ДСМ енді 14 күн карантинге кімдер жабылатынын айтты

12211

Ведомство ПТР-тесте кінәрат бар дейді. 

ДСМ енді 14 күн карантинге кімдер жабылатынын айтты

Азаматтар құны аса қымбат, 11,5 мыңнан 16 мыңға дейін баратын ПТР-тестінің нәтижесі жалған болып шығып жатқанына шағымдануда.

Мәселен, Павлодар облысында 4 маусымда Екібастұз қаласының 63 жасар тұрғыны COVID-19 індетінен қайтыс болды. Ол 17 сәуірде ауруханаға жеткізілген екен. Алайда коронавирус бар-жоғын тексеретін тестен өткенде теріс нәтиже көрсеткен. Сондықтан егде жастағы әйелді дәрігерлер үйіне қайтарып жіберіпті. Тек 29 сәуірдегі қайталама талдау вирус барын анықтаған. Жағдайы нашарлаған әйелді дәрігерлер өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға мәжбүр болған. Бірақ бәрі кеш еді.

6 маусымда Павлодар мұнай-химия зауытының құрамына кірген электрмен жабдықтау цехының электрлі-техникалық зертханасының жетекші инженері коронавирус инфекциясынан қаза тапты. Ол жедел жәрдемді екі рет шақырыпты. 30 мамырда провизорлық ауруханаға ауыр жағдайда жеткізіледі. Бірақ КВИ үшін алынған жағынды-мазок теріс нәтиже берді. Тек 1 маусымда қайтадан сынама алғанда ғана індет инфекциясы бары белгілі болды.

Мұндай жағдай барлық дерлік өңірде көрініс табуда.

"Біздің кәсіпорында экспресс-тестілеу жүргізілді. Соның барысында жұмысшылардың бірінен COVID-19 табылды. Бекітілген алгоритмге сәйкес, жұмысшы медициналық мекемеге бағытталды. Сонда дәрігерлер полимераздық тізбекті реакцияға (ПТР) материал алып, тағы тексерді. Зерттеуден кейін онда коронавирус жоқтығы анықталған. Жалпы, ПТР әдісімен диагноз қою қаншалықты дұрыс деген сұрақ туады. Тәжірибе бұл тестілеудің кінәраты барын көрсетіп отыр", – дейді "Востокцветметтің" өнеркәсіптік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Ербол Сәукімбаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті қазақстандықтарды алаңдатқан осы мәселеге түсініктеме берді.

Ведомство ПТР әдісімен тестілеу және экспресс-тестілеу Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың 2020 жылғы 6 маусымдағы қаулысына 31-ші қосымшамен енгізілгенін еске салады.

"ДСМ-ның Медициналық қызметтер сапасы жөніндегі біріккен комиссиясы биылғы 1 сәуірде мақұлдаған COVID-19 диагностикалаудың және емдеудің клиникалық хаттамасына сәйкес, ақырғы диагноз ПТР әдісімен тестілеу нәтижесі негізінде қойылады. Коронавирустық инфекцияға экспресс-тестілеу иммунохроматография әдісімен орындалады. Ол иммуноферменттік анализ (ИФА) қағидатына сүйенеді. Қазіргі кезде ПТР – лабораториялық диагностикалаудың жоғары сезімтал, нақты және сенімді әдісі саналады. Ол COVID-19 вирусы РНК-сының тіпті аз санын да анықтауға мүмкіндік береді", – деді меморган.

Әйткенмен, Денсаулық сақтау министрлігі бұл тесттің де кемеліне жетпегенін және нәтижені ағат көрсетуі мүмкін екенін жасырмады.

"Сонымен бірге, жоғары сезімталдығына және барынша нақтылығына қарамастан, ПТР зерттеулерінде кінәрат (погрешность) болуы мүмкін. Ол бірнеше факторға байланысты болып келеді. Мысалы, сырқаттан анализді дұрыс алмау, қолданылатын тест-жүйенің сезімталдығынан айырылуы, зертханалық жабдықтардың жұмысындағы ақау немесе мамандардың біліктілігінің төмендігі. Осыған орай лабораториялық зерттеулер нәтижесінің сапасы мен шынайылығын қамтамасыз ету мақсатында зертханалар COVID-19 бойынша тестілеу алгоритміне сәйкес, қайталау тестілеу өткізеді. Ол зерттеудің қанша рет жүргізілетіні сырқаттың қандай санатқа жататынына байланысты", – деді ДСМ-ның сапа мен қауіпсіздікті бақылау комитеті.

Нақтылай кетсек, мысалы, коронавирус жұқтырған науқаспен жақын араласқан адам оқшауланудың бірінші күні ПТР әдісімен тест тапсыруға тиіс. Нәтижесі теріс болса, ПТР зерттеу жетінші күні қайталануы керек. Егер коронавирус бар-жоғын анықтайтын қайталама тест тапсырғанда теріс нәтиже алынса, сонымен ол үшін карантин және оқшаулану аяқталады.

Егер вирус анықталса, ол азамат ары қарай оқшауланады және оған қатысты симптомсыз сырқаттарға қолданылатын тактика іске қосылады.

"Яғни, изоляцияның 10 күні симптомсыз вирустасымалдаушы адам ПТР әдісімен КВИ-ге тағы да тексеріледі. Бұл жолы тест теріс нәтиже көрсетсе, карантин доғарылады. Ал КВИ бар болса, карантин 14 күн біткенге дейін ұзартылады. Ақырында тура екі апта өтсе және COVID-19 клиникалық симптомдары сол бойы белгі бермесе, онда сол адамға қатысты карантин жойылады. Карантин алынғасын, ол тіркелген емхананың маманы симптомсыз сырқатқа коронавирустың алдын алу шараларын сақтау қажеттілігі туралы ұсынымдар береді. Атап айтқанда, ол медициналық бетперде тағып жүруі, антисептик қолдануы, қол гигиенасын сақтауы, әлеуметтік алшақтықты ұстануы тиіс", – деді Денсаулық сақтау министрлігі.

Қазақстан коронавируспен күрес аясында алдағы 10 күнде 1,2 миллион ПТР-тесті шетелден сатып алатын болды. Бүгінде елімізде тек 390 мыңдай тест қана қалған. Оның 200 мыңдайы Нұр-Сұлтан мен Алматыға тиесілі. Бұл жөнінде денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева хабарлады. Президент тапсырмасы бойынша енді бір тәулікте жасалатын тестілеу санын 30 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Әзірге ол 28 мыңды құрайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу