн 759,3 млрд теңге шығынды талап етеді.
Бұл қаржы бірнеше бағытта үлестіріледі. Жай-жапсарына тоқталсақ.
1-бағыт. Қуатты аймақтар және дамыған инфрақұрылым
Мұнда ауызсумен, сапалы жолдармен қамту, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту арқылы қалалар мен ауылдардағы адамдардың өмірін жақсарту жоспарлануда. Аталған бағытқа бөлінетін қосымша шығыстар 239 млрд 547,8 млн теңгені құрайды.
- қалалар мен ауылдарда ауызсумен және кәрізбен қамтуға – 108 млрд 790 млн теңге. Нәтижесінде, 2023 жылы қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау 99%, ауылда 96,5%-ға дейін артуға тиіс.
- "Ауыл – ел бесігі" арнайы жобасын одан әрі іске асыруға – 54 млрд 962,3 млн теңге. Оған 2023 жылы 200 ауылдық елді мекен жаңғыртылады. Нәтижесінде, барлық шығысты ескерсек, 2023 жылы 863 ауыл (бұрынғы жоспар 750) жаңғыртылады.
- Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және жайластыруға – қосымша 24,3 млрд теңге. Бұл шығыстар 554 аз қабатты тұрғын үйге және жеке үй салу үшін 14 798 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желі жеткізуге мүмкіндік береді.
- Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға – 15,1 млрд теңге.
- Ірі қалалардың шетін дамытуға – 12,1 млрд теңге.
2-бағыт: Сенімді энергетика
Өткен жыл ЖЭОлардағы апаттармен жұрт есінде қалды. Жылумен және газбен жабдықтау желілерін салу және реконструкциялау жоспарлануда. Қосымша 143 млрд 685,6 млн теңге мыналарға бағытталды:
- жылумен жабдықтау жүйелерін салуға, реконструкциялауға – 69,4 млрд теңге. Оған апат алдындағы және авариялық жағдайдағы, тозу көрсеткіші 75%-дан 100%-ға дейінгі жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау жөніндегі 47 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 134,2 шақырым жылумен жабдықтау желісі салынады. Тозу көрсеткіші 51%-дан 50,3%-ға азаяды.
- Жылу, электр энергетикасын дамытуға – 74,3 млрд теңге. Оның есебінен Астананың – 4, Атырау облысының – 1, БҚО – 2, Қостанай облысының – 1 жобасын іске асыру басталады. Нәтижесінде елді мекендер үздіксіз жылумен және электрмен жабдықталады. Жылу қуаттарындағы тапшылық азаяды.
3-бағыт. Бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы және гүлденген ауыл
Осы бағыт аясында жаппай жұмыспен қамту үшін жағдай жасау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жоспарланған. Қосымша шығыстар –233 млрд 175,7 млн теңге, ол ақша мыналарға бағытталды:
- ауыл халқының табысын арттыру бойынша жобаны масштабтау – 47 млрд 603 млн теңге. Шығыстар нысаналы топтың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға, олардың жеке ісін ашып, жүргізуіне, ауылдағы тұрмыс деңгейін арттыруға бағытталған. Нәтижесінде, қосымша қаражатты қосқанда, 20 712 жұмыс орны ашылып, 19 540 жоба қаржыландырылуға тиіс.
- Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің инвестжобаларын жеңілдікпен қаржыландыру үшін Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін өңірлерге таратуға – 100 млрд теңге. Бұл шығыстар АӨК 42-ге жуық инвестжобасын қаржыландыруға мүмкіндік береді, нәтижесінде 2023 жылы сүт зауыттарының отандық шикізатпен қамтылуы – 72% құрайды.
- Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға – 68 млрд 856 млн теңге. Соның арқасында әлеуметтік арзан нанды, қант қызылшасын, сары майды, қатты ірімшіктерді және құрғақ сүтті субсидиялау, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредит беру, суару арналарын реконструкциялау көзделген.
- Ерекше қорғалатын және табиғи аумақтарды материалдық-техникалық жарақтандыруға – 16,7 млрд теңге.
4-бағыт. Ашық көлік дәліздері және логистика
Осы бағыт шеңберінде республикалық және жергілікті деңгейлерде автомобиль жолдарының сапасын жақсарту, елдің транзиттік әлеуетін дамыту жоспарланған. Қосымша шығыстар 373 млрд 425 млн теңге.
- Көлік инфрақұрылымын дамытуға – 124,5 млрд теңге;
- "Stadler Bussnang AG" компаниясының 537 жолаушылар вагонын сатып алуға – 162 млрд 600 млн теңге.
- "Астана қаласының жаңа көлік жүйесі. LRT" құрылысын жалғастыруға 52 млрд 434 млн теңге.
5-бағыт. Экономиканың нақты секторын дамыту
Осы бағытта өңдеу өнеркәсібіндегі маңызды жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдау жоспарланған. Қосымша 152 млрд 137,9 млн теңге мына шараларға шығындалады:
- жеке кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақы және кепілдік беру ставкасын субсидиялауға – 51 млрд 659,4 млн теңге. Ол қаржы "Даму" қорының сыйақы ставкасын субсидиялау бойынша қабылдаған міндеттемелерін (24 593 жаңа жоба) және жаңа жоспарланған міндеттемелерді өтеуге жұмсалады.
- "Бутадиенді каучук өндірісі" жобасына – 49,5 млрд теңге;
- өңдеу өнеркәсібін дамытуға – 45 млрд теңге. Соның ішінде, Қостанайдағы "KIA" автомобильдерін өндіретін зауыт салу жобасы, Сораң (Сарань) қаласында тұрмыстық техника өндірісі жобасы қаржыландырылады.
6-бағыт. Ұлттық армия
Елдің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша 94 млрд 736 млн теңге жұмсалады. Салада құпия жайттар көп болғандықтан, сыртқа сыр шашпау үшін жете тоқталмауды жөн көрдік.
7-бағыт. Қолжетімді және сапалы білім
Білім саласы тағы 54,5 млрд теңгеге қарық болады. Осы бағытта балабақша педагогтерінің еңбекақысын 30%-ға, колледж студенттерінің стипендияларын 2 есеге ұлғайту, студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу, ғылымды дамыту және басқа да маңызды мәселелерді шешу жоспарлануда.
Жалпы, биылғы бюджетке ізгі өзгерістер енгелі тұр. Бұл жаңа сайланатын депутаттардың да мерейін өсіруі мүмкін: дайын асқа тік қасық деген. Себебі, Үкімет халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй сатып алуға қосымша 62,7 миллиард теңге бағыттауды ұсынбақ. Соның арқасында баспана кезегін зарыға күткен 6 536 отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.
"Отбасы банк" АҚ-ы алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздарын беруі үшін 51 млрд 897 млн теңге қанжығалайды. Бұған қоса, оған тұрғын үй құрылыс жинақтарына салымдар бойынша сыйлықақы төлеуіне – 40,2 млрд теңге қосымша беріледі. Бірақ содан халықтың Отбасы банкіне шағымдары азая қояр ма екен?