Экология министрлігі ірі су қоймаларының жағдайын жария етті

2895

Жердегі жаһандық жылыну Қазақстандағы онсыз да аз су қоймаларына зиянын тигізуде.  

Экология министрлігі ірі су қоймаларының жағдайын жария етті

Мұны Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі анықтапты, деп жазады іnbusiness.kz.

Каспийдегі порттарға қауіп төнуі мүмкін

Биылғы жылы ақпарат айдынында Қазақстандағы өзендердің тартылып, таязданғаны, ал көлдердің құрғап қалып жатқаны туралы хабарлар жиі бой көтерді. Көріністі әр облыста қырылған малдардың өлекселері тіптен қорқынышты ете түсті. Осыған орай сарапшылар жауапты органдарға хат жолдап, барлық ірі су қоймаларының қазіргі жағдайы жөнінде қоғамды шынайы әрі толыққанды құлағдар етуді сұраған болатын.

Ведомство талдау жүргізе келе, кейбір егжей-тегжейін жариялады.

Каспий теңізінің тағдыры шынымен алаңдатарлық екен. Бұл – ұлы мұхиттарға құймайтын, тиісінше, олардан толықпайтын, құрлықта қысылған бірегей теңіз. Осы ерекшелігіне орай 2018 жылы Ақтауда "Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға" жағалаудағы бес ел басшысы қол қойғанға дейін Каспийді Иран мен Әзербайжан баспасөзі "Хазар көлі" деп атап келді. Егер бұлай бара берсе, Каспийдің көлге айналып кету тәуекелі бар. Қазірдің өзінде оның кейбір тұсында кемелер жүзе алмайды: қайраңдар көбеюде.

"Өзге теңіздердің деңгейінен айырмашылығы сол, жабық су қоймасы саналатын Каспий теңізінің деңгейі жыл сайын, маусым сайын айтарлықтай құбылып тұрады. Оған қатысты жүйелі бақылаулар 1900 жылдан бастап жүргізілген. 1900–2020 жылдары Каспий деңгейі минус 25,74 метр БЖ-ден (биіктіктің "Балтық жүйесінен") минус 29,01 метр БЖ-ге дейінгі аралықта өзгеріп тұрған. 1978 жылдан Каспий теңізінің деңгейі қарқынды түрде көтеріле бастады. Бұл құбылыс 18 жылға созылып, 1995 жылы аяқталды. Осы кезеңде теңіз деңгейі 2,5 метрге жоғарылады. Су деңгейінің көтерілуінің орташа қарқыны осы кезеңде жылына 14 сантиметрді, жекелеген жылдары – 36 см-ді құрады", – деді экология вице-министрі Серікқали Брекешев.

Алайда 1995 жылы теңіз толысуын тоқтатқан. Ал 2006 жылдан бері Каспий теңізінің деңгейі түсіп барады.

"2020 жылы ол -28,24 метр БЖ-ге дейін құлдырады. "Қазгидромет" ғалымдарының болжамынша, мұндай теріс үрдіс енді сақталады. Каспийдің тарихына жүгінсек, теңіз деңгейінің -28,5 метрге дейін төмендеуі теңіздің экожүйесі үшін де, сондай-ақ теңіз шаруашылығы үшін де қауіпті саналады", – деді министрлік басшылығының өкілі.

Ведомствоның тұжырымдауынша, Каспийдің бұлай деградациялануына негізінен климаттың антропогендік, яғни адамзаттың ықпалы кесірінен өзгеруі, суын көбірек жоғалтуы себепкер болуда екен.  2006 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта Каспий теңізінің акваториясына төгілетін жауын-шашын да күрт төмендеген: ғалымдар бақыланатын тарихта мұндай ешқашан болмағанын айтады. Сонымен бір мезгілде теңіз айдынынан судан буланып ұшу процесі қарқын ала түсті.

Тағы бір теріс фактор бар: бұл алып су қоймасы өзіне құятын Еділ (Волга) өзені арқасында толығатын. Ал енді Еділ бассейні де суалып жатыр. Салдарынан одан келетін су ағыны тарихтағы ең төменгі межеге дейін құлдырады.   

"Каспий мен Еділ суының азайып, суалуының басты себебі – бүкіл солтүстік жартышарды қамтыған климаттың жылынуы. Теңіс суының минус 28,5 метрге дейін төмендеуінің экожүйеге кесірі тиюде. Сондай-ақ Каспий жағалауындағы және таяз тұстарындағы шаруашылық қызметті жүргізу айтарлықтай күрделенді. Әсіресе, порт құрылыстарына және теңіз тасымалымен байланысты шаруашылық субъектілеріне қауіп төнеді", – деді министрдің орынбасары.

Кейбір мамандардың жорамалдауынша, Каспий ары қарай құрғай берсе, Ақтау порты мен Құрық порты қайраңда қалқиып қалып, жұмысын тоқтатуы ғажап емес. Онда оларды қайта құрылымдауға, кері шегінген теңізге дендей ендіруге миллиардтар шығындауға тура келуі мүмкін.

Ең қорқыныштысы, ондай теріс өзгерістер табиғатқа орны толмас зиян келтіріп, итбалықтардың, өзге де флора мен фауна өкілдерінің жаппай қырылуына соқтыруы ғажап емес.

Балқаш – суға бай

Балқаш көлінің су деңгейін ғылыми бақылау 1912–1918 жылдары Қарашыған шығанағында басталыпты. Ал 1932 жылдан бергі бақылау Балқаш қаласындағы постта жүзеге асырылады (бұрын оны Бертіс шығанағы, ПБС айлағы деп те атайтын). Бұған қоса, бүгінде 4 көлдік гидрологиялық постарда бақылау жүргізіледі.

Экология министрлігінің талдауынша, Балқаштағы су деңгейінің құбылуына қарай 2 кезеңді ажыратуға болады. 1911–1969 жылдар аралығы – "шартты-табиғи толысу", ал 1970 жылдан бастап – Қапшағай су қоймасының жұмысымен байланысты кезең.  

Балқаш өзенінің су деңгейі 1961 жылы шарықтау шегіне жетіп, 343,03 метрлік межені бағындырды. Одан ары аса алмағанымен, қазіргі кезде сол асуына жақын маңда тұр.

"1970 жылы көл деңгейі күрт төмендей бастады. Өйткені Қапшағай су қоймасы қолданысқа енгізілді. Дегенмен, 1987 жылдан кейін Балқаш деңгейі шамалы толысты. Ал 1998 жылдан 2005 жылға дейін оның деңгейі күрт жоғарылады. Бұған сол уақытта аталған ауданда қар мен жауынның мол болуы нәтижесінде көп ағынды судың құйылуы ықпал еткен екен. Ауа температурасы да сонша ыстық болмаған. Сондай-ақ таудағы мұздықтардың еруі нәтижесінде Іле өзеніне де қосымша су келіп қосылған. 2006 жылы көлдің суы азая бастады. Бірақ 2010 жылы суға қарық болып, жағдай оң жаққа өзгерді, көл деңгейі 20 сантиметрге ұлғайды", – деді Серікқали Брекешев.

Бүгінде Балқаш көлінің су деңгейі 342,5 метр БЖ белгісінде тербелуде. Осыған орай экология ведомствосы "Балқашқа тартылу қаупі төніп тұрған жоқ" деген тоқтамға келді. 

Жайықтың Жол картасы жүзеге асырылуда

Қазақстандықтар Жайық (Урал) өзенінің жағдайына алаңдаулы.

"Кейінгі жылдары ол өте қатты таязданып кетті. Бұлай жалғаса берсе, мұнда экологиялық апат болады. Шенеуніктер Ресейдің су бермей жатқанын, өзеннің бастауына қаптатып бөген салып тастағанын айтады. Ресей біздің одақтасымыз емес пе?! Одақтаспен уағдаласа алмай ма сонда", – деп мәселе көтерді зерттеуші ғалым Әділқан Иксанов.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Серік Қожаниязовтың айтуынша, Жайық өзені бассейнінде су азайған жылдар циклі созылып кетті.

"Салдарынан, өзенде су деңгейі төмендеп барады. Бұл оның экологиялық ахуалының нашарлауына соқтырды. Қазақстан мен Ресей қалыптасқан проблеманы шешуге шаралар қабылдауда. Екі ел арасындағы су қатынастарын 2010 жылғы 7 қыркүйектегі "Трансшекаралық су объектілерін бірлесе пайдалану және қорғау туралы үкіметаралық келісім" реттейді. Келісім аясында Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясы және Жайық өзені бассейні бойынша жұмыс тобы әрекет етеді. Ресейдің Жайық арқылы Қазақстанға жіберетін су көлемін 1996 жылғы 20 маусымда бекітілген Жайық суын бірлесе пайдалану туралы хаттама реттейді. Ол су көлемі – әрбір жылдағы өзен суының болжамды мөлшеріне байланысты", – деді вице-министр.

Хаттамаға сәйкес, Жайық арқылы жіберілетін су көлемі трансшекаралық межеде су мол болған жылдары – орта есеппен 7,8 миллиард текше метрді, су азайған жылдары – 5,4 текше шақырымды, ал құрғақшылық жылдары – 3 текше шақырымды ғана құрайды.

"Жайықтағы су көлемін арттыру мәселесін шешу мақсатында Қазақстан мен Ресей өзендегі заманауи гидрологиялық режимге бірлесе зерттеу жүргізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Зерттеу барысында климаттың өзгеруінің Жайыққа ықпалы, ағын судың қалыптасуына кері ықпал ететін өзге де факторлар ескеріледі, тиісті рекомендациялар түзіледі. 2020 жылдың қазанында Жайық, Ертіс және басқа да ірі өзендердің бассейндерінде зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы бекітілді. Сонымен бірге оның іс-шараларын жүзеге асырудың жұмыс кестесі қабылданды", – дейді экология вице-министрі Серік Қожаниязов.

Қазіргі кезде Бірыңғай жол картасын жүзеге асыру басталды. Министрліктің түсіндіруінше, соның нәтижесінде Жайық трансшекаралық өзенінің гидрологиялық режимін және экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған бірлескен шаралар қабылданады.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу