Депутаттар "асарды" заңдастырды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3363

Жер планетасына адамзат баласы тарала бастағанда, қазақ жерінде волонтерлық қозғалыс пайда болды.

Депутаттар "асарды" заңдастырды

Әрине, бұл бір қарағанда әзіл көрінер. Бірақ шыны сол, Қазақ елінде еріктілер қозғалысы, яғни "асар" жасау батыста "волонтер" (латынша voluntarius – ерікті) сөзі пайда болғанға дейін жүзеге асырыла бастаған. Дегенмен, еріктілерге қатысты ел тарихындағы тұңғыш заң осы аптада пайда болды: 22 желтоқсан күні өткен жалпы отырыста Сенат "Еріктілер қызметі туралы" заң қабылдады.

Депутаттардың айтуынша, бұл заң жобасы әзірленген кезде, онда "халқымыздың ежелгі дәстүрі – көмекке мұқтаждарға көмектесуді қарастыратын "асар" ескерілген, себебі волонтерлықтың алғашқы элементтері дәл осы асар дәстүрінде байқалады".

Бұған дейін волонтерлық қызмет әртүрлі заңның жекелеген баптарымен реттеліп келген. Бұрынғы Кеңес одағына кірген республикалар арасында тек Молдова мен Тәжікстанда ғана еріктілерге қатысты заңдар жоқ.

Заң бойынша еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын-компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау.

Айтқандай, ел Үкіметі волонтерлар қызметін пайдалану арқылы мемлекеттің шығындарын қысқартпақ. Мәселен, алдағы жаңа жылда өтетін студент спортшылардың дүниежүзілік қысқы ойындары – Алматыдағы Универсиадада және Астанада жазда ұйымдастырылатын жаһандық ғылым мен технология жетістіктерінің көрмесі – "ЭКСПО-2017"-де көптеген жұмыс еш ақысыз, тегін жұмыс істейтін адамдарға жүктелетін көрінеді. Және бұған тек бірдей киім киіп, жол көрсетіп, жүгіріп жүретін жастар ғана кірмейді.

Мысалы, елордада үш ай бойы жүретін халықаралық көрме барысында еліміздегі барлық өңір шетелдік қонақтарға "біздерде мынадай бар, мынадай бар" деп, өз аймақтарын таныстырады. Сонда әртүрлі концерттік, театрландырылған қойылымдарға тартылатын әртіс-әнші, өнерпаздардың бәрі волонтердың "кебін киеді". Әйтпесе, олардың бәріне ақы төлей берсе, бюджет қаржысы жетпейді екен.

Негізі, "Еріктілер қызметі туралы" заң жобасына Гүлнәр Ықсанова, Бірғаным Әйтімова секілді Мәжіліс пен Сенаттың бір топ депутаты бастамашы болған, құжат мәтінін де солар жазып шыққан. Бір қызығы, өз әріптестерінің төл туындысындағы кейбір тұстар кейбір депутаттарда күмән-скепсис туғызды.

"Заңда уәкілетті органдарға төтенше жағдайлардың салдарларын жоюда волонтерлар жәрдемдеседі деген тармақ бар. Бұл жалпы, қаншалықты дұрыс болар екен. Өйткені еріктілердің көбі – арнайы дайындықтан өтпеген, отаншылдықты, аяушылықты және қайырымдылықты ғана қару еткен қарапайым жастар. Ертең оларды алапат табиғи, техногенді, сондай-ақ адам қызметі кесірінен болған антропогенді апаттардың салдарларын жоюға мол тартсақ, кейін сол еріктілердің өздеріне көмек көрсету қажет болуы ықтимал", – дейді танымал диктор, журналист, мәжіліс депутаты Артур Платонов.

Заң авторларының бірі – депутат Гүлнәр Ықсанова бұл жерде қарапайым азаматтарды ғана емес, білікті, бірақ зейнетке шыққан сала мамандарының ерікті, тегін көмек көрсетуі туралы сөз болып отырғанын нақтылайды. Сонымен бірге жаңа заң бұл шараларға қанша құлшынса да, жасы 18-ге толмаған жасөспірімдерді тартуға тыйым салады екен.

"Оның үстіне заңда волонтерлардың негізгі құқықтары бекітілген. Яғни, олардың негізгі құқығы – өз еркімен таңдаған ерікті қызметін оның кез келген уақытта тоқтата алатындығы", – дейді депутат ханым.

Бұл жерде ең маңыздысы – волонтерларға төтенше жағдайдың жай-жапсары жайлы ашық ақпарат беру болса керек. Әйтпесе, кеңес одағы кезінде Чернобыль атом электр стансасында болған апаттың салдарларын жоюға еріксіз әскерилер сыртында, өз еркімен комсомол жастар және мамандар аттанған. Олар кейінгі өмірінің тозақ пен тауқыметке толарын білмегені кейін әшкере болды.

Чернобыль қозғалысының негізін қалаушы, Қазақстандағы "Чернобыль Одағы" ұйымының бірінші президенті Болат Раздықов 1986 жылғы сәуір айының соңында кеңестік АЭС-те алапат апат болғанда 27 жаста болыпты, Комсомолдың орталық комитетінде идеологиялық тәрбие мәселелерімен айналысып жүрген.

"Барлық ақпарат мұқият жасырылды, тіпті комсомол комитетіндегілер де шынында ол жақта не болғанын білмеді. Бірнеше айдан кейін маған жолдама келді. Біз Чернобыль айналасындағы "деревняларда" жұмыс істедік, бірқатарын күресінге жіберу қажет болатын. Радиациялық лайлы қар суы Припять, Днепр өзендеріне, Киев су қоймасына және Қара теңізге құйылмауы үшін дамбалар тұрғыздық. Сәулелену дозаларын білмедік: құпиялылық режимі күшінде болатын. Радиация деңгейі сағатына бірнеше мың рентгеннен асып түсті. Қауіпті аймақта мен алты күн ғана жұмыс істедім, бірақ соның өзі бүкіл өміріме жетті. Чернобыль тозағынан шамамен 30 мың қазақстандық өтті. Дерттері ауыр әрі созылмалы сипатқа ие, жазылмайды", – дейді Болат Раздықов.

Әрине, Кеңес одағы келмеске кетті. Оның үстіне Қазақстан да Ресеймен бірігіп, атом электр стансасын салу жоспарынан уақытша бас тартты. Бірақ Қазақстанның мұндай тарих қасіретінен сабақ алуы маңызды.

Депутат Гүлнәр Ықсанова еріктілерге құрал-жабдықтар, киім-экипировка берілуі міндет екенін алға тартады: "Біздің заңда ерікті қызметінің үйлестіруші-координаторына ерекше орын берілген. Үйлестіруші осындай жағдайларға қатысатын волонтерлар арасында міндетті түрде инструктаж, шағын оқыту шарасын жүргізуге тиісті".

Түсіндіре кетер жайт, еріктілерге жаңа құрылған орган жауап бермек.

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың мәліметінше, волонтерлық қызметті есепке алу рұқсат берушілік-лицензиялық емес, жай ғана "хабарламалық сипатта" болады. Сонда олардың қызметі қалай бақыланбақ? Волонтерлық, соның ішінде шетелдік ұйымдар өздері туралы толық мәліметті мемлекетке беруге қалайша мүдделі болады?

"Біз еріктілер бойынша уәкілетті органбыз. Біздің министрлікке реестр-тізбе жүргізу, өзге орталық атқарушы органдарға әдістемелік және үйлестіру көмегін көрсету жүктелген. Біз мониторинг жүргіземіз. Ал реестрге мәлімет беру толығымен еріктілер ұйымдарының өз еркінде болады. Яғни, бергісі келсе береді, бергісі келмесе бермейді, ешкім де оларға ешқандай қысым жасай алмайды", – дейді министр.

Мәжіліс депутаты Наталья Жұмаділдаева заңдағы бір алаңдатарлық тұсқа назар аудартады: "Заңның еріктілер қызметінің негізгі формалары мен түрлері көрсетілген 5-бабында қызықты бір тармақ бар. Онда волонтерлардың қоршаған ортаны қорғауға және аумақтарды абаттандыруға қатысатыны айтылады. Бұдан өзекті проблеманың құлағы қылтияды: бұл заң нормасын жергілікті әкімдер, шенеуніктер теріс пайдалануы, волонтерлардың тегін еңбегін қолдануға үйір болып алуы мүмкін. Мысалы, көшедегі қарды тазалау, немесе өздерінің мекемесі айналасын абаттандыру бойынша қызметкерлердің және кәсіпкерлердің тегін еңбегіне дәндеп алуы ғажап емес", – дейді ол.

Расында, Қазақстанда бюджеттен қомақты қаржы алатын салалық коммуналды қызметтер өздеріне жүктелген абаттандыру жұмыстарын лайықты жүргізе алмаса, әкімдер қалалық жаппай сенбілік жариялайды да, барлық тұрғынды далаға шығарады. Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтқан бір әзіл еске түседі: "Менен орынбасарым Владимир Божко сұрайды: "Слушай, вот когда я на субботники хожу, я волонтер?" Мен айтамын: "Нет, дорогой мой, вы и там депутат!"

Яғни, бюджеттен жалақы алатын қызметкерлер қаласа да, қаламаса да, ерікті бола беретін "ерекше" құбылыс бар.

Айта кетуіміз керек, бұлардан айырмашылығы – бірлестік құрып, ұйымдасқан еріктілер өз жұмыстарына жалақы алмағанымен, жанама табыс таба алады екен. Әрине, ол табыстың қызығын ұйым басшылығы жалғыз өзі көруі де ықтимал.

"Бұл волонтерлық ұйымдар да үкіметтік емес ұйымдар болып саналады. Сондықтан оларға да ҮЕҰ-ларға қатысты мемлекеттік қолдау саясаты таралады. Еріктілер ұйымдарына мемлекет 3 түрлі қолдау көрсетеді, бұлар – гранттық қаржыландыру, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және сыйақы беру. Бұл үш түрді де біз белсенді қолданамыз", – дейді Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев.

Сенатор Бектас Бекназаров волонтерлық қозғалыстардың қызметін мемлекеттің саясатымен үйлестіруді дұрыс санайды:

"Әйтпесе, бетімен кеткен қозғалыстар елімізді қандай жарға жығып, қандай құзға құлататыны беймәлім. Мен өзімнің судьялық тәжірибемнен де айта аламын: алматылық әртүрлі ерікті жастар алаңға шығып, заңды түрде шығарылған және күшіне мінген, әрі бірнеше мәрте тексерілген сот үкімдеріне қарсы флеш-моб өткізіп, плакаттар жайғаны есте. Тіпті судьялардың аттарын жазып, өртеуге дейін барды. Осылайша, биліктің сот тармағына, сайып келгенде, мемлекеттік құрылымға теріс көзқарас қалыптастыруы мүмкін. Олай болса, заңда нақты шеңберлер белгіленбесе, жастар волонтерлық қозғалыстарға еріп, басқа жаққа бұрылып кетуі ғажап емес. Сонда кеш болмақ", – дейді ол.

"Алматыда "педофил" деп, Интернет арқылы әлдебір адамдарды аулап, өз бетінше жазалаған да волонтерлық қозғалыс болатын. Олар: "біз қоғамға көмектесеміз" дейді, әрекеттерін солай ақтайды", – деп қоштайды кезінде жоғарғы сот судьясы болған, қазіргі сенатор Людмила Полторабатько.

Жалпы, "Еріктілер қызметі туралы" заңда діни ұйымдардың және саяси партиялардың жанынан волонтерлық ұйымдар құруға тыйым салынып отыр. Бұған "Ақ жол" партиясының басшысы Азат Перуашев қарсы шыққан болатын. Бірақ қолдаушы таппады. Өйткені бұл экстремистік және террористік қызметтің жастар арасында таралуына тосқауыл қою үшін жасалыпты. Ал партиялардың бұл қатарға жатқызылуына "партиялардың саяси және идеологиялық мақсаттарды діттейтіні" себеп болыпты. Яғни, мемлекет волонтерлық қызметті саясиландырудың жолын кесіп отыр.

"Біз де жас кезімізден бастап, белсенді болдық, көп шараға жастар топ құрып, қатысатынбыз, мемлекетке, қоғамға жәрдемдесетінбіз. Қазір, кейде жастарды ұйымдастырар пионердің, басқасының жоқтығы айтылады, міне, осы заң ұйымдасуға бастау болады. Ал саяси партиялар жанынан еріктілер ұйымын құруды шектеуге келсек, ол – дұрыс. Өйткені біздің кейбір партиялар сайлауалды науқанын өткізген тұста әсіребелсенді болып кететіні сонша, олардың туының астынан зейнеткерлер де, бизнесмендер де, басқасы да табылады, бәрі волонтер болып шығады. Бұл – басқа әңгіме және оны реттейтін заң да басқа!", – дейді осы заңға қатысты өз түсініктемесін берген Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин.

Осылайша, биліктің волонтерлық қозғалыстың негізінен "асар" дәстүрі айналасында өрбуін қалап, басқа даму сипаттарына куә болғысы келмейтіні анықталып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу