Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдемге қатысты ұйғарымын жариялады

4599

Министр жедел жәрдемнің көліктері әбден тозғанын растады. 

Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдемге қатысты ұйғарымын жариялады Фото: Наш Костанай

Қазақстанда жедел медициналық жәрдем (ЖМЖ) қызметі 20 дербес станциядан, 98 қалалық қосалқы станциядан тұрады. Бұған қоса, 232 аудандық бөлімшелерде 1 486 көшпелі бригада жұмыс істейді: қалаларда – 904, ауылдарда – 582.

Министрліктің мәліметінше, 2024 жылдың 9 айының қорытындысында ЖМЖ бригадаларын шақырту саны 4,4%-ға артқан. Нәтижесінде, биылғы жыл басынан бері тұрғындардың оларды 6,3 миллион рет шақыртқаны белгілі болды. Былтырғы 9 айда – 6,1 миллион шақырту тіркелген. Ендеше қарқынды өсуде деуге келмейді.

Оның үстіне Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы №ҚР ДСМ-225/2020 бұйрығымен бекітілген "Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларына" сәйкес, барлық келіп түскен шақыртулар жеделділіктің 4 санаты бойынша бөліп тасталады:

1-ші жеделділік санатындағы шақырту – адам өміріне тікелей қауіп төніп тұрған, шұғыл түрде медкөмек көрсетуді қажет ететін жай-күй: жедел жәрдем көлігі 10 минут ішінде келіп жетуге тиіс;

2-ші жеделділік санатындағы шақырту – медкөмек көрсетпесе, онда ӨМІРІНЕ қауіп төнуі мүмкін жай-күй: 15 минут ішінде келуі шарт;

3-ші жеделділік санатындағы шақырту – медкөмек көрсетпесе, ДЕНСАУЛЫҒЫНА қауіп төнуі мүмкін жай-күй: 30 минут ішінде жетуге міндетті;

4-ші жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі: ЖМЖ-ны күту 60 минутқа дейін ұзауы ықтимал. Одан аспауы керек.

Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың хабарлауынша, бірінші жеделділік санатындағы шақыртулардың үлесі – 0,4%-ға, екінші жеделділік санатында – 1,3%-ға, үшінші және төртінші жеделділік санатындағы шақыртулардың үлесі – тиісінше 1,6%-ға және 0,6%-ға шамалы көбейген.

Науқас қиналып жатқанда жедел жәрдемнің тым кешігіп жететініне қатысты қазақстандықтардың шағымдары қарқынды ұлғайып барады. Сондықтан бұл шағымға амалсыз Парламент құлақ түрді. Оның үстіне бұл саладағы жағдайдың сын көтермейтінін депутаттар басқа түскенде түсінген.

Мәжілісмен Данабек Исабековтің айтуынша, қағазда бәрі жақсы жазылған, іс жүзінде жағдайы жаман.

"Қағидаларда дәрігерлік бригаданың диспетчерден пациентке дейін жету уақыты айқын белгіленген. Дегенмен, кенттер мен ауылдарда да, тіпті ірі қалаларда да нормамен белгіленген уақытта жедел жәрдем қызметінің жетпейтінін жиі естиміз. Мұндай жағдай менің әулетімде де орын алды. Нақтырақ айтқанда, биылғы 23 шілдеде әкем кенеттен ауырып, жедел жәрдем қызметін сағат 13:50-те шақырттық. Алайда жедел жәрдем 30 минуттан соң келді. Бұл аралықта әкемнің жағдайы өте ауырлап қалды. Басқа емес, үшінші мегаполис Шымкенттің жедел жәрдемі 2-ші жеделдік санатындағы сырқатқа 15 минутта жетуге тиіс еді. Бірақ кешіккеннен кейін тиісті жәрдемін көрсете алмай, әкемізден айырылып қалдық", – деп азаланды мәжілісмен Данабек Исабеков.

Оның айтуынша, бұл бір ғана жағдай емес. Салдарынан онсыз да аз халқымыз бейбіт заманда босқа қырылып жатыр.

"Жедел жәрдем өз уақытында келсе, көп азаматымызды ажалдан арашалап қалуға мүмкіндік болар еді. Қағиданың нормалары көп жағдайда сақталмайды. Кейде жедел жәрдем бір сағаттан аса кешігеді. Мұны қалай "жедел жәрдем" деп атауға болады? Мәселен, АҚШ, Канада, Жаңа Зеландия, Австрия, Ирландия жедел жәрдемі қызметінің басты ерекшелігі – өте шұғыл (экстренный), шұғыл (неотложный) деп екіге бөлініп науқастарға қызмет көрсетеді. Осы тәжірибені бізге де енгізу қажет", – деді депутат Данабек Исабеков.

Денсаулық сақтау министрлігі шетелде жедел жәрдем барынша жедел жететінін жасырмады. Мұны шетелдік тәжірибеге жүргізілген талдау көрсеткен. Мысалы, жету уақыты Ұлыбританияда – 7 минутты, АҚШ және Түркияда – 10 минутты, Норвегияда – 12 минутты, Қырғызстанда – 13 минутты, Өзбекстанда – 10–15 минутқа дейін, Нидерландта – 15 минутты, Ресейде – 20 минутты құрайды.

Қазақстанда жедел көмек кешігіп қалған жағдайлар жүздеген мыңдап (!) саналады екен. Салдарынан қанша адамның көмек күтіп жатып жан тапсырғаны туралы статистиканы министр депутаттарға да ұсынбады.

"Биыл кеш орындалған шақыртулардың үлес саны – 4,5% немесе 288 716 шақырту. Кешіктірілген шақыртуларда пациент 4-ші жеделділік санатына жатқызылған. Тиісінше, пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп-қатер болмаған деп саналған", – деді Ақмарал Әлназарова.

Министр өз саласының жете қаржыландырылмай отырғанын білдіріп өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда халық саны өсті, әйтсе де, жедел медициналық жәрдемнің қосымша бригадаларын құру қажеттілігі қанағаттандырылған жоқ. Содан бүгінгі таңда қосымша 379 ЖМЖ қызметі бригадасын құру талап етіледі.

Осыған байланысты министрлік жергілікті әкімдіктермен бірлесіп санитариялық автокөлікпен қамтамасыз ету, 4-жеделділік санатындағы шақыртуларды ұйымдастыру және басқа да өзекті мәселелерді пысықтауда. Қалай және қашан қаржыландырылатыны белгісіз.

Депутаттар егер мемлекет өз бетінше бұл проблеманы шеше алмаса, жедел жәрдемнің төртінші санатын жекеменшік клиникаларға беруді ұсынады. Олардың толыққанды жүктелмейтіні мәлім.

ДСМ басшысы осыған ұқсас басқа тәжірибе – аутсорсинг енгізілгенін жеткізді. Алайда мемлекеттік емханалар өз жұмысын қайтадан жедел меджәрдем станцияларына жүктепті. Содан бұл станциялар өзіне жүктелген алғашқы шұғыл үш санаты сыртында аутсорсинг тапсырыстарды орындаймын деп, етегіне сүрініп, сүрлігуде.

"Қағидаларға сәйкес, 4-ші жеделділік санатындағы асығыссыз шақыртуларға емхана бригадалары қызмет көрсетеді. Бүгінде көптеген емхана ұйымдары бірлесіп орындау–аутсорсинг шарттарын жасасу арқылы 4-ші жеделділік санатындағы шақыртуларға қызмет көрсетуді ЖМЖ қызметі станцияларына тапсырды. Салдарынан, ЖМЖ станцияларына түсетін жүктеме ұлғайды. Осыған байланысты ЖМЖ қызметінің қолжетімділігін арттыру және жүктемені азайту мақсатында шақыртуларды бөлуді көздейтін жаңа бұйрықтың жобасы әзірленді", – деді Денсаулық сақтау министрі.

Бұйрық жобасы бойынша 4-жеделділік санатына емханалар жұмыс сағаттарында, яғни, сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін, ал, жедел медициналық жәрдем станцияларының бригадалары содан соң, сағат 20.00-ден таңғы 8.00-ге дейін қызмет көрсетеді.

Министр жедел жәрдем көліктерінің тозығы жеткенін мойындады. Қазіргі кезде елдің ЖМЖ қызметінде 2 359 бірлік санитариялық автокөлік қана қалды. Соның ішінде қалада – 1 472, ауылда – 887. Бірақ оның тек 1 920-сы немесе 81,4%-ы ғана жүруге жарамды. Қалғаны есепте болғанымен, тұрақта қалқайып, шіріп босқа жатыр.

2024 жылдың 9 айында санитариялық автокөліктің тозуы 58,7%-ға жеткен. Нақты фактімен айтқанда, Қазақстандағы бүкіл 2 359 жедел жәрдем машинасының 1 385-і тозған. Алапат қарқынмен тозып барады: 2023 жылғы 9 айда тозу көрсеткіші 40,7% болған. Демек, бір ғана жыл ішінде тозуы 18%-ға артты. Мұндай қарқынмен бірер жылда жедел жәрдем қызметі көліксіз қалуы ғажап емес.

Мына жайт назар аудартады: Қазақстан Үкіметі Ресейдің Олимпиадаға балама ретінде ойлап тапқан "Игры будущего" ойындарын 2026 жылы Қазақстанда өткізуді жоспарлап отыр (РФ Олимпиадаларға қатыстырылмайды). Ұйымдастыру комитетінің хабарлауынша, биылғы жылы бұл спорттық ойындарды өткізуге 5,3 млрд рубль (шамамен 28 миллиард теңге) шығындалған. 2026 жылға дейін бұл шығындар еселеп өсуі мүмкін. Дәл осы кезде бюджетте жедел жәрдем көліктерін алуға қаржы жетпей жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігі 2024–2028 жылдары ЖМЖ қызметінің автопаркін ұлғайту емес, ең құрыса, жаңарту үшін – 2 264 бірлік көлік қажет деп бюджеттік ұсыным жасапты. 2024 жылы – 427 бірлік, 2025 жылы – 540 бірлік, 2026 жылы – 331 бірлік, 2027 жылы – 595 бірлік, 2028 жылы – 371 бірлік машина қажет-ақ. Келесі үшжылдық бюджеттің жобасы Мәжілісте қаралуда. Онда жеткілікті қаражат қарастырылмаған.

Салдарынан, биылғы жылы бүкіл Қазақстан бойынша небары 22 бірлік санитариялық автокөлік қана сатып алынды: Абай облысында – 4 бірлік, Түркістан облысында – 13 бірлік, Маңғыстау облысында – 5 бірлік. Жыл соңына дейін 108 бірлік сатып алынуға тиіс еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу