Депутаттар жыл соңына қарай Үкіметке өте маңызды хат жазды

4364

Биыл кәсіпкерлер тарапынан рейдерлік шабуылдарға қатысты көптеген шағым айтылды.

Депутаттар жыл соңына қарай Үкіметке өте маңызды хат жазды Фото: Мәжіліс

Бұл туралы Мәжіліс депутаттары хабардар. Журналистерді шақырып, баспасөз мәслихатында бар шындығын жайып салған кәсіпкерлер де жетерлік. Жыл бойы шырылдаған бизнестің жанайқайына құлақ асқан депутаттар батылдықты бойына жиып, жыл соңына қарай Үкіметке хат жазды.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, экономиканың әртүрлі салаларынан кәсіпкерлер қалаулыларға жүгініп, шенеуніктердің өз өкілеттіктерін бай бизнесті рейдерлік жолмен тартып алуға пайдалануының, меншікті тұрпайы түрде қайта бөліске салуының тренді өршіп бара жатқанына жиі арыздана бастаған.

"Мұның өрескел мысалы бар: Түркістан облысының Сарыағаш ауданының әкімдігі Болат Назарбаевтан меншікті қайтару деген сылтаумен оған көрші кәсіпкерлерге тиесілі болған санаторий объектілерінің бір бөлігін де тартып алған. Ол мүлікті басқа бизнесмендер 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционынан бір лотпен сатып алыпты. Сорақысы сол, артынан билік азулы Болат Назарбаевтың компаниясына объектілерін қайтарып берді. Ал, адал бизнестен тартып алғанын кері қайтармаған. Салдарынан санаторий 2 миллиард теңге шығын шекті", – дейді Перуашев.

Депутаттар басқа да мысалдарға назар аудартты. Олардың мәліметінше, "Қазақстан темір жолы" сот арқылы "Ангренсор Ltd." ЖШС-ін Павлодар облысының Атығай станциясындағы темір жолдарын және ғимаратын өзіне тегін тапсыруға міндеттейді. Оны ЖШС-нің өзі 2011 жылы салған. Мүліктің жалпы құны 1,5 миллиард теңгеден асады.

"Ұқсас жағдай Маңғыстау облысында болды. Көлік министрлігі тіпті сотқа жүгінбей-ақ, өз бұйрығымен сонау 90-шы жылдардан бері "Каскор-Транссервис" АҚ-ына тиесілі кірме темір жолдарды магистральды теміржол желілерінің тізбесіне қосу туралы шешім шығарған. Тиісінше, ол теміржолдар ақысыз негізде мемлекеттік меншікке өткен. Жамбыл облысының Меркі ауданында прокуратура "Жеміс-Жидек" ЖШС-нің 200 гектар жерін еш өтемақы төлемей, тегіннен-тегін алып қойған. Бұл компания 2007 жылдан бері ауыл шаруашылығы өндірісін табысты дамытып келе жатқанымен танымал. Мұндай үрейлі тенденция өрістеп барады. Енді тек меморгандар ғана емес, сондай-ақ қаптаған монополистер де елдегі дүрбелеңді пайдаланып, өзге компаниялардың мүлкі мен меншігіне қол салып, тартып алуға тырысуда", – деді мәжілісмен Азат Перуашев.

Мысалы, депутаттардың дерегінше, Таразда "Жамбыл электр желілері" ЖШС "ПОШ-Тараз" жүн өңдеу фабрикасынан соған тиесілі электр подстанциясын монополистің меншігіне тегін беруді талап еткен. Парламентке өзге өңірлерден осындай дабылдар түсіп жатыр.

Мәжіліс депутаттары елде меншікті қайта бөліске салу тәжірибесі белең алғанын айтады. Жеке меншікті мемлекеттің және басқалардың негізсіз тартып алуы заңнамаға да, Конституцияға да қайшы.

"Бұл ретте рейдерлік жасаушылар "Ескі Қазақстанның" белді тұлғаларының және олармен байланысты олигархтардың заңсыз иемденген активтерін қайтарып жатырмыз дегенді сылтау етеді. Бірақ аталған мысалдардың ешқайсысында олигархтар туралы әңгіме болып отырған жоқ. Керісінше, кейбір жағдайда олигархтардың объектілерін ізінше кері қайтарып береді, ал, адал кәсіпкерлердің кезінде ашық аукционнан заңды түрде сатып алған мүлкін сондай сылтаумен тартып алуды жалғастыруда. Бүкіл өркениетті әлемде жеке меншікке қол сұғу үлкен қылмыс саналады. Мысалы, АҚШ заңы мүлік иесіне өз меншігін қорғау үшін қару қолдануына да рұқсат етеді. Президент өз Жарлығында жеке меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етуді жүктеді", – делінген "Ақ жол" партиясының депутаттық сауалында.

Бұлай бара берсе, Қазақстаннан инвестор атаулы тегіс теріс айналуы мүмкін. Өйткені меншік құқығы сақталмайтын жерге олар бас сұқпайды. Осылайша, депутаттардың байламынша, республикада ушыққан үрдіс елдің инвестициялық климатына соққы болғалы тұр.  

Үкімет не дейді?

Рейдерлікке қарсы тұру және кәсіпкерлердің құқықтарын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау мәселесі Үкіметте қаралды.

Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың сендіруінше, мемлекеттік органдар адал бизнесті қорғау, сондай-ақ рейдерлікпен байланысты қылмыстардың алдын алу, анықтау және жолын кесу бағытында жүйелі шаралар қабылдауда.

Қазіргі кезде бұл жұмыс 2023-2024 жылдарға арналған "Рейдерлікке қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары" аясында жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Оған Бас прокуратура, Қаржылық мониторинг агенттігі, Антикор, Ішкі істер министрлігі жұмылдырылыпты.

Бұл жоспар "елдегі кәсіпкерлік қызметті дамытуға қылмыстық құрылымдардың ықпал етуіне жол бермеуге бағдарланған ұйымдастырушылық-практикалық және профилактикалық іс-шаралардан" тұрады.

"Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 2024 жылдың 10 айында рейдерлік фактілері бойынша тіркелген қылмыстық істердің саны күрт азайды. Атап айтқанда, Қылмыстық кодекстің "Рейдерлік" аталатын 249-шы бабы бойынша 2023 жылғы 10 айда 7 қылмыстық іс қозғалса, 2024 жылы 1 ғана қылмыстық іс ашылды. Қылмыстық кодекстің "Заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі жасау" аталатын 365-бабы бойынша былтырғы 10 айда 5 іс, биылғы 10 айда 4 іс қозғалған", – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов кәсіпкерлікті қолдау және қорғау шаралары заң деңгейінде де қабылданып жатқанына назар аудартты. Биылғы жылы қылмыстық процесте бизнестің құқықтарын қорғауға бағытталған бірқатар заңнамалық түзетулер қабылданды. Экономикалық қылмыстардың бірқатар түрлері декриминализацияланды және олар үшін қылмыстық қудалау жойылды. Бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту жалғасуда.

Атап айтқанда, мемлекеттік кірістер органдарының тиісті тексеру актісінсіз, салықтың есептелген сомасын кәсіпкер ерікті түрде және толық өтеген жағдайда салықтық құқық бұзушылықтарды тіркеуге тыйым енгізілді. Егер қосымша есептелген салық сомасымен кәсіпкер келіспей, қарсы шағым түсірсе, дау бойынша шешім қабылданғанға дейін құқық бұзушылық тіркелмеуге тиіс.

Өйткені бизнес қауымдастықтардың шағымдануынша, рейдерлік шабуыл кезінде кейде алдымен түрлі тексерістер жүргізіледі. Оның қорытындысында салықтың "толық төленбегені" анықталып, қосымша салық есептеледі, құқық бұзушылық тіркеледі. Оның өтемі ретінде мықты кәсіпорынның барлық банктік шоттары бұғатталады.

Салдарынан, ол бизнесін жалғастыра алмайды, өндірісін тоқтатуға мәжбүр болады. Контрагенттерімен, өнім жеткізушілермен есептесе алмай, банктік қарызын қайтара алмай, борыш батпағына батады. Мұндай кәсіпорындар "берешегін жабу" үшін деген сылтаумен тиын-тебенге сатылады.

Бұдан бөлек, биыл жаңа реттеуші саясатқа сәйкес келмейтін талаптар жойылыпты. Мемлекеттік қадағалауды және бақылаулық сатып алуды жүргізу кезінде оперативті ден қою шараларын қолдану тәртібі реттеліп, регламенттелген.

"Қазіргі уақытта Мәжілісте жаңа заң жобасы қаралуда. Бұл заңнамалық түзетулер заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтірген билік өкілдеріне әкімшілік жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ инвесторларға қатысты тыйым салу, шектеу шараларына, сотқа талап қоюларға және тексерулерге прокурорлардың келісімін алу рәсімін көздейді. Тұтастай алғанда, уәкілетті меморгандар рейдерлікпен күрес және кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Бизнестің проблемаларын шешуге бағытталған іс-шаралар тұрақты жүргізіледі", – деді Олжас Бектенов.

"Атамекен" палатасының дерегінше, рейдерлік құқық қорғаушылардың қолымен де жасалады: жыл сайын 20 мыңнан астам кәсіпкер алаяқтық үшін жазаланады екен.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтің айтуынша, ұлттық палатаға жыл сайын шамамен 4 мыңға жуық шағым түседі. Кәсіпкерлер негізінен құқық қорғау органдары, бақылаушы меморгандар тарапынан қысым-репрессияға және сот шешімдеріне шағымданады.

Ең жиі кездесетін проблемалар – құқық қорғау органдарының тергеу әрекеттері, жауап алу, тінту, маңызды құжаттардың түпнұсқаларын, серверлерді, компьютерлерді алып кетуі. Соның кесірінен, меморгандар кез келген, қалаған кәсіпкердің, компанияның қызметін тоқтатып тастауға құқылы.

"Мұндай фактілер өте көп. Мысалы, құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді жазалаудағы ең танымал екі қылмыстық бабы бар. Бұлар – "Бөтеннің мүлкін иемдену" және "алаяқтық" баптары. Бизнеске қатысты алаяқтық бойынша жылына 20 мыңға жуық, ал, бөтеннің мүлкін иемдену бойынша – 2 мыңдай іс қозғалады. Мұндай іс әлдебір жәбірленушінің шағымымен емес, оперативті қызметкердің бұзушылықты байқағаны туралы қызметтік жазбасы негізінде қозғалады. Содан кейін қылмыстық қудалаудың барлық "махинасы" кәсіпкердің ізіне түседі. Демек, құқық қорғау органдарының қолымен рейдерлік жасалады", – деді Ербол Өстеміров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу