ЭКО квотасы бойынша суррогат ананың көмегімен де бала сүюге болады – сарапшы

Қазақстанда жасанды ұрықтандыру арзан, сондықтан шет елдерден келетін емделушілер қатары көп.  

ЭКО квотасы бойынша суррогат ананың көмегімен де бала сүюге болады – сарапшы

Елімізде сәби сүю бақытына жете алмай жүрген отбасылар көп. Сарапшылар Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15%-ы бедеуліктің зардабын тартып келе жатқанын айтады. Мәселен, 5 жыл бұрын бала сүю бақытынан айырылған 400 мыңнан астам отбасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш артқан. Бұл ресми статистика ғана. Ал деректер тізбегіне ілінбей, шаңырақтары шайқалып жатқан отбасылар қаншама?...

Бұл тақырып Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығы ұйымдастырған ХІІІ Халықаралық конгресіне өзек болды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Бедеулік жағдайының 40%-ы ерлердің белсіздігімен, 30%-ы екі жақты, яғни ері мен әйелінің мүмкіндігінің төмендігіне байланысты. Сондықтан жаңа технологиялармен қатар елімізде ЭКҰ-ға квота бөлу бойынша заңнама жетілдіріліп келеді. 

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшиннің айтуынша елімізде құрсақ аналардың қызметін пайдаланып квота арқылы ЭКҰ жасатуға мүмкіндік беретін құжат әзірленуде. 

"Өмірде әртүрлі жағдай болады. Мәселен, босанып жатқан әйелде қан кетіп, дәрігерлер жатырын алып тастауы мүмкін. Мұндай отбасылар суррогат ананың көмегімен квота арқылы ЭКҰ жасата алады. Бірақ құрсақ ананың қызметін өздері төлейді. Тағы бір мысал, жасы енді 30-ға жеткен әйел аналық безі жасуша бөлмейді. Оған донорлық жасуша салу арқылы көмек көрсете аламыз. Бұл құжаттар қазір дайындалып жатыр, Алайда бұған рұқсат беретін бұйрық шығарылды. Мен мұны саладағы үлкен жетістік деп атар едім", – деді маман. 

Сарапшы атап өткен квотаның мемлекет бөлетін құны өз алдына, ал құрсақ ананың құны қанша? Мұның өзі үлкен бір сауал. 

Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының вице-президенті, Дүниежүзілік репродуктивті медицина қауымдастығының мүшесі, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова елімізде жасанды ұрықтандыру арзан, сондықтан шет елдерден келетін емделушілер қатары көп екенін жеткізді. 

"Орта Азия елдері мен Еуропадан келеді. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан келетіндер өз елдеріндегі ЭКҰ-ның әлі жеткілікті деңгейде дамымағанын алға тартса, еуропалықтардың келуіне бағаның арзандығы және елдерінде жасанды жолмен ұрықтандыруға рұқсаттың жоқтығы әсер етеді", – дейді репродуктолог-эмбриолог.

Былайша айтқанда мұны медициналық туризм деп атауға болады. Қазақстанға иек артатындардың басым бөлігі Қырғызстан азаматтары екен. Одан кейінгі орында Өзбекстан мен Тәжікстан тұр. Себебі бұған дейін аталған Орта Азия елдерінде ЭКҰ-ға мүлде рұқсат берілмей келген. Ал Тәжікстанда тіпті медицинаның аталған бағытына ден қойған бірде-бір орталық жоқ. Сондықтан олар шетел асып, бізге келуге мәжбүр.

Ал Германия, Италия, АҚШ сынды дамыған елдерден келетін отбасылардың көбін ақша мәселесі алаңдатады. 

"АҚШ-та ЭКҰ 20 мың доллардан басталады. Ол ең төмен баға. Орта есеппен бір ЭКҰ-ның құны 40 мың доллар тұрады. Ал Алматыда оның бағасы 2 мың доллар шамасында. Айырмашылық үлкен. Сонымен қатар олар келместен бұрын Қазақстанның бұл саладағы мүмкіндіктерін, жетістіктерін зерттейді. Тек содан кейін ғана шешім қабылдайды", – дейді Салтанат Байқошқарова.

Жетістік демекші, бүгінге дейін елімізде ЭКҰ нәтижесінде 25 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. 2020 жылы 12 500 қосымша репродуктивті әдіс жүзеге асырылды, оның 1 250-і медициналық сақтандыру бағдарламасы аясында іске асқан.

Елімізде алғашқы ЭКҰ зертханасы 25 жыл бұрын ашылды. Сол уақыттан бері эмбриондар мен ооциттерді криоконсервациялау, донорлық жыныс жасушалары бар бағдарламалар, суррогат ана көмегіне жүгіну сынды әдістер қолданылуда. Осы уақытқа дейін елімізде 85 мыңға жуық ерлі-зайыпты қосымша репродуктивті әдістердің көмегіне жүгінді. Оның тиімділігі орта есеппен 15%-дан 42%-ға дейін өсті. Ал бала туу тиімділігі 30%-ға жетті.

"Бұл ең жақсы еуропалық клиникалардың көрсеткішіне сәйкес келеді", – дейді Вячеслав Локшин.

Айта кететіні, 2010 жылдан бері медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 9 050-ге жуық көмекші репродуктивті әдіс қаржыландырылды, нәтижесінде 2 900-ден астам бала дүниеге келді. Ел Президенті 2020 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында квоталар санын 7 000-ға дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл бедеулікгі бар көптеген ерлі-зайыптыларға, әсіресе аз қамтылған отбасыларға көптен күткен мүмкіндік. Бүгінгі таңда осы 7 000 квотаның 6 300-і игерілді. 

"7 000 квота көп пе, аз ба? Маған осы сауалды жиі қояды. Бұл қазірге жеткілікті, бірақ біраз жылдан соң аз болуы мүмкін. Ал 7 000 мың квота нәтижесінде 6-7 мың бала дүниеге келсе, бұл көмек жеткілікті болды деп айта аламыз", – деді Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті.

Еске сала кетсек, 1978 жылдың жазында әлемдегі ең алғашқы "пробиркадағы" сәби дүниеге келді. Ал Қазақстанда жасанды ұрықтандыру әдісі алғаш рет 1995 жылы енгізіліп, 1996 жылдың шілдесінде алғашқы бала өмір есігін ашты. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу