Цифрлық даму вице-министрі халықтан кешірім сұрады

3554

Жеке куәлікті жаппай қашықтан ауыстыру қызметі енгізілуі мүмкін, деп жазады Inbusiness.kz.

Цифрлық даму вице-министрі халықтан кешірім сұрады Фото: sputniknews.kz

Онлайн қызмет әзірге қолжетімсіз

Қазақстанда жеке куәлік қомақты айыппұлдарға негіз болуы мүмкін. Мысалы, жеке куәлігін екінші рет жоғалтып алған азаматқа әкімшілік жаза қолданылып, айыппұл салынады. Бұл экономикалық қылмыстармен және сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында енгізілген шара: жеке басын куәландыратын құжатын жалған фирма ашу үшін сататын кейбір азамат кейін тергеушілерге оны жоғалтып алғанын айта салады. Сондықтан құжатын қайта-қайта "жоғалта" беретін жандар күдікке ілігеді.

Мұндай жауапкершілікке ешкім қарсылық білдіріп отырған жоқ.

Бірақ қазақстандықтар жеке куәліктің жарамдылық мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл салынатынына наразы. Кәсіпкер Альберт Кимнің жеке куәлігінің жарамды мерзімі биылғы 4 қазанда аяқталыпты. Ол бүгінде шетелдік ұзақ іссапарда жүр.

"Алдын ала қамын жасай берейін деп, 2021 жылғы қыркүйектің басынан бері жеке куәлігімді eGov.kz порталы арқылы онлайн форматта ауыстыруға тырысудамын. Бірақ ол кезде мұндай қызмет осы жылдың 1 қазанына дейін қолжетімді болмайтыны туралы хабарлама келген. Енді бұл қызмет биылғы 1 қарашаға дейін қолжетімсіз болады деп отыр. "Электронды Үкіметтегі" техникалық ақауларды меморган уақытылы түзете алмаса, мен жеке куәлігімді қалай ауыстырамын?! ХҚКО-ға барып, оффлайн жүгінуге мүмкіндігім жоқ. Жеке куәлікті уақытында ауыстырмасаң, айыппұл салады. Менің айыбым неде? Барлық қажетті құжаттарды, реквизиттерді дайындап, бір ай бұрын мемқызметті онлайн алуға күш салудамын", – дейді ол. 

Кәсіпкер азаматтардың айыппұлды төлеуге әрине, шамасы жетеді, бірақ беделін бүлдіргісі келмейді: әкімшілік жазаға тартылғаны туралы жазба оның артынан үнемі "еріп" жүретіні белгілі.

Билік неге жазалауға құмар?

Бұл ретте eGov.kz порталындағы автоматтандырылған қызметтерге қатысты түсініктемеге жүгінсек, мерзімі өтіп кеткен жеке куәлікті онлайн ауыстыруға болмайды.

"Жеке басын куәландыратын құжатты (жеке куәліктің берілген күні 01.01.2015 жылға дейін болуы тиіс) және паспортты (паспорттың берілген күні 01.01.2010 жылға дейін болуы тиіс) жаңа үлгідегі құжатқа ауыстырған жағдайда ғана бұл қызметті портал арқылы алуға болады. Қалған жағдайларда, соның ішінде құжаттың мерзімі аяқталса, аты-жөнін ауыстырса, құжаты ұрланса, жоғалса, тездеткені үшін төлем төлесе, қызмет тек "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясында (ХҚКО) немесе уәкілетті органда көрсетіледі", – делінген анықтамалықта.

Порталда "жеке куәлікті алуға уақтылы жүгінбегені үшін жауапкершілік" қарастырылғаны ескертілген.

"Қазақстан азаматы 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері, уақытша тұратын жері бойынша тiркеусіз тұрса, ескерту жасалады. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін азамат Әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 492-бабының 2-тармағы бойынша 7 АЕК (20 419 теңге) мөлшеріндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайта жасалған осы бұзушылық үшін 13 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынады", – делінген eGov.kz-те.

Елордалық кәсіпкер Әсия Еңсепова да осындай проблемаға тап болыпты.

"Егер қолымда паспортым болса, онда неге маған жеке куәлігімнің мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл салады? Паспорт та менің жеке басымды куәландыратын құжатым болып табылады ғой! Амалсыз, 10 200 теңге (жартысы) айыппұл төледім. Әрине, азаматтың қолында басқа ешқандай құжаты болмаса, бір сірә! Әртүрлі себеппен куәлікті уақытында ауыстыра алмадым. Мысалы, eGov.kz эпидемиологиялық ахуалға байланысты ХҚКО-ға кезекті брондау уақытын тым әріге жылжытып тастады", – дейді ол.

Ә.Еңсепова Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жеке куәлікті қашықтан, онлайн форматта қайта шығартуға мүмкіндік жасау туралы ұсыныстар жолдапты.

"Әйтпесе, Мәңгілік елдегі ХҚКО-ға барғанымда кезек деген үлкен болды. Коронавируспен күрес шаралары, әлеуметтік алшақтықты сақтау, маска тағу дегеннің бәрі ұмытылған. Індет жұқтырып қайтуға болады. Билік құжаттың мерзімі өтіп кеткені үшін айыппұл салу арқылы шынымен халықты тәртіпті етуге тырысса, онда өз кезегінде тәртіпті адамдардың осы құжатты қашықтан рәсімдеуіне де барынша жағдай жасауға міндетті", – деген пікірде ол.

Билік не дейді?

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов жеке куәлікті онлайн ауыстыруға қатысты азаматтардан түскен ұсыныстарды жеке өзі және әріптестерімен бірге зерделегенін айтады.

Цифрлық даму министрлігі мерзімі жарамсыз жеке куәлік үшін жазалауды жойғыза алмайды. Бұл – Ішкі істер министрлігінің құзырындағы мәселе: ІІМ әкімшілік жазалау, айыппұл салу, сондай-ақ құжаттандыру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган болып есептеледі.

Вице-министрдің айтуынша, "Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы" заңына сәйкес, паспортының бар-жоқтығына қарамастан, "Қазақстан аумағында тұрақты тұратын оның азаматтарының жеке куәлігінің болуы міндет". Мемлекет бұл талаптан да бас тартпайды.

"Ал жеке куәліктерді қашықтан ауыстыру мәселесін пысықтау туралы ұсыныстар жұмысқа қабылданды. Олар көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ары қарай оңтайландыру барысында ескеріледі. Азаматтардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын!", – деді Әсет Тұрысов.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу