Депутат баспана бағасының негізсіз қымбаттап жатқанын айтты (Видео)

3547

Депутат Аманжан Жамалов мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын үйлердің шаршы метрінің шекті бағасын нақтылау ұсынды.

Депутат баспана бағасының негізсіз қымбаттап жатқанын айтты (Видео)

Мәжілістің жалпы отырысында детутат қазіргі таңда нарықта тұрғын үй жеткілікті екенін, оның бағасы негізсіз қымбаттап жатқанына тоқталып:

"Тұрғын үй мәселесі көптеген қазақстандық үшін өзекті болып отыр. Мемлекет халықты қолдау үшін түрлі бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Олардың  көп болғаны соншалық саннан жаңыласың. Мысалы, "Нұрлы жер", "Бақытты отбасы", "7-20-25", "Баспана-Хит" және "5-10-20" бағдарламалары, Отбасы банкінің ипотекасы", – деді.

Оның айтуынша, өткен жылы "5-10-20" бағдарламасына 390 млрд теңге "Баспана-Хит" бағдарламасына 431 млрд теңге зайым берілген.

"Сонымен қатар қазір азаматтарға зейнетақы жинақтарын пайдалану құқығы берілді. БЖЗҚ-дан алынатын ақша көлемі 2,4 триллион теңгеден асуы мүмкін. Басқаша айтсақ, триллион теңге тұрғын үй нарығына бөлінгелі отыр", - дейді депутат.

Аманжан Жамаловтың пікірінше, құрылыс компаниялары салынып жатқан тұрғын үйдің сапасын көтеруді емес, тұрғын үйдің бағасын көтеруге кіріскен.

"2020 жылы жаңа тұрғын үй бағасы 5%-ға, қолданыстағы тұрғын үйдің бағасы 13,2%-ға өсті. Бұл - ресми статистика. Krisha.kz мәліметінше, Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы орташа баға 2020 жылдың өзінде17,2%-ға өскен", – дейді.

Депутат құрылыс компаниялары нарықтағы жағдай "қызыға" қарап отырғанын атап өтті.

"Неліктен екені де түсінікті. Ипотеканы мемлекеттік субсидиялау өсіп келеді, қазақстандықтарға зейнетақы жинағын ішінара пайдалануға рұқсат етілді. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, бағаны шұғыл көтеру керек...Осылайша, мемлекеттік бағдарламалардың ставкасын субсидиялаудың пайдасын сатып алушылар емес, құрылыс компаниялары көргелі отыр", – дейді.

Ол тұрғын үй бағасының қымбаттауы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде үнемі талқылатынын жеткізді.

"Ашығын айтсақ, нарықта тұрғын үй жеткілікті. Құрылыс қарқыны рекордтық деңгейге жетті. Жаңа үйлер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп жатыр. Өткен жылы 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді", – дейді депутат.

Депутат бұл жағдайды біреу өз мақсатына пайдаланып отыр деген пікірде.

"Біреу бұл жағдайды пайдаланып, "жеңіл" түрде пайда тапқысы келетін сияқты. Яғни алыпсатарлық арқылы. Осылайша, бұл әрекет мемлекеттің әлеуметтік шиеленіс деңгейін төмендетуге бағытталған барлық күш-жігері мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешуге бағытталған жұмысты жоққа шығарады", – деді.

Осы орайда Жамалов Үкімет басшысы Асқар Мамин мен бәсекелестікті қорғау агенттігіне сауал жолдады.

"Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны тежеу бойынша пәрменді шаралар қабылдауға тапсырған.

Президенттің тапсырмасын ескере отырып, ҚР Үкіметі мен ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінен тұрғын үй бағасының өсуін шектеу  бағытында тиісті шаралар қабылдауды сұраймын:

- тұрғын үйдің қымбаттау себептеріне талдау жүргізу және тұрғын үй нарығындағы бәсекелестікке қарсы фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізу;

- барлық мемлекеттік ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үйдің шаршы метріне шекті бағаны белгілеу;

 - мемлекеттен көмек алу кезінде құрылыс компанияларының отандық өндірісті дамыту және құрылыс материалдарының импортын алмастыру жөніндегі міндеттемелерді көздеу", - деп түйіндеді сөзін депутат.

 

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу