Дархан Сатыбалды деген шынында кім?

5897

Өмірзақ Шөкеевтің отставкасы Қазақстанда күзгі ауыс-түйіс қойылымын бастап берді.

Дархан Сатыбалды деген шынында кім?

Бағынышты шенеунігінің жемқорлығы үшін Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев 24 тамызда өз еркімен отставкаға өтініш жазғанда, эксперттік ортада "оның өтініші кері қайтарылмайды, қанағаттандырылады" деген сыбыс шықты.

Оның себебі бар еді. Біріншіден, Өмірзақ Естайұлы Елбасының командасының белді өкілі саналатын. Ал жаңарған қоғам аймақтарды да жаңа адамдар, жастар басқарғанын қалап отыр. Екіншіден, шаршады ма, әлде "біздерде мынадай бар, мынадай бар" деп көрсетері аз болды ма, кім білсін, бірақ облыс әкімі соңғы жылдары республикалық ақпарат құралдарынан сирек көрініп жүрді. Үшіншіден, соңғы жылдары Түркістан облысының ел бюджетіне түсіретін салмағы барған сайын артты. Өңір республикалық бюджеттен алатын субвенция-дотация жөнінен рекорд орнатып, Қазақстанда бірінші орынға шықты. Егер 2022 жылы Түркістан облысын асырау үшін ел қазынасынан 402,3 миллиард теңге бөлінсе, ал 2023 жылы – триллионға жуықтап, 975,8 миллиардқа дейін шарықтаған.

Салыстыру үшін айтсақ, Абай (215 млрд), Батыс Қазақстан (204 млрд), Алматы (185 млрд), Павлодар (119 млрд), Маңғыстау (118 млрд) облыстарына және Шымкент (187 млрд) мегаполисіне кететін бүкіл шығынды, яғни 6 өңірдің дотациясына бара-бар қаржыны жалғыз облыс "жеп" қойып отыр. Өмізақ Шөкеев облысты 2019 жылғы 26 ақпаннан бері басқарды. Осы 3,5 жыл ішінде өңір өркендеп, ілгері озғанда, республикалық бюджеттен осынша дотацияны қажет етпес еді. Сарапшылар тіпті Астананы тақырдан тұрғызуға бюджеттен осынша қаражат құйылмағанын айтады.

Төртіншіден, облысты жемқорлық жайлағаны жасырын емес. Былтыр бірнеше құзырлы орган өзгелерге қоса, Түркістан облысында фермерлерге бөлінген миллиардтаған субсидияның қылмыстық схемалар көмегімен талан-тараж етілгенін ашты.

Ақыры Өмірзақ Шөкеевтің өзі тағайындаған Кентау қаласының экс-әкімі кәсіпорын директорынан 50 миллион теңге пара алғаны үшін 10 жылға сотталды. Бұл қазақстандық саясаттың ең тәжірибелі серкесінің Түркістан облысының басшысы орынтағынан ауып қалуына әкелді. Коррупцияның кең ауқымда белең алғаны ма, әйтеуір қарапайым халық өңірде жұмыс орындары, тіпті еден жуушының орнына дейін сатылатынына шағымданып жүр. 

Осылайша, Дархан Сатыбалдыға ауыр мұра қалып отырғанға ұқсайды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ел Президенті өңірдің жаңа басшылығының алдына азаматтардың әл-ауқатын арттыру, туризмді, агроөнеркәсіп кешенін және басқа салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын атап өтті. Мәселен, Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген. Соның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жабалар бар.

"Өңір басшылығы экономиканы барынша әртараптандыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажет", – деді Премьер-министр.

Түркістандықтар облыстың экс-әкімінің командасы, орынбасарлары жұртшылықтан тым алыс екеніне, паң ұстайтынына назар аудартып жүр. Бұл сөздер ел басшылығының құлағын шулатса керек. Үкімет басшысы Ә.Смайылов облыс әкімдігінің жұмысы "халықпен тиімді диалог негізінде құрылуға тиіс" деп нықтады. Дархан Сатыбалды бұл мақсатқа ескі командамен жете алмауы мүмкін.

Әлихан Смайылов қазіргі уақытта туризмнің облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, сондықтан отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

48 жасар Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды саясат сахнасы үшін жаңа ойыншы саналады. Себебі 2018 жылғы қазаннан 2019 жылғы наурызға дейін қысқа ғана уақыт сенатор болғанын қоспағанда, саяси мәселелерге көп араласпаған. Әкім немесе облыс әкімінің орынбасары болғанда да, одан бұрын түрлі құрылымдарда комитет, департамент басқарғанда да, Премьер-министр Кеңсесінде де тек әлеуметтік-экономикалық мәселелермен айналысқан.

Дегенмен саясаттанушы Зейін Сабырқұлов биылғы қаңтар оқиғалары кезінде Дархан Амангелдіұлының журналистерден тұра қашпай, Қазақстанда қалыптасқан ауыр ахуалды ашық айтып, мән-жайын түсіндірген аз шоғыр тұлғалардың бірі болғанын қаперге салды.

"Ол кезде Дархан Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі болған. Өзбекстандық әріптестеріміз қазақ елшісінің Өзбекстандағы жергілікті және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшыларын жиып, қаңтар оқиғаларына қатысты ештеңені жасырмай, жедел, сауатты, жан-жақты түсініктеме бере алғанын айтқаны бар. Оның "бірқатар шетелдік ақпарат құралдары Қазақстандағы жағдайды үстірт, бір жақты жариялап отырғанына" кейістік білдіргенін өзбек басылымдарынан оқығанмын. Дархан жас та болса, Түркістандай күрделі облысты білікті басқара алады деген үміт бар. Ол мысалы, Шымкентті 2013-2015 жылдары, екі жыл ғана басқарды. Дәл осы кезде шымқала шын мәнінде өсті, өрледі. Оның тұсында Шымкенттің аумағы бұрынғы 40 мыңнан 117 мың гектарға дейін ұлғайды. Жаңа аудан – Қаратау ауданы пайда болды", – деді сарапшы.

Саясаттанушы Марат Шибұтов Д.Сатыбалдының шымкенттіктерге халыққа жақындығымен есте қалғанын жеткізді. Креативті, жас та жасампаз әкімнің ісіне сүйсінсе керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сатыбалды тұсында, 2 жылда Шымкентке 5 рет барыпты. Бұл рекорд саналады. Оның үстіне барлық сапарында Тұңғыш Президент тек жақсы баға берумен болды.

Бұған қоса, оның тұсында Шымкент Алматы және Астанадан кейінгі үшінші миллиондық қалаға айналды. Сол кезде елдегі ең жас әкімнің бірі болған ол шымқаланы миллионер шаһар етуді міндет етіп қойған. Дархан Сатыбалды тұсында қалада автобустардың үлкен бөлігі газға көшірілді, "Shymkent Plaza" ойын сауық орталығы тұрғызылды.  

Нәтижесінде, "құнды кадр" өңірде көп қалмады, алдымен облыс әкімінің орынбасары болып, аймақ орталығына, ізінше Сенат депутаты болып, астанаға аттанды. Өзбекстанмен арадағы стратегиялық серіктестікті барлық салада дамыту қажет болғанда, жаңа Президент Тоқаев оны Ташкентке жолдады. Енді аймақ басшысы болып оралып отыр.

Дархан Сатыбалды журналистерге 4-ші қан тобының иесі екенін хабарлағаны бар. Бұл әлемде сирек кездесетін қан тобы, оны табу өте қиын. Д.Сатыбалды "алтыннан қымбат қанды" айына 2 рет тапсырып тұруға уәде берген. Сөзінде тұрған-тұрмағаны белгісіз. Есеп берген жоқ.

Сонымен бірге З.Сабырқұлов Дархан Сатыбалдының Шымкенттегі жемқорлықты жеңе алмағанын ескертеді. Бұдан бөлек, қаланы "миллиондыққа" айналдыру қала маңындағы 40 ауыл-кенттерді автоматты түрде қоса салу арқылы жасалған. Яғни көзбояушылығы басым рәсім еді. Салдарынан Шымкент қазір де жатаған үйлерден тұратын, мегаполис деңгейіне жетпеген шаһар болып қалуда. Оның көп ауданында интернет жөнді ауламайды. Жолдары да нашар.

Сарапшылар Түркістан облысының Маңғыстау облысынан кейінгі күрделі өңір екенін айтады. Облыста жат діни ағымдарға қатысты күрмеулі мәселе бар. "Ақиқат" қаңтар оқиғаларын тергеу қоғамдық комиссиясының басшысы, белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова Алматыдағы бүлікке қатысқандардың арасында осы өңірдің тұрғындары да көп болғанын мәлімдеген. Халықты кедейшілік, шенеуніктердің әділетсіз істері ашындырады. Президенттің жаңа әкімге халықпен диалогты жолға қоюды қадап жүктегені де бекер болмаса керек.

Д.Сатыбалдының өмірбаянында бір қызықты жайт бар. Ол бір лауазымда ешқашан 2,5 жылдан артық отырмаған. Оның Түркістан облысында қанша отыратынын өмір көрсетеді. Осы аралықта ол көзбояу емес, халық пен экономикаға шын қайтарым мен пайда әкелетін ірі істерімен көзге түссе, игі. Түркістан облысын дотацияның терең құрдымынан құтқару да соның бір миссиясына айналса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу