Отандық медицина тізерлеп тұр. Оның қашан еңсе тіктейтіні белгісіз. Денсаулық сақтау саласының тізгінін кім қолға алса да, сапасыз медициналық қызмет пен саладағы жемқорлықты жоя алмай келеді.
Елордадағы Арбаттың негізін қалаған Арай Ордабаева Нұр-Сұлтандағы №4 қалалық емханаға тіркелген. Ол сырқаттанып қалған соң, осы жерден ем алмақ болады. Оған Whatsapp арқылы кеңес беріледі. Бірақ ауруға қарсы екпе егілмейді. Мұның себебін маман тапшылығымен түсіндіреді. Амалы қалмаған Арай ақылы клиникаға барып емделеді. Уақыт өте келе ол DamuMed қосымшасына кіреді. Онда өзінің 4 рет дәрігердің қабылдауында болғаны туралы жазбаны көреді. Ол алмаған емі мен қабылдамаған емханасы жайлы Facebook желісіне: "Сөзім жоқ" деп жазып, реніш білдіреді.
Осы жазбаны оқыған әлеуметтік желі қолданушылары DamuMed-ке лап қойып, өздеріне қатысты деректі тексере бастайды. Былықтың беті осы жерде ашылады. DamuMed қосымшасындағы жазбаға сәйкес, еліміздің әр өңіріндегі азаматтар емханаларға жиі жүгінеді және оларға медициналық көмек кедергісіз көрсетіледі-мыс.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі: "DamuMed қосымшасында №4 қалалық емханада 20 маусымда баламның күре тамырынан қан алынды деген жазба тұр. Бұл қалай? Балам 3 маусымнан бері Алматыда", – десе, енді бірі: "DamuMed -те медициналық тексерістен өткенім туралы жазылған. Бұл –жалған. Коронавирус инфекциясын жұқтырдым деген қауіппен емханаға барғанымда, ай сайын міндетті медициналық сақтандыру жарнасын төлеп отырғаныма қарамастан, мені тексеруден бас тартты. Қазір жекеменшік емханаға барып жүрмін. Сонда міндетті медициналық сақтандыру не үшін қажет?", – дейді. Тағы бір азамат 6 наурызда емханада дәрігердің қабылдауында болғанын, бұдан кейін жөніне кеткенін, алайда DamuMed -те рентгенологтың кеңесін алғаны, кейін ем қабылдағаны туралы жазба тұрғанын алға тартқан. Мұндай жазбалар өте көп. Әр жазбаның соңында адам тағдыры тұр. Ал DamuMed көрсеткіштерді жақсартып, ел азаматтарының денсаулығы мен өмірін қақпақылға салып отыр.
Ұмытпасаңыздар, Жақсылық Досқалиев, кейін Салидат Қайырбекова денсаулық сақтау министрі болған кезде қолданысқа бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Жаңа жүйе науқастарға емхана таңдау мүмкіндігін берді. Денсаулық сақтау министрлігі ем қабылдаған әр адам үшін ауруханаға ақша аударатын болды. Сәйкесінше, көп адам емдеген дәрігердің табысы жоғарылауға тиіс еді. Алайда іс жүзінде бұлай болмады.
Науқастар Алматы мен Астанадағы ауруханаларға жаппай келе бастағанда, оларға орын жетпейтіні анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені шешкен жоқ. Кезек күтіп шаршаған науқастар ауруларын асқындырып алмау үшін жекеменшік клиникаларға кете бастады. Ал денсаулық сақтау министрлігі ауруханаларды қаржыландыруын тоқтатқан жоқ. Яғни ауруханаға келмеген, ем қабылдамаған науқастар үшін ақша бөліп отырды.
Біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына да түсініксіз жолмен келдік. Ел азаматтары жарналарын тиісінше аударып отырды. Бірақ дертіне дауа іздеген кезде осыған дейін төлеген жарнасынан пайда көрмеді. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар қорға бір, жекеменшік клиникаға бір төлеп, қалтасынан қағылды.
Пандемия келген кезде жағдай ушыға түсті. Осыған дейін "жеп" үйреніп қалғандар коронавирусқа қарсы күреске бөлінген ақшаны да талан-таражға сала бастады.
Бір сөзбен айтқанда қазір еліміздің медицинасы науқасты емдеуге емес, одан ақша алуға басымдық беріп отыр. Мұның тамырына жүйе түбегейлі өзгергенде ғана балта шабылады. Бұл туралы депутат Ирина Смирнова: "Денсаулық сақтау министрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры коронавирусқа шалдыққан өте ауыр халдегі бір науқасты емдеуге 1,7 млн теңге төлейтінін жариялағанда халық реніш білдірді. Ем алғандар мұндай қаржыға медициналық көмек көрсетілмегенін айтты. Керек десеңіз, олар өздері дәрі сатып алған. Министр тілге тиек еткен ақша науқастарға жетпеген", – деді.
Оның сөзінше, бұған дейінгі денсаулық сақтау министрлері медициналық сақтандыру жарнасы жекеменшік клиникаларға төленетін шығынды өтеуге де жұмсалады деген болатын. Бір қызығы, бұл тізімге жекеменшік клиникалар сұрыпталып, сарапталып кірген. Тізімді кім, қалай жасағанын ешкім білмейді.
"Мәселені қайта қарап, шешу керек. Адамдарға медициналық көмек көрсетпесе де министрліктен ақша алып отырған емханаларға қаржыны қайтарту қажет. Денсаулық сақтау саласының ақша жұмсауы мен игеруінде сыбайлас жемқорлықтың белгілері бар. Құзырлы органдар мәселенің ақ-қарасын анықтауға тиіс", – деді депутат.
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Абылай Бейбарыс