Дүркіреп барып сөнген клубтар қатары көбейді

1303

Бұл қатарға енді алдағы уақытта "Астана" клубы да кіріп қалатын сыңайлы. Елордалық ұжымның жағдайы мүшкіл.

Дүркіреп барып сөнген клубтар қатары көбейді

Қазақ футболында болған оқиғаларды саралай келе логикалық тізбек жасауға болады. Қазақстанның үш дүркін чемпионы, Азия клубтар лигаларында жақсы ойнаған "Елім-ай" клубы кезінде дүркірегенін ел көрді. Талай талантты футболшыларды тәрбиелеп, ішкі біріншілікте алдына жан салмаған клубтан қазір жалғау түгіл жұрнақ та қалған жоқ. Сосын есімізге "Ертіс" клубы түседі. Павлодардың клубы семейлік "Елім-айға" қарағанда ұзақ уақыт дәуірледі. Қазақстанның 5 дүркін чемпионы болған "Ертіс" Азия құрлығында үздік төрт клубтың қатарына кірген заман болды. Достастық кубогі, Чемпиондар лигасы, УЕФА кубогы секілді байрақты бәсекелерде ел намысын қорғады. Павлодар елі де футболға келгенде едәуір мықты болатын. Қазір бұл клубтың заты түгіл, аты да жоқ. Басшылары жиі ауысып, клуб қарызға белшесінен батты. Атақты команда бір күнде бонкрот болып, жабылды да қалды. Басқа-басқа "Ертістің" жабылғаны жанкүйер жүрегіне ауыр тиді. Бұл команданы тек Павлодар облысы емес барша қазақ жанкүйерлері ұнатушы еді.

Ал сәл ертеректе ел астанасында "Жеңіс" деген команда болды. Чемпиондар лигасына тұңғыш болып қатысып, алғашқы тарихи голдарды салған да осы команда болатын. Қазақстан біріншілігі мен Қазақстан кубогін үш реттен жеңген команда сапында ел футболына есімі таныс таланттар өнер көрсетті. Арсен Тлехугов деген шабуылшысы ел чемпионаттарының тарихында ең көп гол (30) салған сұрмерген болып қала берді. Бұл рекордтың әлі де мұрты бұзылмады. Ал Евгений Ловчев пен Давид Лория секілді ойыншыларына шет елдік клубтар қызығушылық танытты. Ақыры соңында бұл клуб та қарыздан көз ашпай құрдымға кетті.

Дүркіреп барып құлаған клубтар қатарына біз "Ақтөбе" командасын да жатқызсақ болады. 2005 пен 2015 жыл аралығындағы 10 жыл бойы бұл команда жүлдегерлер қатарынан түскен жоқ. 5 рет ел чемпионы атанды. 3 реттен күміс пен қола жүлдені жеңді. Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерінде тамаша нәтижелер көрсетті. Еуропа лигасының плэй-офф сатысына дейін жетіп, топтық кезеңге сәл жетпей қалып жатты. Ал одан кейін клубтың бюджеті ортайып қалып, команда қарызға батып, сырттан келген легионерлерге қарыз болып жатты. Біресе ұпайы шегеріліп, біресе жаңа ойыншы тіркей алмай дау-дамайға қалды. Түбі бірінші лигадан бір-ақ шығып, қайта түледі. Биылғы біріншілікте бұл команда 6 орынға әзер ілікті.

Енді осы қатарға тағы бір қазақ клубын қоса берсек болатындай. Алты дүркін чемпион "Астана" клубының басына қара бұлт үйірілді. Тағы да сол қаржылық қиындықтар. Жыл басында айына 39 мың еуро жалақы алып жүрген футболшы Дорин Ротариу УЕФАға шағым түсірген. Іс дау-дамайларды шешу палатасына өтіп, арыз түгелімен қарастырылды. Нәтижесінде "Астана" клубы футболшыға өтемақы төлейтін болыпты. Яғни 591 мың еуроны құрайтын сома төлеуі тиіс. Румыниялық футболшының жыл соңына дейін келісім-шарты болған. Алайда бапкерлік штаб пен клуб басшылығы бұл ойыншыны керек қылмаған. Сонымен қатар ФИФА "Астана" футбол клубына алдағы 3 трансферлік мезгіл барысында жаңадан ойыншылар тіркеуге рұқсат жоқ деп тыйым салды. Бұл жаңалықтан кейін клубтағы бірнеше легионер өзге клубқа ауысуды жөн санап отыр. Мысалы Тигран Барсегян испан Ла-лигасындағы "Эспаньол" клубына ауысады деген сыбыс тарап кетті. Өзгелердің де клуб сапында қалуы неғайбыл. Тіпті, қазақстандық футболшылар да ауыс-түйістен құр алақан қалмайтындай. Мысалы, Исламбек Қуат пен Абат Айымбетовке "Ақтөбе" клубы қызығушылық танытып отыр. Демек келесі жылдан бастап командада Владислав Прокопенко, Сағи Совет, Станислав Басманов секілді жастар ойнай бастауы мүмкін. Еурокубоктердің топтық кезеңінде ойнап үйреніп қалған бұл команда енді ортаңқол ұжымдардың қатарына түсіп, еурокубоктарды біразға дейін ұмыта тұрады. Бұл қазақ футболында әдетке айналып барады. Дүркіреп тұрған клубтарымыз қаржы таусылса бірден әлсіреп кетеді.

Осы орайда шығатын қорытынды біреу ғана. Клубтар ең алдымен өз жағдайларын жасауы тиіс. Мысалы, "Ордабасы", "Тараз", "Қайсар" секілді командалар өте аз бюджетпен жүрсе де, жергілікті футболшыларының арқасында прмеьер-лигада оп-оңай ойнай алады. Өйткені олардың жастар тәрбиелеу ісі жолға қойылған. Ал "Астанада" өзінің базасы жоқ, клуб академия саламыз дегеніне есек дәме болып қалып қойды. Стадион мен қызметкерлері отыратын кеңсені жалға алып жүрген клубта қай бір береке болушы еді. Осы уақытқа дейін өз басына отау тігіп, балалар даярлайтын орталықтар ашып тастауына мүмкіндік болды ғой. Бір күндік есеппен жүргеннен соң, ақыры көретін күндері осы болады екен. "Ертіс", "Жеңіс", "Елім-ай" қатарына "Астанада" келіп қосылуға жақын дей беріңіз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу