Бұған Мемлекет басшысының өзі рұқсат етіп, саяси ерік-жігер білдірді. Билік құрылымдарын буып, ел мен мемлекеттік мүдделердің ілгерілеуіне кедергі келтіріп тұрған бұл кеселге қатысты мәселе бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайы өткен Судьялардың VII сиезінде сөз болды. Сиезге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Елбасы бизнесті қолдауға алды
Сиездегі сөзінде Мемлекет басшысы бақылаушы, қадағалаушы органдарға кәсіпкерлерді тексерістерімен төмпештей бермеуге шақырды. Президенттің айтуынша, егер ең құрығанда он адамға жұмыс беріп отырса, тіпті үйінің қасына үстелдер қоя салған іскер жанға кәсібін жалғастыруға мүмкіндік берген жөн.
"Кәсіпкерлердің, жекеменшік иесінің заңды құқын қорғау – нарықтық экономикада аса маңызды мәселе. Біздің Ата заңымызда жекеменшікке қол сұғылмайтыны жазылған. Ал біз болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, керісінше, бизнесмендерге тап бердік. Іскер адам қолындағы азды-көпті қаражатына шағын дүкен сатып алды да, саудаға кірісті. Бірақ, оны ұрыдай көріп, құртуға күш салды. БХСС (служба по борьбе с хищениями социалистической собственности) қағидаты бойынша! Кеңес кезіндегі кәсіпкерге деген теріс көзқарас енді-енді ғана еңсеріліп келеді. Бірақ, қалдықтары әлі қалды", – деп қынжылыс білдірді Н. Назарбаев.
Елбасы жекеменшік пен шағын және орта бизнес – кез келген мемлекет экономикасының, тіршілігінің ұстын-негіздерінің бірі екенін атап көрсетті. "Бұл әрдайым естеріңде болсын! Бизнестің, шағын болсын, ұсақ болсын, кез келгені керек. Тіпті үйінің, көшенің бұрышында дәмхана-мейрамхана ашып, он үстелді қойып, бес-он адамға жұмыс беріп отырса, өзі де ақша тауып, елге де салық төлесе, олардың барлығы бізге керек. Америкадан бастап өскен-өркендеген елдердің барлығының экономикасының 70-80%-ын жасайтын солар. Біз оларды төмпештей берсек, экономика ешуақытта да өспейді. Оларды заң жүзінде де қолдау керек. Менің барлықтарыңнан сұрайтыным сол!" – деп нықтады Нұрсұлтан Назарбаев.
Құқық қорғау және сот жүйесінен әділдік таппаған кәсіпкер, басқа да азаматтар жоғарыға дейін барады. Елбасының хабарлауынша, өткен жылы Президент Әкімшілігіне азаматтар мен ұйымдардан шамамен 10 мың арыз-шағым түскен. Ал биылғы 10 ай ішінде олардың саны 7 мыңға жетіп қалыпты. Оларда шағым иелері сот шешімдеріне, құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне назаланады, судьялар корпусының және құзырлы органдар қызметкерлерінің адалдығы мен тазалығына шүбәланады екен.
Лоббистер "көлеңкеден" шығарылады
Мемлекет басшысы қоғамдық пікірді қолшоқпар етушілердің аты-жөндерін ашық жария етуді талап етті. Әйтпесе, лоббистер өз мүдделерін халық мүддесіне таңып, елді дүрліктіріп жатады.
Бұл ретте Н.Назарбаев соттарға қос тізгінді тең ұстау қажеттігін ескертті: бір жағынан – сот қателіктеріне жол бермеу керек. Екінші жағынан – әлдебір күштердің судьяны қыспаққа алып, әділ сот төрелігіне қысым жасауына жол берілмеуі маңызды.
"Жекелеген лоббистік топтардың өз мүдделерін ілгерілету мақсатында сотқа қысым көрсету үшін қоғамдық пікірді пайдалану фактілерінің жолын кескен жөн. Мен білемін, мұндай талаптар бар, оларға қарсы тұру үшін жария ету тәжірибесін енгізу керек. Егер әлдекім өз мүмкіндігін, байланыстарын, қаражатын іске қосып, сот ісіне араласса, ол тұлғаның әділ сот төрелігіне ықпал етудің қамын жасап жатқанын бүкіл Қазақстанға көрсетейік! – деп үндеу тастаған мемлекет басшысы бұл шара лоббистердің аяғын тарта басуына түрткі болатынын айтты.
Сонымен бірге ол судьялар қауымдастығы "жабық корпорацияға" айналып, жұртшылықтың сынынан тыс қалмауға тиіс екенін де қатаң ескертті. "Өйткені, демократиялық қоғамда халық барлық мемлекеттік институт қызметіне, соның ішінде соттарға да баға беруге құқылы", – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Министр неге тас кенедей жабысты?
Елбасы бастамашы болған 5 институттық реформаны жүзеге асыруға арналған Ұлт жоспарының 30-шы қадамына сәйкес, өткен жылы әкімдіктер мен жергілікті жұртшылық алдында есеп беретін Жергілікті полиция қызметі құрылды. Оның құрамына учаскелік полиция инспекторлары және олардың көмекшілері, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, табиғатты қорғау бөлімінің қызметкерлері, арнайы қабылдау және қабылдап-тарату орнының қызметкерлері, жол-патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын бөлімнің қызметкерлері кірді.
Өз кезегінде жергілікті полиция қызметі ішкі істер органдарының құрылымында қалады. Бірақ, оның басшысын жергілікті мәслихат депутаттары сайлайды. Алайда, бұл үрдіске ескі әдетпен Ішкі істер министрлігі араласуын қоймапты. Сондықтан осы үшін Қалмұханбет Қасымов басқаратын органға Мемлекет басшысы жұртшылық алдында ескерту жасады.
Бұл ретте Елбасы реформаларға қарсылық танытып, қасарысатын басшылармен жолы екі жарылатынын ашық мәлімдеді. "Ұлт жоспарындағы барлық 100 қадам орындалуға тиіс! Оңға-солға бұлтақтауға мен жол бермеймін. Мұны барлығыңа айтамын. Жақында барлық орган басшыларын тыңдап, олардың немен айналысқанын, нендей жетістіктерге жеткенін білеміз. Жергілікті полиция қызметі құрылып, жұмыс атқарып жатыр. Ішкі істер министрлігін осыған көндіру оңай болмады. Тас кенедей жабысып алған. Ешкімге ештеңе бермей, бүкіл Қазақстандағы осы жүйені Астанадан басқарғысы келеді. Тіпті бөліп шығарғанның өзінде, бәрібір тағайындауын жалғастырды. Яғни, Астанадағы және өңірлердегі бастықтар осы іспен өздері шұғылданып, осы іске бар ынта-ықыласымен берілмесе, мен белгілеген реформалар ілгерілей алмайды. Олай болмайды екен, бізге реформаларды аяғына дейін жеткізу үшін ондай басшыларды ауыстыру керек болады!" – деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы әдеп нормаларына қайшы әрекет істеген полицейге қатысты жұртшылықтың қоғамдық кеңестерге шағымдана алатынын мәлім етті. "Бұлардың бәрі полицейдің көмекке зәру адамдардың барлығына қолұшын созатын тұлғаға айналуы үшін керек. Азаматтар полицейге сенуге тиіс", – деді ол.
Елбасы осы сын-ескертпелердің тек ІІМ-ге ғана емес, басқа мемлекеттік органдарға да қатысты екенін атап өтті.
Мәселен, бұл бағыттағы жұмыстың басты буыны – сот билігі болып отыр. "Егер сот жүйесі де жаңғырмаса, басқа барлық шара жұмыс жасамауы мүмкін. Ұлт жоспарындағы 100 қадамның 19-ы сот жүйесіне қатысты. Бүгінде соның 13 қадамы ғана жүзеге асырылды. Қалғандары аяғына жеткізілмеді. Енді келіп, қалғандарын өзгертейік, әйтпесе жарамайды деген әңгімелер айтылады. Ондай бұлтақтауға жол жоқ. Кезінде Ұлт жоспарын түзгенде, бәрімен ақылдасқанбыз, келісілген. Демек, орындалуға тиісті", – деді Президент.
Ширек ғасырда не өзгерді?
Судьялар сиезі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілді. Соған байланысты Елбасы "ширек ғасыр бұрын бізде нағыз құқықтық, шынайы сот жүйесі болмағанын" еске салды: "Соттар кеңес кезінде партиялық, бюрократтық аппараттың қолжаулығы болғанын да білеміз. Тәуелсіздіктің таңында бізге көп нәрсе жетіспеді. Сол кезде судьялық корпусты қайта оқыту, жаңа буынын тәрбиелеу, әкімшілік-командалық ойлау стереотиптерін жою қажет болды. Бүгінде біз алға қойған міндеттер табысты шешімін тапты деп айта аламыз! Егер бұрын соттар құқық қорғау жүйесінің бөлігі, жазалаушы саясаттың құралы болса, қазіргі уақытта сот – басты құқық қорғаушы институт бола бастады", – деді Н.Назарбаев.
Қазіргі кезде елде 3460 судья бар екен. Биыл оларды ұстап тұруға шамамен 30 млрд теңге шығындалған. Судьяларға бөлінетін баспана көлемі 20%-ға артыпты.
Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми өз сөзінде осы ширек ғасыр ішінде соттарды мамандандыру үрдісі іске асырылғанын мәлімдеді. Елдің барлық өңірінде мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар (2002 ж.), әкімшілік соттар (2004 ж.), қылмыстық істер жөніндегі соттар (2010 ж.), сондай-ақ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттар (2012 ж.) құрылды.
2000 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш болып сот ісін жүргізуге ақпараттық технологияны енгізе бастады. Нәтижесінде, тәуелсіздік жылдары қоғамда ұлттық заңдарымыз жұмыс істеп, әрбір адамның құқықтық негізде өз мүддесін қорғауға деген сенімі нығайды. Азаматтардың соттарға жүгіну көрсеткішінің жыл сайын артып отырғаны осыған айқын дәлел. Егер 1992 жылы соттар 270 мыңға жуық істі қараса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 4 есе артып, яғни 1,1 миллионнан асты.
Қылмыстық заңды ізгілендіру нәтижесінде түрмедегілердің саны 3 есе қысқарды. Егер де 90-жылдардың басында Қазақстан түрмедегілердің саны бойынша әлемде үшінде орын алса, 2016 жылы 62 орыннан шықты.
Жалпы алғанда, жаңа технологияны енгізу сот қорғауына жүгінуді жеңілдетті. Электронды сот төрелігінің көпшілікке танымал болуын жыл басынан бері "Сот кабинеті" сервисі арқылы соттарға 620 мыңнан астам электронды құжат (талап-арыздардың 73,5%-ы электронды түрде беріліпті) келіп түсуі фактісі растайды. Бұл көрсеткіш Қазақстанды әлемдегі сот жүйесі озық елдердің қатарына қосты. Бүкіләлемдік Банктің елдегі бизнес жүргізу рейтингісінде (Doing Business) Қазақстан сот дауларын шешуді бағалау индикаторы бойынша әлемнің 190 елінің арасында 9 орын иеленді.
Сот корпусының кәсібилігін арттыру үшін жаңадан тағайындалған судьялар үшін сынақ мерзімі, кадрларды іріктеудің мансаптық моделі енгізілді.
Айтқандай-ақ, жаңадан судья қызметіне тұрған азамат психологиялық тестілеу тапсырады. Сондай-ақ, "жалғандық детекторы" аталып кеткен полиграф аппаратында сынақтан өтеді. Оның барысында тұлғаның пара алуға бейімділігі де анықталмақ.
Бақыт Көмекбайұлы