Димаш Құдайбергенов: "Мені "мамам" 47-сінде туып алды"

18499

"Менің екі жыл уақытым қалды. Осы уақытта әлемді мойындатуым керек".

Димаш Құдайбергенов: "Мені "мамам" 47-сінде туып алды" Фото: tengrinews.kz

Қазір елімізде екінің бірі әнші болып жүр десек қателік емес. Саны көп те, сапасы жоқ әртістердің заманында өмір сүріп жатқандаймыз. Қазақ елі рухты көтеріп, әлем сахнасына шығатын жас әншіні күтті. Расында, Францияда шырқаған Шәмшінің, "Ах, Самарамен" КСРО халқының жүрегін жаулаған Роза Бағланованың, "Әлияны" жоғарғы деңгейде орындап, қазақтың әнін асқақтатып жүрген Роза Рымбаеваның ізін жалғастыратын эстрада жұлдызын аңсады. Міне, бүгінде дүниежүзіне әйгілі әншілерден құттықтау алып, миллиардтаған халық мойындаған Димаш Құдайбергенов осы кемшіліктің орнын толтырды.

Әр жарысқа кеткен сайын тақымын қысып, тілеуін тілеген кім? Әрине, оның әжесі – Миуа Низамутдинова. Бүгінде 70 жасқа келген әжесі апта сайын Қытайда өтіп жатқан, әлемнің мықтылары жиналған "I am Singer" байқауын үзбей қарайды. Баласының бойына қазақылықтың "нәрін" сіңірген әжесінің тәрбиесін Димаш дәлелдеп келеді. Өзі – конкурстағы ең жас әнші. Алғашқы жеңісі үшін алған кубогын өзімен сайысқа түсіп, бақ сынап жатқан Тереза Карпиоға ұсынды. Ол Канаданың намысын қорғап келген 60 жастан асқан атақты әнші еді. Міне қазақ баласы. Сайыстағы қарсыласым деп емес, жасы үлкен кісі деп құрмет көрсетті.

Қазақтың бағына туған осындай баланы әжесі қалай тәрбиеледі? Димаштың тағы да қандай қасиеті бар? Ол қашан үйленеді? Шетелге кете ме? Қандай тамақты жақсы көреді? Осы және өзге де қызықты деректерді abctv.kz тілшісіне Миуа Низамутдинова айтып берді.

- Миуа апа, Димаш – тұңғыш немереңіз. Туылғаннан бауырыңызға басып, бала қылдыңыз. Сол балалық шағында есте қалатындай қызықты оқиға болды ма?

- Димашты зейнет жасына шыққаннан бастап алдым. Бәріміз бір үйде тұрдық. Олар (Света мен Қанат – Димаштың ата-анасы – ред.) күнде сабақта болады. Бесікте тербетіп өсірдім. Бесіктен шыққаннан соң 10 жасқа дейін біздің қасымызда жатты. Кішкентай кезінде ауырып қалғанда түнімен жылап шығатын. Қанат пен Света жылаған дауысын естіп келеді: "Мама сен демалып ал. Біз алып кетейік", – деп. Бір-екі рет бергенмін. Бірақ Димаш болмаса мен ұйықтай алмайды екенмін. Кейін "сендер ұйықтай беріңдер, мен өзім Димаштың арқасынан қағып ұйықтамасам, ұйықтай алмаймын" деп алып кетемін.

Димаш бала кезінде ерке болды. Қазір де ерке, еркін жүреді. Оған ешкім кейімейді, өзі қабағыңа қарап, түсініп отырады. Әзілқой, мейірімді, қайырымды бала. Қасында жүрген адамдардың бәріне көмектескісі келіп тұрады.

Сондай-ақ, сабағына ылғи өзім апаратынмын. Бір күні ата-аналар жиналысына Света барған. Апайы Светаны Димаштың анасы екенін біледі ғой. "Мынау Димаштың мамасы. Ән айтады. Теледидардан көріп жүрсіздер", – деп Светаны балаларға таныстырған екен. Содан Димаш: "Апай, бұл менің мамам емес. Менің мамам үйде. Ол мені қырық жетісінде туған. Бұл менің Света апам. Бұлар мендей баланы туа алмайды", – деп қызық болған. Ол біразға дейін мені туған анасы деп сеніп жүрді.

- Миуа апа, жас буынға үлгісіз. Бала тәрбиесі, оның ішінде ата-әженің өнегелі тәрбиесі туралы не айтасыз?

- Ата-әженің тәрбиесі – қазақы тәрбие. Ұрпақ бірлестігі, ұрпақ сабақтастығы. Отбасындағы балалар бірін-бірі тәрбиелеп, жақсы көреді, рухани жақын болады. Тіпті, ене мен келін арасындағы сыйластық тығыз болады. Мен мысалы, келінімді жақсы көремін. Баласын беріп отыр ғой. Ол да "мама, мама" деп сыйлайды. Басқа балаларын да бақтым. Баласы бір жасқа келер-келместен, үш айлығынан маған тастап, концертке кете беретін. Сондықтан оның балалары менің тәрбиемді көрді. Қазіргі жас келіндер енесіне баласын бергісі келмейді, я болмаса, енелер немересін баққысы келмейді. Ол дұрыс емес. Жастар жұмыс істеп, отбасының қаңқасын тұрғызуы керек. Ата-әжелері қолқанат болып, бала тәрбисімен айналысуы керек. Қалалық жерде бір балаға бір адам керек. Сабаққа апарып, әкелу деген де оңай емес. Осындайда ата-әжесі балалардың жағдайын жасап, сабағын оқытып, қазақылықты үйретуі керек. Ата-әже үшін немере – бақыт, тәтті.

Димашқа кішкентайынан ертегі оқып бердік. Көп ертегі білетін еді. Сол ертегілер арқылы ойлауын дамытты. Жақсы мен жаманды, зұлымдық пен қайырымдылықты ажырата білді. Басынан сипап отырып, бұзықтығын қойғызатын едік. Дөрекілік көрген жоқ. Үнемі ата-әженің шексіз мейірімін көріп өсті.

Жастарға да соны айтқым келеді. Балаларын ата-әжесіне берсін, солардың тәрбиесін көрсін. Олар немерені жанынан артық көреді. Барын салып, көрген-түйгенін үйретеді.

- Немереңіз байқауларға барар кезде қалай дайындалады?

- Бір күні "Славьян базарына" барамын деп жүрді. Қыстай дайындалды. Түнімен ұйықтамады. Оған қатысатын әншілер белгілі болады екен. 26-29 әнші болды. Солардың барлығын зерттеп шықты. Қалай айтады, қандай әндер айтады? Олардың дауысы қандай? Күн-түн демей дайындалды. Орын аламын деп кетті. Солармен салыстырып білді ме, білмеймін. Жеңісіне сенімді болды, жеңіп келді.

- Қазіргі байқауға кетер кезде ше? Бұл байқауға алпауыт елдерден азулы қарсыластар жиналды. Оңай болмайтынын білді ғой?

- Қаңтардың екісінде кетті. Өзіміз шығарып салдық. "Бір айдан кем болмаймыз. Негізінде төрт ай болады. Бір әнші кетіп, бір әнші кіреді. Бірақ мен өзіме сенімдімін, мен жеңемін" деп кеткен еді. Мен асылық айтпа деп қоямын. Сонда да "Мама, осы конкурстан жетістікке жетсем, дүниежүзіне шығамын. Менің екі жыл уақытым қалды. Сол уақытта әлемді мойындатуым керек" деді. Құдай аузына сала ма, әлде, өзінің алдына қойған уақыты ма, білмеймін. Екі жылым қалды деп жүр.

Бұлардың келісімшарты бойынша әр кезеңнің қорытындысын бірден айтпайды екен. Эфирге шыққаннан кейін біледі екенбіз. Телефон арқылы біліп отырдық. Бірақ айтпаңдар деген соң, айтпадық.

Сосын алғашқы турда үздік болды. Біз үлкен кісілерді сыйла деп отырамыз ғой. Сол өзінің алғашқы кезеңдегі жеңген кубогын конкурсқа қатысушы канадалық Тереза Карпиоға берді. "Мама, мен ұялдым, кубогымды үлкен кісіге бердім. Осы жеңісімді папам екеуіңізге арнадым" деді. Баламыздың құрмет көрсеткеніне риза болдық.

Бірінші орын демей, қалып қоймай, алдында жүрсе екен дейміз. Баламның тауы шағылмасын. Әлі жас қой.

Өзі қарсыластары туралы "Әлемнің мықты әншілері. Олар бір аренада 200-300 мың адам жинап жүргендер" деп жатыр. Өздеріңіз айтып отырғандай, мықты әншілер жазып, құттықтап жатыр. Бір күні өзіміз теледидардан киносын ғана көріп жүрген Джеки Чан өзі звондапты. Кездесуге шақырыпты. Содан мына жақтан сыйлық ретінде Қанат домбыра мен шапанын беріп жіберді. Джеки Чан Димашқа курткасын беріпті. Димаш ол сыйлықты кейін музейге беремін дейді. Соған қуанамыз. Осындайда мақтанып кетпе деймін. Халық болмаса, сен кімсің. Халқыңды құрметте. Сенің өнеріңді жақсы көргенді, сен де жақсы көр деп отырамыз.

- Димаш қандай тамақты жақсы көреді?

- Димаш үйдің тамағын жақсы көреді. Негізінен, ашқылтым тамақты, қуырманы, помидор, қияр, "морской" тамақты жақсы көреді. Ол жақта тамақтан қиналып жатқан жоқ. Кеше келгенде етті сағындың ба десем, "сағындым, бірақ қиын болып жатқан жоқ. "Еуропейский" тамақтарды, мен жейтін тамақтарды береді" деді.

- Ал алдағы кезеңге дайындығы қалай? Елде 4 күн жүрді. Уақытын жоғалтып алған жоқ па?

- Есімде, кішкентай кезінде үйге ағылшын тілі мұғалімін шақыртып оқыттым. Соны үйренгісі келмей, бір күні мұғаліміне: "Біз көшіп кеттік" депті. Сол күйі ағылшынды толық меңгермеді. Тіл үйренуі қиын. Ал келесі кезеңде қытайша ән айтуы керек. Қазір тамағы ауырып, мұрны бітіп қалыпты. Төрт күн уақытын өткізіп алды. Енді қытайша жаттау оңай болмас. Бір Алла жар болсын!

- Димаштың қалауындағы болашақ жары қандай? Немереңізбен жиі сырласасыз ба?

- Қандай қыз жолығатынын Құдай біледі ғой. Бірақ Димаш "қазақы тәрбиесі бар, үлкендерді сыйлайтын, "папа-мамама" ұнайтын қыз болса" дейді. Мен оған әнші қыз ал, өзіңнің қасыңда жүретін деймін. "Маған әнші қыздың керегі жоқ. Сосын баланы кім бағады? Сен баға бересің бе" деп қояды.

Менің ойымша, үлкен адамдар жастарға жол сілтеп, қолдап отыруы керек. Енелері қарсы шығып, ажырасып жатады. Келінді қызым деп көріп, ұлыңа жақтаспау керек. Келінді жақтау керек. Мен оқуыңды бітірген соң үйлен десем, өз деңгейіме жетуім керек, отызға дейін жүремін дейді. Мен ерте үйленгенін қалаймын.

- Шетелдерден ұсыныс түсіп жатқан жоқ па, я болмаса, өзі шетелде оқуды жоспарлап жүрген жоқ па?

- Америкаға шақырып жатыр. Біреулер үш жыл, тағы біреулер алты жыл оқысын дейді. Мұнша уақытқа кетсе, елден кетіп қалады. Шетелге кеткендер келмейді. Мүлде кетіп қалады. Сондықтан ұзақ уақытқа барғанын қаламаймыз. Тек 3-4 айға барып, тағылымдамадан өтуіне, тәжірибе алмасуына болады.

- Димаш әнші болмағанда, кім болар еді?

- Мен Димашты басқаша елестете алмаймын. Кішкентайынан әнші болды, фортепиано мен домбырада ойнайды. Өзі музыканы таңдап, осы бағытта келе жатыр. Өз таңдаған жолына ізін салып келеді. Басқаны да істей алатын шығар. Бірақ басқа бағытта болса деп ойламаппын.

- Миуа апа, тағы да Димаштың жеңісін күтеміз. Қазақ анасының тәрбиесін ұлыңыз көрсетіп жүр. Сіздің махаббатыңыз бен мейіріміңіз арқылы қазақтың ұлылығын танытып жүрген мақтанышымыз! Жеңісті күндерде жолығайық!

Рахиля Бекназарқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу