Дума сайлауы қарсаңында Ресей оппозициясы басылса да жеңілмей тұр

2823

2024 жылы президенттік өкілеттігі аяқталатын Путинге "Единая Россияның" жексенбіде жеңгені керек. Бірақ бұл партияға электораттың 27 пайызы ғана дауыс беруге дайын. 

Дума сайлауы қарсаңында Ресей оппозициясы басылса да жеңілмей тұр

Ресейде жексенбіде өтетін парламенттік сайлаудан бірнеше ай бұрын билік Кремльдің ең танымал және ең беделді сыншылары қашып кетпес үшін олардың ізіне түсіп, оппозицияны бұрын-соңды болмаған деңгейде басып жаншыды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Кейбіреулердің жаңа репрессиялық заңдарға сәйкес мемлекеттік лауазымдарды иеленуіне тыйым салынды. Өзгелері қудалау қаупінен кейін елден кетуге мәжбүр болды немесе түрмеге жабылды.

Тәуелсіз БАҚ пен адам құқығын қорғаушыларға қысым күшейе түсті: ондаған жаңалықтар агенттігі мен құқық қорғау топтарына "шетелдік агенттер" немесе "қалаусыз ұйымдар" деген қорлаушы айдарлар тағылды.

Қарсыласушы оппозициялық топтар қыркүйектің 19-ыдағы сайлау алдында Кремльдің оларға аз ғана вариант пен ресурстар қалдырғанын мойындап отыр. Үкімет қарсыластарының ойынша, бұл сайлау президент Владимир Путиннің билігін нығайтуды көздейді. Соған қарамастан, оппозиционерлер Мемлекеттік думадағы немесе парламенттегі "Единая Россияның" үстемдігін күйретуден үмітті.

"Билік  бекітпеген көптеген кандидат Мемлекеттік думаның депутаттары мен аймақтық заңнамалық кеңестердің мүшелері атануы үшін біз әлі де "Единая Россиядан" көптеген орынды тартып алғымыз келеді", – дейді түрмеде отырған оппозиция жетекшісі Алексей Навальныйдың басты одақтасы Леонид Волков. 

Бұл сайлау шешуші маңызға ие, өйткені Кремль келесі парламентті толық бақылауды қалап отыр. Биыл таңдалатын Дума Путиннің қазіргі мерзімі аяқталатын 2024 жылы да қызмет етеді. Сол кезде президентке қайта сайлауға түсу немесе билікте қалу үшін басқа да стратегия таңдау керек болады.

"Путин белгісіздікті сақтап, соңғы минутта шешім қабылдағанды ұнатады. Демек, ешкім оның 2024 жылы не істейтінін білмейді. Президент тағы бір сайлауға түсе ме, әлде мұрагерін ұсына ма? ... Бәлкім, конституциялық реформа қажет немесе сайлау заңын өзгерту керек болар? ... Путин үшін барлық жол ашық болуы керек және де ол өзінің мүмкіндіктері шексіз екенін сезінуге тиіс. Сол үшін мемлекет басшысына бағынышты парламент қажет",– дейді Кремльдің бұрынғы спичрайтері, саясаттанушы Аббас Галлямов.

Алайда "Единая Россия" үшін парламенттегі үстемдікті сақтап қалу оңай болмауы мүмкін. Қазір бұл партия Думадағы 450 орынның 334-ін иеленіп отыр.

Тәуелсіз "Левада" орталығының сауалнамасы ресейліктердің тек 27 пайызы биліктегі партияға дауыс беруге дайын екенін көрсетіп берді. Осылайша, Галлямовтың айтуынша,  Ресей басшылығы үшін тығырықтан шығудың жалғыз жолы – оппозицияны басу мен әкімшілік тетіктерді пайдалану.

Навальный – Путиннің ең үлкен сыншысы. Ол соңғы жылдары аймақтық заң шығару органдарындағы "Единая Россияның" үстемдігін жоққа шығарды. Навальный мерзімінен бұрын босату шарттарын бұзғаны үшін 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол нейропсихиатриялық заттан уланып, Германияда емделгеннен кейін еліне оралып, түрмеге түсті.

Навальныйдың басты одақтастарына қылмыстық айып тағылып, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы Қоры мен аймақтық филиалдары экстремистік ұйымдар деп жарияланды. Ал, осы топтармен байланысты жүздеген адам қудаланған. Парламент, сонымен бірге, экстремистік ұйымдарға қатысы бар деген адамдарды қызметке тағайындауға тыйым салатын заңды да жедел мақұлдаған.

Осының бәрінің нәтижесінде Навальныйдың командасынан ешкім сайлауда бақ сынамай, олардың көпшілігі елден кетуге мәжбүр болды. Сонымен қатар, Навальный мен оның серіктестері басқаратын 50 -ге жуық сайт бұғатталып, ондаған аймақтық кеңсе жабылған.

Кремльдің тағы бір әйгілі сыншысы, бұрынғы депутат Дмитрий Гудков маусым айында тәтесімен бірге алаяқтық жасады деген айыппен аз уақытқа қамауға алынды. Гудков Мәскеу ауданында "Единая Россияның" аса танымал емес кандидатына бәсекелес болған. Бірақ билік оны сайлаудан аластатты. Содан кейін оппозиционер елден кетуге бел буыпты.

Билік  Путиннің 10 жыл түрмеде жатып, Лондонға қоныс аударған сыншысы, ресейлік магнат Михаил Ходорковскийді қаржыландыратын "Ашық Ресей" оппозициялық тобының өкілі Андрей Пивоваровты да түрмеге қамады.

Дума сайлауына түсуді жоспарлаған Пивоваров Санкт-Петербургтен Варшаваға аттанайын деп тұрған ұшақтан түсіріліп, оңтүстіктегі Краснодар қаласына жеткізілді. Ол өткен жылы "қалаусыз ұйым" атынан жергілікті кандидатты қолдады деген кінә арқалап, тергеу аяқталғанға дейін абақтыға жабылған.

Осындай қысымдарға қарамастан, Навальныйдың командасы әлі де "Ақылды дауыс беру" стратегиясын енгізуді жоспарлап отыр.  Бұл жобаның мақсаты - "Единая Россияның" үміткерлерін жеңу ықтималдығы басым кандидаттарға қолдау көрсету. 2019 жылы "Ақылды дауыс беру" оппозиция жақтастарына Мәскеу қалалық кеңесіндегі 45 орынның 20 -ын жеңіп алуға көмектесті.  Ал, былтыр өткен аймақтық сайлауда "Единая Россия" үш қаланың заң шығару органдарындағы көпшілік мәртебесінен айрылып қалған.

Волковтың сөзінше, "Ақылды дауыс беруді" насихаттау қиынға соқты. Себебі  оппозицияның ондаған веб-сайты бұғатталып, адамдар түрлі қорқытулардан кейін оған көп тіркелмейтін болған. Алайда, команданың смартфон қосымшасын жүктеушілер рекордтық деңгейге көбейіп, билікке оны бұғаттау оңай болмай отыр.

"Единая Россияға" дауыс беруге қарсы үгіт-насихат тоқтамайтын тәрізді. Пивоваров түрмеге түссе де, оның одақтастары саяси науқанды жалғастыруға шешім қабылдады. Өткен айда олар Мәскеу мен Краснодарда сайлауалды кеңселерін ашып, жақтастарын қарсы алу үшін Пивоваровтың картоннан жасалған бейнесін пайдаланған.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу