БЖЗҚ өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың "қалтасын қаға" бастады

Аскар Муминов Аскар Муминов
1963

Олардың басым көпшілігі өздерін жұмыссыздар қатарына жатқызады.120 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға сауал жолдаған қор олардың 75%-ы 18-40 жас аралығында екенін анықтады.

БЖЗҚ өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың "қалтасын қаға" бастады

"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" (БЖЗҚ) АҚ өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды зейнетақы жүйесіне тартуды көздеп отыр. Осы мақсатта қор қызметкерлері жаппай қоңырау шалып, зейнетақы аударудың берер пайдасы туралы хабардар етуге кірісті. БЖЗҚ 117 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтушы барын анықтады деп атап өтті қордың басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.

Оның айтуынша, қазір БЖЗҚ осы санатқа жататын қазақстандықтар үшін арнайы есеп-шоттар жасаған. Әдеттегідей олардың көбісі өздерін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар қатарына жатқызбайды және өзін жұмыссызбыз деп атайды. Ал бұл жұмыссыздық деңгейі төмен екендігін (5% немесе 400 мыңға жуық адам) паш ететін мемлекеттік статистиканың сәнін бұзғандай, деп сабақтады ол сөзін. Айтпақшы, жұмыссыздардың жалпы саны 2,2 млн-ға жуық немесе жұмысқа қабілетті халықтың төрттен бірі.

Қор жүргізген сауалнамаға қатысқандардың 41%-ы 18 бен 25 жас аралағындағылар, 34%-ы 25 пен 40 жас, 14%-ы 40-50 жас аралығындағылар болса, 11%-ы 60-тан асқандар. Сәуле Егеубаеваның айтуынша, қазір өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар үшін қалада 1АЕК , ал ауылдық жерде 0,5 АЕК мөлшерінде бірыңғай жиынтық төлемді есептеу тетіктері мәселесін шешу қажет. Алынған ақшаның 40%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды медициналық сақтандыруға бағытталуға тиіс, ал 30%-ы зейнетақы қорына аударылады, ал қалғаны қайда кететіні түсініксіз.

Қор өкілдері зейнетақы жүйесінің енжар қатысушыларын БЖЗҚ салымшылар базасының көмегіне сүйеніп, зейнетақы жарнасы түспей отырған жеке зейнетақы шоттарын зерттеу арқылы анықтағандарын айтып отыр. 2015 жылдан ашылғалы бері бір теңге де түспеген осындай шоттарға талдау жүргізілген.

БЖЗҚ өзін-өзі жұмыспен қамтып жатқандармен жұмысты телефон арқылы жүргізіп жатыр, 2018 жылдың шілдесіне дейін осы санатқа жататын 325 мыңға жуық салымшыға зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы құлағдар етіледі. Нәтижесінде 25 мыңға жуық жеке зейнетақы шотына 150 млн теңге ақша түскен, яғни әр шотқа алты мың теңгеден түскен деген сөз.

Қор басқарма төрағасының орынбасарының сөзінше, БЖЗҚ қазір ҚР заңнамалық актілеріне өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар үшін зейнетақы аудару мәселесіне қатысты өз ұсыныстарын дайындап жатыр. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл белсенді емес салымшылар үшін жазалау немесе қиындық келтірмейтін, ынталандырушы сипаттаға шаралар болады.

БЖЗҚ қазақстандықтардың зейнетақы жинағының жалпы жағдайына тоқталып кетті. Биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша, ол 8,133 трлн теңгені құрады. Қаңтар-сәуірде 353,2 млрд теңге немесе 4,5%, бір жылда 1,21трлн теңгеге артқан . Өсім 17,5% болды деп растады қордағылар.

2018 жылдың алғашқы төрт айында зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза пайда 169,3 млрд теңгеге өскені тіркелген. Бұл 2017 жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткішінен 83%-ға артық.

Салымшылардың міндетті зейнетақы жарнасына қатысты жеке зейнетақы шоттарының саны 2018 жылдың 1 мамырында 9,6 млн болған. Ал зейнетақы төлемдерінің сомасы 2018 жылдың қаңтар-сәуірінде 83 млрд теңгеге жеткен. Қордың жиынтық инвестициялық портфелінің басты үлесін мемлекеттік құнды қағаздар (45,7%), ҚР эмитенттерінің корпоративтік құнды қағаздары (27,7%) құрайды.

Сондай-ақ қордағылар, бұған дейін Ұлттық банк мәлімдегендей, БЖЗҚ қаражатын ЕДБ-ға инвестициялауға қатысты тоқталып кетті. Сәуле Егеубаеваның айтуынша, екінші деңгейлі банк құралдарына нарықтық шарт бойынша қаражат салу тетігі іске қосылмақшы.

Банктерді таңдау туралы сөз қозғағанда ол инвестиция салу тәуекел тудырмайтын ЕДБ-лар таңдалатынына сендірді. Қазір инвестиция сомасы 200 млрд теңге деп бағаланып отыр.

Сонымен бірге, реттеушінің ұсынысына сәйкес, БЖЗҚ шығарылған облигацияларды сатып алуға толық 100% қатыспайды. Ақшаның бір жартысы қордан, ал қалған жартысы басқа несие берушілер есебінен болады. Алайда Сәуле Егеубаева нақты қандай банктер таңдап алынғанын ашып айтпай, тек бұл сенімді инвестиция болады деп құтылды. Ол 2016 жылдан бастап БЖЗҚ-ның қаражаты тек тексерілген құралдарға салынатынын, зейнетақы активтерінің қаржысы салынатын эмитенттер мен қаржылық құралдардың рейтингіне жоғары талап қойылатынын айтты.

Дегенмен 1 мамырда зейнетақы активтеріне қатысты қарыз көлемі 41 млрд теңге болды, бұл барлық зейнетақы активтерінің шамамен 0,5%-ы. Қор инвестициясының 30%-ы шетелдік валютада ұсынылған, оның ішінде шетелдік эмитенттердің құралына салынған қаражаттың үлесі 21%-ға, шетелдік валюта құралындағы жергілікті эмитенттер 9% болды деп түсіндірді БЖЗҚ.

"Қазір дефолтқа әкеп соғатын барлық жағдайды мұқият бағалаймыз. Зейнетақы жинағының бір тиыны да жоғалмауға тиіс", – деді Сәуле Егеубаева.

Алайда қазіргі таңда БЖЗҚ салымшылары тағы 22,2 млрд теңгесінен айырылуы мүмкін екендігі туралы мәселе күн тәртібінде тұрғанын айтып кету керек. Қазір Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында ForteBank АҚ-тың "Қазақстан қағазы" компаниясының уақытша басқарушысына қатысты арызы қарастырылып жатыр. Өткен сот отырысында "БЖЗҚ" АҚ-ға борышкердің облигациялар бойынша міндетін қайта құрылымдау және сыйақы бойынша қарызды есептеу туралы келісім ұсынылды.

БЖЗҚ-дағылар "БЖЗҚ" АҚ-ның несие берушілердің талаптары тізіміндегі 22,2 млрд теңге мөлшеріндегі қарыз бойынша "Қазақстан қағазы" компаниясына қатысты талаптарының өзгеру-өзгермеуі, яғни болашақ зейнеткерлерге бұл ақша қайтарылады ма деген сұрақтың жауабы сот шешіміне байланысты болатынын айтты. Ал әзірге БЖЗҚ бұл жағдайға қатысты еш түсініктеме бермей отыр, олар соттың ресми шешімі шыққанға дейін қандай да бір түсініктеме беруге құқықтары жоқ екенін айтты.

Алайда қаражаттың сақталуы мен қазақстандықтардың қартайғанда өз жинағының 22 млрд теңгесінен айырылуы мүмкін деген тәуекел туралы қауесет әлі де сейілген жоқ. Осыған байланысты қазақстандықтардың зейнетақы жинағын ЕДБ құралдарына инвестициялау мәселесі тағы да халықтың қорқынышы мен бұл жүйенің ертеңіне деген сенімсіздікті тудырады.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу