Яғни, 3 жұмыс күні ғана қалды. Осылай асыққанның өзінде құжатты Парламент тек жыл ортасына қарай қабылдауы мүмкін. Кодекс өтпелі кезең аяқталған соң, тек 2026 жылы күшіне енеді.
Үкіметте айтылғандай, жаңа Салық кодексін шетелдік және отандық инвесторлар қатты күтіп отыр. Келесі жылы қандай жеңілдіктер жойылады, салық ауыртпалығы қалай өседі, осы және басқа бетбұрыстарға қарап, инвесторлар Қазақстан экономикасына қаржы салу-салмау туралы ақырғы шешімін қабылдайды.
Жалпы, бір жыл бұрын жаңа Салық кодексін Парламент 2024 жылғы қазанда қабылдайды деп жоспарланған еді. Үлгермеді. Салдарынан, инвесторлардың күтуі де тым ұзап кетті. Содан болса керек, Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылдың 9 айында Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 2023 жылғы 2,3 миллиард доллардан былтыр 79,2 миллион долларға дейін құлдырады.
Өз кезегінде Әділет министрлігі Қазақстанда "заңнаманың тұрақсыздығы" белең алғанына назар аудартты. Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы заңдарға түзетулер тоқтаусыз, өте жиі енгізіледі.
Бұл ретте "заңшығарушылық жұмыс пен құқықтық мониторинг арасында тиісті өзара байланыс жоқ". Басқаша айтқанда, Үкімет пен Парламент қаптатып заң қабылдайды, алайда ол заңның әрі қарай қоғамға, бизнеске, мемлекетке қалай әсер еткенін бақылай бермейді.
"Енгізілетін реттеуші құралдардың жұмыс істеуін болжау өте төмен. Бұл сол заңдарды қолданушыларға теріс әсер етеді. Салдарынан заң жобасын әзірлеушілер көздеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізілмейді. Сондай-ақ, заң жобаларына қатысты ғылыми сараптаманы ұйымдастыру және өткізу тәсілдері тиімсіз", – делінген Әділет министрлігінің консультативтік құжатында.
Бұл жағдай негізсіз жазаланудан және активінен айрылудан үрейленген шетелдік және отандық инвесторлардың теріс айналуына, басқа да салдарларға соқтырады.
Ведомство мысалы, заңнаманың жиі және түбегейлі (180 градусқа) өзгеруі күтпеген салдарларға әкелетінін атады. Халық пен бизнес, сарапшылар мен мамандар жаңа нормативтік актілерге бейімделуге уақыты мен ресурстарын көп шығындайды. Жаңа реттеуші құралдармен шектен тыс жүктеу "заңнамамен шиеленістің" ("конфликт с законодательством") туындау санын да арттырады.
Ведомство сарапшыларының айтуынша, заңнаманы жетілдірген дұрыс, бірақ ол қазіргідей заңнаманың тұрақсыздығына соқтырмауға тиіс. Мысалы, 2023 жылы, бір ғана жылда "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға Парламент бірден 13 заңмен, ал, Кәсіпкерлік кодексіне 17 заңмен түзетулер енгізді.
2020 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңға – 15 рет, Салық кодексіне – 21 рет, Еңбек кодексіне – 21 рет, Азаматтық кодекске – 28 рет, Жер кодексіне – 28 рет, Кәсіпкерлік кодексіне – 44 рет өзгерістер енгізіліпті.
"Қоғамның сұраныстарына жауап беру үшін заңнаманы өзгертіп отыру – оның өміршеңдігінің маңызды шарты екенін атап өткен жөн. Алайда қазіргі уақытта қолданыстағы заңдарға енгізілетін өзгерістердің саны мен жылдамдығы олардың жүйесіздігін паш етеді. Мұның бәрі құқықтық мониторингтің аналитикалық және болжамды функциясын күшейту қажеттілігін көрсетеді. Онда заң шығарудың құқық қолдану практикасымен кері байланысы айқын байқалуы керек. Сонда ғана қоғамдық қатынастарды жақсы реттеу қамтамасыз етіледі", – деді министрлік сарапшылары.
Заңнама дамыған елдерде де жетілдіріліп, кемеліне келтіріліп тұрады. Бірақ оларда заңнаманың тұрақсыздығы жоқ. Мұның "құпиясына" үңілген қазақстандық сарапшылар бір жайтты анықтады.
Кілең дамыған елдер мүше ЭЫДҰ-да, Еуропалық Одақ елдерінің басым көпшілігінде заңды әзірлегенге дейін әзірлеушілер алдымен құқық қолдану практикасын мұқият зерттейді. Оның барысында туындаған проблемалардың түр-төркінін ("корневая проблема") табады. Бұл "заңнамаға дейінгі талдау" деп аталады.
Парламент қабылдаған заң шамалы уақыттан соң жан-жақты және кешенді талдауға ұшырайды. Оның қорытындысында "бастапқыда мәлімделген мақсаттарға қаншалықты қол жеткізілгені" тұрғысынан ретроспективті бағалау жүргізіледі. Мұны "заңнамадан кейінгі талдау" деп атайды.
Бізде бұл жоқ, сондықтан Әділет министрлігі елімізде жаңа институтты енгізу бастамасымен шықты. Оған сәйкес, реттеушілік әсерді бағалау институтын (бұдан әрі – РӘБ) Қазақстанда да қолдану ұсынылады.
Бұл институт дамыған елдерде 35 жылдан астам уақыт бойы мысалы, Канадада – 1986 жылдан, Ұлыбританияда – 1980 жылдан, АҚШ-та – 1970 жылдан бері заң жобаларын дайындауда да, ол қабылданғаннан кейін де пайдаланылады.
Осы институтты қазақстандық норма шығармашылық процесіне енгізу және дамыту қажеттілігі "Қазақстан Республикасының құқықтық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында" айтылған. Алайда ол министрліктерді заң жобасын дайындағанға дейін реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірлеуге және "Реттеушілік әсерді талдауды" (РӘТ) жүргізуге міндеттеумен шектелді.
Өткен жылы Әділет министрлігі қаптатып заң жазып жатқан Мәжіліс депутаттарын да алдымен "НҚА порталында" РӘТ-ін жариялап, заңнамалық бастамаларын қоғамның талқысынан өткізуге, бұқара мен бизнестің бағасын алуға міндеттемек болған. Оған депутаттар үдере қарсы шықты, мұны "депутаттардың тәуелсіздігіне жасалған шабуыл" деп таныды және тиісті заңнамалық түзетуді алып тастады.
Дегенмен, сарапшылардың айтуынша, заң шығару жұмысын түземей елдегі іс оңбайды.
"Осыған байланысты, қазіргі уақытта халықаралық практикаға сәйкес, РӘБ институтын толыққанды енгізу қажеттілігі туындады. РӘБ құқықтық, экономикалық, антикоррупциялық сараптаманы тәуелсіз органның жүргізуін көздейді. Бүгінде Қазақстанда заң жобаларына қатысты ғылыми сараптамаларды жеке және әрбасқа сарапшылар жүргізеді. Олар қоғамдық қатынастарды нормативтік-құқықтық актілермен реттеуді есепке алмайды. Яғни, сараптамасы жергілікті-локальды және фрагментті түрде болып келеді, әрі сол жаңа реттеу түрін енгізудің салдарын зерделемейді. Қабылданған заңның күтпеген салдарлары туындаған жағдайда ғылыми-практикалық тұрғыдан одан әрі іс-қимыл алгоритмдерін әзірлеу деген жоқ", – деп ашығын айтты министрлік сарапшылары.
Олардың байламынша, жаңа заң жобалары қоғамдағы жекелеген резонанстық оқиғаларға байланысты емес, тек түпкілікті анық деректерге, ғылыми негіздемелер мен идеяларға сүйеніп, қоғамның шынайы қажеттіліктеріне сай жазылуға тиіс.
Бұл үшін Үкімет енгізетін және депутаттардың өздері жазатын заң жобаларына тек қаржылық-экономикалық негіздеме ғана емес, сондай-ақ терең ғылыми сараптама, ғылыми-сарапшылық болжам қоса берілгені жөн.
Бұл "қоғамдық қатынастарды реттеу тәсілін таңдаудағы заң жобасы авторларының субъективизмін" болдырмау, заң қабылданған жағдайда туындайтын салдарлардың бүкіл кешенін бағалау, сондай-ақ сәтсіз заң шығару шешімдерінің теріс салдарларын кеміту үшін қажет.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда заңдардың небәрі 35%-ы "тұрақты" саналады. Мысалы, бір жыл бұрын Әділет министрлігі 182 заңға қатысты заңдардың тұрақтылығы тұрғысынан талдау жүргізген.
Нәтижесінде, 2023 жылы қолданыстағы 54 заң немесе 29,6%-ы ғана "тұрақты" екені анықталды.