ЭКСПО-2017 елге пайдасыз болып шықты?

8254

Шенеуніктер қидан қуат жинау бастамасынан бас тартпайды. 

ЭКСПО-2017 елге пайдасыз болып шықты? Фото: kstnews.kz

Энергетика министрлігі биоэлектр станцияларын (БиоЭС) дамытудан үміт үзе алмады. Сондықтан ведомство соңғы рет 2024 жылғы 27 ақпанда жиынтық қуаты 10 МВт болатын биоЭС-тер салуға лицензия беру үшін жобаларды іріктеп, жаңғыратын қуат көздерінің аукционын өткізген болатын.

Белгілі болғанындай, сол аукциондық сауда-саттыққа қатысуға небары 3 компания ғана қызығушылық білдіріпті. Олар көңнен қанша қуат алып, оны қанша бағаға, қандай тарифпен мемлекетке сатқысы келетіні туралы 4 ұсынысын берді. 

Бұл ұсыныстардың жиынтық көлемі 13 мегаватты құрады.

"БиоЭС жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттықты өткізу кезіндегі шекті аукциондық баға 2024 жылы әр киловатт/сағат үшін 32,23 теңгені құрады (бұған кейін қосылған құн салығы қосылады). Аукциондық сауда-саттыққа қатысушылардан алынған өтінімдердің баға диапазоны 32,23 теңгеден 32,03 теңге (ҚҚС-сыз) аралығында болды", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Қатысушылардың қи қуаты үшін көп сұрап отырғаны байқалады. Салыстырғанда, соның алдында 2023 жылғы 13 қарашада Энергетика ведомствосы Солтүстік аймағы үшін жиынтық қуаты 100 МВт болатын жел энергетикасы станцияларының жобаларын іріктеу бойынша аукциондық сауда-саттық өткізген еді. Сонда бәсекелесу барысында жел қуаты үшін баға диапазоны әр киловатт/сағатқа 22,68 теңгеден 10,5 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін төмендеді.

Сонымен, биоЭС-ке оралсақ, биылғы республикалық аукционға қатысқан барлық үш компания да жеңімпаз болып танылды. Бұлар:

  • "ZOR-Biogas" ЖШС: жобасының белгіленген қуаты 2,4 МВт қана, сұраған бағасы 32,03 тг/кВт*сағат (ҚҚС-сыз);
  • "Apfel Alatau" ЖШС: жобасының белгіленген қуаты 3,4 МВт, бағасы 32,08 тг/кВт*сағат (ҚҚС-сыз);
  • "Zor Fish" ЖШС: жобасының белгіленген қуаты 4,8 МВт, аукциондық бағасы 32.13 тг/кВт*сағат (ҚҚС-сыз).

Министрліктің мәліметінше, бұдан бұрын, 2023 жылғы 30 қарашада ұйымдастырылған, жиынтық қуаты 10 МВт болатын биоЭС-тер бойынша аукцион "өткізілмеді" деп танылды. Олар алда қайта өткізіледі.

Сонымен бірге, бұл жеңімпаз компаниялар көңнен тоқ өндіретін осы жобаларын міндетті түрде жүзеге асыратынына еш кепіл жоқ. Мұны статистика да куәландырады. Energyprom мониторинг агенттігі сарапшыларының дерегінше, Қазақстанда жаңғыратын энергия көздері (ЖЭК) шығаратын бүкіл электр қуатының 72%-ын – жалғыз ғана жел электр станциялары береді. Ал, биоЭС үлесі "статистикалық ағаттық" деңгейінде ғана қалған көрінеді.

Мысалы, Энергетика министрлігінің мәліметіне жүгінсек, 2023 жылдың қорытындысында, жаңғыратын энергетика объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 6,675 миллиард кВт/сағатты құрады. Бұл – елдегі өндірілген бүкіл қуаттың 5,92%-ы.

Егер ЖЭК қатарына ірі гидроэлектростанцияларды да қосса, онда жаңғыратын қуат көздерінің үлесі 13,7%-ға жетер еді. Бірақ ірі ГЭС-тер дәстүрлі энергетикаға жатқызылады.

Сонда 2023 жылы энергетиканың жаңа бағыты – ЖЭК-тер өндірген бүкіл қуаттың басым көпшілігін, 3 миллиард 824,99 млн кВт/сағатын жел электр станциялары (ЖЭС) еншіледі.

Екінші орында – күн электр станциялары (КЭС) тұр: үлесінде 1 миллиард 853,95 млн кВт/сағ.

Үштікті шағын су электр станциялары (СЭС немесе ГЭС) тұйықтады: олар бір жылда 993,87 миллион кВт/сағат қуат өндірді.

Бұл ретте биоЭС үлесі бар-жоғы – 2,7 млн кВт/сағ.

Биылғы 2023 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысында барлық ЖЭК объектілері 1 млрд 758,1 млн кВт/сағат электр энергиясын генерациялады. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 18,9% көп.

Соның ішінде сала лидері саналатын жел электр станциялары 1 миллиард 256,7 млн кВт/сағат қуат берді. Сөйтіп, 2023 жылғы қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда төрттен бірге (25,2%) артты.

Күн электр станциялары өндірген тоқ көлемі -5,6%-ға кеміп кетті: небары 330,7 миллион кВт-сағатты құрады.

Шағын СЭС-тер биылғы алғашқы үш айда 170,6 миллион кВт/сағат қуат жасап, көрсеткішін бірден 37,4%-ға жақсартты.

Зоры емес, ең қоры – тағы да қидан қуат өндірушілер болып тұр: 2024 жылғы бірінші тоқсанда айтуға ұят 200 мыңдай (миллион емес) кВт/сағат тоқ өндіре алған. Сөйтіп, биыл өткен жылғы бірінші тоқсандағы (1,1 млн) көрсеткішінен -86,4% құлдырады.

Ендеше, Энергетика министрлігі жаһанға жар салып өткізетін биоЭС аукциондарының жеңімпаздары рұқсатты "әйтеуір болсын" деп алатынға, бірақ жобаларын жүзеге асыруға асықпайтынға ұқсайды.

Осы орайда сарапшылар еліміздегі биоэлектр станцияларының белгіленген жиынтықты қуаты 1,8 мегаватты құрайтынын айтады (соңғы екі жыл бойы бұл көрсеткіші өзгермеді). Демек, олардың біразы көз қылып ашылғанымен, ары қарай жұмысын жалғастырмаған.

Қазақстан "Болашақ энергиясы" ұранымен өткен ЭКСПО-2017 көрмесі аясында көңнен қуат алуды – перспективті бағыт ретінде дәріптегені белгілі. Павильондардың бірі "Биоэнергетика баршаға–Bioenergy for All" тақырыбына арналды. Ондағы мақсат – адамзаттың назарын осы бағытқа аударту болатын. Аршалы ауданындағы мемлекет қолдауымен, депутаттардың қатысуымен ашылған жылыжайда агроөндірістің қалдықтарынан, қазақшалағанда, көңнен электр алынатыны қонақтарға паш етілді. Содан бері жеті жыл өтті.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев "ЭКСПО-2017" көрмесінің бұл мұрасынан елге пайда, қайтарым болмағанын айтады.

"Біз 2017 жылы жаһандық өткіздік, сол жерде талай технологияларды, яғни өсімдіктің қалдығынан энергия аламыз, малдың көңінен энергия аламыз деп стендтердің бәрін жылтыратып көрсеттік. Бірақ малдың көңін, өсімдіктің қалдығын пайдалана отырып энергия алу, өкінішке қарай, сол бойы дамымады. Қазақстанда ауылда, мал шаруашылығында жылына 22 миллион тонна көң, қи шығады екен. Сондай-ақ бізде жанар-жағармайға татитындай 14–15 миллион тонна өсімдік қалдықтары бар. Біз осыны қашан өңдей бастаймыз?", – дейді депутат.

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғановтың мәліметінше, биогаз қондырғысы бойынша бүгінде республикада небары екі жоба ғана бар. Біреуі – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданында, екіншісі – Қостанай облысының Қарасу ауданында.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов биоэнергетиканы дамыту мәселесі мемлекеттің қаперінде болатынын айтады. Одан бас тартылып отырған жоқ.

"Біз оны да дамыту мәселесін қарап жатырмыз. Бірақ, өкінішке қарай, бұл сегментте қолданылатын технологиялардың бағасы қымбат болып тұр. Соның кесірінен тиісті жобалар дамымай жатыр. Біз жыл сайын биоэнергетика саласына арнап, жиынтығында 10–15 мегаватт көлеміндегі жобаларға аукцион өткіземіз. Өкінішке қарай, бір-екі жоба ғана ұсынылады. Бірақ солай екен деп, түңілмей, бұл саланы да ілгерілету мәселесін қарастыра береміз", – деді Сұңғат Қуатұлы.

Оның айтуынша, бұл істе халықаралық ұйымдар көмекке келіп отыр.

"Біз Біріккен ұлттар ұйымының сарапшыларымен бірлесіп, осы саланы дамытуды пысықтап жатырмыз. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысының және тағы бір-екі облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында мал шаруашылығы қалдықтарынан және силостан электр энергиясын емес, жылу энергиясын алу мәселесін қарастырып жатырмыз. Оны қазандықтарда қолдану үлгілері де бар. Бұл мәселені Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге пысықтап, бағдарлама жасауды жоспарлап отырмыз", – деді энергетика министрінің орынбасары Сұңғат Есімханов.

Ауылдықтар ежелден қиды қарапайым пеште жағып, одан жылу энергиясын өндірген, яғни үйін жылытқан. Енді бұл істің ауқымы артып, қиды үлкен қазандықта жағу жайы қарастырылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу