Іnbusiness.kz порталының тілшісі осы ретте экономист Бауыржан Ысқақовты әңгімеге тартып, туындаған ахуал несімен қауіпті, несімен ұтымды екенін біліп көрді.
– Бауыржан мырза, дәл қазір Ресей рублінің теңгеге шаққандағы бағамының өсуі жайлы экономистер әртүрлі пікір айтып жатыр. Бірі енді қазақстандық тауарлардың Ресейге өтімділігі жақсаратынын айтса, екіншісі Қазақстан нарығы әлем бас тартып жатқан рубльге толып кететініне алаңдайды. Рубль бағамының өсуіне және оның Қазақстан нарығына әсері жайлы не ойлайсыз?
– Қазір рубль тым қымбаттап, 9 теңгеге таяп қалды. Ең алдымен, көрші елдің валютасы неге қымбаттап жатқанына мән берейік. Оның бізге қандай әсері бар? Қазір бәрі Ресей рублінің өтімділігіне байланысты. Өйткені Ресей бұрындары экспортқа шығаратын тауарларды сол елдің валютасымен сатып келсе, қазір Батыс елдері мен АҚШ салған санкцияларға қарсы принциппен, мұнай мен газды сатып алатын болсаңыздар, бәрін рубльмен аласыздар деп талап қойды. Бұл фактор айналып келгенде рубль бағамының күшеюіне әсерін тигізді.
– Әйткенмен, таяқтың екінші ұшы бар ғой?
– Әлбетте, мұның екінші жағы да бар. Санкциялардың кері әсері көп болып жатыр. Ресейдегі Батыс елдері мен АҚШ-қа тиесілі ірі кәсіпорындардың бәрі де жұмысын тоқтатты. Ресей өзіндегі ішкі сұраныстан қарағанда өнімдерін сыртқа шығарған тиімді болып тұр. Қазір олар Қазақстанды одақтас, екіншіден таргет мемлекет ретінде пайдаланғысы келеді. Ресейдің қаражаты мол кәсіпорындары бүгінгі күні Қазақстанда бизнес ашу арқылы басқа мемлекеттерге шығу жолдарын қарастырып жатыр. Бірінші кезекте, осы жағдай Қазақстанның экономикалық жай-күйіне нұқсан келтіретін болса, біз шектеу қоя білуіміз керек. Неліктен Ресейдің рублін шілденің 15-нен бастап тамыздың 31-не дейін қанша мөлшерде алып шықса да, рұқсат беретін заң қабылданғалы жатыр? Яғни біздің нарыққа Ресей рублінің тым көп еніп кетуі жағынан проблема бар. Ресейліктер бұрынғыдай тікелей Батыс елдеріне шыға алмайтындықтан, қазір Қазақстанды пайдалануға күш салуда. Соның салдарынан Қазақстан нарығынан жоғары рубльдердің қалыптасуы болып жатыр. Осы фактор теңгенің де инфляцияға ұшырауына өзіндік әсерін тигізбес үшін Қазақстан қанша мөлшерде алып кетсеңдер, алып кетесіңдер деп рұқсат берді. Қазақстанның екінші деңгейлі банктері бұрындары рубльмен ашылатын депозиттерді аша беретін. Ал бүгін де 20 пайызға дейін комиссия қойып жатыр.
– Былайша айтқанда, банктердің өзі де сақтанады дейсіз ғой?
– Иә, сақтанады. Өйткені сыртқы факторларға тікелей тәуелді болғандықтан, банктер басын "бәйгеге тігуге" қорқады.
– Біздегі жауапты мемлекеттік органдардың рубльдің осындай агрессиясына төтеп беруге бағытталған қадамын қолдайсыз ба?
– Негізі қолдаймын. Ұлттық валюта – тәуекелдің алдын алудың бір жолы. Себебі егер біздегі тауар айналымының бәрі де көп массаға айналып кеткен рубльмен шектеліп кете берсе, бір уақытта халыққа рубль тиімді болып қалуы мүмкін. Теңгенің құнын көтере алмай отырған қазіргі кезеңде ол бізге керек пе?
– Керек емес болар. Бір сөзбен, халық рубльге алданып қалуы мүмкін бе?
– Иә, алдау болып қалады да, халық өз капиталының көп бөлігін рубльге қарай жылжытып, рубльмен есеп айырысу тиімді дегендей ажиотаж жағдайына түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан нарықта балансын сақтай алатындай ғана бізге қажетті деңгейде ғана рубль керек. Ал нарықта рубль көбейсе, бұл қосымша бізде ақша массасының көбеюіне алып келеді. Сондықтан қазіргі қадам – сол болжамды күрделі сценарийдің алдын алудың бір жолы. Былтырғы тауар айналымын талдап көрсеңіз, яғни біздің ішкі сұранысымызды қанағаттандыратын тауарды, өндірісті, тамақ, киім, қызмет көрсету бәрін есептегенде – Ресейдің үлесі 50 пайыздан асып кеткен. Бұл өте дабыл қағатын дүние. Біз әрбір екінші тауарымызды Ресейден ала бергенбіз. Керекті қажеттіліктің бәрі де Ресейден келе берген. Бұл – біздің экономикалық қауіпсіздігімізге үлкен қатер. Экономикалық экспансия бір сөзбен айтқанда.
Қазіргі тығырықтан шығудың ең тиімді әрі бірден-бір жолы – өзіміздің тауар өндірушілерді, қызмет көрсетушілерімізді, қазақстандық деген атауы бар өнімдерді қолдау. "Қазақстанда жасалған" деген бренд туралы сөз қозғағанда бұрынғыдай шетелдік өнімді елге әкеліп, оның сыртына "Қазақстанға жасалған" макетін жапсыру емес, әрбір ауылда сол облыстың қажеттілігін қанағаттандыра алатындай кәсіпорындардың ашылуымен ғана экономикалық экспанцияға төтеп бере аламыз. Киім-кешектен бастап тамаққа дейін бұрынғыдай Қытай мен Ресейден емес, ел ішіндегі кәсіпорындардың өнімдерімен қамтамасыз етуге бар күш-жігерді салу керек. Үш мегаполисті де маңайындағы өндірістер қамтамасыз ететін болса, онда ұтамыз.
– Қаншама жылдан бері неліктен сол отандық өндірісті дамыта алмадық?
– Біз осы уақытқа дейін қаншама қаражатты басқа мемлекеттің экономикасына жұмсағанбыз. Өтірік емес. Өйткені оған біздегі белгілі бір топтар, адамдар қызығушылығы жоғары, мүддесі бар болды. Оларға отандық кәсіпорындарды дамытқаннан гөрі сырттан әкеліп отырды. Ол белгілі бір адамдардың көздеген саясаты болды. Олардың әрекеті салдарынан шағын және орта бизнес құлдырады. Сол себепті қазіргі сыртқы дағдарыс – біз үшін мүмкіндік болуы керек. Өзімізге не пайдалы – соның бәрін максималды тұрғыда пайдаланған жөн.
Егер Ресейден бізге өндірісі мен технологиясын, инновациясын әкелгісі келетін, жұмыс орындарын ашқысы келетін кәсіпкерлер болса, құба-құп. Одан қорықпау керек.
Егер олар Қазақстанды тек сұранысты қанағаттандыратын мемлекет ретінде көрсе, негізгі пайданы Ресейге жұмсауға күш салса, онда талдап, сол саланың мамандары зерттеуі қажет. Ресейліктер Қазақстанда ашатын кәсіпорындардың қызметкерлерінің бәрі Ресей азаматтары болса, табысының бәрін өз еліне бағыттар болса, онда пайдасыз кәсіпорындарға шектеу қоюымыз керек. Мысалы, қазір біздің елдің үстінен авиажелілер өтеді. Қазақстан осы ретте транзиттік әлеуетін пайдалануға тиіс. Шекарада логистикалық орталықтарды ашып, әрбір өткен жүк көлігі мен әр тауардан түсетін табыс Қазақстанға автоматты түрде түсетіндей жүйе жасауымыз керек.
– Импорт жайлы айтып жатырсыз ғой. Ресейге импорттық тәуелділігіміз тым жоғары. Тіпті қанттың өзін Ресейден алып келгенбіз. Енді олар қант беруден бас тартып еді, біздің үкімет мүшелері айдаладағы мемлекеттерді жағалап кеткені осыдан көрінетін секілді. Өндірісті былай қойғанда импорттың өзін әртараптандырмағанның салдары деп ойламайсыз ба?
– Міне, көрінді. Біздің жыртығымызды өзіміз жаппағанбыз. Басқа мемлекетке екі есе қаражат аудару арқылы жүре бергенбіз. Бұған дейінгі экономикалық саясатымыздың өзі ненің ақ, ненің қара екенін көрсетіп отыр. Қант деген 100 түрлі мысалдың біреуі ғана. Ресей күні ертең сүт өнімдеріне шектеу қоятын болса да шу шығады. 20 миллионға жетпейтін халқымызды өз өнімдерімізбен қамту жүйесі дамымай жатыр. Біз киім-кешекте қырғыздан аламыз, жеміс-жидекті Өзбекстан, Тәжікстан арқылы әкелеміз. Азық-түлікті Ресей мен Беларусьтен аламыз. Ары кеткенде 10-15 пайыз деңгейінде ғана өзіміздің ішкі сұранысымызды қанағаттандырып отырмыз.
– Осыған байланысты үкімет мүшелері қазір импортты алмастыру мәселесін көп айтып кетті ғой. Жалпы сол үкімет деңгейіндегі бағдарламамен таныстыңыз ба? Ол шынында да, импортты алмастыра алатындай деңгейде ме?
– Қатты талдадым деп айтпаймын. Бірақ ондай қадам бұған дейін де болған. Мемлекеттік сатылымдар болған кезде өнім немесе тауардың 20-30 пайызы Қазақстандыкі болуы керек деген шарттар болған. Қазіргі жоба бойынша қазір есіме түсіп отырғаны – 7 түрлі бағыт бойынша көздеп отыр. Үкімет білуімше, ел қажеттілігін өңірлерде дамыту мәселесін қолға алмақшы. Бұл жерде бірақ тікелей жауапкершілікті кім алады? Өйткені бұл үлкен мемлекеттік бағдарлама. Жауапкершіліктің бір ұшы сол өңірлердегі өңір басшыларына тікелей артылуы керек. Олардың рейтингі бірінші кезекте, сол жердегі халықты жұмыспен қамту болса, екінші кезекте, сол өңірінде импортты алмастыру бағдарламасына қалай үлес қосып жатқанына қараған абзал. Әкімдер сырттан келетін тауарларды сол өңіріндегі тауарлармен қалай алмастырды деген сияқты бір нақты жауапкершілік қою керек. Бұл жауапкершілік тек орталық атқарушы органдардың мойнында болса, онда ол жергілікті деңгейдегі әкімдердің оған қатысы жоқ болса, одан еш нәтиже шықпайды.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!
Аян Бекенұлы