Демограф: Қазақстан халқының 10 жылда 20%-ға көбеюі – өте үлкен жетістік

3312

Ұлттық статистика бюросы, халық санағына байланысты соңғы деректі 1 қыркүйекте жариялап, Қазақстан халқының саны 19 млн 644 мың 67 адамды құрайтыны туралы мәлімет таратты. Яғни 2009 жылғы санақтан бері ел халқы 20%-ға көбейген.  

Демограф: Қазақстан халқының 10 жылда 20%-ға көбеюі – өте үлкен жетістік

Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы халық санының өсіміне қалай баға беруге болады? Өсім қалыпты ма? Қазақстанның ұлттық құрамы кейінгі жылдары қалай өзгерді? Қандастардың көші және ресейліктердің ағылуы Қазақстанның демографиялық ахуалына қалай әсер етеді? Осы және өзге де сұрақтарды Іnbusiness.kz тілшісі демограф, Карлов университетінің PhD студенті, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының бас менеджері Аяулым Сағынбаеваға қойды.

– Аяулым Зарлықанқызы, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы халық санының өсіміне қалай баға беруге болады?

– Иә, шын мәнінде, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Ұлттық статистика бюросы 2021 жылы өткен кезекті немесе үшінші ұлттық халық санағының қорытындысын көрсетті. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда халық расында да, 20%-ға көбейген. Бұл өте жақсы құбылыстардың бірі деп айтуымызға болады. Өйткені 10-11 жылдың ішінде 20%-ға көбею – өте үлкен жетістіктердің бірі деп айтуымызға болады.

Басқа елмен салыстырар болса, әрине, дамыған елдерден өсу қарқыны бөлек. Соңғы уақытта негізінен Еуропа елдері, АҚШ, тағы басқа дамыған Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдері иммиграция есебінен ғана толығып отырды. Қазақстан үшін ерекшелік – миграция, яғни көші-қон есебінен халықтың санын жоғалтып отыр. Өсімнің 95%-ы – 2012 жылға дейін табиғи өсім негізінен болса (яғни өлгендер мен туғандар арасындағы айырмашылық), соңғы уақытта Қазақстан халқы 100% тек табиғи өсімнің есебінен халқының санын толтырып отыр. Қалыпты ма, деген сұраққа келер болсақ, әр елдің демографиялық өсімі бар. Біздің Қазақстанда жылма-жылдық орташа өсімі 1,3%. Жаман көрсеткіш емес.

– Халық санының ішінде қазақтардың үлесі 70% жетті деген ақпарат бар. Ол туралы былтыр желтоқсанда Үкімет басшысы болған Асқар Маминнің мемлекет басшысына берген баяндамасында айтылған. Бұған дейінгі санақтарда ұлты қазақ азаматтардың саны билік тарапынан әдейі төмендетіліп келді, негізі қазақтар саны 70%-ға баяғыда-ақ жетіп қойған" деген пікірлер кездеседі. Бұл мәселеге келгенде Сіздің пікіріңіз қандай? Шын мәнінде, ұлты қазақ азаматтардың халық ішінде үлесі 70%-дан әлдеқайда асып кеткен болуы мүмкін бе?

– Ұлттық халық санағының және кез келген санақ қорытындысы бойынша ғана халықтың нағыз ұлттық құрамы анықталып отырады. Себебі өз этносын белгілеу – бұл жеке адамның өзінің ойы бойынша жазылатын үрдіс. Тек санақ арқылы біз этностардың санын ғана емес, сонымен қатар жас, жыныстық құрылымын білуімізге болады.

Соңғы санақты алып қарасақ, қазақтардың жалпы халық ішіндегі үлес салмағы 70,4% болған. 2009 жылғы санақпен салыстыратын болсақ, ол тұстағы үлес 63,1% болған. Сәйкесінше, біз өсім көріп отырмыз. Қазақтардың үлес салмағы 7,3% пунктке өсіп отыр.

Жыныстық құрамына келер болсақ, бүкіл ер адамдардың 72% қазақтар, әйелдерде 70% болып отыр. Айта кетерлігі, қалалық жердегі әйелдердің барлығының 67%-ы қазақтар. Яғни қазіргі таңда қазақтарда урбанизация үрдісі жүріп жатыр.

Яғни жоғарыда атап өткенімдей, халықтың этностық құрамы осы санақ кезінде белгіленеді. Өйткені этнос – өзіндік идентификация бойынша жүретін құбылыс. Жаңа сіз айтып отырғандай, "билік тарапынан әдейі төмендетіліп келді, қазақтар 70%-ы баяғыда жетіп қойған" деген пікірлер – ауызекі дастархан үстінде айтылған сөздер. Кез келген сөздің артында дәлел, яғни нақты демографиялық есептер болуы керек. Билікке қазақтардың үлес салмағын азайту не үшін керек деген сұрақ туындауы тиіс. Сондықтан екі жыл бұрынғы санақта өсім байқалып отыр дедік қой, "әлдеқайда көп болған" деген халықтың арасындағы жай әңгімелерді мүлде БАҚ-та қолдануға келмейді, болмайды. Себебі кез келген ақпарат артынан санмен, белгілі бір зерттеумен, я болмаса статистикалық мәліметпен дәлелденіп отыру керек.

Қазақстанда бірде-бір адам халық санағынсыз этностық құрамды біле алмайды.  

– Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлер санынан басым екенін, ерлер үлесі – 48,6%, әйелдер үлесі – 51,4%-ды құрайтынын жария етті. Бұл баланс та қалыпты деп айтуға бола ма?

– Әйелдер мен ерлердің үлес салмағының бірдей болуы физикалық тұрғыда мүмкін емес. Себебі әйелдер мен ер адамдардың өмір сүру ұзақтығы екітүрлі. Әйелдердің үлес салмағының жоғары болуы – олардың өмір сүру ұзақтығының ер адамдармен салыстырғанда жоғары болуы және өлім-жітім деңгейі әсіресе кейінгі кезде егде жастарда азырақ болуымен түсіндіріледі. Бұл әрине, қалыпты жағдай. Біз халықты теңбе-тең екіге бөліп, елу де елу деп қарастыра алмаймыз. Егер айналып келгенде халықтың 60%-ы әйелдер, 40%-ы ерлер болса, ондай жағдайда дабыл көтеруге болар еді. Онда бұл сұрақты терең талдап, не себепті болды және өте қиын жағдай екенін айтар едік. Яғни гендерлік тұрғыдан алғанда сәйкессіз болып, сол кезде ғана қарастырылады.

Қазіргі таңда әйелдер мен ерлердің үлесі 52% және 48%. Соңғы санақ қорытындысын алып қарасақ, 51,4% және 48,6%. Бұл – жалпы дүниежүзілік тенденцияларға сай келетін үдеріс болып отыр.

Демографияда болжам жасау қиын

– Жыл сайын қандастардың көші саябырсып барады. Бұрын жүз мыңдап көшіп келетін қандастардың саны қазір он мыңдап есептеледі. Жақында президент Тоқаев Жолдауында "саясат түбегейлі өзгеретінін, осы орайда  демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керектігін, сондай-ақ  жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды екенін" атап өтті. Тоқаевтың бұл сөзі нені білдіреді? Президенттің бұл месседжі қандастар көшіне тың тыныс беріле ме? Әлде керісінше ме?

– Тоқаевтың сөзі – тура айтқан сөзін білдіреді. Яғни саясат өзгереді. Демографиялық және экономикалық үдерістерді ескереді. Жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу керектігін айтты. Ал бұл сөздің көшке қалай әсер ететінін уақыт көрсетеді.

Жалпы жүз мыңдап келер болса, бұл жылына "Нұрлы көш" бағдарламасы бойынша жылына 20 мың отбасыға дейін белгіленген болатын. Яғни 2009 жылғы халық санағы бойынша орта есеппен 3,5 адамнан тұратын болса, яғни 70 мыңдай адамға жылына көшіп келу мүмкіндігі болған.

Кез келген көші-қонның көші-қон потенциалы болады. Тоқсаныншы жылдары көштің көбеюі, 2009-2010 жылдары арнайы бағдарламаның болу аясында көшіп келушілердің саны көп болды. Ол кезде Отанына оралып, осында болғысы келетін қандастардың саны көп болатын. Ол жерде өмір сүріп жатқан қазақтардың сол елдегі интеграция үрдісі, кей кездерде жас арасында ассимиляция үрдісі де жүріп жатыр. Жалпы Қазақстан эммиграция жағынан тартымсыз мемлекет саналады. Уақыт көрсетер.

– Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Болжау департаменті жақында Қазақстан халқы 2050 жылы 27 млн адамға дейін көбеюі мүмкін екенін жария етті. Бұл қаншалықты дұрыс болжам?

– Өз басым болжамдар жасаған жоқ болатынмын. Алайда Еңбек ресурстарын дамыту орталығының 2050 жылға дейінгі аталған болжамымен келісе бермеймін. Өйткені ол жерде біріншіден, бұл болжам емес, проекция. Проекцияда белгіленген туу мен өлім деңгейі, көші-қон деңгейі бүкіл кезеңнің соңына дейін көрсетіледі. Яғни өзгеріссіз қалады. Бұл жерде 2021 жылға дейін туу деңгейін қойған болатын. Бірақ 2021 жылы болған бейби-бум тарихта бұрын соңды болмаған. Сол кезде кімдер балаларды дүниеге әкелді деген сұраққа бірінші кезекте, жауап беру керек. Мұнда үшінші, төртінші, бесінші балаларды өмірге әкелген әйелдер саны көп болғандықтан, 80 жылдары дүниеге келген – міне сондықтан туу деңгейі жоғары болып отыр. Өйткені 80 жылдары дүниеге келген әйелдердің үлесі салмағы өте жоғары.

Ал 2050 жылға дейін 28 жыл уақыт бар. Келесі кезеңде активті репродуктивті жастар – тоқсаныншы жылдары дүниеге келген балалар. Тоқсаныншы жылдары өмірге келген балалардың саны жылма-жыл азайып келе жатқан. 1999 жылы Қазақстанның демографиялық тарихында туу деңгейі ең төмен уақыт болды. Яғни туудың жиынтық коэфиценті 1,8-ге дейін түсіп кетті. Алдағы уақытта халықтың жас-жыныстық құрамында осы активті репродуктивті жаста, активті отбасы құру жасында осы тоқсаныншы жылдардың буыны болады. Олардың индивидуалистік көзқарастары, репродуктивті көзқарастары 10 жыл бұрын дүниеге келген адамдардан бөлек. Сондықтан, мұнымен келісе бермеймін.

– Қазақстанда алдағы 10 жылда ішкі миграция қалай өзгеруі мүмкін? Ірі қалаларға халық одан ары көп көшіп, ауылдарымыз қазіргіден да қатты қаңырап қалмай ма?

– Миграцияны болжау өте қиын әрі жиі жағдайда нақты болмайтын есептеулер. Өйткені миграцияның толқынына, оның интенсивтілігіне көп жағдай әсер етеді. Қазіргі таңда ішкі көші-қонның рөлі демографиялық дамуда және сыртқы және ішкі миграцияны салыстырған кезде рөлі жоғары болып отыр. Егер біздің өңірлерде экономикалық теңсіздік, әлеуметтік теңсіздік ұлғая берсе, әлеуметтік-экономикалық жағдай нашарлай беретін болса, жұмыс орыны, денсаулық сақтау, білім беру жүйесінде олқылықтар жойылмаса, яғни өмір сүруге қолайлы болмаса, өңірлердегі адамдар ірі қалаларға көшін үдете түсуі мүмкін. Сондықтан, бұл үрдісті нақты қадағалап отыру керек. Негізінен бұған арнайы есептер жүргізілуі керек.

Біздің стратегиялық дамуымызды ескеруіміз керек. Біз 2050 жылға дейін қалалық жердегі адамдар саны жағынан 70 пайызға ұлғаюды, ал 2030 жылға қалай 62,5 пайыз болуды стратегиялық тұрғыда жоспарлағанбыз.

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу