ЭКСПО қонақтары Оңтүстікте демалады

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
5687

Алайда дайындығымыз қалай?

ЭКСПО қонақтары Оңтүстікте демалады Фото: әлеуметтік желіден

Туризм әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналғалы қашан. Алайда пайдасы көл-көсір туризм өнеркәсібі елімізде қарқынды дамып отыр деп айта алмаймыз. Дегенмен соңғы жылдары осы саланы дамытуға деген құлшыныс күшейді. Үкімет пәрменімен Қазақстанның туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамалық жобасы аясында 6 туристік кластер құру қолға алынды. Бұл – құптарлық-ақ әрекет. Өйткені туризм әлемнің жалпы ұлттық өнімнің оныншы бөлігі мен халықаралық инвестицияның 11%-ын және әлемдегі өндірістің әрбір тоғызыншы орнын қамтамасыз етіп отыр.

Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі әлемдік туризм өнеркәсібінен түскен табыс мұнай экспорты мен мұнай өнімдері және автокөлік табысынан кейінгі 3-орында тұр екен. Дамыған елдер осы саланы дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын көптеп ашып, ұлттық табысын молайтып, халқының тұрмыс деңгейін көтеріп жатыр. Ал бізде ше? Қазақстанның экономикасын дамытуға туризм саласы қаншалықты әсер ете алды? Мәселе – осында.

Несін жасырамыз, Қазақстанда туризм өте баяу әрі кеш дамыды. Бұл бағыттағы жұмыстың әлі де ақсап жатқан тұстары жетерлік. Дәлірек айтсақ, еліміздегі тарихи маңызы бар сәулеттік, археологиялық, мәдени ескерткіштер мен табиғи көркем жерлер енді-енді өз деңгейінде жарнамалана бастады. Туристік қызмет түрлері де қалыптасып келеді. Сонымен қатар елімізде бірқатар қаулы мен заң жобасы қабылданып, Қазақстанның туризм саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамалық жобасы әзірленді.

Бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстан және шетел азаматтарының әртүрлі туристік қызметке қажеттілігін қанағаттандыратын қазіргі заманғы тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік кешендер құру.

Осы бағдарлама аясында Оңтүстік Қазақстан облысында "Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту" кластерін дамыту ісі қолға алынды. Жобаға Түркістан қаласы, Отырар мен Сарыағаш аудандары, "Ақсу – Жабағылы" және "Қаратау" қорықтары мен "Сайрам – Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" туристік нысандары енгізілген.

"Осыған байланысты аймақтың танымалдығын арттыру мақсатында "Ontustik" туризм бренді әзірленді. "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне өңірлік дайындық аясында қонақтарға арнап жаңа бағыттарымызды ұсындық. Нақтырақ айтқанда Оңтүстік Қазақстан облысында 3 және 5 күндік туристік маршрут жасалды. "Recommended by EXPO" белгісі беріліп, "Шымтур", "Саэль тур" және "Мирас тревел" туристік ұйымдарымен меморандумға қол қойылды", – дейді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев.

Оңтүстіктің туристік саласын дамыту мақсатындағы жұмыс үш бағытта іске асқалы отыр. Бірінші кезекте, қызмет көрсету сапасын жақсартып, туристерді тарту көзделсе, екіншіден, шағын туристік инфрақұрылымды дамыту ісі жандана түспек. Үшінші, туристік жобаларды тездетіп іске асыру жоспарланып отыр екен.

Жалпы бүгінде Оңтүстік өңірде туристерге арналған 36 демалыс аймағы, 100-ге тарта қонақүй, 6 демалыс үйі жұмыс істейді.

Тағы бір айта кететін жайт, Оңтүстік Қазақстан облысы ЮНЕСКО-ның қайта өркендеу бағдарламасына енген Ұлы Жібек жолының мемориалдық трассасында орналасқан.

"Облыс аумағында 837 археологиялық ескерткіш бар. Оның 155-і құрылыс және сәулет нысаны болса, бесеуі тарихи, жетеуі монументалды қолөнерге жатады. Оның үстіне оңтүстікте қазақ тарихындағы ең маңызды қалалар орналасқан. Бұл облысымызда ішкі туризмді дамытуға үлкен септігін тигізеді", – дейді облыстық кәсіпкерлік, өнеркәсіптік-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Марат Қарабаев.

Ішкі туризм демекші, оңтүстік өңірінде тарихи-мәдени орындар мен көне қалашықтар, әулиелі жерлер жетерлік. Жыл сайын мұндағы киелі орындарға зиярат етушілер саны артып келеді екен. Бірақ зияратшыларға қызмет көрсету сапасы әлі де жақсармай отыр.

"Жақында кіші қызым екеуміз Отырар ауданындағы Арыстанбаб атаның кесенесіне түнеп қайттық. Алайда мұндағы жол мен қызмет көрсету сапасы ұнамады. Асханадағы ас мәзірі де көңіл көншітпейді", – дейді зиярат етуші Анармат Ишматова.

Рас, Оңтүстік Қазақстан облысында ескі қалашықтар орнын қоспағанда, ел аузында әулие, киелі саналатын 300-ге жуық тарихи-мәдени орын бар. Десек те, бүгінде өңірдің осы ерекшеліктері толық пайдаланылмай отыр. Нақтырақ айтсақ, Отырар ауданында 100-ге тарта, Түркістан қаласының төңірегінде 40-тан аса ескі қаланың орны бар екен. Алайда олардың көбі үйінді күйінде жатыр. Осы олқылықты ескерген жергілікті билік биыл тарихи қалалардың орнын реттеп, қалпына келтіру жұмысын 4 бағытта іске асырмақ ниетте екен. Соның бірі – Қасқасу экологиялық аймағындағы тау шаңғы базасының құрылысы биыл басталғалы жатыр.

"Төлеби ауданында туристер демалатын 12 табиғи орын бар. Сондай-ақ 8 зиярат ету, 1 сауықтыру, 4 жоғары сервистік қызмет көрсететін, 44 көпшілікке арналған демалыс орны бар. Соның бірі – Қасқасу тау шаңғы курорты. Жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты аумағында қонақ үй, мейрамхана, арқан жолы, бассейн және тағы басқа да нысандар салу ісі жоспарланып отыр. Жоба толық іске асырылған жағдайда алғашқы жылдары 120 мыңға жуық қонақ қабылдауға мүмкіндік бар", – дейді аудан әкімі Бұқарбай Парманов.

Аудан басшысының айтуынша, Қасқасу шаңғы трассасының биіктігі – 1880-3155 метр, ұзындығы 33,4 шақырым. Қазір мұнда электр энергиясы бағаналары орнатылып, автомобиль жолын дайындау жұмысы, кәріз тазалау ғимараттарының орны әзірленіп қойыпты.

"Ал "Тау самалы" демалыс аймағында 200 орынды қонақ үй құрылысы мен 800 метрлік шаңғы жолы салынбақшы екен. Жобаның жалпы құны 700 млн теңге. Бұл қаражат жеке кәсіпкердің есебінен жұмсалмақ", – дейді аудан әкімі.

Тағы бір қызықты жоба ретінде саумалмен емдеу орталықтарының салынуын айтуға болады. Биыл Төле би ауданында 160 орынды саумалмен емдейтін 3 бірдей орын іске қосылмақшы. Соның бірі – Аққұм ауылында 80 орынды саумалмен емдеу орталығы ашылмақ.

"Биыл 80 орынды саумалмен емдеу орталығының құрылысын бастағалы отырмыз. Жобаның құны 50 млн теңге. Қазір барлық құжатты әзірлеп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге әзірленіп жатырмыз", – дейді "Дәулет" шаруа қожалығының төрағасы С.Төлтебаев.

Ал жеке кәсіпкер Рашкүл Оспанәлиева "Тау самалы" демалыс аймағынан этноауылдар құрылысын бастап жіберіпті. Мұнда келешекте 7 киіз үй мен ұлттық қолөнер бұйымдары орналасатын 1 үйдің құрылысы пайдалануға берілмекші екен.

"Салынып жатқан этноауылдарда салт-дәстүрге сәйкес киіз үйлер безендіріліп, ұлттық қолөнер бұйымдары жасалып, ұлттық тағамдар дайындалады", – дейді Рәшкүл Оспанәлиева.

Егер осы жобалар ойдағыдай іске асса, Төлеби ауданында туристік сервистік қызмет жақсарып, демалушылар саны 55 мың адамға арта түспек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу