Экономика: 1990 жылы қандай едік, қазір қандаймыз?

6232

Көрсеткіштер бойынша 32 жыл бұрынғы деңгейіне жете алмаған сала да бар. Осыдан 6 жыл бұрын қазақстандықтардың жартысынан астамы "Кеңес одағы кезінде өмір әлдеқайда жақсы болып еді" депті-мыс. Сауалнама нәтижесі осыны көрсеткен деседі. Қазіргі кезде бұл тақырыпта ашық сауалнама жүргізілмейді. Себебі Мәскеу КСРО сияқты империясын қалпына келтіруге ден қойып, Украинаға соғыс ашқалы кеңес кезін аңсау кері кету әрі қанішерлікті ашық қалаумен тең.

Экономика: 1990 жылы қандай едік, қазір қандаймыз? Фото: liter.kz

Сонымен бірге 2016 жылғы әлеуметтік зерттеудің қорытындыларына да сенім білдіру әбестік. Сауалнаманы посткеңестік кеңістікте тәуелсіз институттар емес, Ресейдің өзі, "Sputnik.Мнения" жобасы аясында ВЦИОМ, M-Vector, Ipsos, Expert Fikri, Qafqaz ұйымдарының көмегімен жүргізді.

Оның нәтижесінде, тек Тәжікстанның (сұралғандардың 39%-ы Кеңес одағын аңсайды, 55%-ы қарсы) және Өзбекстанның (4%-ы оралғысы келеді, 91%-ы қарсы) тұрғындары ғана "КСРО күйреген соң өмір жақсарды" деген пікір айтыпты. Мұның бәрі соғыс қарсаңында "Украина жұрты ресейлік әскерді гүл шоғымен құшақ жая қарсы алады" деген есепке ұқсас, ал өмір шындығынан алыс дүние сияқты. Дегенмен 1990 жылы Қазақстан өзін азат республика деп жариялағанда, экономикамыз қандай күйде еді? Содан бері экономика салалары қаншалықты ілгері оза алды? Өйткені осының бәрі елдің әл-ауқатына тікелей әсер ететіні мәлім.

Жалпы ішкі өнім

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 1990 жылы 29,7 миллиард долларды құрапты. Салыстырсақ, содан бері ел экономикасы 7 еседен астамға ұлғайды. 2022 жылы ЖІӨ көлемі 217 миллиард доллардан асты. Бұл Жаңа Зеландия, Доминикана, Кувейт сияқты елдердің деңгейі. Бірақ бұл Ұлттық экономика министрлігінің ресми дерегі. Ал Дүниежүзілік банк эксперттері өз есебінде Қазақстанның ЖІӨ-сін 543 миллиард доллар деп бағалады. Бұған көлеңкелі экономика да кіретін болса керек. Яғни бұл рас болса, Қазақстан экономикасы Алжир (537 млрд), Ирландия (535), Австрия (523), Израиль (409 млрд доллар) экономикаларын артқа тастаған болып шығады. Ал 1990 жылы Қазақстан ЖІӨ көлемі жөнінен әлемде Ливия (31,1 млрд), Пуэрто Рико (31 млрд), Марокко (30,3), Перу (29,1), Куба (28,6 млрд доллар) қатарында болды.

Жаңа ғана егемендігін жария еткен Қазақстанның әлемдегі үлесі 0,13% болған. Қазір шамамен 0,77%. Қазақстанда жан басына шаққандағы ЖІӨ 1990 жылы 1 811 долларды ғана құрады. Бұл көрсеткіш әлемдегі орташа деңгейден 2 еседен төмен болды. Яғни ол кезде Қазақстан халқы кедей саналды. Әлемдегі жан басына шаққандағы орташа ЖІӨ 4 323 доллар еді.

Салыстыра кетсек, бүгінде, 2022 жылы Қазақстанның осы көрсеткіші 10,7 мың долларға жетті. Енді еліміз ауқаты орташа мемлекеттер санатында.

Сарапшылардың бағалауынша, 2015 жылы девальвация болып, доллар екі есе қымбаттамағанда, пандемия және жаһандық дағдарыс салдарынан экономика рецессияға ұшырамағанда бұл көрсеткіш 33 мың долларға дейін жетер еді. Ел ауқатты болатын еді. Оның үстіне халық саны да артқаны осы көрсеткішке әсер етті. Егер Егемендік декларациясы қабылданған 1990 жылы Қазақстан халқының саны 16,35 миллион адамды құраса, ал 2022 жылғы 1 қыркүйекте қазақстандықтардың саны 19 млн 666,8 мың адамнан асты.

Ауыл шаруашылығы

Жасыратыны жоқ, Кеңес одағы кезінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы қарыштап дамыды. Мысалы, мал шаруашылығына тоқталсақ, 1990 жылы Қазақстанда 9,8 миллион бас – ірі қара мал, 35,7 миллион – қой мен ешкі, 59,9 миллион – құс бағылған.

Салыстыратын болсақ, ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы тамыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 9,4 миллион бас ірі қара мал, 21 миллион – қой мен ешкі, 48 миллион – құс бар. 1990 жылы Қазақстан бір жылда 2 млн 633,7 мың тонна ет өндірді. Ал қазір бір жылда 931,4 мың тонна ет қана өндіре алған екен. Егемендік жарияланған жылы 5 миллион 641,6 мың тонна сүт тапсырылды. 2021 жыл қорытындысында 3 млн 925 мың тонна тауарлық сүт өндірілген.

Егемендік қарсаңында егіншілеріміз 33 миллион тоннаға жуық астықты қамбаға құя алыпты. Ал 2022 жылы аграршылар 21,7 млн тоннадан аса астық жинады. Яғни мемлекет ауыл шаруашылығы саласында 32 жыл бұрынғы биігіне көтеріле алмапты.

Банк секторы

Банк секторы Қазақстанда сарапшылар ең көп сынайтын экономика саласы саналады. Сонымен бірге ол Қазақстанның мақтанышы да. Егемендікті жариялай сала, еліміз нарықтық экономика талаптарына сәйкес келетін төл банк жүйесін құруға кірісті. 1990 жылдың желтоқсанында "Қазақ КСР банктері және банктік қызмет туралы" заңы қабылданды. 1993 жылдың 13 сәуірінде қабылданған жаңа заң бойынша Қазақстан КСРО Мембанкінің Қазақ республикалық банкін ҚР Ұлттық банкіне айналдырды. Сол жылы айырбастау бекеттерінің ашылуы қазақстандықтардың қолма-қол шетел валютасына деген сұранысын қанағаттандырды. Кеңес заманындағы сияқты билік доллар ұстағаны үшін халықты қудаламайтын болды. Бұл да азаттықтың бір игілігі болса керек.

"Банк саласының қарыштап дамуы елде тауарлық-ақшалық қатынастардың өркен жаюына жол ашты. Банктер күн сайын әрі тікелей халық шаруашылығының ілгері басуына ықпал етеді. Олар арқылы отандық бизнес экономикалық, іскерлік мүдделерін қанағаттандыра алады. Банктер қаржылық делдал қызметін атқарып, бюджеттің қаражатын, мемлекеттің, бизнес пен инвесторлардың капиталын, сондай-ақ халықтың жинағын тартып, заемшыларына несие ретінде үлестіру арқылы кәсіпкерліктің өркен жаюына, шаруашылықтың дамуына септесті. Азаматтар ипотека алу арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарта алады. Банктер экономика үшін көптеген қызмет түрін көрсетеді. Қазір мемлекеттік қызметтер де солар арқылы ұсынылып жатыр. Ендеше халықтың шамадан тыс кредиттелуі сияқты теріс жақтары сыртында, банк секторы ел дамуына, азаттықтың нығаюына өзіндік үлесін қоса алды", – дейді қаржыгер Салтанат Бекмырзаева.

Жыл басынан елімізге қоныс аударған украиналық, ресейлік, беларусьтік релоканттар оған жоғары баға беріп жатты.

Ресейлік экономист Алексей Яковлевтің айтуынша, санкциялар аясында Visa, MasterCard карталары бұғатталғалы, РФ азаматтары арасында Армения мен Өзбекстанға карталық туризм аса танымал болды.

Бұдан бөлек, ресейліктер Түркия, Грузия, Сербия, Қырғызстанға ағылды. Бірақ ол осы елдердің банк жүйелерін талдай келе, ешқайсысын таңдамапты. Карта шығару шарттары тым күрделі, қымбат, әрі банктерінің шарттары қолайсыз деген байламға келіпті.

"Бұл жөнінен Қазақстан ұнады. Әрине, бүгінде шетелдіктерге карта беру біршама қиындатылды. Мысалы, енді картаны 10 күнге дейін күту керек дейді. Бірақ жалпы алғанда, қазақстандық банк секторы керемет таңдандырды. Атаулы картаның өзін Ресейдегідей бірнеше күн күтпейсің, сол жерде шығарып береді. Банктік өнімдер жақсы дамыған. Ақша аудару, валюта айырбастау, депозит ашу және оны толықтыру, халықаралық ақша аударымдарым жасау және басқасының бәрін қазақстандықтар ешқайда бармай, смартфонындағы банк қосымшалары арқылы жүзеге асырады. Тіпті жәрдемақы рәсімдеу, туу туралы куәлік алу, автокөлікті қайта рәсімдеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, бизнес пен компанияны тіркеу, айыппұл төлеу және басқа да қаптаған мемлекеттік қызметтер банк қосымшалары арқылы көрсетіледі екен. Бізде бұл үшін қаншама кеңсенің табалдырығын тоздырасың. Қазақстандықтар әмиянның не екенін ұмыта бастапты, бәрін Каспи арқылы төлейді. Менің қорытындым: Қазақстанның банк секторы өте дамыған, халыққа бәрі ыңғайлы. Бұл жөнінен Қазақстан ХХI ғасыр ортасында өмір сүріп жатқан сияқты. Өйткені АҚШ-тың өзінде көп жерде қолма-қол ақша, цент талап етеді", – деді ресейлік экономист А.Яковлев.

Бір қынжылтатыны, бүгінде бұл сала олигополиялануда, яғни банктер саны тым аз. Қазақстандық экономист, экономика ғылымдарының докторы Берлин Иришевтің мәліметінше, азат ел болардың алдында, 1987 жылға дейін Қазақстанның банк секторы 2 ғана банктен тұрған: Мембанк және Құрылыс банкі (Стройбанк). 1987 жылы Құрылыс банкі базасында 3 салалық банк құрылды: "Промстройбанк", "Агропромбанк" және "Жилстройбанк". Бұған қоса, 1990 жылы Қазақстанда КСРО Сыртқы экономикалық банкінің бөлімшесі құрылды. Оның ашылуы арқасында Қазақстан шетелмен өз бетінше сауда жасап, алғаш рет сыртқы экономикалық, банктік операцияларды қаржылай қамтамасыз етуге мүмкіндік алды. Тәуелсіздік алып, нарықтық жолға түскен соң 1994 жылы банктердің жалпы саны 230-ға жетті. Қазіргі кезде Қазақстанда 22 банк қана қалды. Бұл тіпті шағын ел Қырғызстаннан да аз: оларда 23 банк бар.

Адами капиталдың дамуы

Экономика ғылымдарының магистрі, қазақстандық зерттеуші, аға оқытушы Алена Далькенің пікірінше, азаттыққа қол жеткелі Қазақстандағы адами капиталдың сапасы ауыз толтырып айтарлықтай артты.

"Адам капиталының дамуы елдің өркениеттілігін, өркендегенін білдіреді. Адами даму дегеніміз – әр мемлекеттің өз адамдарының мүмкіндіктерін кеңейту процесі. Оның ішіндегі ең маңыздысы – өз азаматына ұзақ әрі дені сау өмір сүруге, білім алуға және тұрмысының лайықты болуына мемлекеттің мүмкіндік жасауы. Егер дәл осылар азаматтарға қол жетімсіз болса, онда басқа мүмкіндіктер де болмайды. 1990 жылы Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасының "Адами даму индексі" атты тұңғыш рейтингіне және баяндамасына ілікті",  деді ғалым Алена Дальке.

Сонда Қазақстан 0,650 балл алып, 66 орынға тұрақтады. Яғни "Адами әлеуетінің даму деңгейі жоғары елдер" санатында болды. Біздің алдымызда Тринидад пен Тобаго, Сербия, Беларусь, Коста-Рика, Перу, Албания және Ресей болыпты. 2022 жылы Қазақстан 0,811 балмен 56-шы тұғырға орналасты. Соның алдында ғана, 2020 жылы еліміз 50-ші орында болып еді, яғни біршама төмендеді. Бірақ соның өзінде қазіргі кезде қазақ елі "Адами әлеуетінің даму деңгейі өте жоғары елдер" санатына өтті. Бұл ретте қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 1990 жылы 66,7 жасты құрапты. Ал 2021 жылдың қорытындысында орташа өмір сүру ұзақтығы 70,2 жасты құрады (2020 жылы 71,4 жас болған). Қазақстандықтардың егемендік бастауындағы жылдарға қарағанда көбірек жасай бастауы арқасында халық саны да көбейді.

Әлеуметтанушылар қазір қазақстандықтарға өмір сүру әлдеқайда қызықты бола түскенін айтады. Егемендік жариялаған тұста елде 3 арна ғана болған. Қазіргі кезде олардың саны 25. Соның ішінде 15-і міндетті телеарналар тізіміне кіреді және тегін көрсетіледі. Әрине, қазақстандықтар операторлар арқылы кабелді немесе спутниктік телевизияға қосылып, отандық және шетелдік 1,5 мың түрлі тілдегі телеарнаны тамашалай алады. Жалпы SES халықаралық спутниктік оператордың дерегінше, әлемде қазір 37 600-ден астам телеарна жұмыс істейді екен. Оның кез келгені қазақстандықтарға да қолжетімді. Кабельді, wi-fi немесе мобильді интернет арқылы тамашалай алады. Әр жылдарда басылған Қазақстанның статистикалық жинақтарынан біраз қызық жайтқа қанығуға болады. Тұрмыстық құрылғылар жөнінен де 1990 жылы өмір сүрген қазақстандық қазіргі кез келген қазақстандыққа қызыға, қызғана қарар еді. Кеңес одағы ыдырайтын тұста Қазақстандағы әрбір 100 шаңырақтың 70-інде теледидар, 80-інде тоңазытқыш, шамамен 90-ында кір жуу машинасы болған көрінеді. Ал қазір әрбір 100 баспанаға 250 теледидардан, 160 тоңазытқыштан, 130 кір жуу машинасынан келеді екен. Мәселен, бүгінде кейбір қазақ шаңырақтары негізгі тоңазытқыш сыртында соғым, ет сақтау үшін жеке мұздатқыш ұстайтынына жұрт таңқалмайтын болды.

Тұрғын үй құрылысы кеңес заманындағылар армандай алмайтын деңгейге жетті. Ол кезде орта есеппен жылына 6,1 миллион шаршы метр баспана қолданысқа берілетін, оның ішінде саман үйлер де бар еді. Ал 2021 жылы Қазақстанда 17,1 миллион шаршы метр, яғни үш еседей көп тұрғын үй іске қосылған. Өзге салалардан да жетістіктерді табуға болады.

Мысалы, қазақ тілінде оқитын балалар саны 1990 жылдан бері 2 есеге артты. Орысша және аралас оқитын шәкірттер саны 2,5 есеге азайды. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2022-2023 оқу жылында оқушылардың 70,5%-ы қазақ тіліндегі оқуды таңдады. Осының бәрі азаттықтың арқасы, тәуелсіз дамудың жемістері. Амандық болып, мемлекеттілігіміз мықты, тәуелсіздігіміз тұрақты тұрса, бұл жетістіктер тек арта беретіні даусыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу