Экономика министрінің жұмысынан неге қуылғаны мәлім болды

1030

Экономикалық өсім бойынша мемлекет алдына қойылған "ұлы міндет" орындалмай қалғалы тұр.

Экономика министрінің жұмысынан неге қуылғаны мәлім болды Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысының 2024 жылғы 21 желтоқсандағы жарлығымен Нұрлан Серікұлы Байбазаров Премьер-министрдің орынбасары лауазымынан да, Ұлттық экономика министрі лауазымынан да қатар босатылды.

Бұған дейін, 2023 жылғы 5 қазаннан бері "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы болған Нұрлан Байбазаров мансаптың ең шырқау шыңына, яғни, Үкімет басшысының орынбасары және еліміздің бас экономисті орнына 2024 жылғы 6 ақпанда ғана қонжиған еді.

Тіпті бір жыл да байыздап отыра алмай, орынтағынан ауып қалды. Содан сарапшылар: "Неге?" деген бір сұраққа бас қатыруда. Біразының байламы бір арнада тоғысады. Қазақстанның экономикалық өсімі биыл тым нашар болып шықты. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан бүкіл Орталық Азия елдерінің соңында қалды.

Өзге үкіметтердің барлығы биылғы жетістіктерін мақтана жариялауда. Халықаралық қаржы институттары 2024 жылы Қырғызстанды өсім бойынша аймақтың жаңа лидері деп таныды. Қырғыз Республикасының Ұлттық статистика комитетінің хабарлауынша, осы жылғы қаңтар-қараша айларында қырғыз ағайындардың экономикасы бірден 1,2 триллион сомға (7 трлн 224 миллиард теңгеге) артты. Бұл ретте ЖІӨ өсімі рекордтық 9%-ға жетті.

ТР Министрлер кабинеті өз отырысында биылғы жылдың алдын ала қорытындысы бойынша Тәжікстанның ЖІӨ-сінің 8,4%-ға өскенін мәлімдеді.

Өзбекстан экономикасының өсімі де қуатты қарқын алыпты. Өзбек ағайындар 2024 жылы дамушы елдер арасында ең жылдам өсуші экономикалардың ТОП-20 (жиырмалығына) кірді. 

Өзінің күні кешегі жаңартылған есебінде ӨР Экономикалық зерттеулер және реформалар орталығы Өзбекстанның ЖІӨ-сі 2024 жыл қорытындысында 6,5% өсімге қол жеткізетінін мәлім етті. Орталық сарапшыларының айтуынша, экономиканың бірнеше жыл қатарынан орнықты өсімі шешуші салалардың белсенді дамуымен және елге шетелден келген инвестициялардың күрт артуымен байланысты.

Бұл жерде ала шапанды өзбек ағайындардың сарапшыларды таңғалдырып, тәнті ететін көрсеткіші бар: Іскерлік белсенділік индексі былтырғы жылмен салыстырғанда бірден 33,8% өскен.

Вице-премьер Ходжамырат Гельдымырадов мәлімдегендей, 2024 жылғы 11 айда Түрікменстанның ЖІӨ-сі 6,3%-ға ұлғайды.

Олардың қасында қазақ ұялғандай. Бұған дейін ұлттық экономика экс-министрі Нұрлан Байбазаров айтқандай, 2024 жылдың 11 айында Қазақстанның ЖІӨ-сінің өсімі небәрі 4,4% болды.

Бұл аз болса, Үкімет осы каденциясында Президенттің экономика саласында қойған басты тарихи тапсырмасын орындай алмай тұр. Бұған өзге депутаттармен бірге Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов назар аудартты.

2023 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы "Әділетті Қазақстанның" жаңа экономикалық бағытын жариялады және 2029 жылға дейін ұлттық экономиканы екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу міндетін қойды.  

"2024 жылдың басында, 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жаңа Үкіметке қадап тапсырды. Ел экономикасының ауқымы осы бесжылдықта екі есе ұлғайып, 450 миллиард АҚШ доллары межесіне жетуге тиіс. Бұл үшін елдің ЖІӨ-сі жыл сайын кем дегенде 6%-дап өсуге тиіс! Одан көп бола алады, кем бола алмайды. Алайда Үкіметтің жаңа бекітілген "Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына" сәйкес, 2025-2029 жылдары ел экономикасының жыл сайынғы өсімі 5,1-5,6% аралығында ғана болады. 6 пайызға да жетпейді. Мұндай жоспарлау Президенттің тапсырмасының орындалмауына соқтырады. Мұндай жоспармен экономиканы екі еселеу мақсаты шындыққа жанаспайтын болады", – деді мәжілісмен Рақымжанов.

Осының алдында Үкімет басшысы Олжас Бектенов Парламент жақтан ескен осынау "алаңдаушылық лебіне" жауап берген болатын.

"Жасыратыны жоқ, шынында бұл мәселе көкейкесті болып тұр. 2025-2029 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сай, елдің ЖІӨ-сінің өсімі орта есеппен 5,4 пайыз деңгейінде жоспарланған. Егер, бұл көрсеткішке жете алсақ, республиканың жалпы ішкі өнімі 2025 жылғы 321 миллиард доллардан 2029 жылы 498 миллиард долларға дейін артуы мүмкін. Осылайша, Мемлекет басшысы қойған, 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні 450 млрд долларға жеткізу міндеті орындалар еді", – деді Олжас Бектенов.

Бірақ, Үкімет басшысының Мәжіліске бұл жауабы айтылғанда, 30 қазанда 1 АҚШ доллары 487 теңге ғана тұрды. Үкіметтің бұл есеп-қисабы ескі курсқа құрылған болатын. Ал, Ұлттық банктің бағамы бойынша бүгінде, 2024 жылғы 21 желтоқсанда 1 доллар 523,86 теңгеге теңелді.

Қазақстанда жалпы ішкі өнім теңгемен қалыптасатынын ескерсек, девальвация салдарынан 450 млрд доллар межесі алыстай түсті.  

Өз кезегінде Олжас Бектенов те Үкіметтің келесі жылы 5,4 пайыздық өсімге қанағаттана алмайтынын растады.

"Үкімет өз алдына әлдеқайда биік бағдарлар белгілеп отыр. Олар 2029 жылға дейінгі Қазақстанның ұлттық даму жоспарында бекітілген. Бұл құжатқа сәйкес, Қазақстанда ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі 5,6-6,9%-ды құрауға тиіс. Бұл – өте өршіл міндет. Мұндай көрсеткіштерге жету үшін экономиканы әртараптандыру, анағұрлым терең өңделген, қосылған құны жоғары өнімдердің өндірісін елде ұйымдастырып, кәсіпорындарын жаппай іске қосу бойынша белсенді жұмыс талап етіледі. Ең бастысы, біз шикізатқа тәуелділіктен құтылуға тиіспіз", – делінген Үкімет басшысының жауабында.

Үкіметтің бір жұбанышы, бір қуанышы ғана бар. 2024 жылғы ЖІӨ-нің төрт пайыздық өсіміне мұнайлық емес сектор ықпал етіп, "негізгі драйвері" болды (оның өсімі 5,1%). Яғни, өсімге мұнайлық сектордың көрсеткіштері құлдыраған жағдайда қол жеткізілді.

Одан кейінгі локомотиві – сауда секторы (8,2%). Онда бөлшек сауда жоғары қарқын көрсетуде. Қаржының құнсыздануынан қорыққан жұрт қолындағы ақшасына тездетіп керек-жарақ сатып алуға ұмтылды.

Сондай-ақ, биыл егіннің бітік шығуы арқасында астықтан рекорд жасалды. Нәтижесінде, өткен жылдары жетістіктерімен қуанта алмай жүрген ауыл шаруашылығы 2024 жылы бірден 11,4%-ға өсімге шықты.

Тек трейдерлер мен диқандар Ресейдің өз аумағы арқылы қазақ өнімін экспортқа өткізбей қоюы, теміржол вагондарының жетіспеуі кесірінен биылғы астығын шетелге шығара алмай, олар шіріп жатқанын айтып, дабыл қағуда. Бұлай шығын шеге берсе, егіншілер келесі жылы рекорд жасаудан ат-тонын ала қашуы мүмкін. Онда ЖІӨ төмендемей ме?

2024 жылы экономиканың өсуіне құрылыс саласы да серпін беріпті. Өсімі – 10%-дан астам. Алайда, сарапшылар жаңа Салық кодексінде тұрғын үй құрылысын жеңілдіктен айырып, оған қосылған құн салығын енгізу бұл секторды күйретуі мүмкін дейді. Ондай жағдайда ЖІӨ-нің төрт пайыздық өсіміне жету де мұң болмай ма?

Экономиканың өсу қарқынын арттыру үшін Үкімет басты проблеманы – "ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып, елге салмақты инвестицияларды тарту мәселесін шешуге" уәде етіп отыр.

"Біздің ойымызша, 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды іске асыру – өсімнің бір қайнарына айналады. Жоспарда әртүрлі инфрақұрылымдық жобаларға өте қомақты инвестициялар тарту көзделген. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша бүгінде біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа ұлттық жобаны әзірледік. Ол 2029-2030 жылдарға дейін ТКШ саласына жалпы көлемі 10 триллион теңге инвестиция салуды қарастырады. Бұдан қазіргі кезде жыларман жағдайдағы инженерлік инфрақұрылым біршама жаңарады, бұл отандық бизнес үшін үлкен резерв-әлеует береді. Оған керек тауарлар, қызметтер отандық бизнестен сатып алынады. Осы арқылы Президент қойған өршіл міндет, сөзсіз, орындалады", – деді Олжас Бектенов.

Алайда, депутаттардың өзі бұрынғы 30 жылда жасалмаған бұл жұмыстардың осы бесжылдықта қарқынды жүзеге асарына сенбейді.

"Мысалы, сонау 2020 жылы Президент квазимемлекеттік компаниялардың барлығы бірыңғай сатып алу жүйесіне көшуі керек деп тапсырма берген болатын. Бірақ қазіргі таңда "Самұрық-Қазына" порталы да, жер қойнауын пайдаланушылардың NADLoC порталы да жұмыс істеп жатыр. Жергілікті мазмұн сол бойы үдемелі дамымады. Біздің жергілікті өндірушілер тендерде Еуразиялық одақтың алпауыты Ресеймен, оның ең жақын серіктесі Беларусьпен ашық бәсекелестікке түсуге мәжбүр. Отандық өндірушілерді қорғай алмай қалуымыз ықтимал", – дейді Руслан Берденов.

Өйткені, одақ аясындағы келісімге сәйкес, келер жылдан бастап, Ресей мен Беларусь бизнесі де қазақстандық мемлекеттік сатып алуларға қатыса бастайды.

Депутаттың пікірінше, теңге девальвацияланған соң, 2029 жылы ел экономикасын 450 миллиард долларға жеткізу үшін енді Қазақстанға ЖІӨ-нің 6 пайыздап өсуі де аз болады, жыл сайын 11 пайызға өсіріп отыруы қажет. Өйткені, Үкіметтің осыған қатысты бұрынғы жоспарлары "1 доллар 470 теңге болады" деген болжамға құрылған.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында үш порталдың қатар жұмыс істеп, отандық өндірушілерді жаңылыстыруы, олардың тендерлерге қатысуына кедергі келтіруі де бұрынғы экономика министрлігінің шеше алмай кеткен мәселесі саналады.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, биыл Парламент "Мемлекеттік сатып алулар туралы" жаңа заң қабылдады. Сол заңға сәйкес үш платформа орнына келесі жылы бірыңғай платформа енгізілуге тиіс. Техникалық жағынан ол дайын көрінеді. Сондықтан "Самұрық-Қазына" қоры электронды сатып алу порталын жойып, оны жаңа порталға қосуы шарт.

Алайда, Президент айтқан бұл тапсырманың нақты қашан орындалатыны да әзірге белгісіз. Оны жаңа экономика министрі нақтыласа жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу