Егемендік пен тәуелсіздіктің айырмашылығы қандай?

14001

Әйтпесе, жұрт жаңылып қалған сияқты.  

Егемендік пен тәуелсіздіктің айырмашылығы қандай? Фото: egemen.kz

"Бүгін еліміздің басты мерекесі..." – кейбір тұлғалар ескі әдетпен осылай құттықтап жатыр. Шынында, биылдан бастап еліміздің басты мерекесі, яғни жалғыз ұлттық мейрамы – 25 қазан – Республика күні болып табылады. Ал 16 желтоқсан – қаптаған мемлекеттік мерекелер қатарына көшірілді. Бұрын ұлтымыздың ең ұлық мерекесі ретінде тойланып келген Тәуелсіздік күніне орай бұл жолы Ақордада алғаш рет салтанатты мерекелік рәсім өтпеді. Елге еңбек сіңірген азаматтарды марапаттау салтанаты да ұйымдастырылмады.

Сонымен бірге осы өзгерістерді ұсынған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталатынын жеткізді:

"Бірақ ол тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек", – деп жаңаша мағына, мазмұн үстеді.

Дегенмен, бұл тәуелсіздік ұғымының деградацияға ұшырағанын білдірмесе керек. Өйткені Ұлы далада жаңа тұрпатты, қуатты мемлекет құруымыз, ұлтты ұйыстыруымыз, ел іргесін бүтіндеп, шекарамызды бекемдеуіміз, экономикамыздың әлеуетін еселеп, Отанымызды бақ-береке мен ынтымақ-бірліктің киелі мекеніне айналдыруымыз – дәл осы Тәуелсіздік арқасы.

Жалпы, егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарына қатысты ғалымдар, саясаттанушылар арасында айтыс-тартыс бар. Мысалы, 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған "Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясына" сәйкес, Қазақстан толыққанды тәуелсіздік ала алмады. Бұл құжат бойынша республика одақтың құрамында қалды, тек одан өз еркімен шығу құқығын сақтады. Тіпті советтік, социалистік деген, мемлекетті ұйымдастырудың таптық сипаты да сақталды.

Қазақстандықтарға қос азаматтық ұсынылды: "Қазақ КСР-інің өз азаматтығы бар және ол әрбiр азаматқа КСРО азаматтығын сақтауға кепiлдiк бередi" - делінген декларацияда.

Мемлекеттік органдарды қалыптастыруда республика дербес болмады: егемендік декларациясында "Қазақ КСР Бас прокурорының кандидатурасын Республика Президентi КСРО Бас прокурорымен келiсе отырып ұсынады", - делінген.

Одақтың заңдары Қазақстан аумағында да қолданылатыны, Қазақ КСР территориясында "оның өз еркiмен Одаққа берген мәселелерi" бойынша одақтың Конституциясы мен заңдарының үстемдiгi орнатылатыны көрсетілген. Бұл азаттықтан гөрі кеңейтілген автономияға көбірек ұқсайтын.

Ал 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы" конституциялық заңында еліміз осы кесірлердің бәрінен құтылып, нағыз тәуелсіздікке қол жеткізді. Мысалы, Егемендік декларациясында қазақ еліне тек ішкі әскерді иеленуге рұқсат етілді: "Қазақ ССР Жоғарғы Советi мен Қазақ ССР Президентіне бағынатын және солардың бақылауында болатын өз iшкi әскерлерiн, мемлекет хауiпсiздiгi және ішкi iстер органдарын ұстауға Қазақ ССР-нің правосы бар". Масқарасы сол, егер қазақ елі өз территориясында әскерлер мен қару-жарақтарды орналастыру мәселелерiн шешкісі келсе, міндетті түрде одақ Үкiметiнің, яғни Мәскеудің келiсiмін алуға тиіс болды.

Ал Тәуелсіздік туралы заңының арқасында 1992 жылғы 7 мамырда төл ұлттық армиямыз – Қазақстанның Қарулы күштері құрылды.

Егемендік декларациясы республикаға сыртқы саясатта дербестік бермеді. Онда да ел үнемі Кремльге қарайлап отыруға мәжбүрленді. Мысалы, құжатта Қазақстан "Бiрiккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мекемелерiнiң қызметiне қатысуға" ғана құқық алды. Яғни, мүше болу туралы армандай алмайтын. Тек Тәуелсіздік туралы заң қабылданған соң ғана, 1992 жылғы 2 наурызда Қазақстан азат ел ретінде БҰҰ-ға мүше болып қабылданды.

Сонда Егемендік дәрежесі Тәелсіздік мәртебесінен төмен болғаны ғой?

Олай емес екен. Белгілі қазақстандық тарихшы, мемлекет тарихының маманы, профессор Виктор Нездемковскийдің түсіндіруінше, егемендік сөзі – ғылыми ұғым. Егемендік, яғни суверенитет терминіне алғашқы анықтаманы сонау Аристотель берген, бертінде Боден мен Гоббс оны жетілдірген. Ал тәуелсіздік пен азаттық ұғымдары негізінен қоғамдық пікірге, әдеби тілге тән. Тәуелсіздік – үлкен жүйеден бөлінуді білдіреді.

"Заманауи ғылым тұрғысынан, егемендік дегеніміз, мемлекеттік биліктің белгілі бір ел ішінде толыққанды үстемдік етуін білдіреді. Ол билік әмбебап, яғни барлық саланы, елдегі барлық субъектілерді қамтиды. Егемен елде мемлекет пен халық билігінен басқа ешқандай билік болмайды. Егемен елдің билігіне барлығы бағынуы шарт. Ал мемлекеттің тәуелсіздігі абсолютті бола алмайды, себебі халықаралық ұйымдардың, шарттардың, жаһандық үрдістердің қатысушысы ретінде мемлекеттерге бәрібір ортақ нормалар мен қағидаттарға бағынуға тура келеді. Халықаралық міндеттемелер оған ықпал етеді. Халықаралық құқықтар белгілі бір мәселеде оның тәуелсіздігін шектеуі мүмкін. Бірақ одан мемлекет егемендігін жоғалтпайды", – деді Виктор Нездемковский.

Заңгер, зерттеуші Рабиға Тұрысбекқызының пікірінше, заң тұрғысынан алғанда егемендік сөзі оңды.

"Мемлекеттің егемендігі мемлекеттің билігі ел ішінде үстем екенін, барлық салаға таралатынын, ал сыртқы саясатта оның кез келген өзге мемлекеттен тәуелсіз, дербес қимылдайтынын білдіреді. Көптеген зерттеушілердің байламынша, тәуелсіздік – заң ғылымында тұманды, бұлыңғыр ұғымдардың бірі болып есептеледі. Оны көбіне саясаткерлер қоғамдық санаға манипуляция жасау үшін қолданады. Әдетте тәуелсіздік сөзіне оң, эмоционалды реңк береді. Бұл сөз Қазақстанда Кеңес одағының күйреуімен тікелей байланыстырылады. Әйтпесе, Қазақ хандығы Әбілхайыр хандығынан тәуелсіздік алды деп айтпайды ғой. Себебі, ол егемен, суверенитеті бар Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын білдіреді. Сондықтан 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған заң Тәуелсіздік туралы деп аталды", – деді сарапшы.

Осы тұрғыдан алғанда, Тәуелсіздік туралы конституциялық заң Қазақстанды шын мәнінде тәуелсіз, унитарлы, демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекетке айналдырды. Қазақстан территориясы шегінде қазақ мемлекетінің егемендігін бекітті.

Жалпы, тәуелсіздік пен егемендік ұғымдарының бір-біріне қайшы келмейтінін, тек толықтыратынын өзге ғалымдар да тұжырымдады.

Академик Мұхтар Құл-Мұхаммед егемен сөзінің түп-төркіні тым тереңде жатқанын анықтапты. Атап айтқанда, ол түркінің "ига", яғни еге сөзінен шыққан. "Көне түркі сөздігінде" "ига" сөзі қожайын деп берілген. Мысал ретінде, "йер, сув игасы" деген тіркес қазақ мифологиясында жиі кездесетін "жер, су иесі" ұғымымен дәлме-дәл үйлесіп тұр. Махмұд Қашқаридың "Диуани лұғат ат-түрігінде" де "ига" сөзі қолданылады: "қаз қопса ордәк көліг иганұр" деген тіркес қазіргі қазақ тіліне "қаз көтерілсе үйректің көлін иемденеді" деп аударылады екен.

Түркия Конституциясын XX ғасырда төрт рет – 1921, 1924, 1961, 1982 жылдары өзгерткен. Оның алтыншы бабы "егеменлік" деп аталады. Баптың алғашқы сөйлемінде: "Егеменлік кайытсыз, шартсыз милетіндір" (VI. Egemenlik. Madde 6 – Egemenlik, kayıtsız şartsız Milletindir), – деп жазылған. Егемендік қайтусыз-біржолата, әрі шартсыз ұлтымызға тиесілі деген сөз.

"Түркияға барған сапарымызда осы елдің Парламенті, Үкіметі, түрлі министрліктері қабырғасынан әр түрік үшін киелі, қастерлі сөзге айналған бұл тіркесті біз де талай көргенбіз және ешбір аудармашысыз-ақ мағынасын дәл танығанбыз. Осыдан отыз екі жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында, 12-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі екінші сессиясының отырысында "Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы" қабылданып, арғы бабалар тарихынан тамыр тартқан көне сөз ресми түрде жаңа мағынаға ие болды. Алғаш Шерхан ағамыз қолданысқа енгізіп, аға газет саналатын "Социалистік Қазақстан" арқылы қазақ қауымының көзі үйреніп, құлағына сіңісті болған, түбі әр қазаққа түсінікті "еге", "ие" сөзінен тараған, мағынасы "өз билігін өзі иелену", "өз мемлекетіне өзі егелік ету" дегенді білдіретін "егемен" термині декларация арқылы ұлттық заңнамамыздан берік орын алды", – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Қалай болғанда, Қазақстан төл мемлекеттік егемендігін де, тәуелсіздігін де қатар сақтап, нығайтқаны маңызды. Ол үшін заманға сай амалы болуы керек. Тәуелсіздігінен айрылып қалған немесе азаттығы үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан айналадағы елдердің тағдырынан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алуы шарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу