Диқандар биылғы мол астығын сатуға асықпайды

Сергей Буянов Сергей Буянов
6751

Биыл басылған астықтың сапасы мен бағасы диқандарды қынжылтуда.  

Диқандар биылғы мол астығын сатуға асықпайды

Жаңа астықтың бір тоннасына 30 мың теңгеден артық баға ұсынылмай отыр, соның салдарынан кәсіпкерлер астықты көктемге дейін сақтауды жөн көрді. Егін орағы ресми түрде 1 қарашада аяқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ауа-райының қолайсыздығынан Солтүстік Қазақстанның жиналмай тұрған егінінің 0,2%-ы осы күні жиналып болды.  

Жалпы жұмыс барысы түсінікті. Енді қорықпай қорытынды жасай беруге болады. Жылдың өзі аграрийлер (егіншілер) үшін жайсыз басталды. Тұқым себу науқаны басталмай жатып үкімет те, өңір басшылары да  жерді пайдалану мәселесіне шүйлікті.

Үкімет көп жылдан бері пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтарып алуға ниеттенді. Жер кодексіндегі өзгертулердің енді бос тұрған жерге салынатын салықты 10 есе өсіруге мүмкіндік беретіні  шаруаларға ескертілді. Нәтижесінде шаруалардың жартысы осыған дейін пайдаланбаған жерін жыртып, егін салуға тырысты, ал қалғандары "артық" жер үлесінен бас тартты. Ал жергілікті билік оны мықты шаруалардың пайдалануына  бөліп берді.

Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметіне қарағанда,  елдегі жыртылған жер 379,1 мың га-ға, яғни 2015 жылғы  14 млн 996 мың га-дан 2016 жылы 15 млн 375,1 мың га-ға дейін кеңейді. Ең көп жыртылған жердің көрсеткішін Ақмола ( 148,6 мың га) мен  Қостанай облыстары (169,7 мың га) көрсетті. Ал Шығыс Қазақстан  (6,1 мың га) мен Батыс Қазақстан облыстарындағы ( 44,9 мың га) жыртылған жердің көлемі тарылған.

Сонымен бірге шаруалар көптеген қиындыққа тап болыпты. Оның ішіндегі ең ауыры бұрынғы ауылшаруашылық министрі Асылжан Мамытбековтың бастамасымен га бойынша субсидиялауды жою болды. Егер алдыңғы жылдары шаруа егін салу науқанының алдында алған субсидия есебінен жабамын деп  несие де алу мүмкіндігі болған болса, енді мемлекеттік қолдаудың мұндай түрін ұмытуға тура келді.

Асылжан Мамытбековтың айтуынша, "га бойынша субсидиялау" агроөнеркәсіп кешенінің келешек дамуына ештеңе бермейді. Ол қолданусыз қалған қаражатты (министрлік мәліметінше, 2015 ж. субсидиялаудың осы түріне 42,5 млрд теңге бөлініпті) шаруаларға техника сатып алуды субсидиялауға жұмсауды ұсынды.

Бұл бастаманы шаруалардың барлығы бірдей қолдамады. Өзінің техникасын үнемі толықтырып отыратын ірі шаруалар бұл бастаманы жылы қабылдағанымен, ал өз техникаларын 5-10 жылда бір жаңартатын шағын және орта шарулар мемлекеттің қолдауынсыз қалдық деп түсінді.

2016 жылдың мамыр айында Ауыл шаруашылық министрі болған Асқар Мырзахметов субсидиялау реформасын қайта қарауға және осыған қатысты барлық пікірді ескеруге уәде берді. Министр егін себу науқаны кезінде Қостанай облысына барған сапарында "га бойынша субсидиялау" осы жылы өз күшін жоймайтындығын айтқан еді. Алайда шаруалар көк тиын да көрген жоқ.  

Ақмола облысы аграрийлерінің министрдің ресми бағанына жолдаған сұрағына алған жауабынан жергілікті бюджеттің га бойынша субсидиялау есебінсіз-ақ бекітіліп қойғаны белгілі болды.

"Жергілікті атқарушы органдар субсидиялаудың басым бағыттарын өздері белгілейді. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша облыстық бюджетте көрсетілген бағытты субсидиялауға қаржы қарастырылмаған. Ақмола облыстық мәслихатының 2016 жылдың 20 шілдесіндегі №6С-4-2 шешіміне сәйкес көрсетілген бағыт бойынша қаражат егін шаруашылығының басым бағыттарын субсидиялауға бөлініп қойған", – делінген министрдің жауабында.

Басқа өңірлерде де дәнді дақылдарды га бойынша субсидиялаудың берілмеуіне қарап, шаруалар мемлекеттің бұл қолдауынан үміт үзу керектігін түсінді. 

Осы жылы шаруалардың басына түскен тағы да бір қиындық – теңге бағамының құлдырауы болды. Шығындар мен трактор-комбайндардың шетелден шығарылатын бөлшектерінің бағасы 1,5-2 есе қымбаттады.  Тыңайтқыштар мен гербицидтер бағасы да аспандап кетті.

Шаруалар осы шығындардың барлығын жақсы егінмен және астыққа деген жоғары бағамен жабамыз деп үміттенген болатын. Енді барлығы да ауа-райына тәуелді болып қалды.

Ауа-райының салдары
Жыл басында шаруалар үшін ауа райы ғана қолайлы болған шығар. Өткен жылы қыста қар қалың болды да, егін салатын кезде топырақтың ылғалдылығы жақсы болды. Ал бұл жазғы жаңбыр мол астық жинауға кепіл болады. Маусым-шілде айларында жаңбыр жақсы жауды. Алайда, бұл аграрийлер үшін  бастапқы кезде ғана тиімді болды. Бір жарым айда егінді өңірлерде (солтүстік және орталық) жаңбырдың екі-үш нормасы түскен. Ол аздай, бұлтты күндері егінге күн сәулесі жетпеді.

Ауа-райының қолайсыздығы, біріншіден, масақтың өсуіне және астықтықтың пісуіне, екіншіден, астықтың зең ауруына шалдығуына әкеп соқты. Осы жағдай астықтың жартысын жоғалтуға және сапасының төмендеуіне әкелді. Мұны ауыл шаруашылық вице-министрі Қайрат Айтуғанов та мойындады.

"Ауа-райының салдарынан астықтың сапалы өсуіне көп кедергі келді, сондай-ақ кейбір егін алқабы септориоз, көгеру сияқты ауруларға шалдықты",– деді вице-министр қыркүйек соңындағы үкімет отырысында.  

Биылғы астықтың сапасын сандық көрсеткішпен беру қиын. 2000 жылға дейін елде жиналған астықтың сапасын тексеретін Мемлекеттік нан инспекциясы жұмыс істеген болса, кейін мұндай зерттеулер ерікті түрде жүргізілетін болды. Қазіргі уақытта шаруалардың сұранысымен астықтың сапасын "Қазақстан аграрлық сараптау" мемлекеттік компаниясының филиалдары жүргізеді. Алайда, осы мәліметтердің өзінен көңілге қонымды ештеңе ала алмайсың.

"Биыл егін сапасы көңілден шықпай отыр. Астық сапасын анықтаудың ең басты өлшемі – ол оның табиғи салмағы. Бір литрге 750 грамм және одан жоғары болса, онда ол норма болып саналады. Ал біздің егіп жүрген бидайымыздың табиғи салмағы 900 грамм. Бірақ биыл шамамен 700 грамм болды. Ал балауыз сапасына келсек, былтыр ол  25%-дан төмен болған жоқ. Биыл 23%-дан төмен болып отыр. Яғни, астықтың негізгі салмағы үшінші класты параметрге сай келмейді", – деді Қарағанды облысының "Қазанрэкс" АҚ филиалының директоры Оңғар Түсіпбеков.  

Табиғат тигізген зиян салдарынан шаруалар өз астығын тиімді бағаға сата алмай отыр. "Азық-түлік корпорациясы" ұлттық компаниясы биыл астық сапасына қарай бидайдың тоннасына 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейінгі баға қойды. "Заря" шаруа қожалығы Қарағанды облысының Осакаров ауданында 20 жылдан артық жұмыс істейді. Бұл жердің топырағы аса құнарлы емес, сол себепті астықты да көп бермейді. Бірақ, құрғақ климат есебінен астық сапасы жоғары болатын.

Шаруа қожалығының басшысы Виктор Летута биыл жиналған астықтың көлемі де, сапасы да көңілін көншітпейтінін айтты. Яғни, жақсы баға да болмайды деген сөз. "Биылғы астық сапасы нашар болды. Бір егін алқабының өзінде бидай әртүрлі болды. Балауыз бір жерде 26% болса, бір жерде 20% болды. Тіпті, бұрын балауызы 30% болған шаруа қожалықтарының өзі биыл төмен көрсеткіш көрсетті. Ал кейбір шаруа қожалығында тіпті 14-18%. Шаруалар бұл астықпен не істейтінін білмей дал болады. Өйткені, біздің негізгі сатып алушыларымыз диірменшілер. Ал олар сапалы бидайды ғана алады. Біздің бір ұтқанымыз – егін алқабының жартысына ерте пісетін егін егуіміз болды. Ол 25 тамызда пісіп үлгерді. Сондықтан астықтың бұл бөлігі сапалы болып шықты. Ал қалған егін қыркүйектің ортасында пісуі керек еді. Ал оның сапасы төмен болып шықты. Астықтың бірінші бөлігінің бір тоннасын 40 мыңнан сатқан болсақ, екінші бөлігін 30 мыңнан жоғары бағаға ешкім алғысы келмейді. Ал бізге оны 40-45 мыңнан сатқанның пайдасы жоқ. Біз өз шығындарымызды жаба алмаймыз", – деді шаруа қожалығының иесі.

Шаруалар енді тек күтуге мәжбүр. Мысалы, "Заря" шаруа қожалығының 5 мың тонна астық сақтайтын өз қоймасы бар. Виктор Летута астықтың жартысын көктемге дейін сақтамақшы. Ол жаңа жылдан кейін бидай қымбаттайды деп үміттенеді.

Алайда, барлық шаруа қожалығы бұлай істей алмайды. Кейбіреуінің қоймасы жоқ, ал астықты қамбаға (элеваторға) төгу артық шығын әкеледі. Ал ақшаға зәрулер астығын қазіргі нарық ұсынған бағамен сатуға мәжбүр.

Жиналған астық көлемі
Егер сандық көрсеткішке тоқталатын болсақ, онда үстіміздегі жылы дәнді дақылдар 15,4 млн га алқапқа егілген, оның 12,2 млн га-ына бидай салынды. Биылғы астық жоғары болғанмен де, 2011 жылғы рекордтық көрсеткішке жетпей қалды. Ол кезде тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында 29 млн тонна астық жиналған болатын.

Биыл шаруалар 23 млн 626,7 мың тонна бидай бастырды, бұл 2015 жылға қарағанда 5 млн тоннаға артық. Ең көп астықты Ақмола облысы жинап – 5 млн 701,3 мың тонна көрсеткіш көрсетті. Оның ізін басқандар Солтүстік Қазақстан (5 млн 663,2 мын тонна) мен Қостанай облыстары (5 млн 613,6 мың тонна).

Елдегі егіннің орташа шығымдылығы бір га-дан 15,4 центнерді (2015 жылы- 13,4 ц/га) құрады. Әсіресе Батыс Қазақстан облысының көрсеткіші жақсы  олар былтыр бір га-дан 6,6 центнер астық алса, ал биыл бір га-дан 14,8 ц астық алған. Бұл өңірде құрғақ климаттағы ылғал шаруаларға тиімді болды. Ауыл шаруашылық министрлігі биыл елдің астық экспорттау әлеуетін 8,5-9 млн тонна деп бағалады (2016 ж. шілдесі – 2017 ж. маусымы).

Бұл 2015-2016 жылдардағы 8,4 млн тонна экспортталған уақыттан шамалы ғана артық. Экспортталатын бидайдың басым бөлігі астық өткізудің дәстүрлі нарығы болып отырған Орта Азияға кетеді деп болжанып отыр. Оның ішінде Ауғанстанға – 4,2 млн тонна, Иранға – 1,8 млн, Қытайға шамамен – 500 мың, Әзербайжанға – 500 мың, Грузияға 200 мың тонна жіберіледі. Сонымен қатар Ресейге 900 мың тонна экспортталады деп отыр.

Сергей Буянов, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу