Экологтар Бадам өзенінің "құпиясын" ашуға тырысуда

2942

Қырылған балыққа қатысты зерттеулер қорытындысы шықты.  

Экологтар Бадам өзенінің "құпиясын" ашуға тырысуда

Шымкент пен Түркістан облысы аумағында ағатын Бадам өзенінде балықтардың жаппай қырылуына соқтырған белгісіз түйткіл қоршаған ортаны қорғау мамандарының мазасын қашырып отыр. "Эко Око" табиғат қорғау қорының басшысы Константин Подушкин оны "түп-төркіні түсініксіз экологиялық апат" деп бағалады. Осы белсіздік кесірінен мемлекет оқиғаның алда қайталанбасына кепілдік бере алмайды.

"Таяуда осы өзенде "маринка" ірі балығы жаппай өлді. Біз жергілікті ақсақалдардан сұрастырдық, олар мұндай оқиғаға бірінші рет куә болып отырғандарын айтады. Сондықтан бұл жайт шымкенттіктер мен түркістандықтардың алаңдаушылығын туғызуда. "Балық шаруашылығы ҒӨО" ЖШС-ның Арал филиалының алдын ала қорытындысына жүгінсек, маринка балығының қырылуына жаңбыр және еріген қар суының құйылуы кесірінен өзен суы температурасының және сапасының күрт өзгеруі түрткі болыпты. Сарапшы білікті болса, мұндай қорытындыны қалай берген? Өйткені өзенге қар мен жаңбыр суы жылда қосылады. Ал балықтың осылай жаппай қырылуы – алғаш рет", – дейді сарапшы.

Оның байламынша, су жануарлары әлденеден қатты уланған.

"Бұл нұсқаның дұрыстығын Бадам суының табиғи емес ағарыңқы-бұлдыр түсі дәлелдей түседі. Әлдебір химиялық зат төгілген бе дерсіз. Өзеннің осы реңкке боялғанын жергілікті тұрғындар да көріпті. Экология министрлігі бұл оқиғаны жеке бақылауына алса дейміз. Әйтпесе, Орал өзеніндегідей жан-жақты әрі ауыр зардаптарға ұшыратуы мүмкін. Жергілікті табиғат қорғауға жауапты құрылымдар бұл істі жылы жауып қоя салады ма деп қауіптенеміз. Кінәлілерді ешкім іздеп таппайтын сияқты", – деді Константин Подушкин. 

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2021 жылғы 8 наурызда аңшылық балық аулаумен айналысатындар Instagram арқылы Бадамда балық жантәсілім етіп жатқаны туралы ақпаратты жариялай сала, Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының Түркістан облысы бойынша Балық инспекциясы қызметкерлері оқиға орнына шұғыл аттанған. Инспекторлар өздерімен бірге шымкенттік әріптестерін, экология, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің, ветеринарлық қызметтің, "Қазгидрометтің" және табиғатты қорғау полициясының өкілдерін ерте барды.

Мамандар жансыз балықтардың өлекселерін Бадам өзенінің ағысы бойында және Сайрамсу өзенімен тоғысатын тұсында да жинап алған.

Сондай-ақ олар "өзеннің кейбір учаскелерінде судың түсі бұлтты ақтан – бұлтты қоңырға дейін өзгергенін" тіркеді.

Бұл ретте экология министрлігі "8 наурыз күні Шымкенттің Әл-Фараби ауданының цемент зауыты ауданында инспекция қызметкерлері 20 келі маринка балығын жинағанын" және "өлі балықтарды жинау жалғасып жатқанын" хабарлады.

Экология, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің және ветеринарлық қызметтің қызметкерлері зерттеулер жүргізу үшін су мен балықтан сынама алған. Бастапқыда "Балық шаруашылығы ҒӨО" ЖШС-ның Арал филиалы "маринканың өліміне жаңбыр және тасқын суларының ағуынан судың сапасы мен температурасының өзгеруі себеп болған" деген алдын ала қорытынды берді. Сонымен бірге осы ғылыми-өндірістік орталық "балықтардың қырылуының нақты себебі зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алғаннан кейін белгілі болатынын" ескертті.

Көптен күтілген зерттеулер қорытындысын Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев жария етті.

"Маринка балығынан алынған сынамаларды зерттеу кезінде трематод пен нематодтың тірі дернәсілдері секілді паразиттер табылмады. Стронций-90 және цезий 137 сияқты радиоактивті элементтер рұқсат етілген шамадан аспайды. "Қазгидромет" зертханасы магнийдің нормадан 2,5–3,6 есеге, ал сульфаттардың 1,1–1,2 есеге асып кеткенін анықтады. Бірақ бұл аталған өзен суының табиғи құрамы ионды-тұзды болып келетінімен байланысты болуы ықтимал. Бадам суының радиологиялық және микробиологиялық көрсеткіштері – рұқсат етілген нормада. Пестицидтер табылмады", – деді Е.Нысанбаев.

Зертхана тағы бір мәселеге назар аударыпты: зерттеу кезінде судағы оттегінің құрамы жоғары (10,46-12,42 мг/дм3) болып шықты.

"Бұл су организмдерінің қалыпты тіршілігі үшін жеткілікті болып табылады. Су сынамасында ластаушы заттардың рұқсат етілген шоғырланудан асқаны байқалмады. Осылайша, лабораториялық зерттеулер нәтижелеріне сәйкес, Бадам өзенінің су сынамасындағы негізгі химиялық көрсеткіштер 3-ші сыныптағы, яғни балық шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын су сапасына арналған стандарттарға лайық. Қазіргі кезде Бадамда өлі балықтардың табылуының жаңа деректері тіркелген жоқ. Өзенге тұрақты бақылау жасалады. Аталған факт бойынша мән-жайды анықтау жалғасуда. Жағдай ерекше бақылауға алынды", – деді вице-министр. 

Жалпы, осы оқиғаға байланысты Шымкенттің Еңбекші ауданының полиция бөлімі 9 наурызда Қылмыстық кодекстің "Балық қорларын қорғау қағидаларын бұзу" атты 336-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін қозғады. Бұл бап 160 АЕК (466 720 теңге) мөлшерінде айып салудан бастап, 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасын ғана көздейді.

Бұған қоса, 10 наурызда Түркістан облысы бойынша Балық инспекциясы Шымкент қаласының прокуратурасына және шымқала мен Түркістан облысының полиция департаменттеріне хат жолдап, табиғат қорғау заңнамасына сай тиісті шара қабылдауды сұраған. Алайда мынадай байламнан кейін айыптыларды іздеу тоқтатылып, ешқандай қылмыстық қудалау болмайтынға ұқсайды.

Бадам өзені Шымкенттен 70 шақырымдай жерде, Қаржантау жотасынан бастау алып, Түркістан облысының Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарының аумақтарында ағады. Ұзындығы 141 шақырым. Онда негізінен маринка, Түркістан гуджоны, жолақты быстрянка, Амур чебачегі сияқты таулы балық түрлері тіршілік етеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу