Депутаттар бизнестің дамымай отырғанына аң-таң

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
11112

Парламент 2016 жылдың бюджетіне үкімет енгізген түзетулерді мақұлдады. Бейсенбі күнгі пленарлық отырыста сенат депутаттары 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетке бірқатар түзетуді және "Ұлттық қордан кепілдік берілген трансферт туралы" заңға нақтылауды құптады.   

Депутаттар бизнестің дамымай отырғанына аң-таң

Атап айтқанда, үкімет бюджеттің кіріс бөлігінің өсу мүмкіндігін ескеріп, трансферттің көлемін жарты триллион теңгеге дейін азайтатын болып шешті. Ал бюджеттің кірісі де, шығыс бөлігі де ұлғайтылды. Оның ішінде,  салалардың даму көрсеткіштерінің жақсара түсуі есебінен, 2016 жылдың  басында болжанғандай емес, қосымша 413 млрд теңге түседі.

Мұнай бағасының өсуі есебінен 179 млрд теңге экспорттық кедендік баж түрінде кіріс түсуі керек деп болжанған. Сондай-ақ,  тағы да бірқатар кіріс бабы бар. Үкімет республикалық бюджеттің шығысын 379,9 млрд теңгеге арттырып отыр. Оның ішінде 283,4 млрд теңге (Агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қолдауға 97,3 млрд теңге, Инновациялық-инвестициялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының (ИИДМБ) екінші кезеңін іске асыруға 111,9 млрд теңге, көлік инфрақұрылымын дамытуға 74,2 млрд теңге) экономикалық өсуді ынталандыру шараларына бағытталатын болады.

70,2 млрд теңге қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына, ал оның 42,7 миллиарды - Президенттің тапсырмасы бойынша - құқықтық тәртіпті нығайтуға және терроризм мен діни экстремизмге қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталады. Ал 136,4 млрд теңге жобалар бойынша міндеттемелерді атқаруға жұмсалады.

Мұның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындығын жылдамдату мен уақытылы ұйымдастыруға 33,5 млрд теңге, ЭКСПО-2017 нысандары мен "Назарбаев университеті" АҚ-ның білім беру және ғылыми нысандарының құрылысын сәйкестендіруге 53,3 млрд теңге, "Астана  қаласының жаңа көлік жүйесі" жобасының мемлекеттік емес займын мемлекеттің кепілдігімен ортақ қаржыландыруға - 27,1 млрд теңге, Астана қаласының инфрақұрылымын дамытуға 14,4 млрд теңге, "Балапан" бағдарламасы бойынша жетіспеушілікті жоюға, оның ішінде мектепке дейінгі мекемелерде жаңа орындардың ашылуына байланысты 6,4 млрд теңге жұмсалатын болады.

Сенат депутаттары ұсынылған өзгертулерді мақұлдады. Палатаның қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов "жалпы қарастырылып жатқан бюджет өзінің әлеуметтік бағытын сақтап отыр, мемлекет шығындарын қаржыландыруды қамтамасыз етеді, экономикалық өсуді ынталандырудың кешенді шараларын қарастырады, экономиканың одан әрі өсуіне, инфрақұрылымның дамуына, халықты жұмыспен қамтуға жағдай жасайды" деп атап көрсетті.

Дегенмен, сын айтылмай қалмады. Елеусін Сағындықов "Ұлттық қордан кепілдік трансферттің қысқаруы және республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің ұлғаюы экономиканың нық өсуінің, экономикалық тұрақтылықтың және халықтың әл-ауқаты деңгейінің өсу көрсеткіші болып табылады" дей келе, алаңдататын жағдайларға да назар аударды.

 "Атқарушы органдарға осы қосымша бюджеттік қаражатты қысқа мерзім ішінде игеру қажеттілігі тапсырылды. Қаржы министрлігі қаржы мақсатқа  сай жұмсалады деп сендіргенімен де, бұған, әсіресе, олардың сапалы игерілуіне қатысты күмән туады. Іс жүзінде жыл соңына дейін бір тоқсанға жетер-жетпес уақыт қалып отыр, ал мемлекеттік сатып алу бойынша байқау өткізу – уақытты одан сайын қысқарта түседі. Яғни, бұл қаражатты игеруге небәрі бір-бір жарым ай ғана уақыт бар", –  деді сенатор.

Оның ойынша, бөлінген қаражатты асығыс игеру "қаражатты жымқыру мен ұрлауға қолайлы жағдай тудырады". "Бюджетке сан рет түзету енгізу, әсіресе, жылдың соңында өзгеріс енгізу, орталық және жергілікті атқарушы органдар үшін үнемі қауіп төндіреді. Бұдан шығар жол бар ма? Иә, шешімін табуға болады деп ойлаймын. Бірақ, ол үшін әлеуметтік-экономикалық дамуға нақты және шынайы болжам жасау қажет. Бұл әлеуметтік-экономикалық болжамның тиімсіздігін білдірсе керек, ал ол, өз кезегінде, қаржылық тәртіп пен экономиканы басқару деңгейін төмендетеді", – деді ол.

Сенатор Әли Бектаев "бизнес үшін кедергі көбінесе екінші деңгейлі банктерде туындайды" деп, банк секторындағы жағдайға назар аударды. "Қарапайым кәсіпкерге, әсіресе, ауыл тұрғынына банктен несие алу мүмкін емес. Банктің талаптары, ауыл адамын айтпағанда, тіпті, қала тұрғыны үшін қатал. Қағаз жұмысы көп. Банктер бүгінде бюрократиялық машинаға айналған. Өңірлерде болған кездесулерде халық банк талаптарының ақылға сыйымсыз екенін айтады. Мысалға, несие алу үшін 40-тан астам құжат жинау қажет, оның ішінде отбасы құрамы туралы анықтамадан бастап, сол фирма құрылтайшысының айлық жалақысы туралы анықтама да бар. Ең қиыны - енді ашылайын деп тұрған кәсіпорынның соңғы жылдағы жылдық кірісі туралы негіздемені өткізу қажет. Жаңа ашылатын кәсіпорында жылдық кіріс қайдан болсын?", – деді сенатор.

Ұлттық банк мәліметтеріне сәйкес, екінші деңгейлі банктер 7 ай ішінде бизнеске 4,7 триллион теңгенің несиесін берген. "Бұл бүгінгі күні қаралып отырған республикалық бюджеттің барлық кіріс бөлігінен асып түсетін қаражат. Осы жерде жыл сайын тұтас мемлекеттің кірісінен артық сомаға несиеленіп жатқан бизнес неге дамымайды деген сұрақ туады",- деп таңданды депутат. Оның ойынша, мұның себебі - "банктердің несиелік қоржысы нақты экономикаға жұмыс істемейді".

"Олардың көбісі түскен қаражаттың есебінен өтеліп жатқан уақытша, жедел несиелер немесе жұрт жылдар бойы құтыла алмай жүрген созбалаңға салынған проблемалық несиелер болса керек. Қазір бірқатар банк Ұлттық қордың қаражатын пайдаланып, өзінің көрсеткішін жақсартып алды. Олар осы қаражат есебінен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы несиелік қоржынды арттырды, ал банктің дербес қаражатынан берілген несиелер арасында ШОБ үлесі тек 32,4%-ды құрайды", - деді сенатор.

Дегенмен, депутаттардың бұл сын ескертпелері келешекте үкіметте ескерілсін деген ниетпен айтылған көрінеді. Олай дейтін себеп: "2016-2018 жылдардағы республикалық бюджет туралы" заңға түзетулерді бір апта бұрын Мәжіліс депутаттары мақұлдағандай, сенаторлар да  ешбір өзгеріссіз бекіте салды.

Ирина Севостьянова   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу