Депутаттар неге өздері жазған заң жобаларына халықтың келісімін алғысы келмейді

1631

Қазақстанда заң жобалары, Президент жарлықтары, Үкімет қаулылары, министрлердің бұйрықтары, әкімдер мен мәслихаттардың шешімдері қабылданбас бұрын, олардың жобалары "Ашық НҚА" мемлекеттік порталында жарияланып, қоғамдық талқылауға шығарылатыны мәлім.

Депутаттар неге өздері жазған заң жобаларына халықтың келісімін алғысы келмейді Фото: aqorda.kz

Бұл билік пен халықтың диалогын жолға қоюдың ізгі құралына айналды. Себебі, бұқара осы арқылы биліктегілердің қабылдағалы тұрған саяси шешіміне тікелей араласып, ықпал етеді. Қоғамның қатаң сынына ұшырап, резонанс тудырған жобалар әрі қарай ілгерілетілмейді.

Мысалы, 2020 жылғы желтоқсанда қоғамдық талқыға салынған "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңжобалар топтамасы азаматтардың төбе шашын тік тұрғызды. Өйткені ол балаларды отбасыдан, ата-анасынан сотсыз-ақ тартып алуға мүмкіндік беретін. Халықтан сұрапыл қарсылық көремін деп ойламаған билік кері шегініп, бұл құжатын 2021 жылғы қаңтарда қайтарып алды.

Оның алдында Парламент "Газ және газбен жабдықтау туралы" заңын асығыс, ың-шыңсыз қабылдап жіберді. 2018 жылы қабылданғанымен, өтпелі кезең аяқталғанда, 2022 жылғы қаңтарда күшіне енген құжат сұйытылған газды (автогазды) биржа арқылы сатуды бекітті.

"Заң жобасына бастамашы болуымызға Қазақстанның сұйытылған мұнай газы (СМГ) нарығындағы ахуал түрткі болды... Бізде сұйытылған газдың бөлшек бағасы көтерме бағалардан айтарлықтай төмен және көрші елдердегі бөлшек саудадан шамалы ғана аз. Салдарынан біздің зауыттар газды ішкі нарыққа жеткізе отырып, бүгінде шығынды жұмыс істеуде", – деді Мәжіліс депутаты (қазір де депутат) және заң жобасы авторларының бірі Бақтықожа Ізмұхамбетов 2018 жылғы 2 мамырдағы палатаның жалпы отырысында.

Informburo порталының жазуынша, сол кезде оны әзірлеушілер "газ бағасын мемлекеттік реттеуді жоюды қоғам ауырсына қабылдамайды" деп сендіріп бағыпты. Ақырында автогаз бағасының күрт қымбаттауы 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына түрткі болғаны құпия емес.

Халықтың ашынысын тудырған ол заң қалай өтіп кетті? Сол кезде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мамандары түсіндіргендей, депутаттар жазған заң жобалары "Ашық НҚА" порталында алдын ала жарияланбайды, қоғам талқысына салынып, оның келісімін алмайды.

Сондықтан қанды қаңтар оқиғаларынан сабақ алған ел Үкіметі бұл олқылықты дереу түзетуге кірісті. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұлттық заңнамаға тиісті түзетулер енгізетін заң жобасын қоғамдық талқылаудан өткізген соң, "Жаңа Қазақстанның" 2023 жылғы 29 наурызда іске кіріскен жаңа Парламентіне енгізді.

Ол заң жобасы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Енді белгілі болғандай, қазіргі Мәжіліс өз депутаттарының жазған заң жобаларына халықтың келісімін алудан түбегейлі бас тартыпты.

Таяуда Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасын бірінші оқылымда, концептуалды түрде қабылдады.

"Заң жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін барынша кеңінен қамтамасыз ету, меморгандардың ашықтығы мен белсенділігін арттыру, жауапкершілігін күшейту. Сонымен бірге заң жобасының үкіметтік редакциясында "депутаттық заң жобалары бойынша жария талқылауға және реттеушілік әсерге талдау жүргізуге" қатысты түзетулер болған. Аталған ұсыныстар депутаттар тарапынан қолдау таппай, заң жобасынан алынып тасталды", – деп хабарлады Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров.

Бұл "суыт" жаңалық сарапшылық ортада, әлеуметтік желіде қатаң сын туғызды. Халық "ықпалды Парламент" "есеп беретін Үкіметті" жықты" деп ащы кекесін айтуда.

Бірақ мәжілісмендер өз ұстанымында табандады.

"Заң жобасындағы бұл ұсыныс конституциялық нормаларды бұзады. Ата заңның 61-бабында: "Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады" делінген. Ал заң жобасының үкіметтік редакциясындағы 17-бап депутаттардың өкілеттігін шектейді. Депутаттарды заң шығарушылық бастамасында Үкіметке бағынышты еткісі келеді", – деді депутат Абзал Құспан.

Білікті заңгер, құқықтанушы, Әділет вице-министрі Алма Мұқанова бұл бастаманың Ата заңға еш қайшы еместігін, депутаттардың қызметін шектемейтінін, әңгіме тек қоғам алдында ашық болу туралы болып отырғанын түсіндіруге тырысты.

Жасыратыны жоқ, халықтың Парламент ғимаратына кіріп, өзі сайлаған депутаттарға жолығуы қиын, күнібұрын келісім мен рұқсатнамалар алуы талап етіледі. Аккредитациясы жоқ болса, Мәжіліс пен Сенатқа тіпті журналистер де кіре алмайды. Заң жобалары талқыланатын жұмыс топтарына тек Парламенттің өзі қалаған сарапшылары шақырылады. Сондықтан депутаттар жазған заң жобаларын да алдын ала қоғамның талқысына салса, дұрыс болатын еді.

"Депутаттар бюджет мәселелеріне қатысты, қаржы шығынын талап ететін ұсыныстарына ғана Үкіметтің келісімі мен қорытындысын алады. Ал мына заң жобасындағы норманың мақсаты мүлдем бөлек, ол процедураларды регламенттейді. Оған сәйкес, депутаттық заң жобаларын жария талқылау және реттеушілік әсеріне талдау жүргізу ұсынылды. Кәсіпкерлік кодексінің талабы бойынша да мысалы, кәсіпкерлерге қатысты, олардың қызметін шектейтін жаңа талаптар қарастырылса, онда реттеушілік әсерін талдау (РӘТ немесе орысша АРВ) институты іске қосылады. Депутаттар болса, неге өзіміз жазған заң жобаларын тегіс Үкіметтің қорытындысын алуға жолдауға тиіспіз деп қарсы көтерілді. Бірақ ол жобалардағы қандай да бір нормаларды қоғамның қалай қабылдайтынын уәкілетті орган қарауға тиіс қой", – деп түсіндірді Әділет министрінің орынбасары Алма Мұқанова.

Оның сендіруінше, депутаттардың конституциялық өкілеттігін шектеуге ешкім де талаптанған жоқ.  

Бірақ бұл бастамаға өшігіп, өршіген депутаттарды сабасына түсіру мүмкін болмады. Олар Үкіметтің бұл ұсынысын өз істеріне төнген қатер санап, бірінші отырыста-ақ бұғаттап тастады.

"РӘТ, Үкімет қорытындысын алуға бағыттау сияқтының бәрі – конституциялық нормаларды тікелей бұзу болып табылады! Билік тармақтарының ара-жігі ажыратылған. Атқарушы билік біздің, заң шығарушы биліктің қабылдаған заңдарын орындайды. Конституциялық сот бар. Болды, одан басқа ешкім де халық қалаулыларына ықпал ете алмайды!", – деп шорт кесті Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осы заң жобасы Парламентке кіре сала, оның бірқатар нормаларына бірден қарсы шыққан депутаттардың бірі болғанын мақтан тұтады.

"Біз айтқан сынымызды әріптестерім қолдады. Нәтижесінде, ол нормалардың заңда болмауы үшін дауыс бердік. Бұл жаңалық ақпарат айдынына шығып кетіп, азаматтардың қызу талқысына тамыздық болғандықтан, тағы қайталап айтқым келеді. Үкіметтік нұсқада Парламент депутаттарының заңнамалық бастамалары үкіметтік құрылымдарға қарасты "Ашық НҚА" порталында міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтуге тиістігін қарастыратын норма болды. Бұл біздің бірауызды және теріс реакциямызды туғызды. Біз оны басталған реформаларға қайшы деп санаймыз", – деді М.Әбенов.

Оның пікірінше, талқылау жүргізуге Парламенттің алаңы да жеткілікті.

"Референдум нәтижесінде көппартиялы Парламент бүгінде онсыз да пікірталас орнына айналды. 6 партия кірді. Қоғамдық палата дегеніміз бар, Парламенттің сайты бар. Сонда нормативтік құқықтық актілер орналастырылады. Үкімет "депутаттық заң жобаларын талқылау жабық өтеді, мөлдір емес" деп дәйектеді. Бұл дәлелдемеге біз таңғалдық! Қайта Үкімет бізден үйренсін. Біз Үкіметке дискуссияның кез келген деңгейін ұйымдастырып бере аламыз. Депутаттардың өкілеттігін, өз бетінше заң қабылдау құқығын қандай да бір министрліктің бастамасы шектей алмайды! Кейбір шенеуніктердің мұндай қате жібергені өкінішті. Олар болашақта мұнысын қайталамайды деген үміттеміз", – деп зілденді депутат Мұрат Әбенов.

Айтпақшы, депутат айтып отырған Мәжіліс пен Сенаттың ресми сайттарында пікір-комментарий қалдыру функциясы қарастырылмаған. Демек, олардың халықпен диалогқа жарауы неғайбыл. Оның үстіне қазіргі кезде депутаттардың көбі "депутаттық блогын" тұрақты жүргізбейді. Көмекшілері ара-тұра депсауалдарын, ауыл-аймақты аралаған есептерін, бірқатар құжаттарын жариялаумен шектеледі.

Бұл жолғы Мәжіліс ең көп блогер (шамамен 15-ке дейін) кірген депутаттық корпус саналады. Алайда олардың кейбірі депутат болып сайланып алғаннан кейін әлеуметтік желілерден іргесін аулақ салды.

"Біз қоғам алдындағы ашықтыққа әрдайым дайынбыз!" дейді депутаттар. Бұл барынша сапалы заң жобаларын қабылдау, ел наразылығын, қоғамдағы кернеуді ушықтыратын өзгерістерді дер кезінде доғару үшін қажет-ақ. Алайда депутаттар төл бастамаларын алдын ала қоғамның талқысына салмаса, сайлаушыларының ақ батасын алудан бас тартса, бұған қалай қол жеткізетіні белгісіз.

Қазақстанда заң жобаларының көбін Үкімет жазады. Бұдан бөлек, Президент те заң шығарушылық өкілеттігін пайдаланып, өз заңын Парламентке енгізе алады.

Сонымен қатар заңға бастамашы болу құқығы Сенат пен Мәжілістің депутаттарына да берілген. Бұл ретте сенаторлар асқан белсенділік танытпайды, танытқанның өзінде көбіне "жалғыз жортуға" батылы бармай, мәжілісмендерді серік етеді.

Ал Мәжіліс депутаттарының өз бетінше заң әзірлеу белсенділігі тау басынан құлаған көшкіндей артып барады. 2012-2016 жылдар аралығында жұмыс істеген VI шақырылымдағы Мәжілістің қарауында 536 заң жобасы болыпты. Осы жылдары оның небары 38-і депутаттар қаламынан шықты.

2016-2021 жылдар аралығында қызмет еткен VII сайланымдағы Мәжілісте бұл көрсеткіш екі еседейге артты. Палата қараған 487 заң жобасының 64-ін депутаттар әзірледі.

2021-2023 жылдары билік басында болып, екі жылда тараған VIII шақырылымдағы Мәжіліс қатты жанталасты. Нәтижесінде, жұмысқа қабылдап алған 264 заңның 56-сына депутаттар бастамашы болған.

VIII сайланған жаңа Парламент Мәжілісі 2023 жылғы 29 наурыз - 30 маусым аралығындағы бірінші сессиясында-ақ депутаттар бастамашы болған 33 заң жобасын қарап, 25-ін қабылдап тастады. Тек 2 заң жобасын бастамашы депутаттар кері қайтарып алды. Сонымен бірге алғашқы сессияда жаңа депутаттар тағы 14 заң жобасын өздері жазды.

Одан кейін бұл Мәжіліс 2023 жылдың 1 қыркүйегі мен 29 желтоқсаны аралығын қамтыған екінші сессиясының алғашқы жартысында депутаттар бастамашы болған жаңа 31 заң жобасын қарады. Оның 28-ін қабылдапты. Екеуін иелері кері қайырып алған. Қарқыны алапат көрінеді.

Қалай болғанда, проблема қалды. Парламентшілер әрі қарай да өзі жазған заң жобалары бойынша реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын да, заң жобасының тұжырымдамасын да әзірлемейді. Сондай-ақ ол құжаттар "Ашық НҚА" порталында орналастырылмайды.

"Депутаттық заң жобаларын жұртшылықпен талқылаудың нақты, анық рәсім-процедуралары мен тетіктері жоқ. Салдарынан үкіметтік заң жобалары арқылы өтпей қалған, келісімді ала алмаған бастамалар мен ұсыныстар депутаттық бастама арқылы ілгерілетіледі. Депутаттық бастама арқылы ведомстволық мүдделерге лобби жасалады", – делінген Әділет министрлігінің қорытындысында.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу