Досаев ағаштарға араша түсуден бас тартты

2011

Қоғам белсенділері оған еліміздің ең алып мегаполисінде ағаштарды отауға мораторий енгізуді сұраған болатын. Алматыда 84 мыңнан аса ағаш жойылуы мүмкін. 

Досаев ағаштарға араша түсуден бас тартты

Мәселе біраздан көтеріліп келеді. Кезінде жасыл желекке көмілген қала саналған Алматы сол мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін. Бауыржан Байбек пен Бақытжан Сағынтаев халықтың бұл тілектеріне құлақ аспады. Сондықтан қоғам өкілдері таяуда қайта тағайындалған Алматы әкімі Ерболат Досаевқа жүгінуде. Мысалы, қала белсендісі Анастасия Мигунова оған ашық хат жолдады.

"Мен сізден Алматыда ағаштарды кесуге бірнеше жылға мораторий енгізуіңізді өтінемін. Бұлай бара берсе, ағаш атаулыдан сау-тамтық қалмайын деп тұр. Әкімдіктердің аулаларды реконструкциялауы барысында барлық дерлік ағаштар зардап шекті. Ағаштарды жаппай сирету  жүргізілді, олар бұтақтары мен жапырақтарынан жұрдай болды. Бұл үрдіс бір жағынан, мердігерлердің бастамасымен жүзеге асырылса, екінші жағынан, билікті соған тұрғындардың қысымы итермелеген. Кейбір тұрғын "күн сәулесі бөлмелерге ене алмайды, пәтерлерімізді қараңғылық басты" деп шағымданыпты. Бұл не деген қиғылық? Ағаштарды кесуге сондай да себеп бола ма?", – деп қынжыла жазды хатында арыз иесі.

Мигунова алматылық ағаштарға бүгінде тағы бір зұлмат келгенін айтып, дабыл қағып отыр. Енді әкімдіктер қурап, құрғап қалған ағаштарды кесуге кірісті. Нормативтік құқықтың актілер бұған рұқсат етеді. Әйтпесе күндердің бір күнінде тамыры шіріген "бәйтеректер" гүрс етіп құлап, адамдарға қауіп төндіруі, жазым етуі мүмкін.

Бірақ бір гәп бар. Қоғам белсендісі мұның астарында шенеуніктердің қулығы жатыр деп ойлайды.

"Қазір қыс қой. Ағаштарда жапырақ жоқ. Жасыл желексіз олар тұл көрінеді, яғни кез келгенін қурады деп кесе салуы мүмкін. Оның үстіне бұл бағдарламаға шенеуніктер өзіне ұнамаған, немесе кесуді қатты қалаған барлық ағашты жатқыза салуда. Оны қалай білдім? Оларға кесуге арналған белгі, яғни крест соғып қойыпты. Мысалға, көше қиылысында өсіп тұрған, олигархтарға тиесілі супермаркеттердің көрінісін жапқан сау ағаштар соған сайланып қойылған. Тіпті сорақы деректер де табылды: ғимарат иелері бұрыннан кесіп тастағысы келіп жүрген ағаштарға өз бетінше крест салып жатыр", – деп шыр-пыр болады ол.

Анастасия Мигунова алматылық экологтарға жүгініп, солармен бірге нысан қожайындарының өзімбілемдігіне, бассыздығына тойтарыс бергізбек болыпты.

"Өкінішке қарай, экологтар мен жауапты шенеуніктер келгенше, арендатор жас шетен ағашын кескізіп тастады. Ол сол жерге көше орындығын орнатуға кедергі келтірді дейді. Мұндайлар тек көбейе береді. Менің ойымша, өз білгенінше қимылдап, ағаштарды жойғандарға айыппұлды, жазаны арттыру керек. Билік Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңын қабылдады ғой, ендеше олар үшін экожүйені де қорғаудың қамын жасауы қажет. Қаланың жасыл қорына мейірімділікпен қарап, аялауымыз керек. Шенеуніктердің қарау ниеті де болуы мүмкін, қыс маусымында бір Камаз толы отынның құны 80 мың теңгеден басталады. Жаз бойы, аптап кезде жауапты органдар ағаштарға су құюға мән бермеді, енді олар қурады деп жаппай кесіп жатыр. Жасыл желек қурамауы үшін оларды суаруға бюджеттік қаражатты арттырған жөн", – деді А.Мигунова.

Ол ағаштар арасында түрлі зиянкестердің, дерттердің таралуымен күрес те ақсап жатқанына назар аударта келе, бұрыннан бері өзін-өзі ақтаған амалды – ағаштардың төменгі бөлігін ақтау тәсілін қолдануды қайтаруды ұсынды.

Жалғыз Алматы ғана емес, барлық ірі қалаларда шенеуніктер көшет отырғызу арқылы бюджетті игерумен әуестеніп кетті: ағаш отырғызғаны қуантарлық, игілікті іс. Алайда содан кейін оларға күтім жасалмайды. Көбісі қурайды. Артынша оларды жерсінбеді ден танып, орнына жаңаларын отырғызады. Бұл осылай шетсіз-шексіз жалғаса беруі мүмкін. Әкімқаралар осы арқылы Қ.Тоқаевтың 5 жылда 2 миллиард түп ағаш отырғызу туралы 2020 жылғы бастамасын орындап жатқан түр танытады, көрсеткіштерін қолдан көркейтеді.

Экобелсенділер анықтағандай, Алматыда жаңа отырғызылған көшеттердің шамамен үштен бірі қурап қалады да, артынша жаңаларымен ауыстырылады. Олардың байламынша, көшет егу, оны суару, күтім жасау, зиянкестерден, өсімдік індеттерінен қорғау кешенді түрде жолға қойылмай, бұл бағдарламадан көп мағына болмайды.

Алматы әкімі Ерболат Досаев алматылықтардың қатаң сынына ресми блогы арқылы жауап қайырды. Оның мәліметінше, қоғам белсендісі тіркеген "жас шетін ағашын заңсыз кесу" дерегі бойынша Әуезов ауданының Экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімі, табиғат қорғау полициясымен бірге оқиға орнына, нақты мекенжайға барып, тексеріп қайтыпты.

"Бүгінде Полиция басқармасы айыптыны әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін стационарлы емес сауда нысанының иесінің кім екенін анықтау жұмыстарын жүргізуді жалғастырды. Ал Алматыдағы ағаштарды жаппай санитарлық кесу мәселесіне келсек, аулалар ішіндегі аумақтардағы құрғақ немесе апатты ағаштарды сирету, бұтақтарынан айрылту 2022 жылғы 16 қыркүйекте қабылданған шешім бойынша жүргізілді. Ал 25 қарашадан бері қураған және апатты ағаштарды кесу жүргізілді. Мұның бәрі жасыл қорды жаңғырту бағдарламасында қарастырылған. Бұған Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы рұқсатын берді", – деді қала әкімі.

Яғни, ағаштарды кесуге әкімдіктің бір қолы екіншісіне рұқсат еткен. Жалпы, Алматы – республикалық мәртебесі бар қала болғандықтан, оған қалаүсті, яғни республикалық органның рұқсаты қажет сияқты. Ол болмаған соң, жергілікті шенділер "жерді алып тұр" деп, шаһарды басты бір мақтанышынан – жасыл желегінен арылтып шығуы ғажап емес. Ұқсас нәубетті қарқынды құрылыс барысында, "Астана – жаңа қала" бағдарламасы аясында елорда бастан кешті. Салдарынан, бүгінде Астана, әсіресе сол жағалаудағы жаңа әкімшілік орталық бетон мен темірден тұратын суық шаһарға айналды. Астанада туристік-танымдық сипаттағы бағдарламасын түсіру барысында дрон ұшырып, қаланы туу биіктен бақылаған халықаралық "Орел и решка" бағдарламасы елордаға "адам мен ағаштан ада, сұрықсыз бос қала" деп, сыни баға беріп, телебағдарламаның қалған бөлігін Бурабайда түсірген.

Айтпақшы, Алматы әкімі ағаштардың діңгегін ақтау тәсілін қолдануды жаңа 2023 жылдың көктемгі маусымында қарастыру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бірақ ағаш кесуге мораторий жарияланбайтынын білдірді.

Экологтар мен қоғам белсенділерінің қаупі шындыққа айнала бастағандай. Осы аптада экобелсенділер Dolcetto мейрамханасының алдында автотұрақты жабдықтау үшін бірнеше ағаштың кесіп тасталғанына шағымданған болатын. Құзырлы органдар үдере атып тұрып, айыптыларды жаппай жазаламады, былқ етпеді. Өз кезегінде қала әкімдігі ол ағаштардың апатты деп танылғанын мәлім етті. Бірақ бұл жағдайда олардың орнына жаңалары егілуге тиіс болатын. Ол жасалған жоқ: ағаштар орнында автотұрақ пайда болды. Осы мақсатта тіпті әдетте адамдардың басуына да тыйым салынатын гүлзәр мен көгал жойылыпты.  

Тәбет ас үстінде келеді деген сөз бар. Үрейлендіретіні сол, Алматы әкімдігінің мәлімдеуінше, мегаполисте 84 мыңнан аса апатты ағаш бар деп танылыпты. Оның 35 мыңы – көшелердің бойында тұр. Қоғам белсендісі айтқан, супермаркет, мейрамхана және басқасының неон маңдайшаларының көшеде алыстан менмұндалап көрінуіне, қиядан жымыңдап, клиент шақырып тұруына "кедергі" жасайтындары да солар. Тағы 49 мың апатты ағаш – аулалардан табылыпты. Әрине, олар шынымен апатты болса, құлатқан жөн: онсыз асыр салып, ағашқа өрмелейтін балалар мен ағаштың көлеңкесін саялаған ересектерге қауіп төнуі мүмкін. Дегенмен, олардың орнына жаңадан көшеттер отырғызылуы міндет.

Күдік бұлтын қалыңдататын тағы бір жайт: апатты ағаштардың басым көпшілігі Алматының орталық бөлігінен табылған. Әкімдіктің мәліметінше, шаһар орталығында Экология және қоршаған орта басқармасының мердігер ұйымы апатты ағаштарды белсенді кесіп жатыр. Әкімдіктің түсіндіруінше, ағашты кесу жұмысы басталмас бұрын, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкерлерін тарта отырып, мұқият талдау жүргізілетін көрінеді.

Егер тұрғындар жасыл ағашты рұқсат құжаттарсыз кесу немесе бүлдіру фактісін анықтаса, әкімдік оларға полицияға шағыммен жүгінуге кеңес берді. Яғни, ағаш отауға рұқсатты әкімдік береді, ал егер кесушілер қурағанымен бірге тірісін де өлтірсе, оған әкімқаралар басын қатырғысы келмейді.

"Алматыны қорғаймыз" қоғамдық ұйымының төрағасы Салтанат Тәшімова қала орталығындағы, Қонаев көшесіндегі Dolcetto мейрамханасы жанындағы ағаштарға орман-патологиялық зерттеу жүргізілгенін айғақтайтын құжатты әкімдіктің мердігер ұйымы ұсына алмағанын айтады. Ол сондай-ақ әлгі жерде автотұрақ емес, өтемақылық көшеттер пайда болуға тиістігіне де назар аудартты. 

"Ол жерге ағаш орнына асфальт төселуіне байланысты экология басқармасы полиция департаментімен бірлесіп, мән-жайды анықтап жатыр", – деп қысқа қайырды қала әкімдігіндегілер.

Бұл негізі, жаттанды жауап болса керек.

Биыл ағаштарды "қынадай қыратындарына" 2022 жылғы маусымда Алмалы ауданының тұрғындарымен кездескен қала әкімінің өзі анонс жасаған болатын. Ол тек осы Алмалы ауданында 700-ден аса апатты ағаш кесілетінін жеткізді. Сонда ақпарат құралдары әкімдіктің бүкіл қала бойынша 5 мың апатты ағашты кесуді жоспарлап отырғанын жазды. Содан бері "апатты ағаштар" саны 16 еседен астамға өсіп, сексен төрт мыңға жетті. Қала шағын орманнан айырыла ма?

Алматының жасыл қорын жаңғырту бағдарламасы кесілген апатты және дертті ағаш орнына жаңа көшеттер отырғызуды қарастырады. Бірақ оның орнына бай, бас мегаполис автотұрақтармен, басқа да жылжымайтын мүлікпен молығып шыға келмесіне кепіл жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу