Парламент "кодекс-құмарлық" дертіне шалдыққанға ұқсайды. Әділет ведомствосы әзірлеген "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында меморгандар мен депутаттар арасында кодекстерді жиі өзгерте беруге деген "құмарлықтың" белең алғаны атап өтіледі.
Бұл бос байбалам емес, сандармен дәлелденген.
"Бүгінде кодекс атаулының белгілі бір тұрақсыздығы сақталуда. Мысалы, 2023 жылы, бір ғана жылда Кәсіпкерлік кодексінде Парламент 17 заңмен өзгеріс енгізген. 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде осы Кәсіпкерлік кодексіне – 44 рет, Салық кодексіне – 21 рет, Азаматтық кодекске – 28 рет, Жер кодексіне – 28 рет, Еңбек кодексіне – 21 рет, "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға – 15 рет өзгерістер енгізілді", – деп дәйектеді Әділет министрлігі.
Кодекстердің "қысқа күнде қырық құбылуы" қарапайым халық түгіл, сарапшылар, заңгерлер арасында түсінбеушілік тудырып, жаппай шатастыруда.
Мысалы, Мәжіліс 2024 жылғы 19 маусымда "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшін төлем алу тәртібін жетілдіруді қарастырады.
Мәжіліс биылғы сәуірде "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодексіне (Салық кодексі) өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын қабылдады. Атаулары егіз қозыдай, қос тамшыдай ұқсас. Бірақ екіншісі ғалымдарға салықтық жеңілдік береді, олардың ғылыми-зерттеуінің және ғылыми-техникалық жұмыстарының шығыстарына 100% шегерімдер ұсынады. Бірақ екеуін ашып қарамай, атауларынан бұл құжаттардың не туралы екенін білу қиын.
Мәжіліс 2024 жылғы 12 маусымда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қабылдады. Өмірге жолдама алған бұл құжат лудоманиямен күрес шараларын күшейтуге бағытталған.
Мәжіліс содан бес күн бұрын, 7 маусымда тағы бір "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын қарауға алды. Атауы бірдей болғанымен, екіншісі жылу энергетикасы заңнамасына енгізілген жаңа түзетулердегі талаптарды бұзғандарға айыппұл қарастырады.
Төменгі палата бұдан екі күн бұрын 5 маусымда "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ұқсас заң жобасын тіркеді. Ол экономикалық қылмыстарды декриминализациялайды.
Атауы дәл сондай заң жобалары ағымдағы жылғы 30 мамырда (ол адам саудасына қарсы күрес шараларын бекітеді), 27 мамырда (электромобильдерге арналған автотұраққа тоқтаған өзге көліктерге әкімшілік жауапкершілікті енгізеді), 22 мамырда (жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелерін реттейді), 21 мамырда (мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасын бұзғандарға жаңа айыппұлдар енгізеді), 24 сәуірде (масс-медиаға қатысты айыппұлдар) тіркелді.
2024 жылғы 4 сәуірде Мәжіліс тағы бір "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын құптады. Ол органикалық өнімдерді өндіруді және олардың айналымын реттейді. Биылғы наурызда палатада Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізетін заң мақұлданды. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске бағытталған.
Бұл шынымен әлдебір дертке ұқсайды. Парламенттің депутаттары бір жерден үйлестіріліп, келісімді, үйлесімді іс қылу орнына, топ-топқа бөлініп, әрқайсысы кодекстерге төл түзетуін енгізетін заң жобаларын мейлінше көбірек қабылдатудан өзара жарысқа түскен сияқты.
Оның үстіне бұл жерде тек 2024 жылы Мәжіліс құптаған кодекстерге қатысты жеке заң жобалары ғана айтылып отыр. Былтырғысы бұдан да көп. Бұған қоса, депутаттар атауы басқа, өзге заң жобаларының ішінде де түрлі кодекстерге түзетулер енгізетін баптар қосуда.
"Кодекске енгізілетін барлық өзгерістерді жиыстырып, жылына бір рет қабылдауға болмас па?" деген сауал туындайды. Мемлекет басшысы кодекстерде бей-берекет өзгеріс енгізіле беретінін сынап, Парламентке оны түзетуге тиісті тапсырма берген болатын. Ол міндет әзірге орындалмай тұр.
Салдарынан, ақпарат құралдары Президенттің апта сайын дерлік "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойғанын хабарлап жатыр. Атауы оның қандай саланы реттеуге бағытталғанын айтпайды.
Әділет министрлігінің сарапшылары бір тоқтау мен реттеу болмаса, кодекстерді өзгерте беруге құмарлық тек өрши беретінін болжады. Өйткені алда жаңа кодекстер әзірленбек. Демек, оларға да өзгерістер енгізу бойынша түрен түспеген жаңа өрістер ашылады.
"Жалпы, Қазақстанда "Құқықтық актерлер туралы" заңның қолданылу кезеңінде кодекстермен реттелуі мүмкін қоғамдық қатынастар тізімін кеңейту тенденциясы күш алды. Мысалы, әлеуметтік қорғау саласын реттеу мақсатында деп, "Әлеуметтік кодекс" қабылданды. Перспективада енді бұл тізім "Цифрлық кодексті" әзірлеуге байланысты цифрландыру саласымен де толықтырылатын болады. Біздің байламымызша, мұндай тенденцияның белең алуы біріншіден, құқықтық нормаларды жүйелеудің тәсілдері мен принциптерінің айқындалмағанын білдіреді. Екіншіден, кодекстердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін шектеулердің жоқтығын көрсетеді", – делінген министрлік сарапшыларының консультативтік құжатында.
Әділет министрлігінің сарапшылары бас-басына би болып, кәсіби Парламентті әуесқойлар лиғасына айналдыра бастаған депутаттардың назарын өркениетті елдерде орныққан бір ұстын қағидатқа аударды.
"Құқықтық ғылымға сәйкес, кодекстердегі нормалар – жүйе құраушы және іргелі-фундаменталды сипатқа ие болуға тиіс! Өйткені олар біртектес қоғамдық қатынастарды реттеуге шоғырландырылған. Кодекстердің нормалары қоғамдық қатынастардың басқа салаларында жаппай өзгерістер болып жатқан құбылмалы жағдайда ағымдағы ағат, асығыс өзгерістерге төзімді болуға тиіс. Осыған байланысты, біздің ойымызша, бір кодекске қайта-қайта түзетулер енгізе беруге қатаң шектеу қою маңызды", – деп нықтады әділет ведомствосы.
Сонда бір жағынан, бұл шектеу басқа нормативтік құқықтық актілердің арасында кодекстердің биік мәртебе-деңгейін көрсететін болады. Екінші жағынан, кодекстерге өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобаларын әзірлеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сегізінші шақырылған Парламент таяуда аяқталған екінші сессиясында Су кодексі және Құрылыс кодексі жобаларын қабылдап алды.
Бұдан бөлек, депутаттық корпус алдағы қыркүйекте ашылатын жаңа сессияда жаңа Бюджет кодесін, жаңа Салық кодексін қабылдау үшін жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отыр.
Заңгерлер болса, "Қазақстанда заңнамалық тұрақтылықтың жоқтығына" шағымданып жүр. Өйткені "заң жобаларына жиі өзгерістер енгізуді шектейтін құрал жоқ" көрінеді. Бұл инвесторларды да шошытады. Олар заңнамасы барынша тұрақты елдерді таңдайтыны мәлім.