Егілген адамның вакцинациялау паспортын бөтен иемденіп кеткен

3057

"Ashyq" қосымшасы қазақстандықтардың қозғалысын неге шектеуде?  

Егілген адамның вакцинациялау паспортын бөтен иемденіп кеткен

Денсаулық сақтау министрлігі кезекті рет "коронавирусқа қарсы вакцина салғызудың ерікті түрде жүргізілетінін" ескертті. Әйтпесе, мемлекеттік және жекеменшік балабақша басшылықтары "вакцинацияланбаған тәрбиешілер жұмысқа шыға алмайды" деп қорқытып жатқан көрінеді.

Дегенмен, билік халықты екпеге иліктірудің басқа жолын тапты: "Ashyq" қосымшасында жасыл мәртебесі жоқ адамдардың қоғамдық орындарға баруы белсенді шектеле бастады. Ал бұл қосымшада мәртебеңіз "жасылға" боялуы үшін егілуіңіз қажет.

Қалаларда мәртебесі жоқ немесе теріс мәртебелі адамдарға кіруге тыйым салынатын жерлер саны көбейе түсуде. Қазіргі кезде бұған көптеген кинотеатр, монша, сауна, фитнес-клуб, тренажер және спорт залдары, бассейндер, СПА және массаж орталықтары, караоке барлар және өзге де ойын-сауық, демалыс, көңіл көтеру орындары кіруде. Еліміздің 8 өңірінде оған 500-ден астам нысан қосылған. Алда бұл сан күрт артуы мүмкін.

Мысалы, Нұр-Сұлтанда алдағы сәрсенбі, 12 мамырдан бастап, әуежай ішке "Ashyq" арқылы ғана жібере бастамақ. Сондықтан жолаушылардан алдын ала осы қосымшаны жүктеп алып, мәртебені тексеруді сұрауда. Бұл ретте "сары" және "қызыл" мәртебесі бар жолаушыларды терминал ішіне жібермейді.

"Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында 10 мамырдан бастап, жолаушыларды "Ashyq" қосымшасы арқылы жіберу жобасы ендіріледі. 12 мамырда жоба толыққанды іске қосылады деп жоспарлануда. Ұялы қосымшаның Денсаулық сақтау министрлігінің ортақ базасымен интеграциялануы есебінен жолаушының статусы анықталады: оның бойында дәл қазір вирустың бар не жоқтығы белгілі болады. Терминал ғимаратына сары және қызыл мәртебесі бар жолаушылардың кіруіне рұқсат берілмейді", – деп хабарлады әуежай әкімшілігі.

Сонымен бірге "Ашық" кесірінен жолы жабылып, өз ұшағына отыра алмаған жолаушылардың шығынын әуежай өтемейтінін мәлімдеді: "рейске жіберілмеген жағдайда қаражатты қайтару мәселелері бойынша барлық сұрақтармен әуекомпаниясына жүгініңіз!".

Бұл ақпарат әлеуметтік желіде қызу қоғамдық пікір туғызды.

"Өз елімізде қозғалу еркіндігі Ата заңда жазылған. Билік конституциялық құқығымызды өрескел бұзып отыр. Не себепті қайда бара алатынымызды әлдебір жеке компания әзірлеген ұялы қосымша шешуге тиіс? Қалайша барлық қазақстандықтың заңмен қорғалатын медициналық және басқа да деректері жеке компанияның қолына ұстатып қойған? Мемлекет бұған жол бермеу керек", – дейді Абзал Ә.

Ал Галина В. бұл қосымшаның нашар жұмыс істейтініне назар аудартады: "Оған қатысты пайдаланушылардың қалдырып жатқан пікірі кілең жаман, теріс болып келеді. Демек, оны бүкіл республика көлемінде міндетті түрде енгізудің қандай мәні бар? Біреуге емделу, іссапар және басқа да себеппен шұғыл ұшу керек болса, үнемі тежеле беретін, қатеге толы қосымша соған кедергі келтіруі мүмкін. Адамдар онсызда пандемия мен дағдарыстан қиналуда. Билік кезекті кедергісін енгізіп, өмірді қиындатуда", – дейді ол.

Азаматтардың бұл пікірін батысқазақстандық Дина Жанәбілованың бастан кешкен оқиғасы растай түседі. Ол биылғы 12 сәуірде жұбайымен бірге Орал қаласының №4 қалалық емханасында ковидке қарсы вакцинаның бірінші компонентін салғызады. Арада тиісті уақыт өткен соң, екінші дозасын алу үшін емханаға бет алады.

"3 мамырда емханаға барсам, дәрігер әрі-бері қарап, деректер базасында менің бірінші компонентті еккізгенім туралы ешқандай мәлімет таба алмады. Мәселенің мән-жайын анықтау барысында вакцинацияланғандарды тіркеу журналын көтерді. Онда менің деректерім көрсетілген. Сондықтан маған екінші компонентті енгізді. Емханадағылар барлық деректерімнің вакцинацияланған азаматтар базасында көрініс табатынын айтып, уәде берді. Алайда вакцинация паспортын ала алмадым. №4 емханасына қайта жүгінсем, вакцина салғызған азаматтар базасында деректерімнің жоқтығы әшкереленді. Емхана қызметкерлері мені бір кабинеттен екіншісіне қуалады. Не себепті олай болғанын өздері білмейді", – деп қапаланады ол.

Оралдық емханада 12 сәуір күні барлығы 265 адамға екпе салыныпты. Тиісінше, базаға сонша адам енгізілген. Осы себепті емхана Динаға вакцинация паспорты берілмейтінін мәлімдеді. Бұл жерде не қате жіберіліп, не қасақана солай жасалып, Динаның орнына базаға және ұялы қосымшаға өзге біреудің аты-жөні енгізіліп кеткенге ұқсайды.

Осыдан сұрақ туады: коронавирусқа қарсы вакцина салғызғысы келмейтін, алайда "Ashyq" қосымшасында "жасыл" статусқа ие болуды қалайтын қалталы жандар бармақ басты, көз қысты жолмен, тамыр-таныстықпен дегеніне жетпей ме? Егер шынымен екпе салғызған адамның орнына өзгенің дерегі енгізілетін болса, қаншама қазақстандыққа қиянат жасалуы ықтимал.

ДСМ әзірге бұл дерек бойынша түсініктеме берген жоқ.

Кәсіпкер, ақпараттық технологиялар саласындағы компания жетекшісі Болат Башеев "Ashyq" қосымшасының тарихына және ондағы сұрақ туғызатын кілтипанды тұстарға назар аудартты.

"Біріншіден, пандемия басталғанда бас санитарлық дәрігер қаптаған қаулы қабылдап, кәсіпорындар жабылды, салдарынан бизнес шығынға ұшырады, банкрот болды. Екіншіден, кәсіпкерлер дабыл көтеріп, ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінді, көмек сұрады. Бизнес нысандарына жұмысын жалғастыруға және дәрменсіз жағдайға жетпеуге мүмкіндік беретін форматты табуды сұрады. Үшіншіден, бизнес пен Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ келіссөз жүргізу барысында мәмілеге келді: "қауіпсіздік жобасына" қосылып, ауруларды және олармен қатынаста болғандарды кіргізбесе, бизнесін ашуға рұқсат етті. Ұзаққа созылатын бюджеттік рәсімдерді және мыңдаған шағын кәсіпкердің күйреуін күтпеу үшін Виталий Пустовойтенконың "Digital innovation and transformation" компаниясы өз ақшасын салып, "Ashyq" қосымшасын ұсынды", – дейді Б.Башеев.

Ары қарай бас санитарлық дәрігер осы қосымшаға арнап, қаулылар қабылдады. "Ашық" жобасы осылай дүниеге келіп, дәуірлеуде.

Азаматтардың деректері сақталуы үшін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арнайы шешім қабылдап, "Ashyq" жеке қосымшасын "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-ының мемлекеттік дата-орталығында орналастырыпты. "ҰАТ" АҚ-ы eGov.kz "Электрондық Үкімет" порталын жүргізетіні мәлім.

Қазіргі кезде бұл қосымшаға қосылмаған, яғни кіреберісінде клинеттердің "Ашық" мәртебесін тексермейтін бизнес нысандарына есігін ашуға, жұмысына қайта кірісуіне тыйым салынған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу