Депутат аса құпия нысанда болып, сырын ашты

8636

Отандық вакцинаны үш облыс жұртшылығы алдымен алады.

Депутат аса құпия нысанда болып, сырын ашты

Жамбыл облысының атышулы Қордай ауданына Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл жұмыс сапарымен барды. Ол аудан әкімі Рүстем Дәулетпен бірге біраз жерді аралады. Биылғы ақпан айының басында Қордайда болған оқиғадан кейін не өзгеріс болғанымен, сонда қазақтар көтерген мәселелердің қалай шешіліп жатқанымен танысты.

Сондай-ақ ол осы сапарында тікелей Президенттің тапсырмасымен қолға алынған, отандық тұңғыш иммундық-биологиялық препараттар өндіретін биофармацевтикалық зауыт құрылысына қанықты. Оның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың соңында аяқталмақ.

"Мені бұл жаққа билік емес, халық жіберді. Жұртшылықпен кездескенде, азаматтар алаңдаушылығын білдіріп жатады: "елімізде коронавирус пандемиясын тоқтататын отандық вакцинаны өндіруге арналған кәсіпорынның құрылысы басталғанын жариялады, ол істің соңы неге сиырқұйымшақтанып кетті? Сол зауыттың қазіргі жағдайы не болып жатыр?" деп сұрайды. Көрмесем, не айта аламын? Бақылаймыз дегенмін. Сондықтан бұл сапарымды қоғамдық бақылау деп ұғыңыз", – дейді Б.Смағұл.

Оның үстіне депутаттан басқа халық өкілдері бұл құпия нысанға кіре алмас еді. Бақытбек Смағұл Тараз қаласына Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған іс-шараларды өткізу үшін келіпті. Жолы түсіп тұрған соң, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа, аудан әкіміне және БҒМ-ның Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының (БҚПҒЗИ) бас директоры Күнсұлу Закарьяға хабарласып, зауыт құрылысымен танысу ойында барын жеткізеді.

"Бұл жан-жағасының бәрі қоршаулы, қарулы күзет қойылған аса құпия нысан ғой. Кеңес кезінен бері солай. Өйткені ондағы әрбір жайт ұлттық қауіпсіздікпен біте қабысып жатыр. Оның үстіне сыртқа тарап кетуіне болмайтын небір қауіпті вируспен жұмыс жүргізіледі. Аумағына бөгде адамға аяқ бастырмайды екен. Қызметкерлерінің өзі күнде мұқият тексерістен өтеді. Институттың ғылыми лабораториялары биологиялық қауіпсіздіктің 2 деңгейіне (BSL-2) ие. Сондай-ақ 3-ші деңгейдегі зертхана да іске қосылды. Мұндағы жұмыстардың нәтижесі туралы күнде Үкіметке баяндалып отырады. Бұлардың еңбегі зор, жұмысы қауырт. Институт қызметкерлері күндіз-түні жұмыс істеуде, COVID-19 індетін тоқтатуға тиіс отандық вакциналарды шығару ісіне бар күш-жігерін бағыттауда. Күнсұлу Закарья өзінің тәулігіне 16 сағат жұмыс істейтінін, шамалы көз шырымын алып, қайта жұмысқа кірісетінін айтып қалды. Шынында тиімді вакцинамыз елге шұғыл керек. Халық қиналып бітті", – дейді депутат.

Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында. Биылғы 28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев институт басшысы К.Закарьяны қабылдағанда нақты тапсырмалар берген. Институттағы 5 платформада коронавирусқа қарсы вакциналар дайындалуда. Институт әзірлеген инактивті вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдады. Олар клиникалық зерттеулердің І кезеңінен өтті, енді Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығында зерттеудің ІІ кезеңі жүргізіліп жатыр. КВИ-ге қарсы отандық екінші суббірлікті вакцинаны да ДДСҰ құптаған, ол

алғашқы клиникалық зерттеулерден сәтті өтті. Оның материалдары Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығында қаралып жатыр.

Депутатпен әңгімесінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл институттың осы уақытқа дейін негізінен ауыл шаруашылығы індеттеріне қарсы вакциналар шығарып келгенін баяндады.

"Оның жанынан салынып жатқан биофармацевтикалық зауыт COVID-19 індетіне қарсы вакцинаны шығаратын болады. 30 миллионнан 60 миллион бірлікке дейін вакцина өндіреді. Алдымен онымен өз халқымызды қамтамасыз етеміз, содан кейін экспортқа жөнелтеміз. Кәсіпорын заманауи ең озық құрал-жабдықтармен жарақтандырылады. Онда істейтін қызметкерлерге баспана беріледі. Қазір ол үйлердің құрылысы қарқынды жүруде", – деді облыс әкімі.

Оның мәліметінше, отандық вакциналар клиникалық сынақтар аясында бірінші ҒЗИ-дың 6 қызметкеріне сыналған. Тиімділігі жоғары екені байқалғаннан кейін тағы 200 адамға егіліпті. Олардың денсаулығын бақылаудың қорытындысы жақын арада толық белгілі болмақ. Содан соң сынақтың ІІІ кезеңінде қазақстандық вакцина шамамен 3 мыңдай сырқатқа салынады.

Айтқандай, әлгі 200 адамның бәрі Алматы қаласының тұрғындары екен. Дегенмен әр аймақта климат, су және басқасы әртүрлі болғандықтан, тұрғындарының ағзасында да ерекшеліктер болатыны мәлім. Сондықтан облыс әкімдігінің хабарлауынша, үшінші фазада өзге өңір тұрғындарын да қамту туралы ұсыныс жасалды. Нәтижесінде, коронавирусқа қарсы қазақстандық вакциналарды алғашқылар қатарында Жамбыл, ШҚО және Ақтөбе облыстары алады.

Б,Смағұлдың айтуынша, бүгінде зауыт құрылысы аяқталуға жақын қалған. Қажетті техниканың барлығы бар. 150-ге жуық жұмысшы жұмылдырылуда.

Егер шынында, келесі жыл басында отандық алып биофарм-зауыты қолданысқа беріліп, Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина шыға бастаса, онда еліміз әлемде үздіктер қатарына енбек.

Депутат Б.Смағұл аталған ғылыми-зерттеу институтының алдағы жоспарларын білді, жұмыстарына сәттілік тіледі. Осыдан кейін ол институттың жанынан салынып жатқан көп қабатты пәтердің құрылысымен танысты. Бұл баспана кәсіпорын қызметкерлеріне таратылады. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Орымбаев жақын арада қызметкерлерге пәтер кілті табысталатынын жеткізді.

Коронавирусқа қарсы ресейлік "Спутник V" вакцинасы да осы жаңа зауытта шыға бастайды деген сөз тарады. Оның мән-жайын Мәжіліс депутаты ҒЗИ басшылығынан сұрастырыпты.

"Ресей вакцинасын біз жасамаймыз. Біздің технологияларымыз бөлек, олардыкі басқаша. Сол себепті біз олармен бірге емес, жеке істейміз", – деген жауап алды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу