Дрон десе, депутаттың дір ететіні несі?!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4184

Парламент депутаттары елге енді ғана кіре бастаған дрондардың қанатын "қырқып" тынбақ.

Дрон десе, депутаттың дір ететіні несі?! Фото: chezasite.com

Шенеуніктер мен депутаттар дрондарға қарсы бірлесе соққы бергелі отыр. Парламент Мәжілісінің депутаттары 14 желтоқсанда өткен жалпы отырыста ұшқышсыз ұшатын аппараттарға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда еш қарсылықсыз қабылдады.

Қазір әлемде дрондар сан алуан мақсатта пайдаланылады. Адам қыратын әскери мақсаттағыларына ауыз ауыртпай-ақ қоялық. Мысалы, көрші Ресейде дрондар Кремльдің үгіт-насихатына қызмет етіп, Сириядағы соғысты аспаннан түсіреді. Солтүстік көршіміздің "Первый канал", "Russia today" секілді "әлемдік рупорларының" жаңалықтарын тамашаласаңыз, дрондардың телевизиялық шеберлігіне қаныға аласыз. Батыста квадрокоптерлер пицца, фаст-фуд тапсырыстарын ғана емес, сондай-ақ жедел медициналық жәрдемге қажетті жабдықтарды жеткізуге үйретілді.

Қытайлық EHang фирмасы "пилотсыз такси" жасап шықты. Бұл дрон әзірге әуемен салмағы 100 келіден аспайтын бір жолаушыны ғана жеткізе алады. Ұшу уақыты 20 минуттан аспайды екен. Жылдамдығы сағатына 100 шақырым екенін ескерсек, осы мерзім ішінде 16 шақырымды еңсеріп үлгеретін көрінеді.

Мұның сыртында дамыған елдерде Apellix секілді компаниялардың мультикоптерлері сырлаушы, сылақшы, жөндеуші, заңғар ғимараттардың терезесін жуушы секілді бірқатар жұмысшы маманды алмастыра бастаған.

АҚШ пен Жапонияда фермерлер егістік үстінен пестицид пен тыңайтқыш төгуге осы аппаратты белсенді қолданады.

Ал Қазақстанда ше? Бұл "темір құс" республика өміріне жаңа ғана еніп жатқандықтан, бізде әзірге оның көмегімен, негізінен, тойға арналған жас жұбайлардың табиғат аясындағы "махаббат хикаясы" (Love story) түсіріледі екен. Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен бұл қулардың тағы бір қырын ашты: аппараттың көмегімен жасырын көз салуға әуес кей адам коттеджінің айналасын биік дуалмен қоршап, сырт көзден тасаланып алған көршісінің жеке өміріне қол сұғады екен.

"Бұл пилотсыз ұшатын аппараттар қатігез мақсатта қолданыла бастады. Мысалы, кей азаматтар жеке тұрғын үйлерде оңаша тұрғысы келеді. Бірақ, дрон көтеріледі де, бүкіл ауланы түсіреді. Жәбірленуші азамат аппарат иесін сотқа берейін десе, заңда бұған қатысты ешбір жаза қарастырылмаған. Еш тыйым салынбаған", – деген депутат Бақтияр Мәкен жеке тұлғалардың дрондарды пайдалануын ретке келтіру керектігін айтады.

Инвестиция және даму министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовтің мәлімдеуінше, әлемде мұндай шағын пилотсыз аппараттарға толық еркіндік берілген, қайда қанат қағам десе де – еркі.

Бірақ, бұл біздің шенеуніктер мен депутаттарға ұнамады. Сөйтіп, осы сәрсенбіде Мәжіліс құптаған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасының 33-бабына Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан арқылы жаңа тармақ қосылды.

Онда: "Пилотсыз ұшу аппаратын ҚР әуе кеңістігін пайдалану қағидаларында және ҚР азаматтық әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы нормаларына, сондай-ақ, пилотсыз ұшу аппаратын пайдалану құжаттамасында белгіленген шарттар сақталған кезде адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру, мүлікті зақымдау (бүлдіру) қатерін, басқа әуе кемелері үшін қауіпті барынша азайтуға тиіс", – деп жазылған.

Заңгерлерден былайғы жұрт кемірсе, тісі сынатын бұл "терминдер топтамасын" қарапайым тілге уәкілетті салалық орган жетекшісі "аударып" берді. Басқаша айтқанда, жаңа заң жобасы арқылы Қазақстанда дрондардың еркін ұшуы шектеледі. Бұл мәселе "әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша" ұлттық заңнаманы өзгертетін жоғарыдағы заң жобасында қарастырылып отыр.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметовтің айтуынша, заң күшіне енген соң, пилотсыз аппаратты тіркеу, қолдану ережелері де қолданысқа енеді. Ол ережелерді комитет әзірлеп жатыр.

"Қазір халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) тек үлкен биіктіктерде және алыс қашықтықтарға ұшатын ірі аппараттарға ғана қатысты арнайы құжат қабылдады. Ал дрондар және басқа да "беспилотниктер" үшін тиісті құжат жоқ. Біз биыл жыл басында барлық мүдделі құрылымды тарта отырып, арнайы жұмыс тобын құрдық. Және шағын аппараттарға арналған ережелерді әзірлеп жатырмыз. Заң қабылданып, күшіне енген соң, ережелер де қолданыла бастайды. Бұл ережелерде пилотсыз аппараттарды пайдалану тәртібі мен шарттары айқындалады", – дейді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, ережелерде мынадай негізгі талаптар бекітіледі: "Дрондар 100 метрден биік көтерілмеуі, ғимараттарға және адамдар көп жиналған жерлерге 150 метр қашықтықтан кем жақындамауы тиіс. Сондай-ақ, әуежайдан 5 шақырымға дейінгі радиуста дрон ұшыруға тыйым салынады. Мұның сыртында аппараттарды ұшыруға рұқсат етілмейтін жабық аймақтар болады", – дейді Бекен Сейдахметов.

Яғни, әуежай маңындағы аудандардың тұрғындары дрон туралы армандамай-ақ қоюына болады. Сондай-ақ, қарақұрым халық жиналатын бұқаралық, мерекелік шаралар аумағында да дрондар шоуын ұйымдастыра алмайсыз.

Мысалы, IT маманы Андрей Овчинников қазір әлемде спорт және жарыс коптерлері пайда болғанын айтады: "Жақында Дубайда World Drone Prix бірінші сайысы өтіп, онда ең ұшқыр квадрокоптерлер анықталды. Бұл шара әлем жұртшылығының қызығушылығын оятты. Дубай турист тарту жолдарын жақсы біледі. Ал бізде ЭКСПО қарсаңында үлкен "сый" жасалғалы тұр. Жаһандық ғылым мен технология жетістіктерінің көрмесі қарсаңында дронды ұшыруға тыйым салғанымыз дұрыс па?!", – дейді ол.

Осы желтоқсан айының басында, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойына орайластырылған Республикалық жастар форумы аясында жас инженер, Қарағанды мемлекеттік университетінің "Роботтар мен ақылды машиналар зертханасының" меңгерушісі Нұржан Есмағамбетов Елбасыға өз лабораториясында құрастырылған тұңғыш қазақстандық дронды сыйға тартты.

"Мен Қарағандыда Роботтар мен ақылды машиналар зертханасын басқарамын. Өзім жаңа буындағы дрондар желісін жасап шықтым. Осы форум қарсаңында солардың бірін Тәуелсіздік сарайының төбесінде қалықтаттым, сол арқылы түсірілген бейнекөріністерді экраннан көріп отырсыздар. Дрондар бақылау жүргізіп, ақпарат жинап, оны өңдей алады, үлкен аумақта әлдебір объектілерді іздеп табады. Және одан табиғатқа еш зиян келмейді. Мұның барлығы алдағы EXPO-2017 көрмесіне арқау болған сіздің дана идеяңыз – "Болашақ энергиясымен" қабысып жатыр!", – деді жас өнертапқыш, отандық дронды ұсынып тұрып. Елбасы сыйлықты қабыл алды.

Мемлекет басшысының өзі технологиялық революцияның бұл туындысына "қой!" деп, кері итеріп отырған жоқ.

Бірақ, кейбір тұлғалардың бойында бұл аппараттарға әлдебір үрей бар. Ол қорқынышын Қазақстан әуе тасымалдаушылары қауымдастығының төрағасы Владимир Куропатенко ашық айтты.

Ол дронның ұшуын арнайы ережемен реттеуді азсынады. Куропатенко аппаратты тиісті органдардың толық бақылауға алуын және құзырлы органнан "ұшуға келісім сұрап отыруға" міндеттеуін ұсынады.

"Мен заң жобасына енгізілген түзетуді қолдаймын. Бірақ, заң жобасында әлі де болса, қатаң талаптан гөрі, ұран басым. Біз нақты жазуға тиіспіз. Қараңыз, әуе шарын, делтамотопланды және басқа да аппараттарды ешкім бақылауға алмайды. Оның неге соқтыруы мүмкін екенін түсінесіз бе? Бетін әрі қылсын, ертең олардың бірі парламенттің үстінен ұшып бара жатып, бірдеңені тастап жіберуі ғажап емес. Демек, олардың ұшуы бақылануы тиіс. Кез келген ұшу аппараты тек құзырлы органнан ұшуға рұқсат алғаннан кейін ғана әуеге көтерілгені жөн. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік қызметі, прокуратура қадағалап отыруы керек. Әйтпесе, кішкентай ғана дронға кез келген нәрсені қыстырып, ғимараттың төбесін ортасына түсіруге болады", – деген Қазақстан әуе тасымалдаушылары қауымдастығының басшысы ереже әзірлеумен шектелмей, ұшуды қатаңдатуды ұсынды.

Оның айтуынша, заңда "ұшу аппараттарының рұқсаты және бақылау жүйесі болуы тиіс" деп ашық жазылуы қажет.

Бірден айтайық, Куропатенконың ұсынысы заң жобасында көрініс тапқан жоқ.

Әйткенмен, бір жай қарастырылды: дрон секілді аппаратты қашықтықтан басқаратындар енді "ұшқыш" деп аталады! Сөйтіп, Қазақстанда "ұшқыш" қаптамақ.

Сонымен, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңына пилотсыз ұшу аппараттарын есепке алуды көздейтін баптар енгізілді. Бұл заң бойынша енді аппараттар міндетті түрде тіркелуі тиіс.

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек заң қабылданған соң, үкіметтің және министрліктің деңгейінде нормативтік-құқықтық актілер қабылданатынын айтады.

"Оған сәйкес, ұшқышсыз аппарат міндетті түрде елімізде сертификаттаудан өтуі және бізде тіркеуге тұруы тиіс", – дейді Жеңіс Қасымбек.

ABCTV порталы Қазақстанда дронды қаншаға сатып алуға болатынын анықтады. Қарапайым модельдерінің құны 45-50 мың теңгеден басталады. Құны 200 доллардан асатын әлдеқайда күрделі аппараттар да бар, олар бірқатар бағдарламалық функцияларға ие.

Әрине, ғаламтор арқылы Жапонияда шығарылған Secom аппаратын тапсырыспен алғызуға да болады. Жол қозғалысы ережелерін бұзушы көліктерді нөміріне дейін айқын суретке түсіретін бұл дрон біздің көшелерде орнатылатын ондаған бейнекамераны ауыстыра алады. Бағасы 6620 доллар және әрқайсысына ай сайынғы қызмет көрсету құны 41 доллар. Осындай заманауи технологиялық жетістіктерді ЭКСПО көрмесі аясында келушілерге көзайым етіп, қолдануға болар еді. Бірақ, жаңа заңды парламент қабылдап үлгерсе, оған тыйым салынатын түрі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу