Домбыра жасайтын шеберлеріміз еленбей жүр

886

"Домбыра күнін" дұрыс атап өтіп жүрміз бе?

Домбыра жасайтын шеберлеріміз еленбей жүр Фото: inbusiness.kz

Домбыра – сан ғасырдан бері халқымызбен бірге жасап келе жатқан киелі аспап. Оның тарихы адамзат жаратылысының бас жағында тұр. Заман өте келе әр халық, әр ұлт домбыраны өз бауырына басып, өзіне тән аңыз-әпсана, әдет-ғұрыпын таратып әкетті.

Қасиетті қара домбыраның шығу тарихын ешбір ғылым дөп басып айта алмайды. Десек те, көне әпсаналар мен жәдігерлер зерттеушілерді жетелеп отырып қазақ даласына алып келері хақ. Алматы облысы, Жамбыл ауданында орналасқан "Майтөбе" жайлауынан 2 мың метрлік биіктіктегі тау беткейіне қашап салынған көне суреттер табылған еді.

Тарих ғылымының докторы, археолог Кемел Ақышев бастаған ғалымдар тасқа қашалған бұл суреттерді зерттей келе, неолит дәуірінің туындысы екенін анықтаған. Олардың айтуынша, тастағы суреттер шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 4 мың жылдары бедерленген. Оған өзімізге мәлім 2 мың жылдық тарихты қоссаңыз, шанағынан сиқырлы күй төгілген аспабымыздың жасы 6 мың жылдан асып жығылады.

Эпикалық дәстүр деңгейінде жыр-толғауды сүйемелдеуге қолданылған домбыра аспабы кейін келе күйшілік өнерінің қалыптасуына ықпал етті. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын күйшілік мектептер пайда болып, қосішекті аспаптың танымалдылығы кеңейе түсті.

Қазақ даласының жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән мен жыр, күй мектептері мен әр өнерпаздың орындаушылық шеберлігіне қарай домбыра да түрленіп, өзінің қолдану аясын кеңейтті. Қолөнер шеберлері де бұл аспапты алып жүруге ыңғайлы әрі үнінің ерекшелене түсуіне мән беріп, домбыраны әр түрлі жанрға сай шебер сомдауға көшті.

Ән-жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кетсе 14-15-ке жетсе, күйге арналған домбырада 20-дан аса перне болады. Домбыраның құлақ бұрауы да қажетіне қарай өзгеріп, үні құбыла түседі. Келе-келе күйшілік өнері ілгерілеген сайын, домбырада ойнаудың түрлі шеберлігі де көбейді.

Қазіргі таңда домбыраның ән мен күйге арналған, торсық, тұмар деп аталатын, кең шанақты, шіңкілдек, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер және оркестрге арналған деп бірнеше түрге бөлетін 20-дан аса түрі бар.

Секен Тұрысбеков, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

– Қазір домбыра күні деп ел боп мерекелеп жатқанымыз, қуантады. Десек те, осы бір мерейлі күнді шілде айында емес, көктемнің 15-20-мамыр аралығында атап өтсек деген ойым бар. Жәй ғана сенбі-жексенбі күндері атап өтпей, нақты бір күнді мықтап белгілесе. Шілде айы ел демалыста, күн ыстық, шаруаның шамасы келе бермейтін кез ғой. Оның үстіне, мектеп тарап, музыкант шәкірттер бет-бетімен кеткен кезде, әкімшілік боп жанталаса өткізген мерекеден берекет кетеді екен. Ол аздай тәп-тәуір жиылыстың өзін "әкім асығып отыр, күн ысып барады" деген секілді белсенді-бұйрықпен мазасын қашыратындар көп.

Кейінгі кезде күй тартудың өзін бүлдіретіндер шықты. Күйді жеделдетіп, желдіртіп өте шықпау керек! Күй өзінің табиғатына сай тартылу керек! "домбыра күні" өтетін мерекелік шараларда күй жарысы деп мәнермен орындалатын күйлерді әр жерден бір шалып, байыппен тартылатын күйді бебеулетіп, маңызын бұзу көбейді. Соның бәрі әлгіндей әкім-қаралардың уақытымен есептеуден шығады.

Тағы бір ескерер жайт, домбыра жасайтын шеберлеріміз еленбей жүр. Қазақта "Жақсы домбыра – күй шақырады" деген нақыл бар, сол айтпақшы, жақсы домбыра жасап жүрген шеберлерімізді де дәріптеп, насихаттауымыз керек. Кезінде Қамар Қасымов деген шебер болды. Оның жасаған домбыралары қандай еді?! Одан кейін Қамардың Романенко деген шәкірті болды, оның да жасаған домбыралары шешен еді. Неге соларды насихаттамаймыз? Ұлттық аспабымыздың бәсін арттырған сондай жандарды неге іздемейміз?

Егер, естір құлақ болса, "Қазақ күйін батыс күйшілік мектебі, шығыс өңірінің күйі, Жетісу мектебі деп алаламауымыз керек. Бәрі де қазаққа ортақ – "Күй мектебі". Көнеден келе жатқан киелі өнерімізді бөлшек-бөлшек етпей, қайта біртұтас ұлы мәдениет жасауымыз керек!" дер едім...

Домбыраның музыкалық мүмкіндігі зор. Тіпті, кейінгі кезде шетелдік күрделі шығармалардың өзін қара домбырамен шебер орындалып жүргеніне куәміз.

Паганинидің төрт ішекті скрипкасында үлкен қиындықпен тартылатын немесе басқа да әйгілі әлемдік композиторлардың шығармаларын қазақтың киелі домбырасында оңай әрі құйқылжытып әсем ойнап жүр. Бұл қасиет әрбір музыкалық аспапқа тән емес.

Мәселен, Моцарттың "Түрік маршы" өте күрделі әрі жоғары темппен орындалатын шығарма, соны домбыраның қос ішегіне салып, тыңдаушысын таң қалдырып жүрген жаңашыл күйшілеріміз де баршылық.

Ұлттық мұра домбыраға арнайы күн арнап, өз алдына мейрам етіп тойлауымыз – ұлттық аспабымыздың абыройын биіктетіп, мәртебесін келешек ұрпақ алдында көтеру екеніне дау жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу