Депутаттар миллион айлық алмайды

19673

Қалың көпшілік "Мәжілісмендер мен сенаторлар уыс-уыс ақша ұстайды, шекелері шылқып, ауыздарынан ақ май ағып жүр" деп ойлайды. Шын мәнісінде солай ма?   

Депутаттар миллион айлық алмайды

Inbusiness.kz тілшісі төмендегі сауалдар арқылы мәжілісмендер мен сенатордан сыр суыртпақтады.

1. Депутаттардың жалақысын өсіруге жарияланған 5 жылдық мораторийді қалай қабылдадыңыз?

2. Статистикаға сәйкес, Қазақстан бойынша орташа жалақы 245 мың теңге. Жалақыңыз осы көрсеткішке дейін төмендетілсе, қазіргі қызметіңізді жалғастырасыз ба, әлде мандатыңызды тапсырасыз ба?

3. Депутат ретінде алып отырған жалақыңыздың мөлшерін жариялай аласыз ба, құпия қалдырасыз ба?

4. Қалай ойлайсыз, жарияланған мораторий депутаттарды сыбайлас жемқорлыққа итермелемей ме?

Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:

1. – Оң қабылдадым.

2. ­– Қызметімді жалғастыра берер едім. Мен осымен төртінші рет Парламент депутаты болып сайланып, жұмыс істеп отырмын. Ешқашан жалақыны бірінші орынға қойған емеспін. Жалпы қоғамда және әлеуметтік желіде артықшылықтар туралы асыра айтылған. Ерекше ештеңе жоқ, мемлекеттік қызметкерлер алатын мөлшердегі жалақы. Жұмыс мазмұны да мемлекеттік қызметкерлердің атқаратын ісіне ұқсас. Соңғы жылдары заңдар "шикі" қалпында келіп жүр. Мен экономикалық блокқа қатысты мәселелермен айналысамын. Заң жобалары бойынша үлкен жұмыс атқарып жатырмыз деп толық сеніммен айта аламын. Біздің жүктеменің жүгі жеңіл емес.

3. ­– 25 жылдан астам еңбек өтіліммен 750 мың теңге жалақы аламын. Әр уақытта әртүрлі жалақы болды. Қоғам өзгерді, жалақы да өзгерді. 2004 жылдан бастап депутаттар алған жалақы инфляцияны ескере отырып өзгерді.

4. – Депутатты сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін алаңның аясы өте тар. Барлық шешімдер, заң ұжымдық түрде қабылданады. Құжаттар жұмыс тобынан өтіп, фракциялық түрде бекітіледі. Осыдан соң Мәжіліске, одан әрі Сенатқа жолданады. Депутаттың қандай да бір сыбайлас жемқорлық схемасына қатысу мүмкіндігі жоқ. Бұл ретте парламенттік корпус жұмысында сыбайлас жемқорлық құрамы іс жүзінде нөлге тең екенін назарға алу керек.

Дания Еспаева, Мәжіліс депутаты:

1. – Дұрыс қабылдадым. Депутат ретінде екінші мерзімде жұмыс істеп жатырмын. Өткен кезеңде депутаттардың жалақысы өскен жоқ. Халық депутаттардың жалақысы жыл сайын көтеріледі деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде олай емес.

2. ­– Егер, бұл нақты маған қатысты болса, қызметімді ары қарай жалғастырудан бас тартпаймын. Депутаттыққа коммерциялық құрылымнан келдім, банк басшысы болдым және менің жалақым қазіргіден көбірек болды.

Қоғамға пайдалы болғым келеді. Жалақы мөлшері төмендетілсе де, жұмыс істеуге дайынмын. Дегенмен парламент – кәсіпқойлардан құрылуға тиіс заң шығарушы орган. Кез-келген саладан шыққан кез-келген кәсіпқойдың жалақысы Қазақстан бойынша орташа жалақыдан жоғары. Кәсіби адамдарды шақырып, оларға 200 мың теңге ұсыну мүмкін емес.

3. ­– Жалақымның мөлшері құпия емес, 700 мың теңге аламын. Жалақы еңбек өтіліне қарай белгіленеді. Квазисектордағы орта деңгейлі менеджерлер де шамамен осындай жалақы алады. Ресейде Мемлекеттік дума депутаттарының  жалақысы әлдеқайда жоғары.

4. – Ел игілігі үшін жұмыс істегісі келетін депутат сыбайлас жемқорлыққа бармайды. Өзім 40 жылға жуық банк жүйесінде еңбек еттім. Бұл жерден қандай да бір пайда табуға болатын сияқты болып көрініп тұруы мүмкін. Алайда сыбайлас жемқорлық схемасын құру туралы ешқашан ойлаған емеспін. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін атқарушы, заң шығарушы органдарға ар-ожданы таза адамдарды қабылдау қажет.

Ләззат Сүлеймен, Сенат депутаты:

1. – Мемлекет басшысының шешімін қолдаймын. Қазіргі уақытта мемлекеттік бюджет қаражатын бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, қарапайым адамдарды қолдауға бағыттау қажет деп санаймын.

2. ­– Мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысынан өскен қарапайым қызметкер болғандықтан, қазір атқарып жүрген қызметімді әрі қарай жалғастыра берер едім. Қарапайым мұғалімнен сенаторға дейінгі еңбек жолын жүріп өттім. Төмен, орташа жалақы алдым. Тапқан табысымды барлығына жеткізуге тырыстым.

3. ­– Менің айлық табысым ­– ­Қазақстан Парламенті депутаттары үшін еңбек өтіліне байланысты 500-800 мың теңгеге дейінгі дәлізде белгіленген орташа жалақы.

4. – "Жаңа Қазақстан" бағдарламасын жүзеге асыру үшін қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялауға тиіс. Бұдан басқа жол көріп тұрған жоқпын.

Айта кетейік, Ресей Мемлекеттік думасы депутаттарының жалақысы 2022 жылы 500 мың рубльге жетті. Бұл – ­Ресей Федерациясындағы орташа жалақыдан 20 есе жоғары көрсеткіш. Ал Қырғыз Жогорку Кенеші депутаттарының жалақысы ел Президентінің жарлығымен 25 мың сомға қысқарып, 295 долларды құрады. Бұдан бөлек Қырғызстанда халық қалаулыларының саны азайды.

Айтпақшы Балтық, Шығыс және Орталық Еуропа елдері, оның ішінде Эстония, Латвия, Польша, Чехия, Венгрия "Қаражатпен өмір сүру" деген ұранға көшіп, мемлекеттік басқару жүйесіне реформа жүргізді.

Естеріңізге салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар мен әкімдердің еңбекақысын көтеруге бесжылдық мораторий жариялады.

"Үкімет мүшелері мен депутаттардың және әкімдердің еңбекақысын атап өтейін. Өткен жылдың соңында бұл мәселе қоғамда қызу талқыланды. Негізі аталған санаттағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы толығымен жеткілікті деп санаймын. Сондықтан үкімет мүшелерінің, өңір әкімдерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге 5 жылдық мораторий жариялауға болады деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджет қызметкерлерінің жалақысын өсіру жалғасатынын жариялады.

"Бұл Мәжіліс депутаттары үшін жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ сіздер бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдайсыздар деп ойлаймын. Әкімшілік мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттегілердің еңбекақысын бюджет мүмкіндіктерінің өсуіне қарай арттыруды жалғастырамыз", ­– деді Президент

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу