Экология министрлігі балық өңдеу саласын субсидиялауды ұсынды

Ведомство басшысы балық өңдейтін кәсіпорындар үшін ҚҚС мөлшерін үш есе төмендету керек деп есептейді.  

Экология министрлігі балық өңдеу саласын субсидиялауды ұсынды  Фото: otyrar.kz

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, елімізде өндірілетін және өсірілетін балықты терең өңдеу, сонымен қоса, қосылған құны жоғары балық өнімдерін шығару үшін жағдай жасау бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Қазіргі уақытта, 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның ішінде 17 кәсіпорын жоғары талаптарға сай келеді және балық өнімдерін Еуропалық одақ елдеріне экспорттау құқығын алды. Бұл ретте, қосымша тағы 14 қазақстандық кәсіпорын осындай экспорт құқығын алуға өтінім берді", – деді министр Үкімет сағатында.

Сондай-ақ, экспорттық нарықты кеңейту мақсатында Қазақстан мен Қытай арасында ветеринариялық сертификат келісілді, ал Қытай тізіліміне 64 қазақстандық кәсіпорын енгізілді.

Өткен жылы өңдеуге 35 мың тонна шикі балық жіберілді, нәтижесінде 29 мың тонна балық өнімдері алынды. Оның негізгі үлесін салқындатылған және мұздатылған балық өнімдері – 21,6 мың тонна (76%), балық филесі – 4,2 мың тонна (14,8%), сондай - ақ ысталған, тұздалған, тартылған ет және басқалары – 1,5 мың тонна (5,6%), балық ұны-1 мың тонна (3,6%) құрайды. 

Жалпы "Салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы" заң жобасының шеңберінде балық өңдеумен айналысатын субъектілер үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) 70% төмендету көзделеді. Заң жобасы Парламент Сенатының қарауында.

"Сондай-ақ отандық шикізаттан алынған терең өңделген балық өнімдерін субсидиялауды енгізуді жоспарлап отырмыз. Тиісті заң жобасы Үкіметтің қарауында ("Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы).
Сондай-ақ, біз көлеңкелі айналымды азайту үшін балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеудеміз", – деп түйіндеді Брекешев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу