Елде қанша бай мен кедей барын көрсететін цифрлық карта құрылды

5946

Осы мақсатта еліміздегі әрбір отбасы мен азаматтың қандай байлығы, мүлкі мен табысы бар екені бүге-шігесіне дейін көрініс тапқан жеке-жеке досье түзіліп, іске қосылды. Осы арқылы билік алда халыққа мемлекеттік көмекті тек атаулы-адресті көрсетуге ниетті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Елде қанша бай мен кедей барын көрсететін цифрлық карта құрылды Фото: google.com

Яғни коттеджі мен аса қымбат көлігі бар тұрғындардың көзбояушылық жасап, миллион теңгеге дейін атаулы әлеуметтік көмек алуына тосқауыл қойылмақ.

Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының санына қатысты жаңартылған деректерін ұсынды. Оған сәйкес, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елдегі халық саны 19 миллион 666,8 мың адамды құрады. 2022 жыл басынан бері тұрғындардың саны 163,7 мың адамға немесе 0,8%-ға өсіпті. Соның ішінде ерлер саны 9 млн 596,6 мың, әйелдер саны 10 млн 070,2 мың. Яғни әйелдер ер азаматтардан 473,6 мыңға көп.

Қазақстанда қала тұрғындарының саны – 12 миллион 131,1 мың немесе жалпы халық санының 61,7 пайызы. Ал ауылдықтар саны – 7 миллион 535,7 мың немесе 38,3%. Осыдан он жыл бұрын, 2012 жылы ауыл халқының саны 45,2% болған. Яғни урбанизация қарқын алды. Бұл үрдіс осы жылдамдықпен жалғасса, тағы он жылдан соң қазақстандықтардың 70 пайызы қалада тұратын болады.

Негізі, ауылда өмір сүретіндердің бәрі тақыр кедей, ал қалада ғұмыр кешетіндердің бәрі шалқыған бай емес. Мұны "қасіретті қаңтар" оқиғалары көрсетті. Сонда ең ауқатты, жан басына шаққандағы ішкі өңірлік өнімі ең жоғары өңір саналатын Алматы мегаполисінде тағдырдың тауқыметін тартудан қажыған, әлеуметтік аз қамтылудан әбден ашынған адамдар көп екені белгілі болды.  

Биылғы 1 қыркүйектегі жаңа жолдауында Президент Үкіметке осал топтарды нысаналы түрде қолдау үшін "атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құруды" тапсырды. Президент 2023 жылдан бастап, Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян толыққанды енгізілетінін жеткізді. Олардың аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі.

Үкімет нақты кімге көмектесу керектігін білу үшін әр қазақстандықтың тұрмысымен таныс болуға тиіс. Бұл ретте билік жаңа жылды күтіп отырмай, Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) пилоттық режимде қазірден қолданысқа енгізіпті.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова өңірлерді аралап, жұртшылыққа ОЦК енгізудің не үшін қажет екенін түсіндіруге тырысуда.

"Бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде цифрлық картада 6,3 млн отбасы және олардың 19,5 млн мүшесі туралы ақпарат жинақталған. Онда Түркістан облысы бойынша 542,4 мыңнан астам отбасы туралы ақпарат бар. Біз өздеріне тиісті көмек алмайтын отбасыларды анықтадық. Мұндай отбасылар 1 қыркүйектен бастап өздеріне тиісті мемлекеттік кепілдіктер көрсетілген SMS-хабарлама алады. Мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары оларға проактивті форматта тағайындалады", – деді Тамара Дүйсенова Түркістан облысындағы кездесуде.

Осыдан-ақ Үкімет түркістандық әрбір отбасының табысы мен дүниесі қандай екенін егжей-тегжейлі білетінін байқауға болады. Министрлік Түркістан облысындағы бір әйел босанғанымен, мемлекетке бала тууына байланысты бір жолғы және бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы тағайындауға жүгінбегенін анықтапты. Ол адамға жәрдемақы ала алатыны туралы хабарлама жіберілуге тиіс. 

Тамара Дүйсенованың түсіндіруінше, ОЦК арқасында жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметті проактивті форматта көрсетуге жол ашылады.

2023 жылдан бастап әлеуметтік қорғау саласындағы осы қызметтер тізбесі тағы кеңейтілетін болады. Ал 2025 жылға қарай цифрлық картамен әлеуметтік салада, денсаулық сақтау және білім беру салаларында мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылады.

Мысалы, әлдебір отбасының табысы кедейшілік шегінен төмен түсіп кеткенін көрсе, министрлік ол адамға смс-хабарлама жіберіп, мемлекеттен қандай көмек ала алатыны жөнінде құлағдар етпек немесе керісінше әлеуметтік осал топқа жататын адамның есепшотына қосымша табыстар тұрақты түсетіні, ол адамның пәтер, көлік немесе басқа құнды мүлікті сатып алып, меншігін тіркегені әшкереленсе, ол адам атаулы әлеуметтік көмектен қағылуы мүмкін.

Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасыларға азық-түлік жиынтықтарын өз бетінше сатып алу мүмкіндігі ұсынылады, яғни қандай тауар сатып аламын десе де өздері біледі. Әйтпесе, кедей отбасылар бұл пакетке не кіретінін "Magnum" және басқа да оператор сауда орындары шешетініне, олар бұқараға керекті тауарды емес, печенье сияқты өтпейтін тауарларын да қосып жіберетініне шағым айтып жүр.

1-6 жастағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік топтама (КӘТ) монетизацияланады. Яғни жөргек, балаларға арналған қоспа және басқасы орнына, АӘК алушы отбасылардағы балаларға қосымша төлем белгіленеді.

Әр қазақстандықтың ауқатына қатысты ақпаратты білу арқасында Еңбекмині бүгінде республика бойынша бала мен күйеуінің күтімімен отбасы, ошақ қасында отырып қалған зейнеталды жастағы, яғни 50-60 жас аралығындағы 325 мыңға жуық үйбике әйелдің барын анықтады. Бұлардың бәрі – жұмыс істемейтін, табысы жоқ әйелдер. Тамара Дүйсенованың айтуынша, еңбек өтілі жоқ болғандықтан, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспағандықтан, болашақта олардың бәрінің зейнетақысы аз болады.

"Зейнеткерлік жасқа жақындаған және табыс көзі жоқ әйелдердің жағдайын түзету және табысын арттыру үшін "Күміс жас" бағдарламасының тетіктерін өзгерту көзделген. Мемлекет қатысушылардың жалақысын қоса қаржыландыра отырып, әйелдерді 50 жастан әлеуметтік жобаларға тартады", – деді министр.

Оның мәліметінше, мысалы, елдегі ең шағын облыс саналатын, 534 мың тұрғыны ғана бар СҚО-да 208 мыңнан астам отбасы тұрады, соның "99,6 мыңнан астамының тұрмыс жағдайы өте нашар". Яғни өкінішке қарай солтүстікқазақстандық отбасылардың 19%-ы – күн көрісі кем жоқ-жітік, жарлы-жақыбай жағдайда.

"Отбасының цифрлық картасы өмірдің қиын жағдайларына тап болған отбасыларды автоматты түрде табуға бағытталған. Ол үшін қажетті деректер меморгандардың ақпарат жүйелері мен дерекқорлары негізінде қалыптастырылады. Яғни ол деректер әр адамға қатысты білім алу, экономикалық жағдай, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік ахуал сияқты сантүрлі бағытты қамтиды. Осының арқасында азаматтардың құзырлы инстанцияларға өтініш жазып, жүгінуін күтпей-ақ, түрлі салалардағы қолдаудың кешенді шаралары проактивті түрде қабылданатын болады. Сонымен қатар ОЦК нақты индикаторлар арқылы қазақстандық әр отбасының әлеуметтік ахуалының нашарлауына қатысты болжам түзуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Дегенмен сарапшылар бұл жобаның пәрменді болатынына сеніңкіремейді.

"Бұл Еңбек министрлігі бюджеттік миллиардтардың жаңа тасқынын игеру үшін енгізген кезекті жоба болуы да мүмкін. Телеарналардан ОЦК туралы біраздан айтылуда. Шыны керек, оның не үшін қажеттігін түсіне алмадым. Себебі оның аясында жаңа төлемақы не жәрдемақы түрі енгізілмейді. Ол халық онсыз да алуға тиіс жәрдемақылар мен төлемақыларды есепке алады. Министр ханым ОЦК арқылы аз қамтылған отбасыларды анықтаймыз дейді. Ал халықтың табысы туралы нақты деректер қаптаған ақпараттық жүйелерде онсыз да бар. Халықтың тұрмысын жақсарту үшін оларды алдымен баспанамен қамту керек", – деген пікір білдірді заңгер Аслан Төребаев.

Көмекке мұқтаж адамдардың ойы да осы бағыттас. Қызылорда тұрғыны Наз Бекарысқызы 9 жылдан бері үй кезегін зарыға күтуде.

"Келіп болмайтын кезек. Жылдар өтсе де жылжымайтын кезек. Қазір осы кезек күту кеселдердің бірі болды ғой. Қайда барсаң да кезек күтесің. Жердің кезегі, үйдің кезегі, білім ошақтарына кезек, ауруханаға кезек, тағысын тағы. Мен жетім бала ретінде 2013 жылдан бері Тұрғын үй кезегінде тұрмын. Күте берсем, тағы 9 жылды күттіретін түрі бар секілді. eGov порталынан кезегімді бақылап отырсам, біресе 327, біресе 391, енді бірде 394 кезек санын көрсетті. Кезегім алға қарай жылжудың орнына, уақыт өте кері қарай сырғи жөнелді. Қоғамның қазіргі жеткен жетістігі осы ма?", – деп қапаланады ол.

Қызылорда облысының әкімдігі ресми блогына шағымданушыларға дайын, ортақ жауап қайырыпты.

"Тізімдерге енгізілген азаматтардың құқықтары тең. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға осы тізімдерге енгізілген басқалар алдында, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларын, сондай-ақ жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, ешкімнің де басым құқығы болмайды", – деп жауап берді облыс әкімі ресми блогында.

Бұл жерде арыз иесінің жетім бала ретінде есепте тұрғаны да ескерілмеген.

Жалпы Отбасының цифрлық картасы толыққанды түрде тек келесі жылы іске қосылмақ. Одан пайда бары немесе министрліктің көзбояу жобасы екендігі сонда анық болар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу