Д.Абаев: Еуразиялық экономикалық одақта біртұтас ақпарат кеңістігі болмайды

2215

Тәуелсіздігінің 25 жылында Қазақстан өзінің тәуелсіз ақпарат кеңістігін қалыптастырып үлгермеді. Оның үстіне Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің біртұтас ақпарат кеңістігі құрылады деген пікір туып, елді алаңдатқан сыңайлы. 

Д.Абаев: Еуразиялық экономикалық одақта біртұтас ақпарат кеңістігі болмайды

Бұл ретте қазақ өкіметі де осы идеологиялық салаға жаңа көзқараспен қарай бастаған. Осының негізінде біраз уақыт комитет күйінде өзге министрліктердің босағасында жүрген бұл маңызды сала биыл қайтадан өз алдына отау құрды.

Жалпы, жаңа жылда ұлттық ақпарат кеңістігін өзгерістер мен жаңғырулар күтіп тұрған көрінеді. Оларға өмірге жолдама беру үшін ел Үкіметі жаңа заң әзірлеу үстінде. Осы орайда abctv.kz порталы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты әңгімеге тартқан еді.

– Елде соңғы сапары барысында Ресей Президенті Владимир Путин Еуразиялық экономикалық одақ аясында біртұтас ақпарат кеңістігі құрылатынын мәлімдеген болатын. Бұл бастама іске асырыла ма? Егер құпталса, онда қашан құрылуы мүмкін?

– ЕАЭО – экономикалық одақ болып табылады және Қазақстанның табандауымен саяси мәселелерден арылған. Менің білуімше, дәл осы мәселе Еуразиялық одаққа мүше елдердің мемлекет басшыларының қарауына шығарылған жоқ, тіпті күн тәртібіне де қойылып отырған жоқ. Ол тек саясаттанушылар мен сарапшылардың талқылауындағы мәселе. ЕАЭО аясында күн тәртібінде бірінші кезекте экономикалық мәселелер талқыға салынады.

– Ақпарат және коммуникация мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы өзгертетін жаңа заң жобасы біраз пікірталас туғызуда. Журналистер оның ақырғы нұсқасы салаға игілік әкеле ме әлде қосымша қиындық туғызып, тілге тұсау сала ма деп алаңдайды.

– Біз тіпті заң жобасының тұжырымдамасын да жалпыхалықтық талқылауға шығарған санаулы министрліктердің біріміз. Ал заң жобасының өзі тиісті келісім процедураларынан өтуге тиіс.

Қазір тұжырымдама күйінде-ақ ол қызу айтыс-таластар тудыруда.

Бір-екі аптадан соң, егер бәрі жақсы болса, біз бұл заң жобасының өзін де талқылауға енгіземіз. Ал оған дейін қоғам өкілдерін тарта отырып, жобаны жұмыс тобында мұқият қарап шығуды жоспарлап отырмыз.   

Қазіргі кезде біз мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам өкілдерінен, депутаттардан және сарапшылардан жұмыс тобын жасақтау үстіндеміз. Келесі жылдың наурызына қарай заң жобасының барлық меморгандардың келісімінен өткен мәтінін Үкіметтің қарауына шығарып, ал 2017 жылдың бірінші жартысында Мәжіліске енгізуіміз керек.

Жаңа заңдағы нормалардың барлығы негізді болады және олар бойынша түсініктеме бере аламыз. Егер олардың қайсыбірі қоғам тарапынан үлкен сын мен сұрақ туғызса, олар бойынша барлық ұсыныс-пікірді тыңдауға дайынбыз.

Қайталап айтамын, біз жұртшылықтың назарына заң жобасының ақырғы нұсқасын емес, тұжырымдамасын ғана шығардық. Жаңа заң жобаның барлық баптары тек он шақты күннен кейін, талқылау қорытындысы бойынша сомдалады.

– Интернеттегі, әлеуметтік желілердегі қазірдің өзінде айтылып жатқан барлық сын-ескертпе қаншалықты ескеріледі? Әлде заң Парламентке министрліктің өзіне ұнайтын баптармен ғана кіре ме?

– Біз оң пікірлерді де, сынды да ескеретін боламыз. Жалпы, ендігі 200-ден астам ұсыныс-пікір ескерілді. Дегенмен, ақырғы сандар заң жобасы толық даяр болғанда анықталады. Соны күтелік. Сонда сізбен заң жобасының егжей-тегжейлері туралы әңгімелесе аламыз.

Заң жобасында қазақ тілді ақпарат құралдарының, соның ішінде қазақ баспасөзінің қазіргі жай-күйі ескеріле ме? Өйткені, қазақ азаматтарының жат ағымдар жетегінде кетуі, ауылдарда әртүрлі жағымсыз құбылыстардың белең алуы секілді жағдайлар бұған дейін ағартушылық рөл атқарған қазақ басылымдарының мәртебесі мен деңгейін қайта көтеру қажеттігін көрсетеді. Соңғы жылдары ақпаратқа жауапты шенеуніктер арасында "қазақшаны ешкім оқымайды, көрмейді" деген көзқарас белең алды да, қаржыландыру күрт төмендеді. Бұл біраз қазақ газетінің, телебағдарламаның жабылуына соқтырды. Бұл бағытта дұрыс көзқарас бола ма?

Біз отандық ақпарат құралдарын "қазақ тілді", "орыс тілді" деп бөлмейміз. Біздің міндетіміз – жалпықазақстандық БАҚ-ты дамыту. Бәріне көмектесіп жатырмыз. Дайындалып жатқан жаңа заңнама осы мәселелерді де қамтитын болады.

Негізі, тек қазақ тілділері жабылып жатыр деуге болмайды, орыс тілді газеттер мен бағдарламалар да соның кебін кешуде. Бұл жерде барлығы бәсекеге қабілеттілік мәселесіне тіреледі. Барлық дамыған елде, Еуропада да, Азияда да, Америка Құрама Штаттарында да солай. Дағдарысқа байланысты да жабылып қалады. Біз, әрине, отандық БАҚ-ты қиындықпен бетпе-бет қалдырмаймыз, қолдан келгеннің бәрін істейміз. Жаңа заңды қолға алуымыздың бір мәні де осында. Көмектесу – басты мақсатымыз.

Б. Көмекбаев   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу