Экология мәселесі: Асқар Мамин сенаторлардың талабын орынсыз деп таныды

1433

Үкімет басшысы Асқар Маминнің есептеуінше ауа тазалығына арналған арнайы заң жобасын әзірлеудің қажеті жоқ. Бұл талапты бұған дейін сенатор Әбдәлі Нұрәлиев бастаған бір топ депутат Үкіметке жолдаған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Экология мәселесі: Асқар Мамин сенаторлардың талабын орынсыз деп таныды Фото: Мария Матвиенко

Сенаторлар атмосфера ауасына ластаушы заттардың шығарылуын қысқартуға, ауа сапасы бойынша жоспарлар мен бағдарламаларды мүлтіксіз орындау бойынша жедел шаралар қабылдауға және ауа тазалығына арналған арнайы заң жобасын әзірлеуді талап еткен. Үкімет тарапынан Асқар Мамин жауап берді.

"Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылау бойынша жұртшылықпен және өңірлердің экобелсенділерімен 17 онлайн кездесу өткізді. Нәтижелері бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, әрбір өңірмен жеке Жол карталары әзірленді. Ол өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шараларды көздейді",– дейді Премьер-министр жауабында.

Талдау барысында елімізде мынадай негізгі мәселелер айқындалған: атмосфералық ауаның ластануы, жер үсті суларының ластануы, қалдықтармен жұмыс істеудің жетілмеген жүйесі, сондай-ақ "тарихи" ластану тәрізді экологиялық проблемалар. Сондай-ақ Үкімет қысқамерзімді перспективада экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі Жол карталарында көзделген ісшараларды орындау және оларды 2024 жылға қарай іске асыру қажет деп есептейді. Бұл іс-шаралар 10 қалада атмосфераның ластану индексінің көрсеткішін жоғары деңгейден орташа деңгейге төмендетуге, 7 жаңа канализациялық-тазарту құрылысжайын салуға, 12 ескі КТҚ-ны реконструкциялау мен жаңғыртуды жүргізуге, 24 жаңа полигон салып, адамдар көп жиналатын 5 полигонды рекультивациялау мен жоюды жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, орман алқаптарында 2 млрд ағаш және елдімекендерде 15 млн ағаш егуге, тарихи ластанған жерлерді қалпына келтіріп, жоюға, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін ағымдағы 15%-дан 30%-ға дейін жеткізуге жол ашады.

"Жол карталарының орындалуын жұртшылық және әкімдік өкілдері тоқсан сайын талқылап отырады. Сонымен қатар, жаңа Экология кодексі шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы жауапкершілікті күшейту, халықаралық тәжірибе мен елдің техникалық және экономикалық мүмкіндіктері негізінде экологиялық реттеудің прогрессивті тетіктерін енгізу көзделген. Халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық реттеудің прогрессивті тетіктерінің енгізілуімен қазіргі экологиялық проблемалармен қазіргі жағдай өзгереді. Өйткені технологиялық процестерді жаңғыртудың арқасында қоршаған ортаға эмиссиялар азаяды. Осыған байланысты, атмосфералық ауаның жай-күйін реттейтін арнайы заң жобасын әзірлеуді орынсыз деп санаймыз, өйткені жаңа Экология кодексінде бұл үшін барлық қажетті тетіктер көзделген", - дейді Үкімет басшысы.

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу