Ел Үкіметі партияларға қанша миллиард ақша төлейтінін анықтады

3687

Партияларды қаржыландыру неге шамамен 1 млрд теңгеге азайтылып отыр? 

Ел Үкіметі партияларға қанша миллиард ақша төлейтінін анықтады

Алдағы аптада "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңына түзетулер күшіне енеді, деп жазады inbusiness.kz. Президент Қ.Тоқаев қолданыстағы сайлау заңнамасын өзгертетін және толықтыратын жаңа екі заңға екі күн бұрын, 25 мамырда қол қойған болатын.

Демек, жаңа партия құрып, келесі парламенттік сайлауда жеңгісі келетін саясаткерлер мен белсенділердің 4,5 жыл уақыты бар. Осы мерзімде саяси партиясын тіркетіп, елге танымал етіп үлгеруі керек. Сонда партиясы ары қарай бюджеттен қаржыландырылатын болады.

Қазіргі кезде ел бюджетінен "Nur Otan", "Ақ жол" және "Қазақстанның халық партиясы" қаржы алады. Олар биылғы 10 қаңтардағы Мәжіліс сайлауында 7 пайыздық межені еңсере алды.  

Бұл "табалдырықтан" 5,29 пайыз жинаған "Ауыл" партиясы да өте алатын ба еді, бірақ сайлау туралы жаңа заң кешірек қабылданды және заңның кері күші жоқ. Егер 2026 жылғы парламенттік сайлауда "Ауыл" биылғы жетістігін қайталай алса, онда Мәжілістен орын, бюджеттен қаржы алады. Себебі, жаңа заң саяси партиялардың Мәжіліс сайлауында өту шегін қазіргі 7%-дан 5%-ға дейін төмендетті.

Әрине, "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев та Парламентке кірді: 2014 жылғы қарашада сенатор болып сайланды. Бірақ бұл есепке алынбайды, өйткені мүшелері партиялық тізім бойынша депутат болып сайланған партиялар ғана бюджеттен қаржыландырылады. Ал Сенат депутаттарын мәслихат депутаттары сайлайды. Тек Мәжіліс қана партиялық тізіммен қалыптастырылады.  

Әйткенмен, келесі сайлауда бәрі басқаша қалыптасуы мүмкін. Өйткені онда барлық саяси партияларға салмақты "қарсылас" пайда болады, ол – бюллетендегі "Бәріне қарсымын" деген графа. Бұл "бәсекелес" бүкіл партияның дауысын "ұрлауы" ғажап емес.

Өз кезегінде бюджеттің ашықтығы саясаты аясында Қаржы министрлігі "Саяси партияларды қаржыландыру" атты №067 бюджеттік бағдарламасын жариялады.

"Шығыстар Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген Саяси партияларды қаржыландыру ережесіне сәйкес, қызметін қамтамасыз ету үшін саяси партияларды қаржыландыруға бағытталған. Мемлекеттің бұл міндеттемелерінің тиімді орындалуы елдің демократиялық даму әлеуетіне және партия жүйесін күшейтуге ықпал етеді. Ереже бойынша саяси партияларды қаржыландыру Ортсайлауком Парламент Мәжілісіне партиялық тізім бойынша сайланған депутаттарды тіркеген айдан басталады. Қаржыландыру келесі шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясы ашылған күнге дейін немесе кезектен тыс Мәжіліс депутаттары сайлауын тағайындау күніне дейін жалғасады", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Айта кету керек, биылғы сайлаудан кейін партияларды қаржыландыру көлемі күрт азайтылып отыр. Ведомство дерегінше, ескі Мәжілістегі 3 партияға 2020 жылы 9 миллиард 258 миллион 140 мың теңге берілген.  

Ал биылғы жылы бұл сома 8 миллиард 442 миллион 227 мың теңгеге дейін кеміді. Ары қарай да азайтылады: келесі 2022–2024 жылдары, 3 партияға жыл сайын 8 млрд 414 млн 900 мың теңге бөлінеді.

Осы сомадан әр партияға қанша ақша тимек?

Саяси партияларды қаржыландыру ережесі бойынша партиялар сайлауда өзіне берілген әрбір сайлаушының дауысы үшін ең төменгі жалақы мөлшерінің 3%-ы көлемінде ақша алады.

2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге көлемінде қалды. Бұл соманың 3 пайызы 1 мың 275 теңгені құрайтыны белгілі. Яғни, сайлауда өзі ұнатқан партияға дауыс берген 1 сайлаушының дауысы үшін сол партия мемлекеттен жыл сайын 1 275 теңге ақша алып тұрады.

Орталық сайлау комиссиясы жариялаған VII шақырылған Парламент Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауының қорытындыларына сәйкес, "Nur Otan" партиясы – 5 миллион 148 мың 74 дауыс (71,09 пайыз), "Ақ жол" демократиялық партиясы – 792 мың 828 дауыс (10,95%), "Қазақстан Халық партиясы" – 659 мың 19 дауыс (9,10%) жинады.

Бюджеттік миллиардтар саяси партиялардың арасында осы сайлаушылардың дауыстарына барабар көлемде бөлінеді.

Ақша партияларға тең төлемдермен қаржылық жыл бойы, әр айдың соңғы жұмыс күні аударылады. Қаражат әр партияның банкте ашылған жеке шотына түседі.

Осы мол ақшаны қайда жұмсайтынын әр партия өзі шешеді

Алайда қаражат партия мүшелері арасында үлестірілмейді. Бірқатар ортақ шектеулер бар: осы бюджет қаражатын партиялар келесі сайлауда үгіт жүргізуге, бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуге, сайлауалды көпшілік шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға, кандидаттардың көлік шығындарын өтеуге шығындамауға тиіс. Бұдан басқа, осы миллиондарды бизнеске салуға, соның есебінен кәсіпкерлік қызмет жүргізуге тыйым салынған.

Неге екені белгісіз, бюджет қаражатын партияның қайырымдылыққа жұмсауына жол берілмейді екен.

Айтқандай, 2021 жылғы парламенттік сайлауға сайлаушылардың келу көрсеткіші төмен болды: бюллетеньдерді тізімдерге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,3%-ы ғана алған. Салыстыру үшін келтірсек, 2016 жылғы алдыңғы парламенттік сайлауда сайлаушылардың дауыс беруге келу (явка) көрсеткіші 77,1%-ды құраған болатын. Бюджеттен ақша әрбір дауыс үшін берілетіндіктен, партияларға да бұл жолы азырақ ақша тиіп отырғанға ұқсайды.

Жанат Ардақ


 Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу