БЖЗҚ доллар сатып, теңге жинап жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
10508

Қор шетел банктеріндегі депозитті азайтып, шетел үкіметінің құнды қағаздарын көбейтуде.

БЖЗҚ доллар сатып, теңге жинап жатыр

2019 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің көлемі 9 трлн 761,9 млрд теңге болды, деп хабарлайды Ұлттық банк. Өткен айда қордың активтерінің көлемі 9 трлн 641,3 млрд теңге болған еді.

Зейнетақы активтерінің ішіндегі 6 трлн 613,1 млрд теңге, яғни зейнетақы активтерінің 67,7%-ы теңгемен сақталған болса, қалған 3 трлн 148,8 млрд теңге, яғни 32,3%-ы шетел валютасында сақталған екен. Жалпы, басынан бері БЖЗҚ зейнетақы активтерін ұлттық валютада сақтауды көбейтіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар айында активтердің 67,2%-ы ұлттық валютада  болса, ақпан айында көрсеткіш бірден 67,6%-ға өсіп, наурыз айында 67,7%-ға жетіп, сәуірде 67,6%-ға сәл азайғанымен, мамырда қайтадан 67,6%-ды құрап отыр.

Ұлттық валютадағы актив көлемінің өсіп келе жатқанына қарамастан, зейнетақы қорының шет мемлекеттердің МБҚ (мемлекеттік бағалы қағаздарын) сатып алуды жыл басынан бері айтарлықтай қарқынмен көбейтіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, қаңтар айында зейнетақы қорындағы шетел валютасындағы активтің 38,78%-ы шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздарына тиесілі болса, ақпанда көрсеткіш 39,53%-ға өсіп, наурызда тіпті 43,36%-ды құраған екен. Ал сәуірде шетел валютасындағы активтің 48,22%-ы шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздары болса, мамырда бұл көрсеткіш аздап төмендеп, 47,31% болды.

Есесіне, жыл басынан бергі бес айда зейнетақы қорының шетел банктеріне салған инвестициясы азайып, қаңтардағы 11,17%-ды, қазір 7,12%-ды құрап отыр.

Жалпы, шетел валютасындағы активті азайта отырып, оның ішінде шетел мемлекеттік бағалы қағаздарын барынша көбірек сатып алу зейнетақы қорының басты стратегиясына ұқсайды. Әзербайжан банкінен "аузы күйген" қор енді тек шетел банктерінен көрі мемлекеттік бағалы қағаздарды сенімді деп тапқандай.

"БЖЗҚ-ның шетел валютасымен номинирленген зейнетақы активтері БЖЗҚ-ның Инвестициялық декларациясында белгіленген валюталық активтердің жалпы құрылымына және инвестициялау стратегиясына сәйкес инвестицияланады",– деп жазады бас банк.

Жалпы, соңғы айда БЖЗҚ 38,1 млрд теңгеге АҚШ үкіметінің мемлекеттік бағалы қағаздарын, 54,4 млрд теңгеге Әзербайжан Республикасы үкіметінің мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып жіберіпті.

"Есесіне соңғы бір айда зейнетақы қорының орташа алынған кірістілігі жылдық 8,7%-бен 46,0 млрд теңге сомаға ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары мен жылдық 1,0% мөлшерінде сыйлықақыға тең кірістілігі бар Еуропа қайта құру және даму банкінің облигацияларын 30,0 млрд теңгеге сатып алды", – деп жазады бас банктің баспасөз қызметі.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу