Қытай елшілігі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде Шыңжаңдағы музыкалық аспаптарды жасайтын орталық ретінде танымал Цзяи уездіне жол тарттық. Бір қарағанда қым-қуыт тіршіліктен жырақта қалған елдімекен тәрізді. Алайда уезд ұйғыр мәдениеті сақталып жатқан туристік орынға айналғалы қашан. Мұнда түрлі музыкалық аспаптарды кездестіруге болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Цзяи – ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында орналасқан уезд. Өңірде 1309 адам тұрады. 2011 жылы Цзяи уезді Қытайдағы 4А дәрежелі туристік аймақтың қатарына еніпті. Бүгінде ол дәстүрлі ұйғыр мәдениеті тоғысқан мекенге айналып отыр. Елдімекен музыкалық аспаптарды шығарумен танымал. Мұнда ұйғыр ұлттық аспаптарынан бөлек, өзге халықтардың да аспаптары жасалады. Оның ішінде қазақтың қара домбырасы да бар.
Елдімекенге саяхаттап келген туристер музыкалық аспаптарды жасайтын шеберлерді, әр бұрыштан жергілікті мәдениеттің көрінісін тамашалай алады.
Тұрғындардың 45 пайызы музыкалық аспап жасауды біледі. Мұнда бұл игі дәстүрді ұрпақтан ұрпаққа жалғап келе жатқан әулеттер де баршылық. Жергілікті тұрғындардың басқа табыс көзіне сауда мен мал бағу жатады.
Цзяиде ұйғыр ұлттық музыкалық аспаптарына арналған музей 2013 жылы ашылған. Мұнда саттар, танбур, дутар, үрмелі аспаптар, ішекті-шертпелі аспаптар сақтаулы тұр. Музейдің жұмысымен таныстырған гид қазір көне аспаптардың кейбірін жасай алатын шеберлер жоқ екенін айтты.
Аспаптардың қалай дайындалатынын өз көзімізбен көру үшін өндіріс орнына бардық. Цехта 100-ден астам маман жұмыс істейді. Мұнда бір аптада мыңға жуық дутар шығарылады. Бұл орташа алғанда күніне 100-ден 180-ге дейін дутар деген сөз. Сұраныс жоғары болса одан да көп аспап шығарады. Шеберлер тапсырыс түскен жағдайда домбыра да жасайтындарын айтты.
Дутар тұт ағашынан жасалады. Бағасы 250 юаньнан 10 мың юаньға дейін барады. Мамандардың сөзінше, аспап құны қолданылатын тұт ағашының сапасына байланысты. Өндірістегі ең қиын жұмысты, атап айтқанда, ағашты дайындау, оны ою, кесу жұмыстарын ер адамдар істейді. Әйелдер дутарды безендіруге, оның ішегін жасауға жауапты.
38 жастағы Рушангүлдің осы шеберханада істегеніне 5 жылдай уақыт болған.
"Күніне 8 сағат істейміз. Кейде шаршаймыз, жұмыс көп болады, бірақ соған қарамастан жұмысымды жақсы көремін. Мен дутардың шегін жасаймын. Күніне орташа алғанда 30 дутар дайындаймын. Ай сайын алатыным – 1500 юань. Неғұрлым көп істесек, соғұрлым көп ақша табамыз. Ондай кездері айлығымыз 2500 юаньға дейін жетеді. Үш балам бар, күйеуім де осы жерде жұмыс істейді. Екеуміздің табысымыз бір айда 5-6 мың юаньға дейін барады. Бұл ақша біздің қажеттіліктерімізге жетеді", - деді шеберхана маманы Рушангүл.
Дайын болған аспаптардың дені Шыңжаңның басқа аймақтарына жеткізіледі. Бұдан бөлек жергілікті жерге саяхаттап келген туристер де музыкалық аспаптарды сатып алып жатады.