Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығы мен жылу желілеріндегі ақаудың салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар жылудан ажыратылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Кешеден бері облыс әкімінің міндетін атқарушы Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен құрылған жедел штаб түйткілді шешудің амалдарын қарастыруда. Мұндағы қиын жағдайға тап болған балалар орталығының, "Жас өркен" жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері уақытша Павлодар қаласына ауыстырылды. Перзентханадағы жүкті әйелдер де облыс орталығына жеткізілді.
Ал түн ортасында Екібастұз қаласында төтенше жағдай режимі жарияланды.
ҚР "Азаматтық қорғау туралы" Заңының 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жылу желілеріндегі апатқа байланысты қала әкімі техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдайдың жарияланғанын хабарлады.
"Сағат 01:30-дағы жағдай бойынша 20 көпқабатты тұрғын үй, бес әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны әлі де жылусыз қалып отыр. Апаттық режим төтенше жағдай аймағындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанға дейін күшінде болады"-деп хабарлады жергілікті әкімдік.
Айта кетейік, бастапқыда қаладағы 130 тұрғын үй жылусыз қалған еді.