"Үйдегі дүкен" форматындағы сауда орындарын басқа да бетбұрыстар күтіп тұр.
"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованың айтуынша, қазіргі кезде әлемдегі барлық дерлік пошталар дағдарысқа тап болып, шығын шегуде.
"Өйткені жыл сайын пошталық жөнелтілімдер шамамен 20%-ға құлдырап барады. Адамдар газет-журнал жазғызып алуды, бір-біріне хат пен сәлемдеме жолдауды қойып барады. Бұл – бірінші фактор. Екінші фактор – алыс қашықтықтар. Ол үлкен шығын әкеледі. Біз күн сайын 6 мың елді мекенге пошта жеткіземіз. Алып аумақтарды қамтимыз. Жыл сайын жанар-жағармай шығындары өсуде. Маршруттерді, тасымалды қамтамасыз ету, жалақыны индексациялау қаржыны қажет етеді. Біз кейде 400 шақырым жердегі ауылға, шағын қалаға 2 хат пен 2 газетті апара жатамыз. Апаруға міндеттіміз. Біз үшін бұл – сын-қатер", – деп баяндады Әсел Жұбанышқызы депутаттарға.
Қазіргі кезде енгізіліп жатқан жаңа тәжірибе бойынша енді қандай да бір ауылдық округтегі немесе аудан орталығындағы нақты бір "үйдегі дүкен" "Қазпоштамен" келісімге отырады. Соның негізінде тауар алу үшін қалаға келгенде, өз тұрғындарына арналған пошталық жөнелтілімдерді, газеттерді ала кетеді.
Дүкендер маркетплейстердің "тапсырыс беру пункттеріне" де айналады. Себебі, Қазақстанда электронды коммерция жыл сайын 13%-дап ұлғайып келеді. Бұл да жаңа әрі үлкен нарық.
"Біз осы трендтерге бейімделіп жатырмыз. 2023 жылы бесжылдық антикризистік жоспар қабылдадық. 2023 жылы тапсырыс бойынша тауар алғызатын сәлемдемелер саны 38 пайызға, 2024 жылғы 10 айда – тағы 28 пайызға өсті. Ең қызығы, мұндай сәлемдемелердің 49%-ы ауылға аттанады. Ауылдықтар көп нәрсеге онлайн тапсырыс бере бастады, бұл бізді қуантады. Біз де осы тренд аясында дамуға тырысудамыз. Пошталық логистикалық қызметтер бойынша табыстарымыз 30 пайызға артты", – деді Әсел Жанасова.
Оның айтуынша, "Қазпошта" ауылдық елді мекендерде де цифрландыруды дамытуды жоспарлады. Цифрлық экожүйеге инвестиция салады.
"Соның арқасында ауылдықтар өз елді мекенінде қаладағыдай қызметтер ала алады. Біз сондай-ақ бизнесімізді диверсификациялап жатырмыз. "Қазпоштаның" республика бойынша 3 мың бөлімшесі бар. Осы желіні ұстап тұру өте қымбатқа түседі. Кейде бөлімшелеріміз бос жатады, қаңырап тұрғаны да жетерлік. Сондықтан "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірге, 2024 жылдан бастап жаңа жобаны іске қостық. Оның аясында 160 "үйдегі дүкенде" пошта бөлімшесін аштық. Жергілікті тұрғындардың жиі бас сұғатын жері сол ғой. Осылайша, "үйдегі дүкендер" бізбен бірге табыс тауып, хат-хабар, сәлемдемелерді тарата бастады", – деді Әсел Жанасова.
Ол 2024 жылдың қорытындысында жобаның "плюске" шығатынына, ал, келесі 3 жылда төрт аяққа тік, нық тұратынына сенетінін жеткізді.
Сондай-ақ мұндай әртараптандыру белсенді жалғасатынын мәлім етті. Бірақ "әлеуметтік міндеттемелерін орындау" мақсатында 3 мың бөлімшені мүмкіндігінше сақтап қалуға тырыспақ: оларды бизнесмендерге жалдауға ұсынады. Пошта соның бір бұрышында ұйлығатын болса керек.
Екі жыл ішінде "Қазпошта" 228 бөлімшесіне жөндеу жүргізген, оған 2 миллиард теңге шығындапты.
"Мен "үйдегі дүкендермен" ынтымақтастықты өрістетіп жатқанымды айттым. Ауыл-аймақта Wildberries, OZON сияқтылардың тапсырыс беру бекеттері болса, олармен де бірлесеміз. Қазіргі уақытта 160 "үйдегі дүкенмен" жұмыс істейдеміз. Жыл соңына дейін олардың санын мыңға жеткіземіз. Келесі жылдары одан да көп болады. 3 мың бөлімше аз, біз "үйдегі дүкендер" арқылы бұдан әлдеқайда көп желіні қамти аламыз. Олар өзара бәсекелесе алады. Қазіргі заманның адамы алысқа баруға ерінеді, барлығы үйінің жанында болғанын және тәулігіне 24 сағат жұмыс істегенін қалайды. Ең бастысы – барынша қолжетімді болуға тиіс", – деді "Қазпошта" басшысы Жанасова.
Өз кезегінде Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында бүкіл сауда саласын цифрландыру міндетін қойды. Бұл процесс "үйдегі дүкендерді" де қамтиды.
Caravan.kz тілшісі Римма Гахова цифрлық трансформация өзі сияқты қарапайым адамдарға қолайлылық әкелетініне сенеді.
"Сүт пен жаңа піскен тоқашты дүкеннен бірден төсегіне әкелуге тапсырыс беру мүмкіндігінен кім бас тартсын?! Оның үстіне үйдегі шағын дүкендердің қожайындары өз клиенттерін бет-жүзінен танып, аттарына дейін біледі. Бірақ бұл шығынды қажет ететіндіктен, оларды жоғарғы технология әлеміне қуып тығу оңайға түспейді. Өйткені тиісті ұялы қосымшаны жүктеп алу, жабдықтар сатып алу, сайт ашып, бабына келтіру, оларға тауарлары туралы бүкіл ақпаратты енгізу, тауарларды фото-видеоға түсіру сияқты қаншама жұмысты атқару қажет", – дейді журналист.
Ол "үйдегі дүкендерге" баруды қатты ұнататынын айтады. Журналист "үйдегі дүкендерде" атмосфера да тартымды екенін, сатушымен ғана емес, көрші-қолаңмен ұшыраса қалып, тілдесуге болатынын нұсқады.
Ірі супер-гипермаркеттер тауар қойылатын әр сөресі үшін қосымша үстемеақылар алатындықтан, отандық өндірушілер өз өнімдерінің бүкіл ассортиментін оларда сата алмайды. Тым қымбат. Есесіне, оларды негізінен үй жанындағы дүкендерден табуға болады.
Ал, цифрландыру бұл форматтағы сауда желілеріне нақты бір тұрғын үй кешенімен, көшемен, шағынауданмен ғана шектелмей, сауда-саттық өрісін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Егер клиенті әлеуметтік желідегі парақшасы, мобильді қосымшасы не маркетплейс арқылы тапсырыс берсе, тауарын курьер арқылы жібере алады.
Мысалы, бұл дүкендер тұрақты клиенттері, жазылушылары үшін базалық азық-түлікке – сүт, нан, май, жұмыртқа, макарон, жармалар және басқасына жеңілдік ұсына алады.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстан бойынша осындай 105 535 шағын дүкен бар. Олардың бәрі курьерлер қызметіне жүгінсе, елімізде осы салада да ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылып, жастар қолы боста тауар тасумен айналыса алар еді.
Өйткені қоғамдық тамақтандыру орындарын қоспағанда, ірі сауда желілерінің төл жеткізу қызметі жұмыс істейді немесе олар нақты бір тасымал компаниясымен тұрақты келісімшартқа отырады.
Болашақта тауар жеткізумен дрондар айналыса алады. Онда жеткізу процесі мейлінше жеделдері даусыз. Үйдегі дүкеннен жаңа әзірленген кофені терезе арқылы бірден төсекке ұсыну да қиялдан шындыққа айналатын күн алыс қалмағанға ұқсайды.