Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын мойындамай отыр

2529

Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласында кемшілік көп. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын мойындамай отыр

Бұл туралы мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәжілісменнің мәлімдеуінше, қалдық қаражатпен қаржыландыру және бірнеше рет реформалау саланы тығырыққа тіреді. 

"Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалаудың бірыңғай ақпараттық электронды жүйесінің болмауы азаматтардың денсаулық жағдайын, инфекцияның таралу мүмкіндігі мен ошағын анықтауға қатысты нақты ақпаратқа жедел қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Бұл өз кезегінде эпидемиологиялық ахуалды болжауға және бағалауға кері әсер етеді", – деді депутат мәжілісте өткен үімет сағатында.

Оның айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізудің ашық болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелін арттырады. 

"Осы салада соңғы 3 жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 59 қылмыстық іс тіркелді", – деді Жәмилә Нұрманбетова.

Ол салаға жоғары білікті мамандардың тұрақтамауы өзекті мәселе екеніне назар аударды. 

"Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласына жоғары білікті мамандарды шоғырландыру үшін білім беру бағдарламасын қайта қарау қажет деп санаймыз. Мақсатқа жету жолында гигиена, санитария, эпидемиология, вирусология, бактериология, паразитология, инфекциялық аурулар сияқты бейіндік пәндерді оқыту көлемін ұлғайту қажет", – деді депутат.

Жәмилә Нұрманбетованың айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласының материалдық-техникалық базасы нашар. Жоғары технологиялық және инновациялық зертханалық жабдық жоқ, жеке қорғаныш құралдары жеткіліксіз. 

"Ұлттық сараптама орталығының" материалдық-техникамен жарақтандырылуы 71,6 %-ды, ал зертханалық жабдықтың тозуы 65%-ды құрайды. Ғимараттардың 80 %-ы, автокөліктердің 64%-ы ескірген. Мұндай жағдайда инфекциялық аурулардың ошағын анықтау, өңдеу немесе эпидемияға қарсы шара қабылдау қиын. Жаңа инфекциялық ауруларға арналған тәсілдердің зерделенбеуі, ғылыми зерттеудің болмауы, практика мен ғылым арасындағы байланыстың әлсіздігі, жас ғалымдардың болмауы тиісті шаралар қабылдауды талап етеді. Бұл үшін ғылыми негізделген тәсілдерді ескере отырып, эпидемиологиялық ахуалды болжау моделін жетілдіру керек. Сондай-ақ осы бағыттағы зерттеумен айналысатын жас ғалымдарды қолдау қажет", – деді депутат. 

Жәмилә Нұрманбетова QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мойындату қажет екенін алға тартты. 

"Қазақстан өз вакцинасы бар әлем елдерінің қатарына енді. Келесі қадам қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мойындауы болып отыр", – деді депутат. 

Жәмилә Нұрманбетованың пікірінше, санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жаңғыртудың жол картасын әзірлеу қажет.

"Құжатта нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге, зертханаларды жаңа жабдықпен жарақтандыруға, ғимараттар мен құрылысжайларды қазіргі заман талабына сай етуге, кадрлық әлеуетті күшейтуге және ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Сонымен қатар білікті кадрлар үшін саланың тартымдылығын арттыру жөнінде шаралар кешенін қабылдау керек. Бұл жерде еңбекақы төлеуді, әлеуметтік пакетті, кадрларды даярлау мен қайта даярлауды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету жөніндегі шараларды қоса алғанда, барлық мәселелерді бірге қарау керек", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу