Даукес Трамп Америка саясатында дағдарыс туғызды

3028

АҚШ төл Парламентінің төменгі палатасының төрағасын тек 15-ші талаптан соң ғана сайлай алды.

Даукес Трамп Америка саясатында дағдарыс туғызды

Америка құрама штаттарының Парламенті, яғни Конгресс біздегі сияқты қос палаталы болып келеді және Сенат пен Өкілдер палатасынан тұрады. Екеуі де ел астанасы Вашингтондағы Капитолийде жайғасқан. Былтырғы сайлау нәтижесінде қос палата да біршама жаңарды. Сенатта демократтар, Өкілдер палатасында республикалықтар басымдық алды.

Алайда Өкілдер палатасының бұрынғы басшысы, демократ Нэнси Пелосидің орнына ізбасарды таңдау тым ұзаққа созылып кетті. Алдыңғы 14 дауыс беру еш нәтиже әкелмеді. Осы апта бойы халықаралық ақпарат құралдары АҚШ Парламентіндегі драманы қызыға бақылады және "Оу, мыналар тағы да төрағаны сайлай алмады-ау" деген ауанда аң-таң бола, хабар таратты. Ақыры осы сенбі күні 15-ші дауыс беруден кейін ғана палата спикері болып Кевин Маккарти сайланды. Конгресте 2007 жылдан бері отырған 57 жасар тәжірибелі саясаткер 2019 жылдан бері Республикалық партияның төменгі палатадағы лидері болды. Өткен сайлауда өз партиясын жеңіске жеткізгендердің бірі. Маккарти енді саяси иерархияда АҚШ Президенті мен вице-президентінен кейінгі Американың үшінші лидері болып табылады.

Саясаттанушылардың байламынша, бұл саяси күйзеліске Республикалық партияның ішіндегі алауыздық, бөле-жарылушылық себеп болып отыр. Бұл Республикалық партияға сайлауда айқын жеңуге кедергі жасады, салдарынан партия қазір Конгресте көпшілік орынды иеленгенімен барлық шешімді өз қалауынша қабылдай алмайды. Бірнеше депутат келіспей, оппозицияға қосылса болды, қарсы жақ кез келген шешімді бұғаттап тастай алады.

Бұл жолы Маккарти және басқаларының кандидатураларын өз партияластары қолдаудан бас тартумен болды. Мұндай жағдай соңғы жүз жылда алғаш рет болып отыр: 1923 жылы Өкілдер палатасының төрағасын таңдауға 9 талап қажет болған.

"Республикалық партия ішіндегі былық пен бүлік бірнеше күнге палата жұмысын дағдартып, онда хаос тудырды. Өкілдер палатасы жаңа төрағасын 3 қаңтардағы алғашқы отырысында сайлап алуға тиіс еді. Әдетте спикер сайлау – қарапайым рәсім саналады. Алайда Республикалық партияның оң қанатының бір топ өкілі өз партияласы Кевин Маккарти кандидатурасын қолдаудан бас тартты. Соның кесірінен қайта-қайта дауыс беру өткізілсе де, қажетті дауысты ұзаққа дейін жинай алмады. Республикалықтар үшін бұл тарихи ауқымдағы қорлық пен масқара: сайлауда жеңіске жеткен партияның өз арасынан палата спикерін сайлайға сонша көп талапты шығын етуі XIX ғасырдан бері болмаған: 1859–1860 жылдары республикалық Уильям Пеннингтон тек 44-ші талаптан кейін төраға болды. Бұл партия ішіндегі алапат дағдарыстан хабар береді", – деп талдады Deutsche Welle.

Американың қос алпауыт партиясының бірінің бірлігіне бұрынғы Президент, миллиардер Дональд Трамп сына қағып жатыр. Ол келесі 2024 жылғы 5 қарашада өтетін президенттік додаға түсуге құштар. Алайда оның алдын қазірден Флориданың жаңа губернаторы Рон ДеСантис (Ronald Dion DeSantis) орап кетті. Путинді пір тұтатын Трамптан айырмашылығы, ДеСантис Ресейді энергетикалық ресурстары мен ядролық қаруынан басқа іліп алар ештеңесі жоқ "бос ел" деп атады. 28 ақпанда, яғни ресейлік кең ауқымды соғыс өршіген тұста ол Джо Байденді Владимир Путин мен оның шапқыншылығына қатысты тым жұмсақтық танытып отырғаны үшін сынады.

Таяуда белгілі болғандай, республикалық партияны жақтаған сайлаушылардың 56%-ы Рон ДеСантисті қолдауға ниетті. 33%-ы ғана Трампты қолдайды. Бұған жауап ретінде Трамп қарсыласына қоқан-лоққы жасап, ДеСантистің абыройын айрандай төгетін әлдебір компроматты жариялауға дайын екенін мәлімдеді. Бірақ бүгінде Трамптың өзінің саяси мансабына қауіп төніп тұр және ол америкалық "қаралы қаңтар оқиғасымен" тікелей байланысты.  

Осы сенбі күні демократ, АҚШ-тың іс басындағы Президенті Джо Байден Ақ үйде Капитолийге жасалған шабуылдың кезекті қаралы датасына арнап, ресми іс-шара өткізді. Осыдан екі жыл бұрын Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт держава да төл қаңтар оқиғаларын бастан өткерді. 2020 жылғы президенттік сайлауда жеңіліп қалған іс басындағы Президент Д.Трамп америкалықтардың өзінен теріс айналғанына сене алмай, билікті бейбіт жолмен Байденге тапсырғысы келмеді. Ол демократтар бюллетендерді дұрыс санамады, сөйтіп, "жеңісімді ұрлады" деп дау көтерді.

Салдарынан, 2021 жылғы 6 қаңтарда оның радикалды жақтаушылары Капитолий ғимаратына басып кіріп, Сенат залын қоршады. Сол кезде Сенат пен Өкілдер палатасының депутаттары сайлау қорытындыларын бекіткелі жатқан болатын. Құқық қорғау органдарына отырысты тосынан үзіп, жұртты эвакуациялауға тура келді. Әйтпесе, қарулы радикалдар елдің бірінші басшыларын дарға асу үшін дар ағашын да алып барыпты. Сол қақтығыста 5 адам қаза тапты. 

The Washington Post жазуынша, америкалық "қаңтаршыларды" жақтаушылар Капитолийге шабуылдағаны үшін федералдық деңгейде айыпталып жатқан 932 адамға заңгерлік көмек көрсетіп, ең мықты адвокаттарды жалдау үшін миллиондаған доллар жинады.

"Ондаған адам Telegram арқылы топтық тікелей эфирде зар жылады, Библияны оқыды, әнұран шырқады және түрмеде отырған айыпталушылар үшін жалбарынды. 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге қарсы көтеріліс жасағандар үстінен сот басталып жатыр. Екі жыл ішінде оларды қолдаушылардың осындай көптеген топтары пайда болды. Өздерін "Қаңтарлық алтылық" (“Jan. Sixers”) деп атайтын жақтаушылар сыйыну тізбегін түзді, түрлі инстанцияға хаттар боратуға бағытталған науқанды, пикеттері ұйымдастырды, заңгерлік қолдауға миллиондар жинады. Олар қаңтар оқиғасы үшін айыпталушыларды қайсар патриот, өз құқықтарын қорғағаны үшін қудаланған ардың тұтқыны санайды. Оларды тіпті тергеу нәтижелері, салмақты айғақзаттардың бары және олардың сотта расталуы, күдіктілердің өз айыптарын мойындауы, сондай-ақ Трамптың кінәсін әшкерелеген Конгрестің таяудағы есебі де райынан қайтара алмады", – деп жазды Уашингтон пост.

2022 жыл жабылар тұста, желтоқсан айының соңында бұрынғы Президент Д.Трамптың жақтастарының Капитолийге шабуылын тергеген және "6 қаңтар комитеті" деген атау алған Өкілдер палатасының арнайы комитеті өз жұмысын қорытындылап, 845 беттен тұратын аса көлемді баяндамасын жариялады. Комитет мыңнан астам куәгерді тыңдады, бірнеше мың құжатты мұқият зерделеді. Басты қорытынды: 2021 жылғы 6 қаңтардағы оқиғалар – Капитолий ғимаратын басып алу, 5 полицейдің қаза табуы, қос палата жұмысының дағдарысқа ұшырауы, өмірі мен денсаулығына қауіп төнген заң шығарушылар мен қызметкерлерді, соның ішінде спикер Нэнси Пелоси мен вице-президент Майк Пенсті шұғыл эвакуациялау, тарихи ғимаратқа нұқсан келтірілуі, барлығы бір ғана адамның – Дональд Трамптың кесірінен орын алды. Яғни Қазақстанға қарағанда, америкалықтар басты ұйымдастырушыны нақты анықтады. Алайда өкінішке қарай, Трамп жазаға тартылмауы мүмкін.

Себебі комитет ешкімді жазалай алмайды, оның қорытындылары рекомендация сипатына ғана ие. Сонымен оның есебінде 11 ұсыным берілген: ең бастысы, Конгресс "көтеріліске арандатушы" рөлін атқарған экс-Президент Дональд Трампқа бұдан былай мемлекеттік лауазымды иеленуіне тыйым салу мәселесін қарастыруға тиіс. Басқа ұсыныстар "Сайлаулардағы дауыс санау туралы" заңын реформалауды; вице-президенттің штаттар ұсынған сайлаушылардың тізімін қабылдамау өкілеттігі жоқтығын нақты жазуды; федералдық құқық қорғау органдарының ақ нәсілді ұлтшылдар, үкіметке қарсы қаруланған топтар сияқты штаттардағы экстремистік топтарды бақылау құзырын кеңейтуді; әр 4 жыл сайын өтетін таңдаушылардың дауыс санау рәсіміне "ұлттық қауіпсіздіктің ерекше оқиғасы" мәртебесін беруді (бұл санатқа Президенттің Конгреске жолдауы және инаугурация жатады) көздейді.

Тергеу қорытындысында Трампқа 4 айып тағылды, сотта қудалау да осы негізде жүруі қажет: біріншіден, бүлікке айдап салған, көмектескен, ықпал еткен, қолдаған. Екіншіден, жалған куәлік ету үшін ымыраласқан. Үшіншіден, федералдық өкіметті алдау мақсатында ымыраласқан. Төртіншіден, ресми тергеуге кедергі келтірген. Егер Трампты осы баптар бойынша соттаса және айыбын мойына қоя алса, онда ол 20 жылға түрмеге отырып, алапат айыппұл арқалап, саяси лауазымдар бойынша ешқашан сайлауға түсе алмас еді.

Бірақ демократияның қуаты сол, Америкада биліктің атқарушы, заң шығарушы, сот тармақтары нақты ажыратылған, бір-бірінен тәуелсіз. Сондықтан тіпті депутаттар экс-Президенттің қаңтардағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырудағы рөлін нақты айқындап, соған бек сенімді болса да, ол Трампты соттай алмайды. Оның ұсынымдары негізінде Әділет министрлігі Жоғарғы сотқа талап арызбен жүгінуі шарт: ведомство тиісті іс-қимылға кірісіп кетті. Бас прокурор Меррик Гарланд бұрынғы Президентке қатысты барлық тергеуді бақылайтын арнайы прокурор Джек Смитті тағайындады. Өйткені Трамптың былығы тек 6 қаңтармен шектелмейді: ол Ақ үйден қаншама пәпкі құпия құжаттарды Мар-а-Лагодағы сарайына жасырын алып кеткен. Миллиардердің қаржылық махинациялары, салық төлемегені де тергелуде.

Соған қарамастан Дональд Трамп қылмыстық және азаматтық (әйелдерге зорлық қылу) айыптаулардың бәрін жоққа шығарып, 2024 жылғы президенттік сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Бұл ретте америкалық сарапшылар Трамптың өзіне қарсы айыптарды теріске шығаратын бірде бір айғақ, дәлел келтірмегенін, тек байбалам салып, жақтастарын өршітіп, өршелендіріп жатқанына назар аудартады. Тыңдауларға қатысып, айыбын мойнына қоятын дәйектемелердің ұзын тізіміне қарсы дәлелін келтіру жөніндегі "6 қаңтар комитетінің" шақыртуын ол елеусіз қалдырды. Оның орнына комитетті сотқа берді. Салдарынан, Жаңа жыл қарсаңында комитет Трампқа шақыртуын жоюға мәжбүр болды. Себебі, ырғалып, жырғалуға уақыт қалмады: жаңа сайланған Конгресс 2023 жылғы 3 қаңтарда іске кірісетін еді. Ал бұрынғы конгресмендер кірген бұл комитет соған дейін есебін жариялауға міндетті болды.

Осылайша, Трамптың командасы және заңгерлері кез келген талқылауды, тіпті сот өндірісін қалағанынша ұзаққа соза білетінін, соның шебері екенін паш етті. Тиісінше, сарапшылардың пікірінше, тіпті Әділет министрі экс-Президентке қарсы сот ісін бастатқанның өзінде ол ұзақ жылдарға созылмақ. Ал күшіне енген сот үкімі болмағандықтан Дональд Трамп келесі жылы президенттік аламанға қатыса алады. Оның үстіне көпшілігі республикалықтардан тұратын жаңа Өкілдер палатасы іске кірісті, оның аясында Республикалық партия өкілдері бұрынғы комитетке сенбейтіндерін, сондықтан енді төл тергеуін жүргізетінін мәлімдеді.

"6 қаңтар комитетіне" Республикалық партиядан бұрынғы вице-президент Дик Чейнидің қызы, Вайоминг штатынан сайланған Лиз Чейни мен иллинойстық конгрессмен Адам Кинзингер кірген. Сол үшін олардан трампшылдар кек қайтарды, қара күйе жағып, әйгәпірге айналдырды: Лиз Чейни партияішілік праймеризде жеңіліп қалды, ал Кинзингерге қайта сайланудан бас тартуына тура келді. "Сүйікті Украинасында сайлауға түссін", – деп кекетті оларды флоридалық конгрессмен Мэтт Гоэтс. Киевке көмек көрсетпеуді уағыздап жүрген ол таяуда Капитолийде В.Зеленский сөз сөйлегенде, қыр көрсетіп, оған қол соқпады, жұрт жапатармағай орнынан үдере тұрғанда, смартфонын шұқылап отыра берді. Осы Гоэтс пен тағы 4 республикалық конгрессмен 6 қаңтардан кейін Трампқа жүгініп, кешірім жасауды сұрады. Өйткені олар да шабуылға арандатқандар қатарында. Трамп Ақ үйге оралған соң қаңтар оқиғаларына қатыстылардың бәріне рақымшылық жасауға уәде етті.

Сонымен, арнайы парламенттік тергеу америкалық қаңтар оқиғаларына Д.Трамптың айыпты екенін көрсетті. Оның және заңгерлерінің  "сайлау-2020 фальсификацияланғаны" туралы мәлімдемелері ешқандай дәйектемелермен расталмады. 6 қаңтар күні конгрессмендер, оның иелігіндегі Fox news арнасының журналистері Трампқа тоқтаусыз қоңыраулатып, жұрт алдында сөз сөйлеуді, жолындағысының бәрін қиратып, өртеп, Парламентті шабуылдаған тобырларды тоқтатуды өтінеді. Бірақ Трамп былқ етпеген.

"Оның басты қателігі сол, 6 қаңтар күні, түскі 13:10-да өзі ұйымдастырған митингте жақтастарына "Американы құтқарамыз", "сайлаудағы жеңісімізді ұрлауына жол бермейміз" деп ұрандатып аяқтаған. Сонымен қатар жақтастарын Капитолийге қарай шеру жасауға шақырған", – деді комитет мүшесі, конгрессвумен Элейн Луриа.

Экс-Президент күзет қызметкерінен өзін Капитолийге жеткізуді талап етеді. Алайда Secret Service агенті бас тартқанда, Трамп қылғындырып тастау үшін оның мойнынан бүре жабысқан. Куәгерлер баяндағандай, Трамп телефон арқылы вице-президент М.Пенстен Капитолийдегі жиында сайлаудың қорытындысын мойындамауды талап етіпті. Алайда ол мұндай керітартпа, қауіпті ұсыныстан бас тартқан соң Пенсті боқтаған. Д.Трамп өз орынбасарынан туит арқылы кек қайтарды: "Майк Пенс біздің еліміз бен конституциямызды қорғау үшін қажетті істі жасауға батылдық таныта алмады", – деп сынады Twitter парақшасында. Осыдан кейін митингшілер Пенсті ұстап алып, көшеде дарға асуды ұсынған.

Қанды оқиғаға кімнің кінәлі екенін біле тұра, оны жазаға тарта алмаған Американың жағдайы пұшайман сияқты көрінер. Өйткені АҚШ Фемидасы Ақ үйге тағы бет алған Д.Трампты орта жолда тоқтата алмайтынға ұқсайды. Бірақ демократияның ғажайыбы бар: Американың 45-ші Мемлекет басшысының 47-шіге айналуына сайлаушылар тосқауыл қоя алады. Парламенттік комитет ұсынымдармен шектелгенімен, оның соңғы отырысын тікелей эфирден көрген 18 миллионнан астам тұрғын төл байламын жасады. Сауалнамалар республикалықтар атынан ұсынылатын кандидат атану жолында Д.Трамп Рон ДеСантиске біршама ұтыла бастағанын паш етті. Бірақ келесі жылғы қарашаға дейін өзгерістер болуы да мүмкін.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу