Экология министрлігі өз тойын ұйымдастырған кәсіпкерді "алдап соққан"

5707

Биылғы 9 айда ғана мемлекеттік тендерлерде орын алған бұзушылықтар мен заңсыздықтар кесірінен мемлекет, тапсырыс берушілер және орындаушылар 1 триллион теңгеден астам шығынға батқан.

Экология министрлігі өз тойын ұйымдастырған кәсіпкерді "алдап соққан"

Мемлекеттік сатып алулар әрдайым даудың ошағы болған. Оның айналасындағы былықтармен құзырлы органдар ондаған жылдар бойы күресіп келеді.

Жалпы алғанда, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысында Қаржы министрлігі 391,9 мың мемлекеттік сатып алу рәсіміне камералдық тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде, олардың 6,7%-ында немесе 26,2 мың мемлекеттік сатып алуда жалпы сомасы 1,1 триллион теңгенің заң бұзушылығы анықталды.

Яғни жөнсіздіктер ауқымы жыл өткен сайын тек өсіп барады. Салыстырсақ, өткен жылы былық-бұзушылықтар үлесі 4,7% ғана болыпты. Былтыр Қаржы министрлігінің жауапты құрылымдары жалпы саны 634,2 мың тендерді тексерген екен.

Бұдан бөлек, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың 9 айында мемлекеттік сатып алу заңнамасы талаптарын аяқасты еткен 5,5 мың бұзушылық тіркелді. Олар бойынша 4,7 мың адам әкімшілік жазаға тартылды. Жалпы сомасы 569,5 млн теңге айыппұл салынған.

Кейінгі үш жыл бойы тендер саласындағы қылмыстар тек артып барады. Егер 2018 жылы бұл салада небәрі 2 723 құқықбұзушылық қана тіркелсе, 2019 жылғы 9 айда бұл сан – 6 674-ке дейін шарықтады. 2020 жылғы ұқсас мерзімде – 5 648-ге, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте – 6 016-ға, ал 2022 жыл басынан – 5 491-ге жетті. Жыл соңында жаңа рекорд тіркелуі ықтимал.

Өңірлер арасында биыл тендер саласындағы былықтар жөнінен Жамбыл (930 тендер лас өткен), Түркістан (585), Қызылорда (548) және Ақтөбе (515 бұзушылық) облыстары алдына қара салмай келеді. Айтпақшы биылғы сәуір-тамызда осы 4 облыстың да басшысы ауысты.

Әрине, тендерге қатысушы компаниялар арасында да өз міндетіне адал болмай, арамдық жасайтындары жетерлік. Қазіргі кезде сатып алуларға "Жосықсыз қатысушылар тізіліміне" 140 330 бизнес нысаны енгізілді. Оның көбі 76 199-і немесе 58,92%-ы мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған. 27 467-і немесе 21,2%-ы – тендерде жеңгенімен, артынша айнып, тапсырыс берушімен мемсатып алу туралы шарт жасасудан жалтарыпты. Тағы 23 795-і немесе 18,4%-ы шарт жасасқанымен, оны орындауды қамтамасыз етуді (жарнаны) енгізу талаптарын бұзған.

Ал сатып алу заңнамасын, талаптарын бұзған меморгандар, шенеуніктер жазалана бермейді, "қара тізімге" енбейді.

Бұл жерде бұрыннан жалғасып келе жатқан сорақы тәжірибе бар: әкімдіктер не министрліктер қандай да бір істе тәжірибесі мол кәсіпорынға, компанияға, бизнесменге хат жолдап, шұғыл шараны жүзеге асыруды сұрайды. Оның ақысын артынша көз қылып, тендер өткізу арқылы төлеуге уәде етеді. Бұл практика әсіресе, ауыл-аймақта кең таралған. Оның жолға қойылғаны сонша, жергілікті кәсіпкерлер артын ойламай, келісе кетеді. Себебі бас тартса, жобаны басқасы алып қояды.

Кәсіпкер Саламат Қабидаев 2022 жылдың сәуірінде Экология министрлігінің сұрауымен Орталық Азия Мемлекетаралық үйлестіру комиссиясының мерейтойлық жиынын және халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізіпті. Сән-салтанатты жиын үшін Түркістан қаласындағы шалқыған байлар ғана бас сұғатын Rixos Turkistan қонақүйі таңдалған екен. Бұл қонақүйде алдағы аптаға, мысалы 10 қарашаға нөмір жалдасаңыз, бір түн ғана түнеу 250 мың теңгеге түседі. Осыдан-ақ ол ордада іс-шара ұйымдастыру қаншалықты қымбат тұратынын түсінуге болады.

"Мен өзімнен талап етілген барлық қызметті дап-дайын күйде ұсындым: кел де, қатыса бер. Яғни комиссияның 30 жылдық мерейтойына қатысушы әрбір отандық және шетелдік қонақтың түнеуі, тамақтануы, әр делегатқа сыйлықтар, үстелге қойылатын тарату материалдары, аудармашылармен қамтамасыз ету, фото және видеотүсірілімдер және басқаларының бәрі менің мойнымда болды. Бәрін қалтқысыз, ың-шыңын шығармай, жоғары деңгейде атқарып шықтық. Бастапқыда бюджет 27 миллион теңгені құраған. Алайда ақыр соңында барлық жұмыстың шығыны 33 950 850 теңгеге жетті. Кейбір делегаттардың жатын орны мен тамақтануын қосымша төлеуіме тура келді", – дейді бизнесмен.

Бұған қоса, мерейтойлық мини-саммитке жиналған министрлер, вице-министрлер мейрамханада жұртпен бірге отырмай, VIP-кабина талап етіпті. Кәсіпкер ол қиғылыққа да қарсы болмай, орындап, қалтасынан қосымша шығын шығарған.

"Grand Ballroom-ға тапсырыс берді. Оны да қосымша төлеуіме тура келді. Залдың арендасын ұзартты. Тағы да басқа ұсақ-түйек, бірақ шартта қарастырылмаған шығыстар болды. Мен кәсіпкер ретінде өз ісімді адал атқару, жүктелген жұмыстарды лайықты жүргізу, сөйтіп, қызметті жоғары деңгейде көрсету үшін дәл осы жобаға арнап, кредит алдым. Қонақтардың бәрі риза болып тарады, жұмыс қорытындысы жақсы бағаланды. Тіпті Экология вице-министрі Серік Қожаниязовтан (ол артынша, биылғы маусымда министрдің орынбасары лауазымынан босатылды) Алғыс хат алдым. Алайда менің жайымды ойлаған ешкім болған жоқ. Менімен сол бойы ешкім де есеп айырыспады. Ақысы тендер өткен соң беріледі деген. Тендер өтіпті. Жұмыс атқарылды. Жарты жыл өтсе де, ақшамды бермеді", – деп қамығады С.Қабидаев.

Белгілі болғандай, тендерде басқа компания жеңімпаз атанған.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікәли Мұқатаев өз министрлігі шынында да осы 2 шараның ұйымдастырушысы болғанын растады. Атап айтқанда, 2022 жылғы сәуірде Орталық Азия елдерінің құрылғанына 30 жыл толған Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының мерейтойлық отырысы, сондай-ақ "Орталық Азия мемлекеттерінің су саласындағы ынтымақтастығының 30 жылы: болашаққа сеніммен көзқарас" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.

Оның түсіндіруінше, көршілес елдермен арадағы бірлескен комиссиялардың және жұмыс топтарының үкіметтік делегацияларының жыл сайынғы отырыстарын өткізу "Трансшекаралық су объектілерін пайдалану және қорғау мәселелері бойынша бірлескен комиссиялар мен жұмыс топтарының отырыстарын өткізудің Іс-шаралар жоспарында" қарастырылған.  

Бұл шараларға Экология министрлігі де, Сыртқы істер министрлігі де қаражат бөледі. Республикалық бюджетте қаржы бекітілді.

"Біздің министрлік "Су ресурстарын тиімді басқару" деп аталатын 254 бағдарламаның осы мәселелер бойынша іргелес мемлекеттермен ынтымақтастықты ұйымдастыруға арналған 105-ші кіші бағдарламасы аясында қызметтерді мемлекеттік сатып алулардың конкурстық рәсімдерін 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың қазанынан дейін созып жіберді. Бұл ретте 2022 жылғы 6 қазанда "Кернеу-К" ЖШС-нен қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарт бекітілді. Дегенмен, министрліктің кепіл хаты "Қабидаев" дара кәсіпкерлігінің атына жазылған. Сондықтан кәсіпкер қарызды өндірту мәселесін сот арқылы ғана шеше алады деген ойдамыз", – деді вице-министр С.Мұқатаев.

Мемлекеттік сатып алу саласын шым-шытырық жайттар, құзырлы органдардың тісі батпас былықтар жайлай беретінге ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу