Екі жүз мың тоннаға жуық дақыл жарамай қалды

Шаруашылықтар күйіп кеткен егістерді есептен шығаруды сұрап отыр.

Екі жүз мың тоннаға жуық дақыл жарамай қалды Фото: irbis.tv

Биылғы күзгі жиын-терім жұмыстары павлодарлық шаруаларға қиынға соғып отыр. Жазғы уақытта жаңбырдың жаумауынан дақылдардың бір бөлігі күйіп кетсе, енді керісінше қыркүйектің басындағы толассыз жауға жаңбыр өнімді жинауға кері әсерін тигізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ала жаздай Павлодар облысындағы егістік алқаптарына бір тамшы жаңбыр түспей, дақылдың бір бөлігі "жанып" кеткен еді. Енді осы айдың басында болған жаңбырлы күндер керісінше қолайсыздық тудыра бастағандай. Алқаптарды арамшөп жайлап, астықты жинау қиындай түсті. Ылғалдылық жоғары болғандықтан, өнімнің сапасы да төмен болуы мүмкін.

"Ауа райының қолайсыздығынан зардап шегіп отырған шаруашылықтар баршылық. Қазірдің өзінде 167 шаруашылық күйіп кеткен шамамен 187 мың егісті есептен шығаруға өтініш берді", - дейді Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімов.

Соған қарамастан, облыс аумағында 300 мың тоннаға жуық бидай алу жоспарланып отыр. Ал аймақтың жылдық сұранысы – 120 мың тонна. Бүгінде 347 мың гектарға егілген дақылдар жиналды. Бұл – жоспардың 37 пайызы. Өнімділік былтырғымен салыстырғанда екі есе төмен. Өткен жылы шаруалар әр гектардан 9,9 центнер өнім алса, биылғы көрсеткіш гектарынан 4,5 центнерді ғана құрап отыр. Жалпы, бүгінде 157 мың тонна дақыл алынды.

Сонымен қатар, биыл өңірде жоспар бойынша 117 мың тонна майлы дақыл, 710 мың тонна картоп және 235 мың тонна көкөніс жиналуы керек. Бүгінгі таңда шаруалар 8,3 мың гектардан 262 мың тонна картоп жинады. Сол сияқты 2,9 мың гектардан барлығы 118 мың тонна көкөніс жиналды. Өнімділік гектарына 413 центнерді құрап отыр.

Бұл ретте жұрттың басты мәселесі шөп дайындау болып отыр. Себебі Ертістен судың аз жайылуы салдарынан шөптің шығымдылығы аса бола қойған жоқ. Дей тұрғанмен, шаруалар шабындыққа шалғы салып, мал азығын әзірлеудің қамымен жүр. Қазіргі таңда барлығы 830 мың тонна жиналып, оның 640 мың тоннасы қыстақтарға жеткізілді. Сонымен қатар, былтырғыдан қалған 220 мың тонналық шөп қоры бар.

Айта кетейік, өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев солтүстік өңірлердегі қолайсыз ауа райына байланысты астық өндірумен айналысатын фермерлік және шаруа қожалықтарына қаржылай және өзге де қажетті көмек көрсетуді тапсырған еді. Бұған дейін Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы қаржылық қиындыққа тірелген 233 шаруашылықтың тізімі жасалғанын айтқан еді. Бұл шаруашылықтың иелері несие мерзімін қайта қарауды сұрап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу