Депутаттар арасында енді мүгедектер өкілдерінің болуы міндет

8319

Парламенттегі үш партия заңды айналып өткен бе? 

Депутаттар арасында енді мүгедектер өкілдерінің болуы міндет

Осыдан екі жыл бұрын, 2019 жылғы 20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында тың бастама көтерді. Ол әйелдер мен жастарға партиялық тізімдерде міндетті түрде 30%-дық квота бөлуді ұсынды. Біріншіден, бұл – әйелдер мен жас ұрпақтың қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, сондай-ақ үлкен саясатқа, заң шығару процесіне белсенді тартылуы үшін қажет. Екіншіден, осы арқылы оларға арналған жаңа әлеуметтік лифт түзіледі. Үшіншіден, бұл аға ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу жас патриоттарға тәуелсіздік эстафетасын тапсыруына жол ашады.

Айтылды, құпталды. Өткен жылы ел Парламенті жедел түрде "Саяси партиялар туралы" және "Сайлау туралы" заңдарына тиісті түзетулерді енгізді. Мысалы, сайлау туралы заңының 15-1-бабына сәйкес, "Саяси партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткенде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде 30% көлемінде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдарды енгізеді".

Бірақ Парламентке енген үш партия бұл заң нормасын айналып өтіпті. Себебі заң квотаның тек партиялық тізімде сақталуын талап етеді. Тиісінше, барлық саяси партия өз тізімдерінде осы талапқа бағынған. Егер әйелдер мен жастар үлесі 30 пайызға жетпесе, заңға сәйкес, ондай партиялық тізімді Ортсайлауком тіркемейтін еді.

Сайлау өткен соң әр партия ұзын партиялық тізімінен тек таңдаулыларына ғана мандат ұсынды. Депутаттық кресло тимегендері "запастағы ойыншыға" айналды: оларға қазіргі депутаттық корпустің әлдебір өкілінің әлдеқайда ауысып кетіп, орын босатуын күту қалады.

30 дегені 20 болды

Әділет министрлігінің дерегінше, партиялар 30% квотаны сақтамады.

"Мемлекет басшысы биылғы 1 қыркүйектегі жолдауында: "Сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота туралы норманың енгізілуі партияларды барынша белсенді жұмыс істеуге, жаңа адамдар іздеп, өз қатарын жасартуға жетеледі. Дегенмен, халық қалаулыларының түпкілікті құрамы жасақталғанда бұл квота сақталған жоқ" деп атап өтті. Сондықтан толыққанды нәтиже шығару үшін енді депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де осы квотаны міндетті түрде есепке алу туралы норманы заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет", – деп мәлім етті әділет ведомствосы.

Оның дерегінше, қазіргі Мәжілісте әйелдер мен жастардың бірге алғандағы үлесі 20,17% ғана екен.

Алда мұндай олқылыққа жол бермеу үшін министрлік "Сайлау туралы" конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа конституциялық заңының жобасын әзірлеп отыр.

Ол екі мақсатты көздейді. Біріншісі – мандат үлестіру кезінде де әйелдер мен жастар үлесінің 30 пайыздан кем болмауын заң жүзінде бекітеді.

Екіншісі – мүгедектігі бар адамдарға Парламентке сайлануына кепілдендірілген мүмкіндік беру. Бұл да Президенттің тапсырмасы, ол жолдауда "квота бөлінетін азаматтар санатының тізімін кеңейтіп, онда жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгілеуді" жүктеген.

Әділет министрлігі бұл өзгерістердің тек "оң салдарлары ғана бар" деген ұстанымда.

"Елдегі әйелдерді, жастарды және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды саяси үдерістерге белсенді тарту – елдің неғұрлым осал және проблемалы топтарының мәселелерін шешуде осы санаттардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді. Мұның әлеуметтік артықшылықтары бар. Атап айтқанда, бұл санаттағы тұлғалардың саяси лауазым иеленуі әлеуметтік-саяси, құқықтық мәселелерді шешуде олардың пікірлерінің ескерілуіне жол ашады. Өмірдің барлық саласында белсенділігін арттырады, олар қоғамның одан ары әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысады. Ұсынылған шараларды енгізу теріс салдарға әкелмейді", – деп түсініктеме берді Әділет министрлігі.

Бұл – әлемдік тренд

Парламент Мәжілісінің дерегінше, қазіргі кезде 107 депутаттың арасында тек біреуінің – Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың мүгедектігі бар: Ауғанстандағы сұрапыл шайқас кезінде жараланып, ұзақ емделген жауынгерге кейін елде мерзімсіз ІІ топтағы мүгедектік тағайындалған.

Әділет министрлігі Президент ұсынып отырған бастама әлемдік тәжірибе екеніне назар аудартты. Бұл көрші қырғыз елінде де бар.

"Қырғызстанда заңнамаға сәйкес, партиялар өз тізімінде ұлттық азшылықтарға тиесілі кандидаттарға кем дегенде 15%, 35 жасқа дейінгі кандидаттарға кем дегенде 15% квотаға, сондай-ақ тізімде кем дегенде 2 мүмкіндігі шектеулі адамның болуына кепілдік береді. Олардың бірі осы тізімдегі алғашқы 50 үміткердің қатарында болуы шарт", – деп мысал келтірді ведомство.

Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға қанша квота берілетіні әзірге белгісіз.  

Жалпы алғанда, әртүрлі квоталар Латын Америкасы елдерінде, Бельгияда, Босния мен Герцеговинада, Словенияда, Францияда, Швецияда, Норвегияда, Нидерландта, Исландияда, Германияда, Украинада және өзге елдерде заң жүзінде бекітілген. АҚШ-та, Еуропаның өзге елдерінде әр партия квоталарға қатысты өз бетінше, ерікті түрде шешім қабылдайды.

Әр ел квотаны сақтамаған партияларды әртүрлі жазалайды. Албания, Франция, Португалия секілді мемлекеттерде пайыздық үлестерді сақтамаған партияларды қаржыландыру азайтылады. Бельгияда ондай партиялардың кандидаттар саны шектеледі. Ал Армения, Сербия, Словения, Испанияда квотасы сақталмаған партиялық тізім сайлауға жіберілмейді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу